Accessibility links

"Тоқыраған билік пен дамыған қоғамның алшақтығын көрсетті". Беларусьтегі жағдайға Қазақстаннан көзқарас


Қарсылық шеруіне шыққан әйел үкімет үйі алдында Беларусьтің тарихи туын ұстап тұр. Минск, Беларусь, 14 тамыз 2020 жыл.

Беларусьте 9 тамыздағы президент сайлауынан соң басталған жаппай қарсылық осымен алтыншы күн жалғасып жатыр. Наразылар елді 26 жылдан бері басқарып отырған Александр Лукашенко 80 пайызбен жеңіске жетті дегенге сенбей, көшеге шықты, бірақ полиция мен арнайы жасақтың қатыгездігіне тап болды. Биліктің бұл әрекеті қарсылықты одан әрі қоздырып, осыған дейін үнсіз отырғандардың көшеге шығуына түрткі болды. Мемлекеттік телеарналардың журналистері де, мемлекеттік зауыттардың жұмысшылары да, әскерилер де наразыларды қолдап жатыр. Қалай аяқталары әлі белгісіз бұл наразылықты қазақстандықтар мұқият бақылап отыр. Азаттық Қазақстандағы сарапшылардан Беларусьтегі жағдай туралы пікірін сұрады.

Евгений Жовтис, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры:

Евгений Жовтис.
Евгений Жовтис.

Кейінгі 25 жылда Балтық елдерінен өзге постсоветтік мемлекеттердің бәрінде посткоммунистік элита билік құрды. Олар экономикалық өзгерістердің, нарықтың экономикаға көшуінің, мемлекеттік меншікті жекешелендірудің негізгі бенефициары болды. Ертелі-кеш бұл режимдер келмеске кетуі керек болған және кетіп те жатыр. Алдымен Грузияда, одан кейін Украинада, белгілі бір деңгейде Молдовада, кейінгі жылдары Арменияда [кетті]. Енді кезек Беларуське жетті. Бұл - балама жолы жоқ процесс, [билігі ауыспаған] барлық ел осыған тап болады. Бұл мейлінше тұрақты көрінетін Ресейді де айналып өтпейді.

Мұндай жүйелер қазіргі әлемде қалыпты жұмыс істей алмайды. Өйткені олар жемқорлыққа белшесінен батқан, адам құқықтарын пысқырмайды, халыққа бақылау мен қысым көрсетудің объектісі ретінде қарайды. Сол себепті мұндай жүйелер жойылады. Жойылуы қалай жүзеге асады, қаншалықты жеңіл өтеді - мұның бәрі әр елдің ерекшелегіне байланысты.

Беларусьтегі жағдай ең нашар сценарийлердің бірін көрсетіп отыр. Лукашенко күш қолданды. Бұдан әрі не болатынын айту қиын, бірақ бір анығы - қазіргі Беларусь кешегі Беларусьтен өзгеше.

Лукашенко наразылықты баса алса да, режимнің құлауы уақыт еншісінде. Бірақ сол режимнің қалдығынан не құрастыруға болады? Тәжірибе көрсеткендей, мұның өзі оңай шаруа емес.

Серік Бейсембаев, PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі:

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы
Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы

Менің көзіме түскені – халықтың бес күн бойы (пікір алынған күні наразылыққа бес күн болған - ред.) ешқандай арандатуға берілмей бейбіт түрде шеру жасауы. Бұл азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейін көрсетеді. Беларусь азаматтарының өзгеріске бейбіт жолмен қол жеткізуге болатыны жөнінде сенімі бар және сол сенім оларды бесінші күн көшеге шығарып отыр.

Биліктің әрекетіне жаппай қарсы шығу Қырғызстан секілді өзге елдерде де болды, бірақ оның аяғы қантөгіске, атысқа және өртке айналғаны белгілі. Бірақ Беларусьте адамдар полицияның ұрып-соғуына қарамастан өз ұстанымын қарусыз қорғап тұр және бұған құрметпен қарамау мүмкін емес.

