Accessibility links

Түркіменстандағы режимнің билікте қалуына кім мүдделі?


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (оң жақта) пен Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев. Түркіменбашы, 12 тамыз 2019 жыл.

Жақында "Газпром" Түркіменстаннан газ сатып алу туралы келісім-шартқа қол қойды. Іс жүзінде Ресейдің энергетика алпауытына бұл газдың қажеті де шамалы еді. Ресей газдан гөрі Түркіменстандағы режимнің билікте қала беруіне ерекше құлықты болған сияқты.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ПЕН ҚОЛМА-ҚОЛ АҚША ТАПШЫЛЫҒЫ

Түркіменстанның бірінші президенті, марқұм Сапармұрат Ниязов кезінде бұл ел әр азаматы "Мерседес" мінетін екінші Кувейтке айналады деген еді. Тәуелсіздігін жариялағанына 28 жылға жуықтаған Түркіменстанның әзірге екінші Кувейтке айналар түрі көрінбейді. Есесіне біреулерді "президент Гурбангулы Бердімұхамедов қалай орында тұр?" деген сұрақ мазалайды.

Қазір Түркіменстанда қант, сұйық май, жұмыртқа сияқты негізгі азық-түлік түрлері тапшы. Көп қалада күніне екі наннан артық жемеу туралы шектеу бар. Әдетте бұл тауарларды жекеменшік дүкендерден табуға болады, бірақ бағасы мемлекеттік дүкендегіден бірнеше есе қымбат. Елде тіпті қолма-қол ақшаның да тапшылығы байқалады, себебі бір банкоматқа ақша түсіпті деген хабар тараған бойда сол жерде ұзын-сонар кезек пайда болады. Бірақ ол банкоматта да ақша тез таусылып қалады.


2018 жылы үкімет 1991 жылдан бері тұрғындарға газ, электр энергиясы мен суға беріліп келген жәрдемақыны төлеуді тоқтатты. Үкімет жұмыссыздық туралы ақпаратты жарияламайды, бірақ жұмыссыздық деңгейі 60 пайыздан көп деген болжам бар. Жақында үкімет азаматтардың шетелге кетуіне тыйым салды. Ұзақ уақыт жүргізілген репрессиялық саясат және соңғы кездегі экономикалық ахуалдың нашарлауы кесірінен Түркіменстан халқының үштен бірі елден кетіп қалған.

Қазір ел экономикасы тәуелсіздік алғалы бергі ең ауыр кезеңді бастан кешіп жатыр. Табиғи газ - Түркіменстанның шетке сататын негізгі тауары, оны сатудан түскен қаржы мемлекет кірісінің 70-80 пайызын құрайды. Ресейдің "Газпром" компаниясы түркімен газын сатып алу келісімін тағы ұзартқанымен сатып алатын газ көлемі мардымсыз.

Қытай 2017 жылдың басынан бері елде өндірілетін газдың бәрін дерлік сатып алып отыр, бірақ шикізаттың бір бөлігі (оның қанша екені айтылмайды) Түркіменстанның Қытайға берешек миллиардтаған доллар қарызын өтеуге кетіп жатыр (бір қызығы бұл қарыздың көбін Ашғабат елдегі газ кеніштерін дамыту және Қытайға газ құбырын тарту үшін алған).

Түркіменстаннан шетелден инвестиция іздеп отыр, бірақ биыл екі бірдей зерттеу ұйымы (бірі - International Policer Digest, екіншісі The Foreign Policy Centre) бұл елге инвестиция салу қауіпті екенін айтады.

"КЕЙБІРЕУДІҢ ҚОЛАЙЫНА ЖАҒАТЫН РЕЖИМ"

Ал Түркіменстан үкіметі 2017 жылы түсініксіз халықаралық спорт шарасын өткізуге, жылына бәлкім 50 мың жолаушыдан артық адам келмейтін елде жүздеген мың жолаушы келетін зәулім әуежай салуға және Каспий жағалауындағы Аваза демалыс аймағында және ел астанасы Ашғабатта ақ мәрмәрден әдемі ғимараттар тұрғызуға миллиардтаған доллар қаржы жұмсады. Ең бастысы - президент Бердімұхамедов қымбат көлік айдап жүрген, сән-салтанаты келіскен бөлмеде отырған видеоларын жариялап, шалқып өмір сүріп жатқанын оқтын-оқтын көрсетіп отырады.

Бердімұхамедов пен оның үкіметі Түркіменстанның басындағы сан түрлі мәселені шешуге қауқарсыз сияқты. Сонда да ол билікте мығым отыр.

Қалай?

Себебі - басқа елдер Бердімұхамедов режимін өздеріне оңтайлы көретін сияқты. Оның үстіне Түркіменстан сырттан жасырын көмекті көбірек алып отырған тәрізді.

1995 жылдан бері Түркіменстан бейтарап ел болып келеді, әрі оның бұл мәртебесі БҰҰ-да бекітілген. Әуел баста президент Ниязов бейтараптықты өз елін оқшаулау мақсатына пайдаланды. Ресми түрде Түркіменстанның ешбір елмен араздығы жоқ әрі ол ешбір елдің проблемасына араласпайды, есесіне ол келіспей қалған тараптардың арасында арағайын болып, қолынан келген қызмет түрін ұсынуға әрдайым дайын. Қысқасы, өте ыңғайлы көрші.

Бұл Түркіменстанмен шектесетін көрші елдер - Иран, Ауғанстан, Өзбекстан мен Қазақстанның және Каспий теңізі арқылы шектесетін Әзербайжан мен Ресейдің қолайына жағады.

Түркіменстан картасы.
Түркіменстан картасы.

Егер олар Түркіменстанға ықпал жүргізбесе, басқалардың бұл елге ықпал ете қоюы екіталай.

Түркіменстанның Батыс елдерімен байланысы бар, тіпті Ауғанстандағы АҚШ бастаған коалицияның әскери операциясы кезінде Американың әскери ұшақтарының түркімен әуежайларында жанармай құюына рұқсат берген келісім де бар. Бірақ Ашғабат көп жағдайда Батыс елдерімен байланысты тек экономиканың аясында шектеп, олардың елге ықпалын тежеп отырады, әрі үкімет Батыс елдерімен қандай да бір қауіпсіздік альянстарына бірігуге де құлық танытпайды.

Бұл жағдай Түркіменстанмен 1 мың километрге жуық шекарасы бар Иранның қолайына жағатын сияқты. Соңғы жиырма жылдың ішінде АҚШ әскері Иран шекарасының түбінде - Ирак пен Ауғанстанда жүр.

Каспий теңізі жағасында жаңадан ашылған порт. Түркіменбашы қаласы, 2 мамыр 2018 жыл.
Каспий теңізі жағасында жаңадан ашылған порт. Түркіменбашы қаласы, 2 мамыр 2018 жыл.

Ашғабаттың шетелдермен саудадан басқа тығыз байланыс орнатпай, сыртқы ықпал мен тығыз ынтымақтастықтан қашқақтауы оның көршілеріне ұнайды. Олар Ашғабатпен қарым-қатынас жасағанда елдің өзімен ғана істес болады, бұл дау-дамай бола қалса, өзге елдің Ашғабат жағына шығып кету мүмкіндігін не дағдарыс жағдайында басқалардың көмекке келу ықтималдығын азайтады.

Оның үстіне, Түркіменстан да басқаларға қауіп төндіретіндей шамада емес. Халқының саны шамамен 5 миллиондай ғана болатын бұл ел маңайындағы жақын көршілерінен әлдеқайда кішкентай, әрі оның әскері - аймақтағы ең әлсіз әскер.

Есесіне, түркімен үкіметі үнемі елдің үрейін туғызар қауіпсіздік күштерінің көмегіне сүйеніп келеді, ол отыз жылға жуық уақыт бойы халықтың мойнына қамыт салып отыр. Түркіменстан - инвестиция мен реформалар үшін қолайлы ел емес, оның үстіне үкімет әсіресе күдіккі ілінген мұсылмандарға ерекше қатыгездік танытып келеді.

Ең батысы - түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов сайқымазақ сияқты көрінеді. Оның мемлекеттік басқару ісінен хабары аз тәрізді, келіссөз жүргізудің де шебері емес, әрі басқа елдермен саудаға сала қоятын "көзірі" де жоқ.

"Өзі әнші, өзі атбегі, өзі атлет". Президент Гурбангулы Бердімұхамедов жайлы мемлекеттік телеарна хабарлары:

Өзі әнші, өзі атбегі, өзі атлет
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:51 0:00


Біреулер мұндай басшыны "илеуге келетін алаңғасар" деп қабылдауы мүмкін. Бәлкім, оның өз үкіметімен бірге билікте қалуы соларға ыңғайлы шығар.

ГАЗ САТУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ

Бердімұхамедов пен оның үкіметіне Ресейдің көңілі толатын тәрізді. Ресей сыртқы істер министрлігі түркімен газын сатып алу келісімінің ұзартылғанын хабарлағанда әзілдегендей болып "Газпромға" сілтеме жасады. Мәскеу бұл келісімді 2016 жылдың басында өз еркімен тоқтатып қойған еді. "Газпромға" түркімен газы аса қажет емес тәрізді, бірақ маусым айының соңында қол қойылған келісім бойынша, ол Ашғабаттан жылына 5,5 миллиард текше метр газ сатып алып тұрмақ. Әзербайжандық Caspian Barrel сайтының сәуірдегі хабарына қарағанда, Ашғабаттың ақшаға аса мұқтаж екенін әрі шұғыл түрде сатып алушы іздеп отырғанын білген "Газпром" түркімен газын өте арзан бағаға - мың текше метрін 110 доллардан алуға ниет білдірген.

