Accessibility links

Ресей мен Қазақстан билігіне "жақпаған" көк шар


Қарсылық акциясына көк шар алып шыққанда ұсталған белсенді полиция көлігінде отыр. Мәскеу, 10 наурыз 2019 жыл.

Мәскеуде билік келісім берген "Еркін интернет үшін" шеруі кезінде ұсталған ондаған адамның арасында акцияға цензураға қарсы азаматтық қозғалыс символы - көк шар ұстап шыққандар болды. Қазақстанда дәл осындай жағдай былтыр байқалған: 2018 жылы наурызда Астанада кей азаматтар көшеге ұстап шыққан көк түсті шар полицияға "жақпай қалған" еді.

МӘСКЕУДЕГІ ШЕРУДЕ ҰСТАЛҒАНДАР

Наурыздың 10-ы, жексенбі күні Мәскеудегі билік келісім берген "Еркін интернет үшін" акциясына қатысқандардың кейбірін полиция ұстады.

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, "ВКонтакте" әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерінің негізін қалаған Павел Дуровтың интернеттегі цензураға қарсы "Цифровое сопротивление" бастамасын қолдаған белсенділердің кейбірі Сахаров атындағы даңғылда өткен наразылық шеруіне көк шар ұстап шыққан. Полиция әуелгіде белсенділерді "санитарлық талаптарды бұздыңдар" деп айыптаған. Кейін "дрон ұшыруға лицензияларың жоқ" деген уәжді алға тартқан. Мәскеудегі шеруден кейін көк шар әлеуметтік желілерде мемге айналып үлгерді. Полиция ұстаған кей белсенділер басынан кешкенін Азаттыққа айтып берді.

"Жоспар бойынша күндізгі сағат 12-ге қарай "Цифровое сопротивление" қозғалысының белгісі салынған көк шарларды акция өтіп жатқан жерге апарып, келген жұртқа таратпақшы болдық. Шарларды митингі өтетін жерді қоршаған шарбаққа байлап жатқанымызда полиция келді. Олармен бірге аймақтық қауіпсіздік департаментінің әлдебір сарапшысы болды. Ол "санитарлық-эпидемиологиялық мекеме қарсы болған бұл шарлар қауіпсіз емес" деп түсініксіз бірдеңені айта бастады. Полиция болса шараны ұйымдастырушы бұл шарлардың өзіне қатысы жоғын айтты деген уәжді алға тартты. Шеруді ұйымдастырушы және өтініш беруші Антон Очаровтың шынымен бұл шарларды өзі сатып алмағаны я ақша бермегені рас, ол басқа шаруамен айналысты. Ал полиция болса оны өзінше түсіндіріп, бізге егер 10 минуттың ішінде шарларыңды бұл жерден әкетпесеңдер оны көше тазалаушылар алып қояды деп мәлімдеді.

Біз шарларды бермей, алып қалуға әзірлене бастадық. Еріктілерге үйлестіруші "шарды алып жүріңдер" деп бұйрық берісімен қызық басталды. Әуелгіде шарды тартып алуға тырысқан полиция кейін адамдарды қолындағы шарымен бірге көлікке тыға бастады. Сөйтіп екі автозакқа (ұсталғандарды таситын полиция көлігі – ред.) 15 адамды отырғызды, егер шар болмағанда көлікке көбірек адам сияр еді. Полицияға жеткізген соң бізге бөлімшеге шармен бірге кіруді бұйырды. Кабинетке кірген соң ұзақ күттік. Ешбір заңды бұзбағанымызды, шарға тыйым салатын ешқандай заң ережесі жоқ екенін білгендіктен мен қорыққан жоқпын" дейді Либертариан партиясы белсендісі Федор Миляев.

Мәскеуде көк шармен ұсталғандар полиция бөлімінде отыр. Фото авторы - Игорь Романов.
Мәскеуде көк шармен ұсталғандар полиция бөлімінде отыр. Фото авторы - Игорь Романов.

Полицияда олармен "профилактикалық әңгіме" болатыны туралы айтқан. Белсенді әкімшілік заң бойынша жауапкершілікке тартуға негіз жоқ болғандықтан өздерін наразылық акциясы аяқталғанша полиция кеңсесінде ұстап, кейін босатады деп ойлаған.

"Бізден түсіндірме алуға шақырған кезде әрбірің өз шарларыңды әкеліп көрсетіңдер әйтпесе "Полиция өкілінің заңды талабына бағынбау" айыбымен сотқа тартамыз деп талап қойды. Бір-бірінен аумайтын қаптаған көп шардың ішінен "өзіңдікін" табу оңай емес, сондықтан қолымызға ілінгенін апарып көрсеттік. Сол шарлар полиция кеңсесінде қалды, көбі жарылды. Оны не істегендерін білмеймін" дейді белсенді.

Федор Миляевтың айтуынша, оларды полицияда 5 сағатқа жуық уақыт ұстап, "Шеру, демонстрация, жиын және пикет өткізу тәртібін бұзғаны" туралы хаттама толтырғаннан кейін босатқан. Тек Мәскеудегі акцияға Санкт-Петербургтен келіп қатысқан кәмелетке толмаған қызды жібермей алып қалған. Оны әкесі келіп алып кеткенге дейін кәмелетке толмағандарды уақытша ұстайтын орынға жіберген. Ресейде митингі туралы әкімшілік заң ережесін бұзған адамға 10 мыңнан 20 мың рубльге дейін айыппұл салу немесе түзеу жұмысын тағайындау қарастырылған.

Мәскеудегі шеруде ұсталғандардың құқын қорғаушы адвокат Михаил Бирюков полиция наразылық акциясына шыққандарды шарға бола негізсіз ұстаған деп санайды. Бұған дейін де әкімшілік құқық бұзу айыбы тағылғандарды қорғаумен айналысқан заңгер мұндай жағдайға алғаш рет куә болғанын айтады.

"Шарға бола ұстаумен тұңғыш рет кездесіп отырмын. Полицияның шар ұстағандарды рұқсат берілмеген басқа шара өткізді деп айыптауы орынсыз. Шараға бара жатқанда ұсталғандардың қолындағы шар да билік келісім берген акцияның мақсатына сай екені айдан анық жайт. Оларды ұстауға сылтауды ойлап тауып, еш негізсіз айып таққан деп санаймын" деді адвокат.

Жексенбідегі акция кезінде шар таратпақшы болғанда ұсталған Либертариан партиясының тағы бір белсендісі Сергей Синицын Ресей мемлекеттік думасы бірінші оқылымда мақұлдаған "Тәуелсіз интернет туралы" заң Ресейді әлемдік интернеттен оқшаулау мақсатын көздейді деп біледі.

"Қазіргі заманда интернет әлемнің өте маңызды бөлігіне айналды және оның маңызы жыл сайын артып барады. Әлемде интернет қолданушылар саны да жыл сайын көбейіп келеді. Бізге егер әлдекім сырттан интернетті ажырататындай болса жұмысы тоқтамайтын өз желіміз болсын деген мақсатпен "Клишас заңын" қабылдадық деп айтады. Олар мұны қанша айтса да әлі бір де бір рет ондай жағдай болған емес. Есесіне Солтүстік Кореяның әлемдік желіден оқшау өз интернеті бары, "қытай файрволы" бізге жақсы мәлім. "Араб көктемі" кезінде наразылықтар басталғаннан кейін Египет пен Сирияда интернетті ажыратқанын да білеміз. "Клишас заңы" біздегі биліктің де өзіне тықыр таяғанда елді бүкіл интернеттен ажыратып тастайтын құралға ие болуын көздейтіні айдан анық. Билік өзін жайсыз сезінгенде ФСБ (Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) бақылай алмайтын шетелдік мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді жұрттың пайдалануына тосқауыл қойғысы келеді. Олар бізді арнайы қызметтер бақылау орнатқан "ВКонтакте" тәрізді әлдебір құралдарды пайдалануға мәжбүрлемекші. Өкінішке қарай, ол заңды қабылдайды деп ойлаймын. Интернет еркіндігі жыл өткен сайын шектеліп барады, алда бұдан да жаман болатын сияқты" дейді ол.

