Accessibility links

"Өз ажалынан өлді". Ұлыбритания коронері Айсұлтан жайлы тергеудің нәтижесін жариялады


Айсұлтан Назарбаев.
Айсұлтан Назарбаев.

Айсұлтан Назарбаев өз ажалынан, кокаинға тәуелділіктен қайтыс болды. Өлімді зерттеген Ұлыбритания коронері 24 наурыз күні осындай мәлімдеме жасап, өлім жөніндегі күдіктерді жоққа шығарды.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені 2020 жылы 16 тамызда Лондон парктерінің бірінде ес-түссіз табылған.

29 жастағы Айсұлтан кейінгі жылдары есірткіге тәуелділікпен күресіп келген. Өмірінің соңғы айлары ол бірнеше мәрте отбасы мүшелеріне жемқорлық жөнінде жария түрде айып таққан. Бұл оның өлімі құйтырқы ойынның салдары болуы мүмкін деген күдіктің пайда болуына әкелді.

Бірақ тергеу барысында коронер Фиона Уилкокс куәгерлердің, полиция инспекторларының және психиатрдың жауаптарымен келісті. Олар өлім ешқандай күдік тудырмайды, Айсұлтанның қайтыс болуы есірткіге байланысты деген.

"Айсұлтан өз ажалынан қайтыс болды деп санаймын; ол есірткіге әуестіктің салдарынан өлді" деді Уилкокс. "Өлім төңірегіндегі күдіктер жоққа шығарылды".

Тергеу марқұмның қанында кокаин мөлшері шамадан тыс болғанын анықтады.

Айсұлтан Назарбаев – экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы.

Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесінде өлі табылды. Қамауда болған Әлиев өз бақылауындағы банктің топ-менеджерлерін ұрлады деп айыпталып, сот отырысын күтіп жатқан болатын. Австрия билігі оның суицидтен қайтыс болғанын мәлімдеді. Бірақ Әлиевтің екінші әйелі жалдаған адвокаттар кісі өлтіру болуы мүмкін дейді.

Айсұлтан есірткімен әкесінің өлімінен кейін әуестене бастағанын айтқан. Нұр-Сұлтандағы ресми тұлғалар оның билік пен ықпалды туыстарын жария түрде айыптауын есірткіге тәуелділікпен байланыстырған.

Назарбаевтың жиен немересі Facebook желісінде экс-президенттің отбасы мүшелері ірі көлемді жемқорлықпен айналысады деп, өз туыстарына айып таққан. Ол қолында Қазақстан газын сатудың құпия жолдарын дәлелдейтін айғақтар барын мәлімдеп, анасының "дуалаумен" айналысатынын айтқан.

Қазақстанның ақпарат министрі болған Дәурен Абаев Айсұлтанның мәлімдемелерін есірткігі тәуелді адамның "қиялы" деп атаған.

2019 жылы қазанда Ұлыбритания соты Назарбаевты Лондон констебліне шабуыл жасау айыбы бойынша кінәлі деп тауып, шартты жаза кесті, есірткіге тәуелділіктен емдеу курсынан өтуді бұйырды. Іс материалдарына қарағанда, ол маусым айында Лондон орталығында жүріп белгісіз біреудің пәтеріне түсіп, көрші пәтерге өтпек болған. Полиция келгенде қарсылық танытып, офицердің қолын тістеп алған.

2020 жылы ақпанда Айсұлтан Ұлыбританиядан баспана сұрайтынын мәлімдеген. Сот тыңдауына қатысқан полиция инспекторы Крис Эвереттің сөзінше, қайтыс болған кезінде Айсұлтанның қолында іскерлік визасы бар дипломатиялық паспорт болған, бірақ саяси баспана сұрау жөніндегі өтініш бергенін көрсететін құжаттар табылмаған.

Қазақстан парламенті сенатының бұрынғы спикері, қазір мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева ұлының өлімінен соң жұртты отбасының "қайғысына құрметпен қарауға" шақырды.

Қаңтар айында мемлекеттік телеарнадан көрсетілген деректі фильмде Нұрсұлтан Назарбаев: "Маған ұқсайтын немеремнен айрылдық. Өмірден ерте озған осы немерем туралы өкінемін. Оны ешқайда жібермеуге болар еді, бірақ ұстап тұру мүмкін болмады, ол осы бір істің құлына айналып үлгерген, тоқтай алмады" деді.

Айсұлтан тірі кезде Назарбаевтар оның мәлімдемелері туралы пікір білдірмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG