Accessibility links

Қайталанған Арыс оқиғасы билікке сабақ бола ма?


Әскери қоймадағы жарылыстан бүлінген тұрғын үйлер. Түркістан облысы, Арыс қаласы, 28 маусым 2019 жыл.

Түркістан облысындағы әскери қоймада болған жарылыстан үш адам қаза тапқан соң, Қазақстан билігі нысанды қаладан көшіруге уәде берді. Қайғылы оқиғаға дейін артиллериялық қару-жарақ қаладан небары 200 метр жердегі қоймада сақталып келген. Болашақта мұндай төтенше жағдай қайталанбас үшін не істеу керек? Азаттық сарапшылар пікірін білді.

Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегінше, Арыстағы төтенше жағдайды тоқтатуға және оның салдарын жоюға ішкі істер министрлігі жеке құрамының 1488 қызметкері жұмылдырылған. 408 сапер қала және өрт шыққан оқ-дәрі қоймасы орналасқан аумақтан 5700-ден астам жарылмаған снаряд тапқан. Маусымның 28-і күні Арыс "толықтай тазарды" деген ақпарат тараған соң, жарылыс кезінде эвакуацияланған тұрғындар қалаға орала бастады. Түркістан облысы төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің хабарлауынша, Арыс қаласындағы үйлердің 85 пайызы бүлінген.

ҚАРУ-ЖАРАҚ ҚАЛАЙ САҚТАЛУЫ КЕРЕК?

Арыстағы жарылыстан соң ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті қоймада соңғы тексеріс 2018 жылы жүргізілгенін мәлімдеді. Тексеру қорытындысы бойынша, қойма "талапқа сай" деп танылған.

Жарылыстан кейін қорғаныс министрлігі қойманың азаматтық нысандарға тым жақын орналасқаны туралы бұрыннан білгенін мойындады. Вице-министр Тимур Дәндібаев маусымның 26-сы күні жасаған мәлімдемесінде әскери қойманың азаматтық нысандарға жақын орналасуын шағын ауылдан қалаға айналған елдімекеннің кеңеюімен байланыстырды.

Арыстағы жарылысқа кім жауапты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:22 0:00

Қазақстан қорғаныс министрлігі Азаттық тілшісіне бұған дейін қойманы қаладан аулақ жерге көшіруге қаржы тапшылығы қолбайлау боп келгенін айтты. Министрлік өкілдері қаржы тапшылығына қарамастан, қаладан 200 метр жерде сақталған қару-жарақты басқа жерге көшіру 2005 жылдан басталғанына назар аударды.

- Біз қала мен қойманың арақашықтығы он километр болсын деген ұсыныс жасап, бірнеше рет құжат тапсырдық. Бірақ ол үшін сол жерге орнығып қалған адамдарды басқа жаққа көшіру керек болады, сондықтан қойманың орнын ауыстыратын болдық. Қаржы жетіңкіремей қалғандықтан бүкіл қойманы көшіріп үлгермедік, - деді қорғаныс министрінің орынбасары Мұрат Бектанов.

Алматыдағы төтенше жағдайлар органдары бөлімшелеріндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы, азаматтық қорғаныс штабының бұрынғы басшысы, Совет одағы тарағаннан кейін ұлттық жедел құтқару қызметін құрушылардың бірі Амантай Малғаждаров Арыста жарылған оқ-дәрі қоймасы сияқты әскери нысандар елдімекендерден алыс орналасуы керек деп есептейді. Ол 1979 жылы совет одағы әскері Ауғанстанға кірердің алдында, сол елге жіберілетін оқ-дәріні тасымалдаған эшелондардың бірінде шыққан өртті ауыздықтауға қатысқанын айтады. Амантай Молғаджаров "қорқынышты сәтке" балаған тәжірибесін былай еске алады:

- Қару-жарақтың өртенуі – сұмдық жағдай. Қатардағы өрт сөндірушілерді жарылыстан қорғау қарастырылмаған. Бұл да өрт сөндіру жұмысын тежейді. Өрттен кейін үш тәулік бойы жарылмаған снарядтарды жинап, соңынан оларды жарғанымыз есімде.

Оның пікірінше, зерттеу бірінші кезекте өрт себебін анықтауға бағытталып, ал салалық ведомство қайғылы жағдай қайталанбауы үшін қажет шараларды қолға алуы керек.

- Қазір жағдайдың салдарын жоюға барынша күш салып жатыр. Бірақ мұндай қайғылы жағдайға жол бермеуге талпыныс әрдайым нәтижелі аяқтала бермейді. Мемлекеттің жарылыс салдарын жоюға жұмыс істейтін қызметкерлері мен мол мүмкіндігі бар, – деген Амантай Малғаждаров "мәселе үкіметте ғана емес, белгілі бір іс үшін жауапкершілік алған адамдарда" екенін айтады.

Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Әмірбек Тоғысовтың пікірінше, Арыстағы жағдайдан кейін салалық ведомстволар маңызды шараларды қолға алуы керек.

- Әуелі әскери нысандардағы қару-жарақты түгендеп, елдегі қойманың барлығына өрт және террористік қауіпсіздік бойынша жабдықтар қою керек. Терроризм қаупі де тууы мүмкін. Сондай-ақ нысанды күзетіп, қару-жарақты сақтап, оның қауіпсіздігін қадағалайтын мамандар дайындау қажет. Бұл тұста тәжірибелі қарт мамандарды тартқан жөн, - дейді ол.

УКРАИНА ҮЛГІСІ

Украина – ірі өрт пен әскери қоймадағы жарылыстар жиі болатын постсоветтік елдердің бірі. 2015-2018 жылдар аралығында Украинада қару-жарақ сақталған төрт қойма жарылған. Ресми дерек бойынша, өрт кезінде 210 мың тонна оқ-дәрі жойылған. Украина әскери қызметкерлері жарылыстың негізгі себебін елдің шығысында бес жылдан бері үкімет күштері мен Ресей қолдайтын сепаратистер арасында жүріп жатқан қақтығыстан көреді.

Винница облысындағы Калиновка қаласының түбінде Арыстағы жарылысқа ұқсас оқиға болған. Төтенше жағдайдан кейін нысанды қалпына келтіріп, нығайту әлі күнге жалғасып жатыр. Елдегі ең ірі әскери нысандардың бірінде 2017 жылы жарылыс болып, өрт шыққан.

Биыл қоймадағы қалпына келтіру жұмыстарымен танысуға барған баспасөз өкілдері арасында Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Роман Пагулич те болды.

- Бірінші кезекте өрт орны мен айналадағы аумақ жарылмаған снарядтардан тазартылады. Бұл процесс ұзақ уақыт алады. Мысалы, Украинада екі-үш жыл бұрын жарылыс болған жерлерде мұндай жұмыстар әлі жүріп жатыр. Жұмыстың ұзақтығы оқ-дәрілердің көлеміне байланысты, - деді Пагулич.

Роман Пагуличтің Украинадағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс туралы репортажы (орысша):

Журналист Пагуличтің әскерилер сөзіне сілтеме жасап айтқан мәліметіне қарағанда, өрттен кейін барлық реактивті снарядтарды режимдік нысан мәртебесіндегі берік қоймаға ауыстырған. Бұл жұмыстармен қатар Калиновкада құрылысы 2020 жылы аяқталады деп жоспарланған жерасты қоймасы да салынып жатыр.

- Әскери қызметкерлер снарядтарды түгелдей алып тастауға тырысты. Әсіресе ашық алаңдардан танкінің, артиллериялық және реактивті снарядтар жиналды. Жарылысқа дейін кей қоймаларда шартты темір бөгет те болмаған. Қазір инфрақызыл қозғалыс датчиктері мен бейнекамералар қойып жатыр. Қоймалардан шығатын өртке қатысты айтылатын негізгі нұсқа - диверсиялар болғандықтан, нысандарда дронмен күресу үшін радиоэлектронды қорғаныс құралдары үнемі жұмыс істеп тұрады. Аумақты зенитті құрылғысы бар арнаулы техника күзетеді, - дейді журналист.

Соңғы жарияланған ресми деректерге сәйкес, биыл әскери қызметкерлер украиналық әскери нысандар төбесінен ұшқан бес дронды қолға түсірген. Сондай-ақ Азаттық тілшісінің айтуынша, жарылыстан кейін қойманы күзететін адам саны жеткіліксіз екені анықталған.

- Әлбетте, бұл іспен әскерилер емес, әскери күзет айналысқан. Қазір қаржы бөлінген соң, бұл да өзгерді, - дейді Роман Пагулич.

Маусымның 25-і күні АҚШ мемлекеттік департаменті Украинамен арада жасалған меморандум аясында Украинадағы әскери қоймаларды қорғау деңгейін арттыру үшін төрт миллион доллар бөлетінін хабарлады.

Ресми дерекке сәйкес, Арыстағы жағдайды зерттеумен қазір ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу басқармасы айналысып жатыр. Оқиға себептері әлі айтылған жоқ. Билік жарылыс кезінде Арыс қаласының тұрғыны мен екі әскери қызметкер, жалпы үш адам қаза тапқанын мәлімдеді. Маусымның 28-і күнгі дерек бойынша, тоғыз адам, оның ішінде төрт бала жансақтау бөліміне түскен. Ауруханада 60 адам жатыр.

Арыстағы әскери нысанда бұдан бұрын да бірнеше рет жарылыс тіркелген.

2015 жылы қару-жарақты жою кезінде болған жарылыстан бір адам қаза тапқан. 2014 жылы Арыста "ҚазақЖарылысӨндіріс" кәсіпорнында жарылыс болып, екі жұмысшы мерт болып, бір адам жараланған.

2009 жылдың наурызында қаладан екі шақырым жерде орналасқан, қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімше жанындағы ғылыми-өндірістік бірлестік қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарылған. Ол жолы төрт адам қаза тауып, 16 адам жараланған. Арыс гарнизоны әскери қалашығының тұрғындары көшіріліп, төтенше оқиғаның салдарымен күресуге 100 миллион теңге жұмсалған.

Ал бұл жолы билік қаланы қалпына келтіруге қанша қаржы жұмсайтыны әлі белгісіз.


  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG