Қытайдың батысындағы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы құрамындағы Ақсу округінде тағы да екі адам полиция оғынан қаза тапты деп хабарлады Еркін Азия Радиосы. Редакцияға келген хатқа сілтеме жасаған ақпарат құралының дерегінше, «Қытай әскері екі ұйғыр жігітті тергеусіз атып тастаған».
Жергілікті тұрғындар сөзіне сүйенген басылым «полиция өткен аптада, тамыздың 16-сында 20-ауылдағы бір үйге басып кіріп, үйдегі жас жігітті – Ясин Қари есімді адамды атып кеткенін» айтады.
Тұрғындардың айтуынша, бұл оқиғадан бірер күннен кейін қаза тапқан екінші жігіт – 19-ауылдың аты-жөні әлі беймәлім тұрғыны егіс басында оққа ұшқан. Көршілес ауылдардың бірінің тұрғындары ол адамның мәйіті жол үстінде жатқанын көргенін, полицияның жұртты басқа жолға бұрып жібергенін мәлім еткен.
Екі адамның қазасына байланысты дерек алмақ болған Еркін Азия Радиосы тілшісі Ақсу округі полициясына хабарласқан. Тілшімен сөйлескен полицей «бұл жайлы бастықтардан сұрау керегін», «Ясин Қаридің анық қай ауылда қаза тапқанын білсе де айта алмайтынын» мәлім еткен.
Ақсу округінде 2013 жылы ораза айт кезінде де полиция мен тұрғындар қақтығысып, 13 бейбіт тұрғын оққа ұшқан еді.
Қытайдың батысындағы этникалық ұйғырлар мекендейтін Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында өткен айда ғана полиция мен тұрғындар қақтығысып қалған. Қытайдың ресми ақпарат құралдары Ақсу округімен шектес Қашғар округі Ярканд уезінде ораза айт кезінде – шілденің 28-і күні бір топ қарулы адамның өкіметтік мекемелерге шабуыл жасағанын хабарлаған.
Мемлекеттік Xinhua («Синьхуа») агенттігінің дерегінше, пышақпен қаруланған белгісіз топ полиция бөлімшесі мен әкімшілік мекемесіне шабуылдап, оқиғадан ондаған адам – ұйғырлар мен қытайлар қаза тапқан. Ал Мюнхенде орналасқан дүниежүзілік ұйғыр конгресі Шыңжаңда шерушілер мен полиция қақтығысып, ол оқиғадан 20 тұрғын мен 13 полицей қаза тауып, 10 адам жараланғанын, 67 адам тұтқындалғанын айтқан.
Шыңжаңда 2014 жылдың басынан бері шабуыл мен жарылыстан жүздеген адам қаза тапты.
Пекин Шыңжаңдағы мұндай кез-келген зорлық-зомбылықты автономияны кеңейтуді талап ететін, Шығыс Түркістан мемлекетін құруды көздейтін «ұйғыр содырлары» мен «сепаратистерден» – жергілікті мұсылман тұрғындардан көреді.
Пекин «исламшыл экстремистер мен шетелдік топтар қолдайтын ұйғыр сепаратистерінен қауіп төніп тұрғанын» айтып, аймақта қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Шыңжаңда ондаған адам терроризм айыбымен сотталып, өлім жазасына да кесілген.
Сыншылар Қытайдың терроризмен күресін айтқанда «Пекин өзі жүргізіп отырған қатаң саясаты мен қауіпсіздік шараларын ақтау үшін қауіп деңгейін тым асыра көрсетеді» дейді. Құқық қорғаушылар «зорлық-зомбылықтың басты себебі – экономикалық теңсіздік пен ұйғырларға қысым жасау, діни еркіндігін шектеу» деп санайды.