Accessibility links

Армяндар ресейлік компанияның «тонауына» қарсы


Армяндардың ресейлік компанияларға артық ақша төлегілері келмейді.
Армяндардың ресейлік компанияларға артық ақша төлегілері келмейді.

Ресей Арменияның электр қуатын тарату желісіне иелік етеді, сондықтан армяндар электр энергиясының бағасын шарықтатып жіберген компания әрекетіне наразы.

Армениядағы қоғамдық қызметті реттеу жөніндегі комиссия маусымның 17-сі күні электр қуаты ақысын 16 пайызға өсіретіні жайлы мәлімдеген соң, Ереван мен Арменияның басқа қалаларында наразылық акциялары басталды. Маусымның 23-і күні Ереванда полиция шерушілер мен журналистерге күш көрсетіп, қуып таратты. Бұдан соң астананың Бостандық алаңына келген наразылар саны бұрынғыдан да көбейді.

«ПОСТСОВЕТТІК ЕЛДЕР АРАСЫНДА ЕҢ ЖОҒАРЫ БАҒА»

Ресей мемлекеттік электр энергиясын импорттау және экспорттау монополисі – «Интер РАО ЕЭС» компаниясы 2006 жылы Армения электр желілерін сатып алған. Бұл компания электр құнын 40 пайызға дейін өсіруді сұраған соң тамыздың 1-інен бастап электр қуатының бағасын 16 пайызға дейін көтеруге шешім қабылданды.

Армения электр желілерін Ресейдің заңсыз иеленгені және дұрыс басқармай отырғаны жайлы айтып келген армяндар ресейлік коррупция мен олигархтар құрбанына айналдық деп ашуланады. Ал президент Серж Саркисян үкіметі электр желілеріне қатысты қаржылық мәселелерді тексеруден бас тартты.

Вашингтондағы Jamestown Foundation қорының армениялық сарапшысы және саясаттанушы Армен Григорян «армян шенеуніктерінің қалыптасқан дәстүр бойынша Ресейге құлдық ұруының кесірінен қарапайым азаматтар жапа шегеді» дейді.

Оның пікірінше, «Ресейге шын берілген шенеуніктерінің Армения газы мен электр желілері қызметін жақсарту туралы үміттері ақталмаған, керісінше ресейлік компания елдегі тұрғындардың есебінен мол пайда табуға ұмтылған».

Еревандағы шерушілер наразылық өтіп жатқан Баграмян көшесіне үшінші түн қонып жатыр. Армения, 25 маусым 2015 жыл.
Еревандағы шерушілер наразылық өтіп жатқан Баграмян көшесіне үшінші түн қонып жатыр. Армения, 25 маусым 2015 жыл.

Армения стратегиялық маңызы зор Оңтүстік Кавказ аймағында Ресейге әжептәуір көмек көрсетіп отыр. Ресейдің көптеген әскери базалары осында орналасқан және осы жылы Армения Ресей, Беларусь мен Қазақстан бірігіп құрған Еуразия экономикалық одағына мүше болды.

Сарапшылар бұл одақты Кремльдің бұрынғы советтік елдерге ықпалын арттырудың бір жолы деп бағалайды. Дегенмен Григоряннің айтуынша, «Стратегиялық серіктестік пен «бауырластық» туралы әңгімелерге қарамастан, армяндар постсоветтік елдер арасында электр қуаты үшін ең жоғары құн төлейді. Ал елдегі тұрмыстық газ шығыны тіпті ресейшіл сепаратистермен соғысып жатқан Украинадан да, Еуропа Одағына мүше болып отырған кей елдердегіден де көп».

Армения электр желілерінің ресейлік бас директоры Евгений Бибин бастаған менеджерлер бағаның қымбаттауын ақтау үшін компанияның пайдасы аз екенін, қарыздың көбейіп кеткенін айтады. Григорян бұл түсініктемеге күдікпен қарайды. «Армения электр желілері шығын шегіп жатыр деп шағымдану шындыққа жанаспайды» дейді ол.

«Интер РАО ЕЭС» жариялаған есеп бойынша, 2014 жылдың 1-тоқсанында Ресей компаниясы Арменияда 60 миллион доллар пайда тапса, 2015 жылы осындай мерзімде 104 миллион доллар пайда көрген.

2015 жылдың мамырындағы есепке сай, салық және басқа да өндірістік шығындарды шегергенде компания табысы осы кезең ішінде айтарлықтай өскен - 2 миллион 23 мың доллардан 12 миллион 300 мың долларға жеткен.

НАРЫҚТЫҚ БАҒАДАН ЖОҒАРЫ ТӨЛЕМДЕР

Азаттықтың Армян қызметі Армения электр желілері ресейлік директорларының жабдықтар мен электр сымдарына және басқа да 2013 жылдан бері сатып алған құрал-жабдықтарға нарықтық бағадан 20 пайыз жоғары төлегенін анықтады.

Бұл материалдарды олар ресейлік жабдықтаушылардан немесе үкіметке жақын армениялық компаниялардан алады. Мысалы, Азаттықтың Еревандағы журналистері Армения электр желілерінің тоқ өткізбейтін қолғаптарға нарықтық бағадан сегіз есе артық төлегенін анықтады.

Еревандағы күндізгі шеру. 24 маусым 2015 жыл.
Еревандағы күндізгі шеру. 24 маусым 2015 жыл.

Армения электр желілерінің өз есебіне қарағанда, олардың ресейлік басшылығы билікке жақын, ықпалды магнат Гагик Царукянның «Арарат» цемент зауытынан материал алғанда нарықтық бағадан 1000 есе жоғары құн төлеген. Царукян - парламент депутаты және Армения ұлттық олимпияда комитеті басшысы. Оның қызы елдің премьер-министрі Новик Абрамянның ұлына тұрмысқа шыққан.

Азаттық Армения электр желілерінің Царукянның фирмасына төлеген сомасы жайлы деректі жариялағанда, Армения электр желілері басшылығы «цифрларды көрсеткенде техникалық қате кеткен» деп, тайқып шықты.

Бірақ Армениядағы қоғамдық қызметті реттеу жөніндегі комиссия төрағасы Роберт Назарян «Армения электр желілерінің төлемдер жайлы цифрларды өзі құрастырғанын» айтады. Азаттық мердігерлік компаниялардың Армения электр желілеріне көрсеткен қызметі нарықтық бағадан 14 пайызға жоғары екенін де анықтады.

Армения парламентінің қадағалау комитеті сәуір айында Армения электр желілерінің Еревандағы Ресейге тәуелді электр өндірушіге төлеген бағасы 2014 жылы бұл өндірушіге армениялық компаниялар төлеген тарифтен екі есе артық екенін айтқан еді. Transparency International ұйымы Армения электр желілерінің жалақы беру, іссапарлар мен басқа да шығындарды есептеуі жария емес екенін айтады.

«ҚЫЗМЕТІ НАШАР, ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЕСКІ»

Осындай мәлімдемелерге қарамастан, Армениядағы қоғамдық қызметті реттеу жөніндегі комиссия маусымның 24-і күні «электр энергиясы бағасын өсіру - экономикалық тұрғыда тиімді шара» деп мәлімдеді. Армения тұрғындары электр желілерінің қызметі нашар екенін, жарық жиі өшіп қалатынын айтады.

Сыншылардың пікірінше, 985 мың тұтынушыға қызмет көрсететін ескірген инфрақұрылым ресейліктер компания сатып алғалы жаңаланбаған. Бұл үшін Еуропаның қайта құру және даму банкі Армения электр желілеріне 2009 жылы 10 жылға 45 миллион доллар несие берген еді.

Шерушілерді таратуға келген Ереван полициясы. 24 маусым 2015 жыл.
Шерушілерді таратуға келген Ереван полициясы. 24 маусым 2015 жыл.

Армениядағы электр жүйесінің ресейлік қожайыны - нарықтық капитализацияға негізделген алып компаниялардың бірі. «Интер РАО ЕЭС» Еуропа мен Азияда орналасқан 20-дан астам компаниялар тобын басқарады.

Бұл компания Армениядағы электр энергиясының 40 пайызын шығаратын Мецамор АЭС-ін де басқарады. Ресейлік газ алыбы – «Газпромның» көмегімен кеңейген Раздан ЖЭС-сі де «Интер РАО ЕЭС»-ке бағынады.

Армения өзінің табиғи газын өндірмейді. Сондықтан ол 80 пайызына ресейлік «Газпром» иелік ететін «АрмРосгазпром» компаниясына тәуелді. Арменияның жалпы энергия тұтынуының жартысын табиғи газ құрайды, ал үштен бірі - электр қуаты.

Азаттықтың Армян қызметінің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG