Accessibility links

Арнайы қызметтің студенттер арасындағы "тыңшылары"


Ашғабат университетінің қасынан өтіп бара жатқан сутдент жастар. Көрнекі сурет.
Ашғабат университетінің қасынан өтіп бара жатқан сутдент жастар. Көрнекі сурет.

Түркіменстан ұлттық қауіпсіздік қызметі студенттер арасында үкіметті сынайтын немесе елде бұғатталған веб-сайттарға кіріп, ондағы материалдарды оқитын жастар туралы хабарлап отыратын "тыңшылар" желісін құрған.

"Саққұлақ" студенттер туралы Азаттықтың Түркімен қызметі - Азатлык радиосы тілшісіне өз есімін жарияламауды сұраған университет студенттері мен профессорлары хабарлаған. 5,5 миллион халқы бар Түркіменстанда билікті сынаған кез келген азамат қатаң жазаға тартылады.

Азатлык тілшісіне ақпарат бергендер Түркіменстандағы әр университетте оқытушылар арасында ұлттық қауіпсіздік министрлігінің өкілдері бар екенін айтады. Олардың сөзінше, министрлік өкілі оқу орнында түрлі қызмет атқарады және негізінен әр топтан өзге студенттер жайлы ақпарат беріп отыратын "саққұлақ" іздеумен айналысады.

Бейресми "тыңшы" студенттердің міндетіне биліктің саясатын сынайтын студенттер мен олардың сабақтан кейінгі белсенділігі туралы ақпарат жинау кіреді. "Саққұлақ" әдетте өз тобындағы студенттермен саясат, әлеуметтік мәселе немесе дін тақырыбында әңгіме бастап, жастардың билік жайлы ой-пікірін білуге тырысады. Кейін ол жайлы билік өкілдеріне жеткізіп, елдегі экономикалық жағдайға көңілі толмайтындар мен билік саясаты, әлеуметтік жағдай туралы пікір таластыратын жастар туралы ақпарат береді.

Азатлык тілшісімен сөйлескен азаматтардың айтуынша, "саққұлақтар" құрбы-құрдастарының суреттерін қарап, хат-хабарын оқу үшін олардың телефондарын тексеруге тырысады. Әсіресе, мұндай жайттар WhatsApp және Telegram мессенджерлерін пайдаланатын студенттер арасында жиі болады.

Басты назарға елде бұғатталған веб-сайттарға Virtual Private Networks (VPN) арқылы кіретін жастар ілінген.

Түркіменстанда бұғатталған ресурстар арасында оппозициялық және тәуелсіз ақпарат құралдарының сайттары, Facebook, Twitter, Odnoklassniki, VKontakte әлеуметтік желілері бар.

Билік өкілдері тыңшылықпен айналысқан студенттерді болашақта мемлекеттік қызметке алуға уәде береді.

Табиғи газдың мол қоры бар, авторитар президент Гурбангулы Бердімұхамедов басқарып отырған елде жұмыссыздық деңгейі жоғары. Соңғы кезде дүкендерде тұрмысқа қажет заттардың тапшы болуы және жұмыссыздықтың көбеюі халықтың билікке наразылығын күшейткен.

Студенттерден бөлек, қауіпсіздік қызметі университет профессорларына да өзіндік ой-пікірі бар, белсенді студенттерді мұқият қадағалауды тапсырады. Тапсырманы орындаудан бас тартқан оқытушы жұмыстан қуылады.

Түркіменстан арнайы қызметі тыңшылық қызметке нақты қанша студент пен оқытушыны тартқаны белгісіз. Бірақ Азатлык тілшісіне ақпарат берген азаматтардың айтуынша, "саққұлақтар" университеттегі барлық курстар мен топтарда кездеседі. Дерек көзінің хабарлауынша, қазір Түркіменстанда смартфон арқылы интернетке қосылу мүмкіндігінің кең тарауына байланысты "тыңшылар" қатары да көбейген.

ЕЛДЕГІ ЖӘНЕ СЫРТТАҒЫ БАҚЫЛАУ

Ұлттық қауіпсіздік қызметі шетелде оқитын Түркіменстан студенттерін де бақылауда ұстауға тырысады.

Өткен жылы шетелде білім алып жүрген бірқатар түркімен студенті Азатлык радиосына елге жазғы демалысқа келген сайын өздерін билік өкілдері "әңгімелесуге" шақыратынын айтқан.

Өзін Аман деп таныстырған студенттің айтуынша, Түркияда оқитын түркімен жастары Түркіменстан елшілігі көп студентке құрбы-құрдастарын аңдуды тапсырғанын жақсы біледі.

Түркімен жастары. Көрнекі сурет.
Түркімен жастары. Көрнекі сурет.

Шетелде "саққұлақтарға" студенттердің өмірі, байланыстары мен не нәрсеге қызығатыны туралы ақпаратты елшілікке жеткізіп отыру міндеті жүктеледі. Соның кесірінен қазір түркімен студенттері бір-біріне күдікпен қарап, сенуден қалған дейді жастар өкілі.

Аман өз тәжірибесі мен достарынан естіген ақпаратқа сүйеніп, жазғы демалысқа Түркіменстанға оралған студенттерге қауіпсіздік қызметінің өкілдері қандай сұрақтар қоятынын айтып берді:

  • Кіммен байланысып тұрасың?
  • Жатақханада тұрасың ба, әлде пәтер жалдайсың ба?
  • Шетелдегі түркімен студенттерінен кімді танисың? Олар туралы ақпарат бере аласың ба?
  • Студенттерге қаржылай көмек беретін демеушілер мен ұйымдарды білесің бе?
  • Шетелдегі түркімен студенттерінің шетелдік саяси топтармен байланысы бар ма?
  • Студенттер әлеуметтік желіні белсенді қолдана ма?
  • Шетелдік басылымдарға Түркіменстандағы жағдай туралы ақпарат беріп немесе осы тақырыпта әлеуметтік желіге пост жазып жүрген студенттерді білесің бе?

Аманның сөзінше, қауіпсіздік қызметінің өкілдері студенттерді "ақпарат беруден бас тартсаң, Түркіменстандағы туыстарыңа маза бермейміз" деп қорқытады. Аман өзіне де ұлттық қауіпсіздік министрлігіне жұмыс істеу туралы ұсыныс жасалғанын айтады.

Тәжікстанда оқитын түркіменстандық студенттер. Көрнекі сурет.
Тәжікстанда оқитын түркіменстандық студенттер. Көрнекі сурет.

Аты-жөнін жарияламауды сұраған Түркіменстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің бірнеше өкілі Азатлык тілшісіне студенттерді әңгімелесуге шақыратындарын растап, мұндай кездесуге тек "діни экстремистік ұйымдармен байланысы бар" деген күдікке ілінген студенттер ғана шақырылатынын айтты.

Түркіменстан билігі өз азаматтарының ел ішіндегі және шетелдегі жүріс-тұрысын мұқият бақылауда ұстауға тырысады.

Азаттықтың Түркімен қызметі тілшілерінің хабарлауынша, билік өкілдері Түркия немесе басқа мемлекеттерге жұмыс істеуге кеткен мигранттардың отбасы мүшелерімен сөйлесіп, олардан туыстарының қай жерде жұмыс істеп жүргені және жақындарына қаншалықты жиі хабарласатыны туралы ақпарат беруді талап етеді.

Әдетте Түркіменстанды әлемдегі ең қатаң жүйе орнаған мемлекет деп атап, Солтүстік Кореямен салыстырады. Елде бірде-бір тәуелсіз ақпарат құралы жоқ. Құқық қорғаушылар түркімен билігі оппозиция өкілдері мен үкіметті сынаушыларды ойдан шығарылған айыптар бойынша түрмеге қамап, психиатриялық емханаларға мәжбүрлеп жатқызады немесе елден қуады деп сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG