19 қазан түстен кейін Харьков облысындағы Новая Водолага кентінің орталық саябағына ресейлік дрон шабуыл жасады деп хабарлады Украина полициясы.
Облыс билігінің кейінгі мәліметінше, алты адам қаза тапқан, олардың екеуі – бала (әуелде үш бала өлген деген хабар тараған еді). Тағы 14 адам (арасында балалар да бар) жараланған. Алғашқы түскен деректерде үш адам қаза болғаны айтылған.
Ішкі істер министрі Иван Выговский саябақта адам аяғы көп кезде, соның ішінде баламен жүргендер де болған, дрон соққы бергенін айтты. Шабуыл салдарынан дәмхана ғимараты да бүлінген.
Украина президенті Владимир Зеленский бұл шабуылды "нағыз айуандық" деп атады. Оның жазуынша, қаза тапқандар арасында жақында ғана бір жасқа толған Ангелина есімді қыз бен оның анасы бар. Сондай-ақ 11 жасар қыз баланың да өмірі қыршынынан қиылған.
Новая Водолага кенті Харьковтен оңтүстік-батысқа қарай, майдан шебінен ондаған шақырым қашықта орналасқан.
Сонымен бірге 19 қазанда Украинаның батысындағы Хмельницкий қаласына Ресей күштері әуеден жасаған шабуыл салдарынан екі адам қаза тапқан. Қаланың бір бөлігі жарықсыз қалған.
Дүйсенбіде түн мезгілінде Ресей армиясы Киев қаласы мен оның төңірегіне зымыранмен және дронмен соққы жасады. Киев облысындағы Ирпень қаласына жасалған шабуылдан бір адам қаза тауып, 19 кісі жараланған. Ал Украина астанасына баллистикалық зымырандар түсіп, бір адам көз жұмған.
Азаттық радиосының тілшісі Алекс Рауфоглу украиналық дереккөздерге сүйеніп, Киев дүйсенбіге қараған түні серіктестерінен, атап айтқанда АҚШ-тан Ресей зымыран ұшырғаны туралы ескерту хабар тағы да түспегенін хабарлады. Кейінірек АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Азаттық тілшісіне бұл ақпаратты растай алмайтынын айтып: "Өткен түні не болғанын нақты білмеймін" деген.