"Интернет еркіндігі үшін" акциясына қатысушыларды ұстау (Мәскеу, 10 наурыз 2019 ж.)

Биыл ақпанның 12-інде Ресей мемлекеттік думасы ресейлік интернет сегментін оқшаулау туралы заң жобасын (бастама көтерушілердің бірі Андрей Клишастың атымен "Клишас заңы" деп те атайды - ред.) бірінші оқылымда мақұлдаған. Авторларының айтуынша, жоба бүкіләлемдік интернет ажырап қалған жағдайда Ресей интернетінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс. Ал бұл бастамаға қарсылар көп қаржыны қажет ететін заң жобасы ерте ме, кеш пе өзге мақсатта қолданылуы мүмкін деп алаңдайды.

Ресей билігі "Клишас заңы" елді бүкіләлемдік интернеттен ажырату үшін емес, керісінше, өзге елдер тарапынан жасалуы мүмкін сондай шараға алдын ала қамдану үшін қажет деп түсіндіреді. Наурыздың 11-і күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жексенбіде Мәскеуде акцияға шыққандардың талабын "адасушылық" деп атаған. Ол бұл заң "Ресей азаматтарын [әлемдік интернеттен – ред.] ажырап қалудан сақтауға" бағытталған және интернет жұмысын "киберкеңістіктегі ықтимал агрессиялық іс-әрекеттерден" қорғайтын болады деп мәлімдеген.

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІНІҢ "МАЗАСЫН ҚАШЫРҒАН" КӨК ШАР

Қазақстанда көк түсті шар ұстаған адамдарды ұстау алғаш рет былтыр Наурыз мейрамында байқалды. Мереке қарсаңында шетелде тұратын бұрынғы банкир әрі Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязов әлеуметтік желі арқылы өз жақтастарын Наурыз мейрамы кезінде көпшілік демалатын орындарға көк шар ұстап баруға шақырған. Бұдан кейін мереке кезінде көшеге көк шар ұстап шыққан адамдарға полиция ерекше шұқшиды.

Наурыздың 22-і күні Астанада қала әкімдігінің алдында өткен мерекелік шара кезінде қолына көк түсті шар, кейбірі оған қоса Қазақстан жалауын ұстап шыққан бірнеше адамды полиция ұстап алды.

Наурызда көк шар ұстағандар (Астана, 22 наурыз 2018 ж.)

Наурыз мейрамынан кейін Әблязов Қазақстан полициясының тұрғындардың қолынан көк шарды тартып алып жатқаны көрсетілген видеоларды әлеуметтік желіде жариялады.

Бұдан кейін де елде көк түсті шарға полицияның ерекше назар аударғанын байқатқан бірнеше оқиға болды.

Батыс басылымдары бұл жайтты "өзгеше ойлайтындар Қазақстан билігінің мазасын қашырды" және тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жақтастарын қудалайды деп жазды.

Алайда елде көпшілік жиналатын жерге көк шар ұстап барған тұрғындардың қаншасы Әблязовті қолдайтыны, қаншасы көк шардың қарсылық белгісі екенін білмей, өзіне ұнаған затты ұстап шыққаны белгісіз қалды.

2018 жылы наурыздың 13-і күні Астананың Есіл аудандық соты Мұхтар Әблязов 2017 жылы құрған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Содан бері елде осы қозғалыстың жақтастарына қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалды.


(Азаттықтың Орыс қызметінің материалы негізінде әзірленді.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG