Accessibility links

Адвокат Арыс ісі бойынша: "Сотқа қысым жасалған болуы мүмкін"


Арыстағы жарылысқа байланысты сот үкімі оқылып жатқан сәт. Шымкент, 26 шілде 2021 жыл.
Арыстағы жарылысқа байланысты сот үкімі оқылып жатқан сәт. Шымкент, 26 шілде 2021 жыл.

Адвокат Әбдіраман Аққұлов Түркістан облысының Арыс қаласында 2019 жылы болған жарылысқа қатысы бар деген адамдарға 26 шілдеде шығарылған үкімді заңсыз деп санайды. Оның айтуынша, жарылыстың нақты себебі де, оған кінәлілер де анықталмаған.

Аққұловтың айтуынша, қорғауындағы сотталушы әскери қызметкер Руслан Көшеновке әскери бөлімде бейнебақылау, өрттен қорғау жүйесін жүргізу кезінде 21 миллион теңгенің қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылған. «Жарылыс пен ақша жымқырудың еш қатысы жоқ» дейді қорғаушы.

Оның айтуынша, «қоймадағы оқ-дәрілерді сақтау технологиясы бұзылған соң өзінен өзі өрт болып, бұл жарылысқа алып келген» деген негізбен іс қозғалған. Өрт техникасы сараптамасы тағайындалып, мамандар қорытынды берген. Бірақ мамандар сотта өз қорытындысын дәлелдей алмаған. Тәжірибеде оқ-дәрі өздігінен өртенуі мүмкін емес екені айтылған. Жарылыс болуы үшін сырттан әсер болуы керек. Сондықтан сот істі әскери прокуратураға қайта тергеуге жіберген еді. Бірақ прокуратура апелляциялық шағым түсіріп, жеңіп шыққан. Қосымша ешқандай дәлелдеме келтірмей судья жарыссөзге көшіп, сот өзі жоққа шығарған сот сараптамасын негізге алып үкім шығарды дейді адвокат.

– Сотта жарылыстың себебі анықталмады. Анықтауға негіз болған сараптаманы дайындаған мамандар өз тұжырымдамасынан бас тартқан. Куәлердің сөзінен басқа дәлелдеме жоқ. Сот үкімді заңсыз шығарды. Бұл – саяси бақылаудағы іс, – дейді адвокат.

Аққұловтың сөзінше, сотталушылардың 15-і – әскери қызметкер болса, олардың 14-і – офицер. Біреуі – кәсіпкер. Әскерилердің ішінде қорғаныс министрлігі басқармаларының басшылары мен орынбасарлары, өртке қарсы қызмет басқармасының қызметкерлері мен жарылыс болған әскери бөлімнің басшысы, қойма басшысы бар. Сотқа жеткен құжаттарда өртенген оқ-дәрілердің құны 1 миллиард 100 миллион теңге (2 млн 600 мың доллар) деп есептелген.

– Міндетті түрде апелляциялық шағым түсіреміз. Судья іске дәлелдемелер жеткіліксіз десе де, үкім шығарды. Меніңше, сотқа әлдебір қысым жасалған болуы мүмкін, – деді Аққұлов.

Шымкент гарнизоны соты 26 шілдеде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасында 2019 жылы болған жарылысқа қатысты айыпталған 16 адамға үкім шығарды. Сотталушылардың 12-сі 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, сот залынан қамауға алынды. Төртеуіне 4 жылдан 7 жылға дейін шартты жаза тағайындалды.

Олар Қылмыстық кодекстің «Қызметке салғырт қарау» және «Қару-жарақпен, оқ-дәрімен, радиоактивті материалдармен, жарылғыш немесе айналасындағыларға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу», «Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Бас бостандығынан айырылған сотталушылардың көбі үкім оқылғаннан соң пікір беруден бас тартты. Сотталушы Мейірбек Жүсіпбек Азаттыққа сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Бірақ үкіммен неге келіспейтінін айтпады.

Өзін бес сотталушының қорғаушысымын деп таныстырған адвокат Қалдыбек Қали «үкіммен келіспейміз, апелляциялық шағым түсіретін шығармыз, ақылдасамыз» деді.

– Ағам әскери бөлімде командир болып жұмыс істеді. Ақты – ақ, қараны – қара деп айту керек. Жарылысты ешкім қолдан жасаған жоқ. Нақты дәлел жоқ. Мұқият тексерілмеген. Апелляциялық шағым береміз, – деді 10 жылға сотталған Көпжан Нұрмаханбетовтың інісі Бекжан Нұрмаханбетов.

Арыстағы жарылыс бойынша 16 адамға үкім шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00

2019 жылы 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, соның салдарынан төрт адам қаза тапқан. Олардың екеуі – әскери, біреуі – бейбіт тұрғын, ал бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды.

Істе "мемлекеттік құпияға байланысты деректер бар" болғандықтан сот жабық жағдайда өтті. Судья үкімнің қарар бөлігін ғана жария түрде оқыды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG