Алматыда журналист Вадим Борейконың ісі бойынша сотта жарыссөз өтті

"Гиперборей" YouTube-арнасының авторы, журналист Вадим Борейко. Амлаты, 19 мамыр, 2026 жыл.
"Гиперборей" YouTube-арнасының авторы, журналист Вадим Борейко. Амлаты, 19 мамыр, 2026 жыл.

10 қарашада Алматының Бостандық аудандық сотында "Etude-Ybyrai" құрылыс компаниясының қазақстандық журналист, "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы Вадим Борейкоға қарсы талап-арызы бойынша сот процесінде жарыссөз өтті деп хабарлады Vlast сайты. Журналистің адвокаттары жарыссөз өтетіні жайлы хабардар болмаған деп жазды басылым.

"Etude-Ybyrai" компаниясы журналисті "іскерлік беделге нұқсан келтірді" және "жалған ақпарат таратты" деп кінәлап сотқа жүгінген. Борейко өзіне тағылған айыптарға нақты айғақ-дәлелдер жоғын айтқан. Осыған дейін осы іс аясында журналистің шоттары бұғатталған еді.

Борейконың қорғаушылары соттан талап-арызды толық қанағаттандырмауды сұраған. Ал құрылыс компаниясының өкілдері ақпаратты теріске шығаруды және Борейкодан келген шығынды өндіріп алуды талап етіп отыр.

Қорғау тарабының негізгі уәждерінің бірі – Борейко өз жарияланымдарында мемлекеттік органдар өкілдерінің ресми мәлімдемелеріне сүйенген. Бұған қоса қорғаушылар нысанның бас мердігері – СК "Seven Stroi Development" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2025 жылғы 15 қазан мен 2026 жылғы 19 қаңтар аралығында жарамды құрылыс лицензиясы болмағанын алға тартып отыр.

Бұдан бөлек, адвокаттар сот сараптамасына негіз болған нотариалды хаттамалардың дұрыстығына күмән келтіреді: олардың мазмұны бейнематериалдарға сәйкес келмейді дейді. Сондай-ақ адвокат "Premier" тұрғын үй кешені құрылысына қатысты жағдайды басқа да баспасөз құралдары жазғанын, алайда сотқа тек Борейконың ғана тартылғанын айтқан.

Судья бұл іс бойынша шешім 12 қараша күні жарияланатынын хабарлады деп жазды басылым.

  • Вадим Борейко билік орындары мен шенеуніктер туралы сыни хабарлар шығаратын тәуелсіз журналист ретінде танылған. Биыл ақпанда әлдекімдер оның Facebook пен Instagram-дағы аккаунттарын бұзған. Журналистикада 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген Борейко 2000 жылдары "Время", Forbes.kz, Ratel.kz басылымдарында жұмыс істеп, одан кейін YouTube платформасында "Гиперборей" арнасын ашқан. Биыл қыркүйектің басында журналист YouTube-арнаcының жұмысын белгісіз мерзімге тоқтатқанын хабарлаған.
  • 2023 жылдың басында белгісіз біреулер Вадим Борейконың пәтерінің есігін құрылысқа пайдаланылатын затпен желімдеп кеткен. Ізінше онымен бірге жұмыс істейтін бейнеоператор Роман Егоровтың екі автокөлігін біреулер өртеп жіберді. Егоров бұл әрекет өзінің кәсіби қызметімен байланысты деп санайтынын айтқан. Сол жылы күзде Алматы соты журналистерге шабуыл ұйымдастырды деп айыпталған адамдарға шартты жаза бергені белгілі болды (сотталушылардың өзге де журналистерге жасалған шабуылға қатысы бар деп айтылған).
​
XS
SM
MD
LG