Кез келген авторитарлық режимнің апарар жері бір. Өзгерісті қаламаған, өле-өлгенше билікті сақтап қалуға тырысатын президенттер халықтың наразылығын тудырып, төңкеріске әкеледі. Мұны тарих бірнеше рет дәлелдеді.

Мұндай көтеріліс тоқырап қалған, өзгерісті қаламайтын саяси билік пен модернизацияланған қоғамның арасындағы алшақтықты білдіреді. Бұл – саясаттануда көп сипатталған, көп зерттелген мәселе. Ол қазіргі күні Ресейде анық көрініп отыр. Қазақстанда да дәл сондай. Саяси режим бұрынғы пайымдарынан, ұстанымдарынан шыға алмай қалды да, ал халық интернет пен жаһандану арқасында өзінің түсінігі мен пайымы жағынан бірнеше қадам алға шығып кетті. Осындай елдерде кикілжіңнің тууы заңды. Себебі ешқандай өзгерісті қаламайтын саяси билік азаматтық бастамаларды тежегісі келеді. Адамдардың өз ойын айтуға, саяси бостандығына шектеу қояды. Бұл – қазіргі заманда көзі ашық адам үшін төзгісіз жағдай.

Беларусьтегі наразылық қалай жалғасып жатыр?

Беларусьтегі наразылық қалай жалғасып жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:10 0:00

Билікте халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жасасақ болды, қалғаны керек емес деген бұрыннан қалып қойған бір кереағар түсінік бар. Дәл осындай ұстанымды Лукашенко да ұстанады. Біз барлық жағдайды жасап отырмыз, экономикамыз посткеңестік елдер ішінде ең тұрақты деген сияқты риториканы көп пайдаланады. Мұндай риторика бізде де бар. “Жалақы өсіп жатыр, ең бастысы тұрақтылық, соғыс болмаса болды” дейді. Бірақ бұл түсінік 90-жылдардың соңында не 2000-жылдардың басында ғана өтетін еді. Қазір бұл риторика өзектілігін жоғалтқан. Бүгінгі халық мемлекеттік шешімдерге ықпал еткісі келеді, шешім қабылдауға қатысқысы келеді. Белсенділерді қамауды жалғастырған сайын халықтың қарсылығы күшейе береді. Ақыр соңында жағдай ушығып кетіп, жаппай шерулерге апаратыны сөзсіз.

Петр Своик, саясаткер, экономист:

Петр Своик.
Петр Своик.

Беларусь - біздің айнамыз. Беларусьте болып жатқанның бәрін біз өз басымыздан өткереміз. Жаппай наразылық постсоветтік мемлекет модельдерінің сарқылғанын көрсетіп отыр. Бұл модельдер аясында жүзеге асыруға болатын істің бәрі жүзеге асты, жаңа идея жоқ.

Беларусьте Лукашенкоға балама жоқ және халық мұны біледі. Олар әйел кандидатқа (Светлана Тихановская - ред.) сол себепті дауыс берді. Қазақстанда дәл осындай жағдай. Баламаны не билік не оппозиция ұсына алмай отыр. Бәрі бір орында тұралап тұр. Ал саяси және экономикалық құрылымдардың құлдырауы Беларусьте де, Қазақстанда да одан әрі жалғаса бермек.

Наразылық айларға ұласпас. Бірақ Лукашенконың бұл жеңісінің болашағы жоқ. Өйткені ол беларусьтерге айналып келіп бір нәрсені ұсына береді. Ол ұсыныстарының ішінде орындауға болатыны әлдеқашан орындалып қойған.

Нұрсейіт Ниязбеков, КИМЭП университеті халықаралық қатынастар департаментінің оқытушысы:

Нұрсейіт Ниязбеков.
Нұрсейіт Ниязбеков.

Беларусьтегі наразылықта адамдар сыртқы агенттерсіз, жетекшісіз ұйымдаса білді. Бұл – өте ерекше жағдай. Бірақ оның сәтті не сәтсіз аяқталатыны белгісіз. Себебі Беларусьте билік толықтай президент қолына шоғырланған. Беларусь Грузия емес, Украина емес, тіпті Армения да емес. Онда президент билігі өте берік. Ал күш құрылымдары билікке адал. Полицияның наразыларға қатыгездік таныту себебі, олар биліктің жеңіске жету мүмкіндігі халықтыкінен басым екенін біледі. Оның үстіне Батыстан қолдау болмай тұр, қаржылай болсын, ақпараттық болсын. Пандемияға байланысты олардың өзге елдегі демократиялық процестерге көңіл бөлуге шамасы болмай отыр.

Лукашенко Украинадағы Майдандағыдай ашықтан ашық халыққа оқ атуға бара қоймайды деп ойлаймын. Себебі ол мұның неге алып баратынын біледі. Егер сондай жағдай бола қалса, Лукашенко жай ғана сайлау нәтижесін бұрмалаған президент болмай, өз халқына оқ атқан президент болады. Мұндай президентті халық анық көтермейді.

Қазақстан билігі үшін полицияның халықты Беларусьтегідей аса қатыгездікпен ұрып-соғуы жаңалық емес. Бізде бұл бұрыннан бар. Бірақ біздің билік Жаңаөзен оқиғасынан үлкен сабақ алды. Халыққа оқ атудың салдары жаман болатынын түсінді. Ол кезде биліктің күні қыл үстінде тұрған еді. Сол оқиғадан кейін қазақ билігі басқаша жұмыс істей бастады. Интернетті өшіру, белсенділерді оқшаулау, провокация жасау, қолшатыр қолдану, маска тағу секілді астыртын әрекеттерге көшті. Бүгінгі халық ол кездегі қатыгездікті көтермейді.

Лұқпан Ахмедияров, журналист, “Уральская неделя” газетінің бас редакторы:

Лұқпан Ахмедияров.
Лұқпан Ахмедияров.

Беларусь халқы не үшін көтеріліп жатыр? Халық дауыстың көбі Тихановскаяға берілгенін біледі. Бірақ билік жұртты ашықтан ашық алдады. Оны бәрі көріп тұр. Ал полиция биліктің осы өтірігін қорғаштап, халықты ұрып-сабап жатыр. Бұл - ойға сыймайтын іс.

Жұрт үшін ең маңыздысы - қадір-қасиеті бар екенін көрсету. Адамдар көшеге қандай да бір адамға дауыс бергені үшін не қандай да бір адамның ұнамағаны үшін шығып жатқан жоқ. Олар қадір-қасиеті бар болғандықтан шығып жатыр. Адамдар елде өзгеріс болғанын, адам құқы сақталғанын, заңның бір адам үшін емес бүкіл халық үшін жазылғанын қалайды. Олар өтіріктен, әбден мезі болған кәрі басшылардан шаршады. Біздегілер [былтыр] сайлау кезінде басылып қалды. Бірі Әміржан Қосановқа ренжіді (Өзін оппозициялық кандидат ретінде көрсеткен Қосанов сайлау нәтижесі шықпай жатып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісін мойындады, оның бұл әрекеті сынға ұшырады ред.), бірі көшбасшы жоқ деді. Ал беларусьтер жаппай наразылыққа шығу үшін ешқандай көшбасшының керек емес екенін көрсетті.

  • 16x9 Image

    Дархан ӨМІРБЕК

    Дархан Өмірбек - Азаттық радиосының редакторы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде саясаттану бойынша, Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде журналистика бойынша білім алған. Карьерасын қазақстандық басылымдарда бастаған. Халықаралық Eurasianet басылымына фрилансер ретінде мақала жазған. Оксфорд университетіндегі Reuters журналистиканы зерттеу институтының оқу-зерттеу бағдарламасына қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG