Грузияға кейінгі жылдары суррогат ана болуды көздеген шетелдік азаматтар жиі баратын болған. Сәби сүйгісі келетін өзге бір отбасы үшін құрсағына бала көтеріп, босанатын әйелдер бұл қызметіне ақы алады. Қазақстанда да суррогат ана қызметі заң жүзінде реттелген. Кейінгі қабылданған өзгерістерге сәйкес, мұндай қызметті тек ресми некеде тұрған ерлі-зайыпты Қазақстан азаматтары пайдалануға құқылы. Бірақ бұл талаптар шетелде суррогат ана болуға келісетін қазақстандық әйелдердің жағдайын тікелей реттемейді.
Грузияға барып, суррогат ана болып көрсеткен қызметіне делдалдардан уәде етілген ақшасын ала алмай қалған екі әйел Азаттықтың Грузин қызметіне хабарласқан. Бұл мақалада осындай қиындыққа тап болған әйелдердің оқиғасын баяндаймыз.
"Келісімшартта айтылған ақшаны төлемеді". Марияның хикаясы
33 жастағы Мария Грузияға суррогат ана болу үшін екі рет барған (өз өтініші бойынша, мақалада есімі өзгертіліп жазылды). Мария алғашында келісім шартты орындап, дүниеге бала әкелгенін, бірақ өзіне тиесілі қаржыны әлі күнге дейін ала алмағанын айтып берді.
– Грузияға 2023 жылы суррогат ана болу үшін келдім. Алғашқы бағдарламаға қатысқанымда, "Киндерли" компаниясы маған тиесілі ақшаны төлемеді. Сот болды, компания басшылары түрмеге қамалды, бірақ ақшамызды әлі алған жоқпыз. Себебін түсінбеймін. Екінші рет суррогат ана болуға Тбилисиде қалуым керек болғандықтан келістім. Басқа амалым болмады. Өйткені бізде сот процесі болып жатқан еді, сондықтан Грузияда болуымыз қажет екенін білдік. Қараша айында "Энди" деген компаниямен келістік. Кейін білдім, бұл компанияның аты мүлдем басқа екен. Құрсағыма бала көтеріп, алғашында барлығы жақсы өтті. Бірақ 25 шілде таңертең оянғанда ішімдегі баланың қимылын сезбей қалдым. Бірден кураторыма хабарластым. Дәрігерлер грузин тілінде сөйлеп жатты. Олардың не айтып жатқанын түсінбесем де бір нәрсенің дұрыс емесін сездім. Кейін баланың жүрек соғысы тоқтағанын естідім. Ол кезде бойыма бала біткеніне 36 апта 5 күн болған. Табиғи жолмен босандым. Сонан кейін компания өкілі Джули деген әйел маған қысым жасап, қоқан-лоқы көрсете бастады. Ол маған "полиция шақырсаңдар да, адвокаттарға жүгінсеңдер де болады. Біз сендерге ештеңе төлемейміз" деп жазды. Маған ақша төлемейтінін ашық айтты. Алайда келісімшартта, бала өлі туса да, егер суррогат ананың кінәсі болмаса, биологиялық ата-ана гонорарды толық төлеуге міндетті екені жазылған. Босанғаннан кейін Джули биологиялық ата-ана жұма күні ұшып келетінін айтты. "Егер олар ақша төлемесе, біз саған ешқандай көмек көрсете алмаймыз" деді.
– Сізге қанша ақша төлеуі керек еді?
– 17 мың доллар. Бұдан кейін Джули маған суррогат ана бағдарламасына тағы қатысуды ұсынды. "Қазір осында тұра тұрасың, мен саған ай сайын ақша төлеп отырамын. Қазан-қараша айларында эмбрионды қайта саламыз " деді ол маған. Яғни, мен босанғаныма бір апта ғана болғанда қайтадан суррогат ана болуды ұсынды. Мен оған: "Бұл қалай болады? Сен маған бірінші көтерген бала үшін тиесілі ақшамды әлі төлеген жоқсың. Енді екінші рет бағдарламаңа қатысуымды не бетіңмен сұрайсың? Бұл мүмкін емес, мені үйде күтіп отырған балам бар" деп жауап бердім. Кейін тағы жазып, мұндай ұсынысқа келісе алмайтынымды түсіндірдім. Бұдан былай суррогат ана болуға ниетім де жоқ дедім. Джули хатымды оқығаннан кейін маған қайтып жазған жоқ.
Kinderly Georgia – Грузияда 2022 жылы тіркелген репродуктивтік медицина агенттігі. Компания суррогат ана болуға келіскен әйелдер мен бала сүйгісі келетін отбасыларды байланыстырып, осы қызметіне ақы алып келген. Азаттықтың Грузин қызметі 2025 жылдан бері осы компаниямен жұмыс істеген ондаған әйел келісілген гонорарын ала алмағанын жазған. Мария – солардың бірі. Грузияға суррогат ана болу мақсатын көздеп барған әйелдер арасында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина және Ресей азаматтары бар.
2026 жылдың шілде айында Грузия соты суррогат ана қызметі саласында делдал болған "Киндерли" компаниясының негізін қалаған екі адамды алаяқтық жасау және аса ірі мөлшерде қаражатты иемдену қылмысын кінәлі деп танып, әрқайсын 10 жылға бостандығынан айырған. Мариямен суррогат ана ақылы қызметін көрсету туралы келісімшартқа отырған екінші компания Xidua International Medical Health Management деп аталады. Грузияда 2022 жылы тіркелген бұл компанияның жалғыз иесі – Қытай азаматы Шэншэн Ю, суррогат аналар оны "Энди" деп атайды. Мариямен байланысқан, "Джули" деген бүркеншік атпен белгілі компания өкілі журналистердің сұрақтарына жауап бермеген.
Марияның айтуынша, сәбиі шетінегеннен кейін компания оған қол қойылған келісімшартта көрсетілген 17 мың долларды төлеуден бас тартқан. Ол биыл тамызда прокуратураға шағым түсіріп, істі алаяқтық бабы бойынша тергеуді сұраған. Мария бұл компания Грузияға "ондаған немесе одан да көп" суррогат ана әкеледі дейді. Олардың басым бөлігі Тайландтан баратындар. Әйелдің сөзінше, суррогат аналар компанияның кеңсесінде ешқашан болмаған, оның мекенжайын да білмейді және компаниямен тек кураторлар арқылы байланысады. Азаттық радиосының Грузин қызметі компанияның кураторлары – Грузия азаматтарына хабарласты. Бірақ олар түсініктеме беруден бас тартқан.
– Менің тағы бір алаңдайтыным – басқа әйелдердің жағдайы. Бірге тұрған кей әйелдердің төлқұжаттарын компания өкілі алып қойғанын естідім. Грузияға Қазақстаннан барған бір қыз да келісімшартқа қол қойғанда паспортым өзімде екеніне таңғалып, өз құжатын одан алып қойғанын айтқан еді. Тағы бір әйел бала көтеруге үш рет талпыныс жасағанымен бәрі сәтсіз аяқталған. Ол үйіне қайтқысы келгенімен, компания өкілі алдымен бала көтеру керегін айтқан. Сегіз ай бойы Грузияда жүргеніне қарамастан, ол әлі күнге бала көтере алмай келеді. Мен оған журналистер мен заңгерлерден көмек сұрауға болатынын айттым. Бірақ ол қорқып, бас тартты. Әйелдердің кейбірі өзіне кесірі тие ме деп қорқатын сияқты. Мен бұл істі аяғына дейін жеткізгім келеді. Бұған дейін "Киндерли" ісінде де әділдікке жетуге тырыстым. Енді осы жолы да осыған жауапты адамдардың заң алдында жауап бергенін қалаймын. Суррогат ана болу сырттай қарағанда оңай көрінуі мүмкін: келесің, эмбрион енгізіледі, бала көтересің, босанасың, ақшаңды алып үйіңе қайтасың. Бірақ іс жүзінде бәрі олай емес. Бұл – әйелдің денсаулығына төнетін қауіп. Кейбір әйел екіқабат кезінде немесе одан кейін ауыр зардапқа тап болуы мүмкін, ал кейбірі келісілген ақшасын да ала алмайды. Сондықтан мен суррогат ана болғысы келген әйелдерге жақсылап ойлануға кеңес берер едім. Егер мұндай қадамға барса, биологиялық ата-анамен тікелей жасалған, барлық міндеттемесі анық көрсетілген келісімшарт болғаны маңызды. Ал келісімшартта көрсетілмеген компаниялар мен делдалдарға сену өте қауіпті.
Марияның кәмелетке толмаған баласы бар. Бірақ екі айдан астам уақыт бойы полицияның көмегін күтіп, Грузияда табыссыз әрі тұрақты баспанасыз қалған ол басқа суррогат аналардың үйін паналауға мәжбүр. Марияның Грузияға суррогат ана болуға барғанын тек анасы біледі. Ол бұл қадамға қаржы үшін барғанын айтты.
"Менің жағдайым туралы жұрт білсе деймін". Диананың әңгімесі
Тағы бір қазақстандық әйел, үш баланың анасы Диана да Грузияға суррогат ана болу мақсатымен барған. Ол бұл жұмысқа үлкен қыздарының оқуына ақша керек болған соң барғанын айтты. Бірақ бойына бала біткеннен кейін 18-аптадан бастап денсаулығы күрт нашарлап, бірнеше рет ота жасатқан. Грузиялық дәрігерлер Дианаға бүйрегі сыр беріп, кейін ағзасына инфекция тарағанын айтқан. Жүрек қызметі нашарлаған. Бұған қоса, өкпесіне сұйық жиналып, пневмонияға шалдыққан. Әйелдің денсаулығы сыр бергеніне қарамастан, дәрігерлер құрсақтағы баланы аман сақтап қалуға тырысқан.
– Ауруханаға жатқан соң бесінші не алтыншы күні кенеттен жағдайым нашарлап кетті. Дәрігерлердің "адреналин, адреналин" деп айқайлағаны есімде. Олар мені аман алып қалуға тырысты. Кейін инфаркт болғанын және жүрегімде кінәрат пайда болғанын білдім, – деді Диана.
– Дәрігерлер сізге бала көтере беруге болатынын айтты ма? Сіздің де, баланың да денсаулығына қандай қауіп барын түсіндірді ме?
– Есімді жиған бойда ең алдымен құрсағымдағы баламның жағдайын сұрадым. Дәрігерлер баланың жағдай жақсы деді. Егер балаға қауіп төнсе, менің жазбаша келісімім бойынша баланы алып тастауға мәжбүр болар еді. Бірақ ол кезде баланыың жағдайы жақсы болғандықтан дәрігерлер маған ары қарай жалғастыра беруге болады деді. Қазір дәрігерлер баланы ай-күні жеткенше көтере алатынымды айтып отыр. Бірақ ол үшін бүйрегіме жалғанған стентті уақытында ауыстырып отыруым керек. Өйткені олардың бетіне тұз жиналып, инфекция тарауы мүмкін. Әдетте стенттерді екі ай сайын ауыстыру қажет. Мен әр он күн сайын талдау тапсырып, денсаулығымды тексертіп жүрмін. Қазір тапсырған талдауларымның қорытындысы нашар болғандықтан, уролог тағы да ота жасайтынын айтты. Ота наркозбен жасалады.
– Сізді суррогат ана қызметін көрсетуге жалдаған компания қалай аталады? Қазір олармен арада қандай мәселе туындады?
– Компанияның атауы — Biothala. Компания өкілдерімен кездескенде, урологтың маған шұғыл ота жасау қажет деп айтқанын жеткіздім. Уролог компанияға да хабарласыпты. Олар ота шығынының жартысын өзім төлеуге келіссем ғана операция жасатуға көмектесетінін айтты. Бұл ақшаны менің гонорарымнан ұстап қалмақ. Менің суррогат ана ретіндегі гонорарым – 16 мың доллар. Компания өкілдері емдеуге жұмсалатын шығынның жартысын өзім төлейтін болсам, қалған ақшаны ғана алатынымды түсіндірді. Әзірге гонорарымнан ештеңе алған жоқпын. Компания тек тұратын үйім мен тамағыма кететін ай сайынғы ақшаны төлеп отыр.
Дианаға делдал компания оның денсаулығы нашарлағанын биологиялық ата-ана білсе, баладан бас тартуы мүмкін деп ескерткен. Диана мұны өзіне жасалған қысым деп біледі.
– Компанияда басқа суррогат аналар да осындай қиындықтарға тап бола ма?
– Иә, басқа да қыздардың проблемалары барын білемін. Біреулерге ақшасын төлемеген, енді біріне еліне қайтуға билет алып бермеген. Менің білетінім – компания директоры Майк бұрын "Киндерли" компаниясының клиенті болған.
– Осы оқиғаны не үшін жұртшылық білгенін қалайсыз?
– Менің жағдайым туралы адамдар білсе, суррогат аналардың да осындай мәселелерге тап болатынын түсінсе деймін. Біз де адамбыз, денсаулығымыз бар. Екіқабат кезінде осындай ауыр жағдайға тап болғанда бізге көмек керек. Ал менің жағдайымда емделу шығынын өзіме артып отыр.
Диананың адвокаты Давид Шашиашвили келісімшарт бойынша, суррогат ананың екіқабат кезіндегі денсаулығына келген зақым мен емделу шығындарын биологиялық ата-ана өтеуге тиіс екенін мәлімдеп, 29 қыркүйекте Грузия бас прокуратурасынан істі тергеуді талап еткен. Азаттықтың Грузин қызметінің мәліметінше, Bayotala International компаниясының негізін қалаушы – Канада азаматы Цзинь Сяе. Оны суррогат аналар Майк деген атпен таниды. Журналистер компания басшысынан осы жағдайға байланысты түсініктеме алуға талпынғанымен, ол сұхбат беруден бас тартқан. Ал емдеуші дәрігер Диананың денсаулығы туралы ақпарат бермеген.
Репродуктивтік бағдарламалар агенті Мәдина Брагинская көп жағдайда суррогат аналар келісілген төлемді толық ала алмай жататынын айтты. Бірақ оның сөзінше, Грузияда кейінгі екі жылда заң талабы қатаңдап, делдал компанияларға жауапкершілік күшейген.
– Қазір Грузияда клиникалардағы репродуктивтік қызметтер саласы жақсы дамып, қалыптасып жатыр. Себебі тапсырыс беруші өте көп. Жаңадан көп клиника ашылды, тіпті қытайлық дәрігерлер, медицина мамандары жұмыс істейтін клиникалар да бар. Компаниялар неғұрлым көп ашылған сайын, тапсырыс беруші де көбейді. Грузияға Қазақстаннан келетін қыздардың да саны артты. Мұның басты себебі – қаржылай мотивация. Мұнда келетін қыздардың барлығының дерлік әйтеуір бір проблемасы бар. Бағдарламаға қатысып жатқан қыздардың ешқайсының төрт құбыласы түгел емес. Олар өзінің тұрмыс жағдайын жақсартып, отбасын қамтамасыз ету үшін осындай бағдарламаларға қатысуға мәжбүр. Ондай қыздар өте көп, – деді Мәдина Брагинская.
Грузияда коммерциялық суррогат ана қызметі 2000-жылдардың ортасында дами бастады. Ал 2010-жылдары Ресейде бұл салаға қатысты заңдар қатаңдағаннан кейін, Грузия шетелдік тапсырыс берушілер жиі баратын елдердің біріне айналды. Дегенмен Мемлекеттік қызметтерді дамыту агенттігінің дерегіне сәйкес, 2023 жылдың аяғында елде 3 мыңнан астам суррогат ана тіркелген. 2012 жылдан бері олар өмірге 5 393 бала әкелген.