Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:50 3.8.2020

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар мыңнан асты

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар мыңнан асты. Бұл туралы 3 тамыз күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Алексей Цой.
Алексей Цой.

"Республика бойынша 92 662 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Ауру өсімі 1,2 пайызды құрады. Өткен тәулікте 34 науқас қайтыс болды" деді Цой.

Оның айтуынша, елде барлығы 1 058 адам Covid-тен қайтыс болған.

Министрдің айтуынша, өткен тәулікте белгілері коронавирусқа ұқсас пневмониядан 21 адам қайтыс болған. 1 тамыздан бері белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар 5 614-ке жеткен.

Министрлік 1 тамыздан бастап "коронавирусқа ұқсайтын" пневмонияға жеке код беріп, нөлден бастап есептей бастаған. Егер оған бұған дейін тіркелгендерді қосса, елде пневмонияға шалдыққандар 250 мыңнан асады. Ведомство "коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандардың нақты санын білу үшін" осылай жасап жатқанын, бұған дейін "аралас пневмония" тіркелгендіктен оларды қоспайтынын мәлімдеген еді. Кейбір сарапшылар билік коронавирус пен пневмония ахуалын жасыру үшін "статистиканы бұрмалап отыр" деп есептейді. Министрлік бұл айыптаулармен келіспейді.

Алексей Цойдың мәліметінше, 2020 жылы қаңтар мен 2 тамыз аралығында елде 256 541 адам пневмонияға шалдыққан. 4042 адам қайтыс болған. Ол жақын арада аймақтар бойынша пневмония ахуалы туралы статистика шығатынын, оған қатысты мәліметтер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жіберілетінін айтты.

11:08 3.8.2020

Қазақстанда өткен тәулікте 1 069 адамнан коронавирус табылды

Қазақстанда өткен тәулікте 1 069 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы 3 тамызда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Соңғы төрт аптада алғаш рет вирус жұқтырғандар 1200-ден төмен түсті. Осыдан шамамен бір ай бұрын 6 шілдеде билік 1 109 адамға вирус жұққанын хабарлаған болатын.

Жексенбі күні әсіресе Нұр-Сұлтан (+221) мен Алматыда (+207) вирус жұқтырғандар көп табылған. Шығыс Қазақстан облысында 102 науқас тіркелген. Қызылорда облысында - 7, Маңғыстау облысында 12 науқас анықталған. Ақтөбе облысында Covid жұққан жаңа науқас табылмаған. Қалған облыстарда ондаған адамға вирус жұққан.

Денсаулық сақтау министрлігі әзірге пневмонияға шалдыққандар туралы мәлімет жарияламады. 2 тамызда ведомство коронавирус пен пневмония статистикасын бөлек-бөлек жариялаған. Coronavirus2020.kz сайтындағы мәлімет әзірге жаңарған жоқ. Онда 1 тамыз күнгі ақпарат әлі тұр.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда барлығы 92 662 адамға коронавирус жұққаны расталған. Бұған белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар енгізілмеген. 26 шілде күнгі мәлімет бойынша Қазақстанда 793 адам коронавирустан қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің 1 тамызға дейінгі тіркелген пневмония есебін жалпы статистикаға қоспау туралы шешімі және белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияны бөлек есептейтіні қоғамда шынайы эпидемиологиялық ахуалды көрсететін дерек жасырылады деген күдікті үдеткен.

Халықаралық БАҚ-та этиологиясы белгісіз адам өліміне жиі себеп болып жатқан "қазақстандық пневмония" туралы айта бастаған соң денсаулық сақтау министрлігі елде белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония барын мойындаған. Министрлік індеттен кейін күрт өршіген пневмония статистикасын COVID есебіне қосатынын хабарлаған. Бірақ ізінше Алексей Цой коронавирус пен пневмония көрсеткіштері жеке көрсетіледі және оған бұған дейін тіркелген пневмония есебі (234 187) қосылмайды деп мәлімдеген.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Оның 32 мыңы - маусым айында, 135 641 - шілде айының алғашқы жартысында тіркелген.

11:35 2.8.2020

Covid пен пневмония дерегі "біріккен" соң 1 тамызда бір күнде 6407 науқас тіркелді

1 тамыз күні Қазақстанда ПТР тестімен расталған 1226, этиологиясы белгісіз бірақ диагнозы ауру белгілері бойынша анықталған 5181 жағдай тіркелді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Барлығы бір күнде 6407 коронавирус науқасы тіркелген.

Зертханалық талдаумен расталған коронавирус науқастары арасында бір күнде 36 адам қайтыс болса, пневмония диагнозымен 30 көз жұмған.

Денсаулық сақтау министрлігі осыған дейін 1 тамыздан бастап зертханалық талдау арқылы расталған коронавирус статистикасы мен ПТР тесті теріс нәтиже берген бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония статистикасын біріктіреміз деп мәлімдеген.

Бірақ бүгін белгілі болғандай, министрлік коронавирус жұқтырғандардың жалпы статистикасына тек ПТР тестімен расталған жағдайларды қосып, диагнозы клиникалық белгілері бойынша анықталған коронавирустық пневмония жағдайларын қоспайтын болды. Яғни ресми дерек бойынша коронавирус жұқтырған 90 367 науқастың қатары 6407 адамға (1226+6407) емес, тек 1226 адамға артқан. Үкіметтің ресми ақпарат көзі саналатын coronavirus2020.kz сайтындағы жалпы дерек осылай келтірілген.

Осы күнге дейін коронавирустың әлем елдері бойынша тарауын картаға түсіріп, нөмірлеп отырған Джонс Хопкинс университеті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және worlodometers.info сайты coronavirus2020.kz сайтындағы мәліметті негізге алып келген.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, қазір Қазақстан 91 593 расталған жағдаймен әлем елдері арасында 27-орында тұр. Егер кеше 1 тамыз күні тіркелген 5181 пневмония жағдайы да жалпы статистика қосылғанда, Қазақстан Египетті артқа тастап 26-орынға шығушы еді және бұл этиологиясы белгісіз вирустық пневмонияны коронавирус деп танудың бірінші күні ғана. Коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны бойынша көш басындағы 25 елдің тек онға жуығында ғана тәуліктік өсім 5 мыңнан асып отыр.

Коронавирус пен вирустық пневмонияның 17 шілдеден бастап бірге санап келе жатқан Қырғызстан коронавирустық пневмонияны жалпы статистикаға қосып отыр.

Қазақстанда жаз айларында өкпе қабынуы күрт артты. Министрліктің дерегінше, жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам осы өкпе ауруына шалдыққан. Бұл өткен жылдың осы мерзімен салыстырғанда 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Тек 1-8 шілде аралығындағы бір аптада 56 809 пневмония жағдайы тіркелген. Оның 39 702-сінде ПТР тесті теріс шыққанымен, ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған. Ал пневмонияға шалдыққан 234 мың жағдайдың ішінде коронавируске белгілері бойынша ұқсайтындарының үлесі қанша екені белгісіз. ДСМ пневмонияға шалдыққаны 1 тамызға дейін анықталғандардың ешқайсысы коронавирус статистикасына қосылмайды деді.

16:56 1.8.2020

ДСМ өкілі: Covid пен пневмонияның біріккен статистикасы 2 тамызда жарияланады

Алматыдағы аурухана алдындағы жас жігіт.
Алматыдағы аурухана алдындағы жас жігіт.

Коронавирус пен вирустық пневмонияның біріктірілген статистикасын денсаулық сақтау министрлігі 2 тамыз күні жариялайды. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахметов хабарлады.

Қожахметовтың сөзінше, денсаулық сақтау министрлігі Covid пен коронавирустық пневмония кодтарын ақпараттық жүйеге 1 тамыздан бастап енгізе бастаған, ал статистиканы жариялау үшін толық тәулік керек.

Ресми өкіл денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың "Covid пен пневмония статистикаларын біріктіру" тақырыбындағы 1 тамызға белгіленген баспасөз мәслихатының кейінге қалдырылуын осымен байланыстырды.

"Дерек тек ертең жарияланатын болғандықтан, бүгін шығып әдістемені енгіздік деп айту дұрыс болмас еді. Жаңартылған статистиканы 2 тамыз күні береміз. Сонда ПТР анализі оң және ПТР нәтижесі теріс бірақ ұқсас белгілері бар коронавирус жағдайларының 1 тамыздағы саны жөнінде нақты ақпарат болады. Біз оларды "ықтимал жағдайлар" деп атаймыз", деді ДСМ өкілі.

Қожахметовтың айтуынша, 2 тамыздан бастап күн сайын төрт дерек жарияланады:

  • Коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайлары;
  • Жаңа "ықтимал жағдайлар", яғни ПТР тесті теріс шыққан, бірақ ауру белгілері бойынша Covid-ке ұқсайтын жағдайлар;
  • Коронавирустан қайтыс болғандар саны;
  • Коронавирустың "ықтимал жағдайларынан" қайтыс болғандар саны.

Министрлік коронавирустан қайтыс болғандар санын аптасына бір рет жариялау форматына көшкен. Мұны мекеме басшылары жергілікті комиссиялардың ақпаратты өңдеп үлгере алмай жатқанымен түсіндірді. Комиссияның бұдан былай үлгеретіні-үлгермейтіні айтылмады. Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар дерегіне коронавирус жұқтырып бірақ "ілеспе аурудан көз жұмды" деген жүздеген адам және вирустық пневмониядан өлген мыңдаған адам кірмей қалды.

Қазақстанда жаз басталғалы өкпе қабынуы өршіп кетті. ДСМ жергілікті мамандардың дабыл қағып, жаз айларына тән емес өршудің себепкері коронавирус екенін ескерткеніне қарамастан, оларды коронавирус статистикасына қоспай келді. Тек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының "ұсынысынан кейін", халықаралық басылымдардың елдегі "белгісіз пневмонияға" назар аударуынан соң ғана пневмонияның қоздырушысы коронавирус екенін мойындады.

ДСМ біріктірілген статистиканы 1 тамызда жариялауға уәде берген. Жақында денсаулық сақтау министрі 1 тамызға дейін вирустық пневмонияға шалдыққандар және ауру салдарынан қайтыс болғандар коронавирус статистикасына кірмейді деп мәлімдеген. Министр бұл шешімді "коронавирустық пневмонияны" пневмонияның жалпы санынан бөліп алудың қиындығымен түсіндірді. Азаттыққа сұхбат берген Қырғызстан маманы Цойдың түсіндірмесіне күдік келтірді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG