Accessibility links

Айсұлудың өліміне ата-анасы дәрігерлерді кінәлайды


Айсұлу Сәрсенбайдың мектептегі суреті. Отбасы мұрағатынан.
Айсұлу Сәрсенбайдың мектептегі суреті. Отбасы мұрағатынан.

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Петровка селосының тұрғыны Айсұлу Сәрсенбай кәмелетке толғаннан кейін небары екі-ақ күн өмір сүріп, ауруханада қайтыс болды. Оның ата-анасы Асқар мен Айнамкүл Жаутаевтар қыздарының қазасына дәрігерлерді кінәлап отыр.

Марқұмның анасы Айнамкүлдің айтуынша, Айсұлудың іші бүріп ауыра берген соң, ауылдағы дәрігердің көмегіне жүгінген. Фельдшер Әсемгүл Әлжанова пневмония болуы мүмкін деп, оған аудандық ауруханаға жолдама беріпті. Аудандық ауруханада сол күні кезекшілікте болған хирург Жанат Абылаев жалғыз өзі бір шешімге келе алмағандықтан, әріптесі, аудандық туберкулез диспансерінің бас дәрігері Гүлнәр Қожановамен ақылдаса келе, Айсұлудың екі өкпесі де туберкулездің ашық түріне шалдыққан деп күдіктеніп, сырқатты анализ жинап келуге үйіне қайтарған. Ауыл фельдшері науқасты ауданға жолдамас бұрын, анализге қақырығын жинатқызуы керек болған екен.

Ертеңінде анализ алып келген науқасты Гүлнәр Қожанова Қызылжардағы балаларды емдейтін облыстық туберкулез диспансеріне жіберген. Тубдиспансерде жағдайы мүлдем нашарлаған соң Айсұлу облыстық аурухананың хирургия бөліміне жеткізіліп, операция жасалған. Операциядан кейін Айсұлудың жүрегі небары екі-ақ күн соғыпты...

Айнамкүл Жаутаева, Айсұлудың анасы. Петропавл, 6 ақпан 2009 ж.
«Құлынымды дәрігерлерге апарып жүргенде, олардың тарапынан ешқандай аяушылық сезімін, жаны ашу дегенді байқамадым. Жедел ем жасаудың орнына біріне-бірі сілтеп, немқұрайлылық танытқаннан басқа ештеңе де істеген жоқ. Оған өзім куә болдым. Ал қызым өмірден өтерінің алдында ауруханада жатқан төрт күн ішінде дәрігерлер тарапынан талай қатыгездікке тап болғанын, аяғын басуға шамасы келмей қалса да, оны сүйрелеп ультрадыбыстық зерттеуге апарғандарын, сүтпен күшті дәрілер ішкізгенін, қай дәрігерлер ренжіткенін айтып кетті. Демі үзілер алдында: «Айтшы, мама, адамдар неге сонша қатыгез болып барады?» деді ғой құлыным», - деп егілді марқұмның анасы Айнамкүл Жаутаева.

Осы оқиға туралы сол күні аудандық ауруханада кезекшілік атқарған Жанат Абылаев:

«Айсұлудың дене қызуы көтеріліп, тынысы тарылып түскені есімде. Өкпесін тыңдап, айнаға түсіргеннен кейін, құрт ауруы болуы мүмкін деген болжам жасадым. Сосын арамыздағы ең тәжірибелі, білікті деген маман – аудандық туберкулез диспансерінің бас дәрігері Гүлнәр Қаратайқызын шақырдым. Ол кісі де менің күмәнімді растап, «ашық туберкулезге ұқсайды» деді. Шынымды айтсам, толық анализ алу туралы ой келген де жоқ, онымды мойындаймын», - дейді.

Облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері, фтизиатр Гүлнәр Қаратайқызы Қожанова өзін кінәлі санап отырған жоқ:

«Біздің аурухана балаларды емес, тек ересектерді емдейді, сондықтан оған үйіне баруға кеңес беріп, таңертең қалаға жолдама бердім. Дәл сол сәтте науқастан толық анализ алмағаным оның өміріне қауіп төндірді деу қисынсыз. Бірден қалаға жібермей, қақырық жинауға үйлеріне жібергенімнен, анализ ауылда алынды ма, қалада алынды ма - мұның бірінен де келіп-кетер ештеңе жоқ. Адамға құдай қанша өмір берсе, сонша жасайды. Айсұлудың өліміне менің түйірдей де кінәм жоқ деп санаймын», - деді.

Айсұлуды облыстық туберкулез диспансерінде емдеген фтизиатр Зинаида Морева:

«Сырқат Айсұлу Сәрсенбай бізге екі өкпесі де не пневмонияға, не құрт ауруына шалдыққан деген диагнозбен келді. Өкпесінің қыркүйек айындағы рентгенін қарап едім, еш өзгеріс байқамадым. Сондықтан жан-жақты тексеріс жасадық. Пневмония болып шықты. Оның бетін 4 күнде қайтардым. Соңғы рентгенінде өкпесі жақсарып қалғанын көрдім. Бірақ, қайтыс болғаннан кейін сараптама жасағанда, бәрібір пневмонияның белгілері бар екені анықталды», - дейді.

Облыстық аурухананың хирургі Қабдырахман Сақтағанов:

Гүлнар Қожанова, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері. Петропавл, 6 ақпан, 2009 ж.
«Айсұлу бізге өте ауыр халде, тіпті өлім аузында жеткізілді. Шұғыл операцияға кірістік, бірақ кеш еді. Сырқаттың ішек-қарын, асқазан жүйесіндегі тамырларына қан жүрмей бітеліп қалып, қарайып кетіпті. Сондықтан ашып көрдік те, жаптық. Қолымыздан келер қайран болмады. Операция арқылы оның өмірін сақтап қалу мүмкін емес еді», - дейді.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Александр Барабаш:

«Айсұлудікі бадда-киари деген ауру болып шықты. Оны тек адам қайтыс болған соң ғана, ішін жарып анықтауға болады және бұл аурудың емі жоқ», - дейді.

Бұл сөзді фтизиатр Зинаида Морева да қайталады.

«Мұндай ауруды адамның көзі тірісінде ешқандай дәрігер анықтап көрген емес. Сүтпен ешқандай дәрі берген жоқпын, ол өтірік. Біздің аурухананың сырқаттардың бәріне сүт әперетін жағдай жоқ», - деп қосты.

Айсұлу қайтыс болғаннан кейін ішін жарып, сараптама жүргізген паталогоанатомдардың қойған диагнозы бұдан сәл өзгешелеу, бірақ жалпы сипаттамалары ұқсас екен.

Интернет материалдарына сенсек, бұл аурудың соңы қалай да болса өлімге апарып соғады, бірақ операция уақтылы жасалса, қыздың өмірін 10 жылға ұзартуға болушы еді. Қабдырахман Сақтағанов бұған мынандай уәж айтты:

«Егер сырқат осы ауруға шалдыққаны алғашқы төрт сағатта анықталып, бірден операция жасалса, онда, әрине, сөз жоқ, аман сақтап қалуға болады. Ал мына жағдайда, ауру тым асқынып кеткен. Үйі мен аудандағы және облыс орталығындағы ауруханалардың екі ортасында қаншама күн жоғалтты ғой. Бірақ Айсұлу бұл аурумен қанша уақыт бойы ауырғанын анықтау да мүмкін болмады, ауру жабық түрде дамыған. Бадда-киариді дер кезінде анықтау өте қиын. Сондықтан баланы әрі-бері жолдай берген дәрігерлер асқындырып жіберді деу дұрыс емес», - деді.

Марқұмның ата-анасы денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық департаментке жазған шағымдарына жауапты әлі күтіп отыр.
XS
SM
MD
LG