Accessibility links

Республикадағы ана мен бала өлімінің себебін енді құпия аудит анықтайтын болады


Өтеген ауылындағы емхана. Алматы облысы, қыркүйек, 2008 ж.
Өтеген ауылындағы емхана. Алматы облысы, қыркүйек, 2008 ж.

Қазақстанда 2008 жылы тіркелген ана өлімі оқиғаларының 62% акушерлік көмекті дұрыс ұйымдастырмаудан болғаны туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мәлімдеген болатын. Бір ғана Алматы қаласының өзінде, өткен қаңтар айында 27 нәресте мен 3 ана қайтыс болған.

Жалпы, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен жүктілік пен босану кезінде 100-ден астам әйел қайтыс болады екен. Соңғы 7 жылдың ішінде бұндай қаза саны азаймай отыр. Осының себебін түбегейлі зерттеу үшін денсаулық сақтау министрлігі 2009 жылдан бастап құпия аудит енгізді. Мамандардың пайымдауынша, ешқандай құқықтық жауапқа тартпайтын аталмыш зерттеулер нәтижесі, елдегі ана мен бала өлімінің басты себебін анықтауға септігін тигізбек.

Құпия аудит – сауалнаманы анонимдік түрде толтыру жолымен жүргізілмек. Оған ананы босандыруға қатысқан барлық дәрігер-акушерлер, медбикелер және ананың туған-туыстары жауап береді екен.

«Статистикаға сәйкес, Еуропаның экономикалық дамыған елдерінде 100 мың баланы дүниеге әкелген аналардың 10-ны ғана қайтыс болады. Ал, Орталық Азия елдерінде бұл көрсеткіш 10 есе жоғары. Сондықтан да, әлемдік тәжірибені Қазақстанға әкеліп отырмыз», - дейді денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев.

– Айта кету керек, құпия аудиттің нәтижесінде ешқандай азаматтар жауапқа тартылмайды. Тек ана өлімінің нақты себебін анықтап, оны жою жолы қарастырылмақ. Соңғы 70 жыл бойы ана өлімінің себептерін талдап отырдық. Қолымыздан келгенше, кінәлілерді жұмыстан шығардық, шара қолдандық. Бірақ олардың ешқайсысы нәтиже бермеді. Сондықтан біз әлемдік тәжірибеге сүйеніп, құпия аудитті енгізіп отырмыз. Ондағы басты мақсат – ана мен бала өлімінің негізгі себептерін анықтау, – дейді медицина ғылымының докторы, профессор, құпия аудит жөніндегі орталық комиссиясының төрайымы Талшын Үкібасова.

Бұл оқиғалар ресми тіркелгенімен, жергілікті перзентхана басшылары, оған дәрігерлер емес, әлеуметтік жағдайлар кінәлі деген уәж айтады. Сонымен қатар мамандар, қалаға жұмыс іздеп келген аяғы ауыр аналардың уақытында дәрігерге барып қаралмайтындығын алға тартады. Одан тыс бала туу жасындағы аналардың тең жартысы түрлі жұқпалы ауруларға шалдыққандығы және бар. Әйтсе де, дәріглерлер қазіргі таңда Алматыда аяғы ауыр аналарға көрсетілетін акушерлік-дәрігерлік көмектің сапасы жақсы екендігін айтып отыр.

Профессор Ташын Үкібасова, бұл мәселеде кімнің нақты кінәлі екендігін анықтау қиынға соғады дейді. Сондықтан, барша жұртшылықты осы проблеманы зерттеуге атсалысуға шақырады.

- Бұл жұмыс осы ақпан айының басынан басталды. Бірнеше күннің төңірегінде, республикадағы барлық елді мекендерде, емханалар мен перзентханаларда анонимдік парақшалар таратылады. Ол жерде арнайы сенім телефондары да қызмет істейтін болды. Сондықтан, бұл іске барлығымыз атсалысайық. Себебі, ана мен бала жағдайы әрқайсысымызға да қатысты.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынып отырған тірі туу өлшемдерін енгізуде. Аталмыш өлшем бойынша, жаңа туған баланың салмағы 500 грамм немесе әйел адамның жүктілігі 22 аптаны құраса, ол бала тірі туылған деп саналатын болады.
XS
SM
MD
LG