Accessibility links

"Жұрттың күнкөрісі мүлде қиындап кетті"


Ресейдің Воронеж қаласындағы базарда көкөніс сатып отырған егде әйел. (Көрнекі сурет.)
Ресейдің Воронеж қаласындағы базарда көкөніс сатып отырған егде әйел. (Көрнекі сурет.)

"Оливье салаты", харчо, тауық еті мен көкөністен дайындалған рагу, компот немесе "эль" сырасы, нан. 200 рубль. Ардагерлер мен күнкөрісі нашар зейнеткерлерге тегін" деген хабарландыру әуелі Санкт-Петербургтегі кафенің есігінде ілініп тұрды, ал кейін әлеуметтік желілерде тарады. Бірер күннің ішінде бұл акция жайлы бүкіл қала естіп, тегін асқа қаланың түкпір-түкпірінен қарттар келе бастады.

Бұл кафеге келген карттардан кірісін растайтын анықтама я зейнеткер куәлігін көрсетуін ешкім сұрамайды. Үстел басына отырсаң болды, алдыңа ас әкеледі.

Зейнеткерлерді тегін тамақтандыратын "Чешский дворик" кафесі – отбасылық кәсіпорын. Акция - кафе қожайыны 25 жастағы Александра Синяктың идеясы.

- Бәрі кафемізге тамақ ішуге келген, бірақ ақшасы аз қариядан басталды. Сол күні кафеде күйеуім жұмыс істеген болатын, ол әлгі кісіні аяп, "бізде зейнеткерлер үшін бизнес-ланч тегін" депті. Әлгі атай бізге үш аптадай күн құрғатпай келіп жүрді. Содан бізге ауданымыздағы қарттардың бәрін тегін тамақтандырсақ қайтеді деген ой келді. Бір рет қана емес, тұрақты түрде. Идеямызды өзге әріптестеріміз қолдап, әр ауданда өз қарттарын тамақтандыратын бірер кафе табылатын шығар деп үміттендік. Бізге қарттар бүкіл қаладан бұлай ағылады деп, әрине, күткен жоқпыз, бірақ кей қарттардың 40 минут, бір сағат жол жүріп келгеніне қарағанда, адамдардың күнкөрісі мүлде нашарлап кеткені байқалады. Ешкімнің көңілін қалдырмай, келгендердің бәрін тамақтандырамыз, - дейді Александра.

Ол "неге екенін білмеймін, бірақ әуелгіде әжейлер зейнетақысының түбіртегін әкеп көрсетіп жүрді" деп еске алады. Әлгі түбіртектерде 6200 рубль, сегіз мың, 10 мың рубль деп көрсетілген. Бұған қоса, олар осындай шамада сома жазылған коммуналдық қызмет ақысының түбіртектерін де әкелетін. Көбінің баяғыда есейіп кеткен әрі жұмыс істейтін балалары бар, бірақ қарт ата-анасына қарайласа алмайды, өйткені өздері әрең күн көріп отыр.

Күндік табысы 10 долларға жетпейтін ресейліктер саны 53,7 пайызға жеткен, ал ел тұрғындарының 13,8 пайызы күніне бес долларға жетпейтін ақша жұмсайды.

Росстат дерегінше, жұмыс істейтін екі миллионға жуық ресейліктің жалақысы күнкөріс деңгейіне жетпейді. Ресей үкіметі жанындағы сараптама орталығы мамандарының есебінше, егер әлгі ақша отбасының өзге мүшелеріне де жұмсалатынын ескерсек, жұмыс істейтін, бірақ бәрібір кедей адамдар саны 12 миллион адамнан (16,8 пайыз) асады. Дүниежүзілік банк сарапшыларының мәлімдеуінше, Ресейде экономикалық тұрғыдан қорғансыздардың үлесі тұрғын халықтың 50 пайызынан асып отыр. Дүниежүзілік банк баяндамасына қарағанда, күндік табысы 10 долларға жетпейтін ресейліктер саны 53,7 пайызға жеткен, ал ел тұрғындарының 13,8 пайызы күніне бес долларға жетпейтін ақша жұмсайды.

Жұмыс істегенімен, тапқаны күнкөрісіне жетпейтін кедей жандарды Александра ауруханалар мен оңалту орталықтарында көп кездестірген. Төрт жыл бұрын ол айы, күні жетпей босанып, қызы шала туған. Дәрігерлер "қыздарың жүре де, сөйлей де, көре де алмайды, ал мектеп туралы армандамай-ақ қойыңдар" деп ескертіпті. Күйеуі екеуі қызын аяғынан тік тұрғызу үшін бар күшін салған. Сондықтан қызы қазір аяғын сәл сылтып басқаны болмаса, кәдімгі дені сап-сау бала.

- Біз балаларға арналған қайырымдылық концерттерін де ұйымдастырғанбыз, күйеуім екеуміз мұқтаж ата-аналарға ақша да бергенбіз, өйткені қатты көмектескіміз келді. Енді мына қарттар үшін Жаңа жыл мерекесін ұйымдастыру жағын ойластырып жатырмыз, - дейді Александра.

Олар тегін бизнес-ланч туралы хабарландыруды әуелі кафенің есігіне ілген, сол күні бір адам тегін ас ішкен. Александра хабарландыруды әлеуметтік желілерде жариялағаннан кейін күйеуі екеуі туралы бүкіл қала естіген. Енді күніне кемі 25 адам келіп тамақтанады.

Күнкөрісі нашар зейнеткерлер мен ардагерлерге тегін ас берілетіні туралы жарнама.
Күнкөрісі нашар зейнеткерлер мен ардагерлерге тегін ас берілетіні туралы жарнама.

66 жастағы Любовь Волкова - тұрақты "клиенттердің" бірі. Ол жақын маңда тұрады, бірақ әдетте көшенің бұл жағымен жүрмейді, ал хабарландыруды "ВКонтакте" әлеуметтік желісінен көріп, бірге түскі ас ішу үшін маңайдағы құрбыларының бәріне хабарлап айтқан.

Ақшасын төлемегенім үшін электр жарығын қиып тастады, төленбеген өсімінің өзі 15 мыңдай болады, өйткені төлеуге ақшам жоқ.

- Тегін бизнес-ланч мен үшін зор көмек болып тұр. Ғұмыр бойы жұмыс істедім, еңбек ардагерімін, ал зейнетақым - 10200 рубль, екі бөлмелі пәтердің коммуналдық ақысы қыста кем дегенде жеті мың рубль болады. Ал бұған қалай күн көресің – ол өз шаруаң, - дейді Любовь Леонидовна ауыр күрсініп. – Ақшасын төлемегенім үшін электр жарығын қиып тастады, төленбеген өсімінің өзі 15 мыңдай болады, өйткені төлеуге ақшам жоқ. Ауданымызда мен тәрізділер көп, тұрғын үй-коммуналдық қызмет орындары мен электрмен жабдықтау мекемелері мүлде арсыз болып алды, олардың қызмет ақысын төлей аламыз ба, жоқ па – онда шаруасы жоқ, бағаны қымбаттатады да жатады... Әйтеуір бағымызға Сашенька пайда болды, тамақтары сондай дәмді әрі кафесі де әдемі, мұнда қуана-қуана келесің.

Любовь Леонидовна – қоғамдық белсенді. Ол адам құқығы жөніндегі қоғамдық бақылау комиссиясы мүшесі, тергеу абақтылары мен түрмелерді аралайды, ардагерлердің тағы бірнеше қоғамдық ұйымында ерікті болып жұмыс істейді. Бірақ мұның бәрі ақысыз қызмет.

Бұрынғы заманды, Совет одағын көксеймін. Ол кезде тұрақтылық болды, жаның тыныш болатын.

- Бізде көбінесе мигранттар жұмыс істейді, ал өз адамдарымыз сандалып, жұмысқа тұра алмайды. Екі ұлым бар, бірақ тапқандары өздеріне, бала-шағасын асырауға жетпейді. 1990 жылдары бала-шағаның қамымен институттағы жұмысымызды тастап, базарға бірге шыққан құрбыларымның да жағдайы жетісіп тұрған жоқ, бәрінің зейнетақысы мардымсыз... Ресейімді қатты жақсы көремін, бірақ мына жағдайға қатты қамығамын. Бұрынғы заманды, Совет одағын көксеймін. Ол кезде тұрақтылық болды, жаның тыныш болатын. Шалқып өмір сүрмесек те, дәл мынадай тілемсектенбейтінбіз, тапқанымыз қажетімізге жететін, - дейді зейнеткер.

Александра Синяк жұбайы Евгений және зейнеткер Любовь Волковамен бірге.
Александра Синяк жұбайы Евгений және зейнеткер Любовь Волковамен бірге.

Ресей рестораторлары мен отельерлері федерациясының президенті Игорь Бухаровтың айтуынша, рестораторлардың көпшілігі мұқтаж жандарды талай жылдан бері тамақтандырып келеді, бірақ бұл жайлы еш жерде айтылмайды.

- Бізге мүгедектер қоғамы да, соғыс ардагерлері де, соғыс болған аймақтарда қызмет атқарған ардагерлер де, балалар үйлері де көмек сұрап келеді, қысқасы келмейтін мекеме жоқ! Біреуі таңғы аспен, біреуі түскі аспен тамақтандыруды, енді біреулері қайырымдылық кешкі ас ұйымдастырып беруімізді сұрайды, ешкімнің бас тартқанын естімеппін. Мен негізі, мұқтаж жандарға қарайласу әркімнің дабыра етпейтін жеке шаруасы болуы тиіс деп санаймын, - дейді Бухаров.

Александра Синяктың сөзінше, "қарттарды түскі аспен бір рет емес, тұрақты түрде тамақтандыруды ұйымдастыруды ұйғардық" деп оларға әзірше Сестрорецк қаласынан бір ресторан ғана қоңырау соққан. Бұған қоса, олардың кафесіне азық-түлік жағынан қарайласуға келіскен бизнесмендер табылған. Ірі қалаларда зейнеткерлерді түскі аспен тегін тамақтандыруды жергілікті билік те ұйымдастырады, бірақ ол жақтарда кезек қалың әрі тегін тамақтанатындар тізіміне ілігу үшін бірнеше анықтама тапсыруың керек. Любовь Волкова "есесіне, сосын тоқсанына 21 күн бір рет тегін тамақтануға болады" дейді. Азық-түлік жағынан көмек көрсетуді сұрап, қоғамдық ұйымдарға да жүгінуге болады. Мысалы, "Русь" азық-түлік қоры құрылғаннан бергі бес жыл ішінде мұқтаж жандарға 20 мың тонна азық-түлік пен тұтыну тауарларын таратып берген. Қазір қор мысалы, Жаңа жыл мерекесіне арнап "Қияндағы аймақтар үшін азық-түлік" жинап жатыр, сосын оны жеті аймақтағы селоларда тұратын жоқ-жітік жандар мен жалғызілікті адамдарға апарып береді, бұл жолы 15 мың адам көмек алады.

Анна Кириловская – Санкт-Петербург қаласындағы еріктілер тамақтандыру орындарынан тамақты алып кетіп, мұқтаж жандарға тарататын "фудшеринг" жобасына жауапты адам. Кириловская "әуелгіде жобаны жеуге жарамды азық-түлікті қоқысқа тастамай қалай сақтап қалсақ деген оймен бастаған болатынбыз" деп түсіндіреді. Жобада қазірдің өзінде 400-дей ерікті жұмыс істейді, олар қалған тамақты тұрақты түрде беріп отыратын 30 ұйымнан азық-түлікті күн сайын алып кетед. Жоба сайтының дерегінше, фудшеринг қозғалысы мен фудсейверлер топтары бар аймақтарда қазірдің өзінде 133 мың килограммнан көп азық-түлік қоқысқа тасталмай, мұқтаж жандарға таратылған.

Еріктілеріміздің көбі көршілерін, көп балалы отбасылар мен қарттарды қамқорлығына алғанын білемін.

- Қалған тамақты не істейтінін еріктінің өзі шешеді – кафеде сатылмай қалған әлгі көжені ол 60 пакетке бөліп құйып, мұздатқышта қатырып тастап, сосын екі ай бойы ішсе де өзі біледі. Бірақ еріктілеріміздің көбі көршілерін, көп балалы отбасылар мен қарттарды қамқорлығына алғанын білемін. Кейбірі қалған-құтқан еттен өздері котлет жасап, қамқорлығына алған жандарға үлестіріп береді, бірақ негізі бізге азық-түлікті әдетте көкөніс қоймалары береді, көбінесе жеміс-көкөніс таратамыз, - дейді Кириловская.

Оның дерегінше, оларға көбінесе қожайындары "жасылдар" көзқарасын ұстанатын әрі клиенттеріне жаңа піскен азық-түлік ұсынатын ұйымдар қуана-қуана көмектеседі. "Тоқаш пісіретін жеке меншік наубайхана қызметкерлері сатылмай қалған өнімін кешкісін қоқысқа тастауға қатты обалсынады. Ал жеуге жарамды тамақты қоқысқа тастамай, мұқтаж жандарға берсе, қожайыны да, қызметкерлері де қуанады. Айтпақшы, өз еңбектерін қадірлегені үшін қызметкерлерінің де жұмыс берушілеріне құрметі арта түседі" дейді Анна.

Александра Синяк "егер күн сайын бизнес-ланчқа жүздеген адам келсе, не істейтінімізді білмейміз" дейді. Күйеуі екеуі олардың бәрін өз есебінен қашанға дейін тамақтандыра алатыны белгісіз. "Шамамыз жеткенше тегін тамақтандырамыз деп шештік" дейді ол. Енді ол көрші аудандарда орналасқан кафелерді аралап, қожайындарын өз ауданында тұратын зейнеткерлерді тегін түскі аспен тамақтандыруға үгіттеп көрмек. Александра олардың біреуі болмаса, біреуі келісетініне сенімді.

Зейнеткер Любовь Волкова түскі асқа келгендердің есебін жүргізіп отыру керек, ал тым көбейіп кетсе, біреулерді тамақтандырудан бас тарту қажет деп санайды.

- Біз сияқты мүсәпір зейнеткерлердің кесірінен мынадай ғажап мейірімді жандардың өздері тарығып қалмаса екен деп ойлаймын, - дейді ол.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Елизавета Маетнаяның мақаласы орысшадан аударылды.)

XS
SM
MD
LG