Азаттық: Айдос мырза, кеше Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодарда Путиннен Қазақстанға әскер кіргізуді сұраған әйелді ұстады. Бүгін тағы бір ер адамның соған ұқсас пікір айтқаны туралы видео тарап жүр. Мұндай мәлімдемелер кездейсоқ па, әлде арандатушы күштер бар ма?
Айдос Сарым: Шынымды айтсам, мен бұдан ешқандай терең саясат көріп тұрған жоқпын. Белгілі бір адамдар Қазақстанның тәуелсіздігіне, егемендігіне, тұтастығына нұқсан келтіретін осындай ашық сөз айтатын болса, олар жауапқа тартылады. Ол кім болса да бәрібір, қазақ болсын, орыс болсын, неміс я кәріс болсын.
Азаттық: Былтыр қазақстандықтардың қоғамдық пікіріне мониторинг жасайтын DEMOSCOPE бюросы жариялаған зерттеуде Ресей пропагандасының күшті екені айтылған. Мұндай мәлімдемелердің ауық-ауық естіліп қалуына сол пропаганда қаншалық ықпал етіп отыр?
Айдос Сарым: Тіпті Еуропаның өзінде Ресейдің телеарнасын көрмейтіндердің арасында да, Ресейдің саясатын ашық жүргізіп жүрген саясаткерлер бар. Яғни оған тыйым салу мүмкін емес. Әркім өзі іздеген ақпаратты өзі таба алады. Бірақ мәселе: елдің ішінде "заң мен тәртіп" деген қағидат бар. Сол іске асуы қажет.
Азаттық: Мұндай мәлімдемелердің шығуына Ресей тарапынан, ондағы мемлекеттік дума депутаттары тарапынан айтылатын пікірлер де түрткі болып жүрген тәрізді. Оған "Қазақстанның біраз бөлігі Ресейдікі", не Путиннің "қазақтарда бұрын-соңды мемлекет болмаған" дегені сияқты пікірлер кіретін шығар. Мұндай мәлімдемелерді санамалап тауыса алмаймыз. Осылар шеттегі сепаратистік көңіл-күйдегі адамдарға дем беріп отырған жоқ па? Қоғамда сондай көңіл-күй бар деуге де бола ма?
Айдос Сарым: Фактімен сөйлейік. Жаңа Дума сайланғанына көп болған жоқ, қазір жұмысын бастады. Менің білуімше, Қазақстанға қатысты ешқандай үлкен әңгіме айтылған жоқ. Елдер арасындағы мемлекетаралық қатынас жөніндегі Думадағы және Құрылтайдағы жұмыс топтары ("достық" топтары) құрылып, жұмысын бастады. Менің білуімше, Ресейдің ешқандай ресми тұлғалары Қазақстанға қатысты артық сөз айтып жатқан жоқ. Бұл мәселелер өте жоғары деңгейде, әр мәселе бойынша жеке талқыланады. Байқасаңыз, осындай әңгіме айтқан біраз адам қазір Думада да жоқ.
Менің ойымша, жасалып жатқан дипломатиялық және басқа да іс-шаралар осыған негіз болып отыр деп айта аламын. Біздің басты мәселе – геосаяси дүрбелең жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Кеше мұны президент жолдауда ашық айтты. Сол себепті еліміздің басты мақсаттарының бірі — іште де, сыртта да өзіміздің бір ел, бір мемлекет, бір күш екенімізді үнемі паш етіп отыру. Меніңше, бұл ұстаным дұрыс. Сырттан бізді ірітуге, бұзуға бағытталған әрекеттер қашан да жалғасуы ықтимал, ол қазір де, ертең тыныш әрі бейбіт күндердің өзінде де болуы мүмкін. Бірақ біздің басты міндет — осындай қауіп-қатер төнгенде оған төтеп беруге дайын болу, "заң мен тәртіп" қағидатын адамның бет-жүзіне, нәсіліне қарамай жүзеге асыру және осындай ашық әңгімеге дайын тұру.
Азаттық: Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан президентінің бастамасымен жергілікті әкімдерді сайлау тәжірибесі енгізіліп, кейін одан бас тартқан кезде айтылған бейресми себептердің бірі де осы — Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі сепаратизм қаупі мен рушылдық мәселесі еді. Қалай ойлайсыз, Қазақстанда сепаратизм қаупі қаншалық? Қазақстан одан қалай қорғана алады?
Айдос Сарым: Ең тату, ең берекелі елдің өзінде де сепаратизм кез келген уақытта туындауы мүмкін. Ол мәңгі қатып қалған нәрсе емес. "Бір мәселені жаптық, енді ешқашан қайтып келмейді" деуге болмайды. Адамның ауруы да сол сияқты ғой: бүгін тұмаудан емделіп шықтық екен, енді ешқашан ауырмаймыз деген сөз емес. Яғни қоғамның ішкі дайындығы, иммунитеті болуы керек деген сөз.
Ал әкімдер мәселесіне келсек, оның жауабы да кеше (Қазақстан президентінің халыққа жолдауында - ред.) берілді. Байқасаңыз, ең үлкен тапсырмалардың бірі — Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру. Соның ішіндегі үлкен мәселе — әкімшілік-аумақтық бөліністен бастап билік жүйесінің көбінде постсоветтік заманның бағыты әлі де басымдау сияқты. Мұны өзім де көптен бері айтып жүрмін, өз арамызда да талқылап жатырмыз. Шынын айту керек, сіз айтқан мәселенің ішінде трайбализм де жоқ емес, оны неге жасырамыз? Жершілдік мәселесі де бар. Сондықтан мәселе көп. Сол себепті бәрін егжей-тегжейлі шешіп алып кіріскен дұрыс сияқты.
Азаттық: Қазақстанда сепаратизм бабы Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап алғаннан бір жыл өткенде қылмыстық кодекске енді. Ресейшіл мәлімдеме жасағандар Қылмыстық кодекстің 174-бабы — ұлт араздығын қоздыру айыбымен де істі болып жатады. Арасында былтыр қостанайлық Николай Сычуев деген азамат солтүстіктегі өңірлерді Ресей аумағы ретінде сипаттап, "Ресей болашақта бұл жерлерді қайтарып алуы мүмкін" деген соң іс қозғалып, кейін қылмыс құрамы жоқ деп тоқтады. Тағы бір оралдық Максим Яковченко деген азамат осыған ұқсас пікір айтып, іс сотқа жеткенде оның Ресейге кетіп қалғаны белгілі болды. Қоғамда осыны мысал етіп, жікшілдікке шақыратындарға жұмсақтық бар деген сын айтылады. Мұны мысал етушілер таразының екінші басына орыс тіліне, орыс ұлтына қатысты қорлайтын пікір айтты деген азаматтардың түрме жазасын алып кетіп жатқанын алға тартады. Қоғамда мұндай пікір неге туып отыр? Оған негіз бар ма?
Айдос Сарым: Қай қоғам да өзінің ішіне қарай бұра тартатыны анық қой. Тағы да қайталап айтайын: Қазақстанда "заң мен тәртіп" деген қағидат бар. Қазақстанның мүддесіне, тәуелсіздігіне, тұтастығына қандай да бір нұқсан келтіретін сөз айтатын болса, ол қазақ болсын, орыс не кәріс болсын, мейлі академик не бизнесмен болсын, жауапқа тартылады, сот арқылы тиісті жазасын алады.
Әрине, бізде "Қазақ болса, оған көзқарас жұмсақтау болуы керек" деген де пікір бар. Олай емес. Қазақтың ішінде де неше түрлі азамат бар. Бұра тартатындар, мүлде жаңсақ пікір айтатындар бар. Сондықтан бір этносқа жағдай жасап, екіншісін қысатын емес, керісінше, бәріне бірдей қарайтын мемлекеттің күші басым болатыны анық.