Егер баға жайлы бұл ақпарат рас болса, онда Түркіменстан "Газпромға" газ сатудан жылына 600 миллион доллардай ғана табыс табады, бұл ел бюджетінің жыртығын жамауға жеткіліксіз, дегенмен талқармау бола алады. Оның үстіне, 2016 жылы Түркіменстанда гепатит дерті жайылғанда Мәскеу оларға арнайы екпе таратқан.

Қытай мен Түркіменстан арасы да үнемі бұлыңғыр.China National Petroleum Corporation (CNPC) - Түркіменстанның құрлықтағы мұнай және газ кен орындары бойынша келісімшарт жасасқан жалғыз шетелдік компания. Түрікменстаннан Қытайға баратын төрт газ құбырының D желісі аяқталғаннан кейін (оптимистік болжам бойынша, бұл бірнеше жылға созылуы мүмкін) Түркіменстан жыл сайын Қытайға шамамен 55 миллиард текше метр газ жөнелте алады. Яғни, Қытайға ең ірі көлемде газ жеткізетін ел болмақ.

Галкыныш газ кенішіндегі салтанатты рәсімде тұрған жұмысшылар. Түркіменстан, 4 қыркүйек 2013 жыл.
Галкыныш газ кенішіндегі салтанатты рәсімде тұрған жұмысшылар. Түркіменстан, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Мұның үстіне, Түркіменстанның Қытайға берешегі де көп. Қанша екені еш жерде айтылмайды, бірақ бұл бірнеше миллиард доллар деген болжам бар. Әрі бұл тек газ кен орындарын игеру және газ құбырын салу шығындарының ғана емес, әскери парад кезінде теледидардан көрсету үшін жақында Қытайдан сатып алған қару-жарақтың да өтемі болса керек.

Демек, Қытай басшылығы Бердімұхамедов үкіметінің кеткенін қаламайды, оларға тым болмаса Ашғабаттың Қытайға байланысты саясатының өзгермейтіндігіне кепілдік керек. Түркіменстан Қытайға жөнелтіп отырған газдың қанша бөлігі қарыздың өтеуі екені туралы ешқандай ақпарат жоқ, бірақ Пекин Ашғабатқа түркімен үкіметі тым тұралап қалатындай қатты салмақ салмайды деп болжауға негіз бар.

Әзербайжан жақында Батысқа мұнай және газ экспорттау жолдарын ашты. Түркіменстан Каспий арқылы өтетін газ құбырын Әзербайжанның құбыр желісіне жалғап, Еуропаға да шикізат жеткізуді қалайды. Бірақ мұнда да Бердімұхамедов үкіметі осы жобаға қатысқысы келетін компаниялар және елдермен қарым-қатынаста бірізділік танытпады, соның кесірінен жобаны жүзеге асыруда көп нәтиже жоқ. Бұл жобадан нәтиже шыққанға дейін Әзербайжан өз газын Еуропаға жөнелте бермек.

Бұл - Түркіменстанның басқа көршілеріне де қатысты мәселе, себебі олардың барлығында газ бар, әрі барлығы оны жаңа нарыққа сатуға мүдделі. Түркіменстан басшысы қағылез болса, шикізат экспортының көздерін тауып, көршілерінің алдын орап кеткен болар еді.

Түркіменстан үкіметі және мемлекеттік ақпарат құралдары елде ешқандай мәселе жоқ деп сендіруге тырысады. Ашғабат елде болған су тасқыны, жер сілкінісі, тұз дауылы, құрғақшылық, азық-түлік тапшылығы мәселелерінде ешқашан сырттан көмек сұраған емес. Дәлел-айғақ көп болғанына қарамастан, ел үкіметі мұндай дағдарыстардың болғанын мойындамай келеді. Сырттан мұндай жәрдем алған күннің өзінде үкімет өкілдерінің бұл туралы ашық айта қоюы екіталай, себебі онда мемлекеттік БАҚ пен үкімет айтып жүрген "жарқын өмірдің" жалған екенін мойындаған болар еді.

Дегенмен, Бердімұхамедов үкіметі бұл дағдарысқа сырт елдердің көмегінсіз төтеп бере алмас еді деп айтуға негіз бар. Бірақ мәселе оның бұл көмекті қалай алып жатқанында емес, кімнен алып жатқанында болып тұр.

Материалды жазуға Азаттықтың Түркімен қызметі қатысты.

Блог авторының пікірі Азат Еуропа/Азаттық радиосының көзқарасын білдірмеуі мүмкін.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG