Accessibility links

Динара Егеубаева полициядан жол ережесін бұзғаны жайлы алған суретте сәйкессіздік барын айтты

Журналист Динара Егеубаева
Журналист Динара Егеубаева

Алматылық журналист Динара Егеубаева жол ережесін бұзғаны жөнінде полициядан алған материалдарда күмән туғызатын сәйкессіздік байқағанын мәлімдеді. Өз айтуынша, ауладан көше жолына шыға берген кезде қатты жылдамдықпен келген велосипедші соғылғаннан кейін Егеубаеваның көлігінің оң жақ бүйірі майысып қалған.

Ал кейін журналист әлгі оқиғаға дейін жол ережесін бұзғаны үшін өзіне екі айыппұл салынғаны туралы полициядан хаттама мен фотосуреттер алған. Сол суреттен сәйкессіздіктерді байқадым дейді өзі. Журналист бұл туралы 15 тамызда әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

Сондай-ақ Динара Егеубаева Telegram әлеуметтік желісінде әлдекімдер оның атынан жалған аккаунттар ашып, жан-жаққа жаппай қоңырау шалып, хат-хабарды толассыз жіберіп жатқанын хабарлады.

"Ол кезде мен басқа жақта болғам"

Динара Егеубаеваның сөзінше, полициядан алған хаттамада оның жеңіл көлігі 31 шілде күні сағат 10:35-те Алматыдағы Абай мен Сейфуллин көшелерінің, ал 10:39-да Абай және Байзақов көшелерінің қиылысында тұтас сызықты екі рет кесіп өткені көрсетілген.

Журналист полиция материалдарына тіркелген фотолардағы көлік маркасы мен мемлекеттік нөмірі оның көлігі мен нөміріне сәйкес келетінін, алайда көлік жүргізушінің кім екені анық көрінбейтінін айтады.

"Көлік менікі, нөмірі де менікі. Бірақ жүргізушінің бет-жүзі көрінбейді. Ақ түсті киім киген біреу отыр, ол менің киіміме сәйкес келмейді", – деді Егеубаева.

Журналист полиция хаттамада көрсеткен екі мекенжайда да онда жазылған уақытта болмағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, 31 шілде күні сағат 10:10-да тұрғын үй кешені ауласынан шығып, күнделікті жолымен жүріп, Розыбакиев көшесі арқылы бөгет жаққа барған. Жолға шамамен 10-15 минут жұмсайтынын айтқан журналист сол күні сағат 10:25-тен 11:50-ге дейін бөгетте болғанын алға тартады.

Егеубаева бұл сөзін көлігінің видеоқұрлығысындағы жазбаларды көрсетіп дәлелдей алатынын, бірақ құрылғыны полиция 5 тамызда тәркілеп, әлі қайтармағанын айтып отыр.

Журналист видеоқұрылғы мен оқиға болған маңайдағы бақылау камераларындағы жазбалар жойылып кетуі мүмкін деген күдігін де білдірді.

Динара Егеубаева полиция хаттамаға тіркеген фотолардың сапасы өте нашар болғанымен, онда өз көлігіндегі велосипедші қағып кеткеннен кейін пайда болған майысқан тұстар байқалатынын айтады.

Ал полиция көліктің велосипедші соғылғанға дейін шамамен бір жарым сағат бұрын жол ережесін бұзғанын алға тартады дейді журналист.

"Сонда "Сергек" камералары менің көлігімді велосипедші қағып кетпей тұрып, осы майысқан жерлерімен түсіріп алған болып тұр ғой", – дейді ол.

Алматы полициясы Динара Егеубаеваның бұл мәлімдемесіне байланысты әзірге пікір білдірген жоқ.

Қылмыстық іс

Жуналист Динара Егеубаева полиция хаттамасындағы фотоматериалдар мен өзінің көлікпен қай жолмен жүргенін растайтын бейнежазбалар өзіне қатысты қылмыстық істің объективті қаралуы үшін маңызды екенін отыр.

Динара Егеубаева 31 шілде күні жеңіл көлігімен Алматыдағы Темірбек Қожакеев атындағы көшедегі ауладан жолға шыға бергенде жолдың қарсы бағытында келе жатқан велосипедші қатты жылдамдықпен оның көлігіне соғылғанын хабарлаған еді.

Бұған дейін журналист өзіне қатысты іс Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалғанын мәлімдеген. Ол бапта жол ережесін бұзып, абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген көлік жүргізушінің жауапкершілігі қарастырылған.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры Қазақстанның ішкі істер министрлігі мен прокуратураны тәуелсіз журналист Динара Егеубаеваға қатысты істі ашық тергеп, журналистке қарсы ұйымдасқан жалған ақпарат тарату фактілеріне құқықтық баға беруге шақырған.

Қор мәліметінше, жол-көлік оқиғасынан кейін журналистке қарсы үйлестірілген ақпараттық шабуыл басталған. Әлеуметтік желілерде велосипедшінің "қаза тапқаны", "ауыр жарақат алғаны" туралы жалған ақпарат таратылып, Егеубаеваның жақындарына агрессивті сипаттағы жүздеген хат-хабар жіберілген.

Полиция мен прокуратура әзірге бұл мәселе бойынша ресми түсініктеме берген жоқ.

Динара Егеубаева Қазақстандағы саяси жүйені реформалауды ашық талап ететін медиа-тұлға ретінде танымал. 1990 жылдары қазақстандық "Хабар", "КТК" телеарналарында жаңалықтар бағдарламасын жүргізген ол кейін медиа саласында түрлі жобалармен айналысқан.

Қазақстанда кемінде 238 адамның қазасына апарып соққан 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Динара Егеубаева әлеуметтік желілерде Қаңтарда зардап шеккендердің құқығын қорғап, тікелей эфирлер мен сұхбаттар жүргізді.

2023 жылы Егеубаева бір мандатты сайлау округінен парламент мәжілісі депутаттығына өзін-өзі ұсынып, саяси бәсекеге түсті. Өткір мәлімдемелері мен кәсіби қызметіне байланысты журналист бірнеше рет түрлі қысымға тап болды. Мәселен, 2023 жылдың басында белгісіз біреулер оның автокөлігін өртеп кетті, кейіннен ол ұлына да қоқан-лоқы жасалғанын мәлімдеді.

Кейінгі кезде журналистің әлеуметтік желідегі парақшалары түрлі қиындыққа тап болған. Шілде айында Meta компаниясы Динара Егеубаеваның Instagram аккаунтын бұғаттап тастаған. Кейін журналист YouTube платформасындағы арнасына да шабуыл жасалғанын, әлдекімдер оның аты-жөнін пайдаланып, жалған аккаунттар ашып жатқанын да мәлімдеген.

Айдар
XS
SM
MD
LG