Accessibility links

Экономика өскен, бірақ халық тамақтан үнемдеуге мәжбүр. Бұл қалай?

Шымкенттегі "Грамад" дүкені (архив суреті)
Шымкенттегі "Грамад" дүкені (архив суреті)

Қазақстан үкіметі 2029 жылға дейін елдің жалпы ішкі өнімін 450 миллиард долларға жеткізуді көздейді. Экономиканың қарқыны жоғары болғанымен, кейінгі жылда халықтың әл-ауқаты төмендеген. Қазақстан экономикасы ілгерілеп жатқанда тұрмыс неге жақсармай тұр? Жұрт неге азық-түлікке ақша үнемдеуге мәжбүр?

ТОП 50 ЕЛ

Дамыған елдердің экономикасы баяулаған, кейбірінде рецессия байқалады, яғни экономикалары тұралап тұр. Бірақ Қазақстанда ахуал басқа. Ел билігінің айтуынша, экономика жыл сайын 5-6 пайыз өсіп келеді.

Халықаралық валюта қоры әлемдегі елдердің экономикалық ауқымын, яғни жалпы ішкі өнімінің көрсеткішін анықтап, жариялап отырады. Биылғы көрсеткіште Қазақстан жалпы ішкі өнім көрсеткіші ең көп 50 мемлекет қатарына кірген. Мемлекеттік арналар бұл жаңалықты жыл басынан бері таратып келеді.

Қазақстан экономикасы ілгерілеп жатқанда халқы неге үнемдеуге көшті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:51 0:00

Мысалы, 24KZ телеарнасы 1 қаңтар күні " Қазақстан әлемдегі экономикасы дамыған 50 ел қатарына енеді " деп хабар таратса, 19 ақпанда Қазақстан ұлттық арнасы " Қазақстан экономикасы дамыған 50 елдің қатарына енді " деп, жаңалық берген. Ал конституциялық реформа жөніндегі республикалық референдумнан кейінгі күні, 16 наурызда 24KZ телеарнасы тағы дәл сол жаңалықты Тоқаевтың кейінгі мәлімдемесімен байланыстырып таратқан.

Дегенмен жақында Дүниежүзілік банктің ECA Economic Update тобы Таяу Шығыстағы соғыс, геосаяси текетірес және әлемдік сауданың бөлшектенуі кесірінен Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдеріндегі өсім едәуір баяулайды деген жаңа болжам жасады.

Халықаралық валюта қорының дерегі экономика ауқымына, яғни жалпы ішкі өнімнің көлеміне негізделген. Онда халықтың әл-ауқаты ескерілмейді. Қазақстанның дамыған елдердің қатарына кіргенін де білдірмейді. Сол топ 50 ішіндегі Түркия, Ресей, Қытай, Үндістан, Бразилиямен қатар 24 мемлекет экономикасы дамушы ел саналады. Жалпы ішкі өнімнің өскені экономикалық белсенділіктің ұлғайғанын білдіреді. Кейде жалпы ішкі өнімнің ауқымды бір бөлігін елдегі үлкен инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалған қаражат қамтиды.

"Адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші өсті. Қазір ол 15 мың долларға тақалды. Бірақ бұл халықтың табысы өсті дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ", – дейді қаржы сарапшысы Арсен Қуанышев.

Азаматтардың әл-ауқатына инфляция айтарлықтай ықпал етіп отыр, оның көрсеткіші төмендемей, әл-ауқатты жақсарту қиын дейді сарапшы.

"Жалақыңыз 10 пайыз өсті, бірақ супермаркеттегі тауар 16 пайыз қымбаттады. Онда сіздің нақты табысыңыз 6 пайыз кеміді деген сөз. Бізде қазір сондай жағдай. Бізде неге жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 6,5 пайыз өскенімен нақты табыс 6 немесе одан да көп пайызға түсіп кеткен? Нақты табыс пен инфляцияның айырмашылығы көп болған сайын халықтың нақты табысы төмендей береді", – дейді Арсен Қуанышев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін елдің жалпы ішкі өнімін 450 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Қазір бұл көрсеткіш 320 миллиард болса, жыл соңына дейін ресми түрде 330 миллиард долларға жетеді деп болжанған. Билік инвестиция тарту арқылы осы межеге тезірек жетуді көздеп отыр.

"Үкіметтің міндеті — экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда, министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижесі жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар", – деген еді Тоқаев былтыр "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында.

Алматыдағы көк базар. Көрнекі сурет
Алматыдағы көк базар. Көрнекі сурет

Экономист Ерлан Кәрімов Қазақстандағы азық-түлік бағасы дамыған елдердегі бағамен шамалас екенін, тек ет Қазақстанда салыстырмалы түрд арзандау екенін айтады.

"Қазақстандағы дүкендердегі азық-түлікті Австралия, Жапония, Ұлыбритания және АҚШ-тың сайттарындағы бағалармен салыстырдым. Тура солай май, сүт, картоп, сәбіз және күнделікті тұтынатын тауарларды салыстырдым. Бізде ет өнімінен басқа барлығының бағасы дамыған елдердегімен бірдей. Ал Жапонияда жалақы Қазақстандағымен салыстырғанда 5 есе көп. Қазақстанда ресми түрде орташа жалақы 400 мың теңге болса, Жапонияда 2 миллиондай. Яғни 5 есе көп деп айтуға келеді", – дейді ол.

ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМ ДЕГЕН НЕ?

Жалпы ішкі өнім — ел аумағында белгілі бір мерзімде өндірілген өнім мен қызметтің жалпы құны. Бұл есептеу әдісін 1940-жылдары Саймон Кузнец есімді тегі орыс америкалық экономист құрастырған. Бірақ ол халықтың әл-ауқатын өлшеу құралы емес екенін ескерткен. Жалпы ішкі өнімнің стандартты формуласы мынау:

ЖІӨ = Т + И + Ү + (Э – И)

Мұндағы Т — тұтыну мөлшері, И — бизнеске тартылған инвестиция, Ү — үкіметтің шығыны, ал жақшаның ішіндегі Қазақстаннан экспортталған өнім түсімінен импорт шығынының айырмасы. Теңгенің былтырғы инфляциясы 13 пайыз болғанын ескерсек, импорт елге қымбатырақ түскені анық.

Экономист Ерлан Кәрімов те жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер ете қоймайтынын айтады.

"Жалпы ішкі өніммен елдің әл-ауқатын бағалау дұрыс емес саналады. Жалпы ішкі өнім көрсеткіші жоғары кейбір елдерде адамдардың тұрмыс жағдайы жоғары емес. Сондықтан оны басқа индикаторлармен бағалау керек. Мысалы, сол үшін кей елдер бақыт министрлігін құрады. Экономиканы тек экспорт, импорт және тұтыну арқылы есептемей, басқа да индикаторлармен өлшейді", – дейді экономист.

Былтыр Қазақстан жалпы ішкі өнімінің өсуіне өндіріс, құрылыс, сауда және транспорт салаларындағы экономикалық белсенділік көбірек үлес қосқан. Экономика ілгерілеп жатқанына қарамастан, жыл басынан бері қазақстандықтар үнемдеу режиміне көшкен. Қоғам пікірін анықтайтын DEMOSCOPE бюросының наурызда жүргізген сауалнамасына сәйкес, респонденттердің 78 пайызының жылдың басынан бері шығыны өскен. Сұралғандардың 54,4% шығын айтарлықтай өсті десе, 23,2% "шығын аздап өсті" деген.

Оның ішінде 44,5 пайызы тағамға, 36 пайызы киім мен аяқкиімге, 28 пайызы жеке көлік және таксиге, 25,8 пайызы мейрамхана және жеткізу қызметтеріне, 23 пайызы демалу және ойын-сауыққа, 20 пайызы коммуналдық қызметтерге және тағы 20 пайызы медициналық қызметтерге қатысты қаражатын үнемдей бастағанын айтқан.

Үкіметтің экономика секторына қатысты әр жиынында президент Тоқаевтың жалпы ішкі өнім мен инвестиция тартуға қатысты көтерген мәселелері жөнінде айтылады. Қазақстан экономикасының кейінгі жылдардағы өсімін халықаралық институттар жоғары бағалап жатқанымен, халықтың шынайы табысы өзгермей келеді дейтіндер бар. Мысалы, экономист әрі кәсіпкер Алмас Чукин былтыр халықтың шынайы табысы керісінше 6 пайыз кеміген деді. Бұл туралы ол наурыз айында Алматыда өткен CFO Summit шарасы барысында айтты.

"Былтыр халықтың нақты табысы 6 пайыз төмендеді. Бізде нақты табыстың мұндай құлдырауы бұрын-соңды болған емес. Бұл жалпы ішкі өнім 6,5 пайыз өскенде болып отыр", – деді экономист.

ӘЛ-АУҚАТ ИНДИКАТОРЫ

Экономистер халықтың әл-ауқатын азық-түлікке жұмсайтын қаражатын есептеу арқылы өлшеуді ұсынады. Мысалы, қазақстандықтар табысының шамамен 57 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Finprom сараптама орталығының жазуынша, ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда азық-түлікке көбірек шығынданады. Абай, Жетісу, Түркістан, Жамбыл, Атырау және Алматы облыстарының көрсеткіші 60 пайыздан асады. Яғни табысының бестен үш бөлігін тек тұтыну өнімдеріне жұмсауға мәжбүр. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш әдетте 7-12 пайыз төңірегінде болады.

Экономист Ерлан Кәрімов халықтың әл-ауқатын ет тұтыну көрсеткіші мен шығаратын қоқыс көлеміне қарап та бағалауға болады дейді. Шығыны артқанда, халық не бағасы қымбат өнімді арзандау баламасына ауыстырады, (мысалы жылқы не сиыр етін тауық етіне) не оның мөлшерін азайтады. Қоқыстың көп шығуы да молшылықтың белгісі ретінде қаралады дейді экономист.

Қазақстанда несие алу мәселесі де ұдайы талқыланады. Азық-түлікті банк қосымшалары арқылы бірнеше айға бөліп төлеу жолымен сатып алатындар да аз емес. Дүниежүзілік банк ақпан айындағы есебінде қазақстандықтар табысының 51 пайызын несие жабуға жұмсап жатқанын жазды. Яғни табыстың жартысы несие төлеуге кетсе, азамат азық-түлік шығындарын қысқартуы қажет. Себебі жоғарыда жазылғандай, қазақстандықтар табысының шамамен 57 пайызын азық-түлік алуға жұмсайды. Кейінгі бес жылда тұтыну несиесін алу екі есе артқан, ал табыс небәрі 15 пайыз өскен. Бұл да өсіп жатқан тауар не қызмет бағасын табыс өсімі қуып жете алмай жатқанын білдіреді. Қазір экономикалық тұрғыда белсенді қазақстандықтардың 80 пайыздан астамында несие бар екені белгілі.

"Несие төлемі нақты табыстың 50 пайызына жетсе, ол адам кедей саналады. АҚШ-та нақты пайызын айта алмаймын, бірақ оларда 50 пайызға жетпейді. Қазір банктерге жаңа бағалау жүйесін енгізіп жатыр. Несие міндеттемесі табысының 40-50 пайызынан асатындарға несие берілмейтін жүйе енгізіліп жатыр. Бірақ ол енді енгізіледі", – дейді қаржы сарапшысы Арсен Қуанышев.

Halyk Finance талдау орталығының жазуынша, былтыр қазақстандықтардың кірісі төмендеп, несие алу мүмкіндігі азайса да, тұтыну көрсеткіші біршама жоғары болған. Оның себебін түсіндіру үшін қосымша зерттеу жүргізу қажет делінген.

"Әдетте кіріс те, несие алу азаматтардың тұтыну шығыны артқанда өседі. Анықталған деректерде халық табысының, сондай-ақ несиелер мен депозиттердің динамикасы мен үй шаруашылығы өнімдерін тұтынудың өсу қарқыны арасында елеулі алшақтық байқалады. Бұл, әсіресе, 2024 және 2025 жылдарды салыстырғанда айқын көрінеді. Қазіргі уақытта бұл алшақтықтың себептерін бір мәнде анықтау мүмкін болмай отыр. Осыған байланысты Ұлттық статистика бюросы тарапынан жеке аналитикалық жұмыста қосымша әдістемелік түсіндірме берілгені пайдалы болар еді", – деп жазылған Halyk Finance институтының Қазақстанның былтыр жалпы ішкі өніміне қатысты есебінде.

Ұлттық статистика бюросы азық-түлік ен ақылы қызмет бағасы қалай өскенін анықтап отырады. Мысалы, орта есеппен азық-түліктің бағасы бір жылда 11,7 пайыз өскен. Ал ақылы қызметтер 10 пайыз қымбаттаған. Әрине, бағасы түскен тауарлар да бар. Мысалы, қияр 41 пайыз, қызанақ 16,5 пайыз, күріш 5 пайыз арзандаған. Бұл көрсеткіштер өнім мен қызметтің түрлеріне және өңірге қарай әртүрлі болуы мүмкін.

Былтыр күзде үкімет коммуналдық қызмет бағасын өсіруге мораторий жариялаған еді. Оның мерзімі осы наурыздың аяғында бітті. 7 сәуірде үкімет үйінде өткен баспасөз жиынында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов коммуналдық тариф құнын өсіруге қатысты өтініш түссе, ашық қаралатынын, баға өсуі мүмкін екенін айтты.

"[Баға] өсуі мүмкін, оны ашық айтып отырмыз. Өйткені инфляция бар, тиісті құралдар қымбаттайды. Екіншіден, ол мекемелерде біздің жерлестеріміз істейді. Жалақыны көтеруіміз керек. Сондықтан ол мәселелер объективті түрде қаралып, тиісті себептер болғанда, әрине, [тариф бағасы] өсуі мүмкін",– деді вице-министр журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Дамыған елдерде шағын және орта бизнес экономиканың тірегі саналады. Себебі дәл осы сектор халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтып отыр. Қазақстанда тіркелген 2,2 миллион шағын және орта бизнесте экономикалық белсенді азаматтардың 48 пайызы еңбек етеді. Бұл көрсеткіш Өзбекстанда – 75 пайыз, Түркияда – 72, Польшада – 66 пайыз болса, Ресейде – 29 пайыз. Экономистердің айтуынша, шағын және орта бизнес дамыған сайын экономикалық өсім халыққа көбірек сезіледі. Ал бұл сектордағы ахуал нашар болса, елдің жалпы ішкі өнімі қанша өссе де, халық тұрмысы одан жақсарып кетпейді. Салық реформасы жасалып, қосымша құн салығы артқан Қазақстанда бизнестің қазіргі күйі қалай деген үлкен сауал бар. Бірақ бұл — басқа әңгіме.

  • 16x9 Image

    Жолдас ӨРІСБАЙ

    Азаттық тілшісі, пропаганда және биліктің қоғамдық пікірді бақылауға талпынуына қатысты зерттеулер жасайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавр дәрежесін алған. АҚШ-тағы Мичиган штаты университетінде журналистика бойынша магистратураны тәмамдаған. Мақалалары халықаралық Eurasianet, The Diplomat басылымдарында және АҚШ-тың Мичиган штатындағы жергілікті газеттерде жарық көрді.

    «Тәуелсіз журналист биліктің жасырғысы келгенін әшкере етеді. Бірақ шындықты іздеу миссиясы қоғамдық мүддеге сай болмаса, оның да астарына үңілу керек. Себебі журналист үшін қоғамдық мүдде бәрінен жоғары. Әйтпесе, жақсы қоғам құру мүмкін емес».

    Email: OrisbayevZ@rferl.org

Айдар
XS
SM
MD
LG