Accessibility links

"Қазақстанда демократизация болған жоқ"


Анар Ахмадов - әзербайжандық ғалым, саяси ғылымдар докторы, Нидерландтағы Лейден университетінің ассистент-профессоры.

Табиғи ресурстарға бай елдердегі демократияның экономикалық дамуға әсерін зерттеп жүрген әзербайжандық ғалым, саяси ғылымдар докторы, Нидерландтағы Лейден университетінің ассистент-профессоры Анар Ахмадов Азаттықпен Қазақстандағы саяси процестер туралы сұхбаттасты.

Азаттық: - Соңғы он шақты жыл бойы Қазақстандағы демократияның дамуы туралы зерттеп келесіз. Қандай өзгеріс бар?

Қазақстан болсын, мейлі Түркіменстан болсын билік басындағылардың барлығы дерлік әртүрлі деңгейдегі заңсыз экономикалық ресурстар мен мүдделерге ие

Анар Ахмадов: - Қазақстан қоғамындағы өзгерістерді политолог ретінде бақылап келемін. Бірақ әлдебір айтарлықтай өзгеріс туралы айта алмаймын. Егер постсоветтік елдердегі ортақ бір өзгеруді айтар болсақ, ол 1993-1994 жылдармен салыстырғанда биліктің орталықтандырылуы ғана. Одан пайда көріп отырған – саяси экономикалық тұрғыдан алғанда қолында аса үлкен саяси әрі экономикалық мүдде шоғырланған топ. Бұл жерде саясаткерлер қатарына оппозициялық партия өкілдерінен бөлек биліктің тұтқасын ұстап отырғандықтан түрлі деңгейдегі шенеуніктерді де жатқызамыз. Ал мейлі Қазақстан болсын, мейлі Түркіменстан болсын билік басындағылардың барлығы дерлік әртүрлі деңгейдегі заңсыз экономикалық ресурстар мен мүдделерге ие.

Азаттық: - Бұны Қазақстанның демократиялық саясатындағы тоқырау деп санауға бола ма?

Анар Ахмадов: - Қазақстанда демократиялық саясаттың тоқырауы болды деп айта алмаймын. Себебі Қазақстанда демократизация болған жоқ. Егер ұмытпасам, Қазақстан СССР құрамынан ең соңғы болып шықты. Сол кезеңде, яғни 1990 жылдары саяси либерализацияның, оның өзінде экономикалық тұрғыдан алғанда, көрші Өзбекстан немесе Түркіменстанмен салыстырғанда аздаған элементтері болды. Бірақ мәселе кіммен салыстыруда. Қазақстанмен салыстырғанда Әзербайжанда 1991-1993 жылдары қоғамда демократизация болды. Билікке құрамына идеологиясы мен саяси көзқарасы әртүрлі болғанымен совет кезеңіне қарсылық, Ресейдің доминациясынан құтылу, демократиялық институттардың акценті тәрізді ортақ ұстаным біріктірген бірнеше саяси партия жүйесінен құрылған "Халық майданы" келді.


1993 жылы олар билікті Гейдар Әлиевке берді. Оның билігінің басында саяси либерализм элементтері болғанымен кейін билік орталықтандыруға көшті. Ал Қазақстанда бұл кезеңде радикалдық өзгерістер болмағанымен, саяси либерализация байқалды. Саяси партиялар мен олардың арасында әлдебір бәскелестік болды, олар парламентте дебаттарға қатысып, кейбір заң жобаларын блоктай алды. Алайда Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі ешқашан талқыға салынған емес.

Азаттық: - Елде Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылғы кезекті президент сайлауына қатыспауы мүмкін екені туралы "батыл болжамдар" айтыла бастады. Қазақстан парламенттік басқаруға өтуі мүмкін бе?

Лейден университетінің ассистент-профессоры Анар Ахмадов.
Лейден университетінің ассистент-профессоры Анар Ахмадов.

Анар Ахмадов: - Теориялық тұрғыдан алғанда, әрине, деуге болады. Өйткені қазақ халқының парламенттік билікке өтуге хақы бар. Алайда президенттік билікке қарағанда тұрақсыздау парламенттік биліктің елде орнауы мүмкін бе, бұл – басқа сауал. Көріпкелдік айтуға келгенде әлеуметік-саяси ғылымдар әлсіз. Бірақ жуыр уақытта Қазақстандағы авторитарлық биліктің парламенттік басқару болып өзгеруі мүмкін емес деп сеніммен айта аламын.

Ірі шенеуніктер мен саясаткерлердің салмағына сай ірі бизнес мүддесі бар, олар экономикалық және саяси ресурстарға негізделген практикалық монополияны, өте терең орталықтандырылған олигополияны жоғалтуға мүдделі емес

Табиғи ресурстарға бай елдердің бірі ретінде Қазақстандағы саяси институттардың дамуы туралы ол жердегі әріптестеріммен жиі пікірлесіп тұрамын. Ірі шенеуніктер мен саясаткерлердің салмағына сай ірі бизнес мүддесі бар. Сондықтан олар экономикалық және саяси ресурстарға негізделген практикалық монополияны, өте терең орталықтандырылған олигополияны жоғалтуға мүдделі емес. Бұл – қалыптасқан үлкен жүйе. Олардың мүдделері шоғырланған салада, үлкен ұлттық корпорацияларда туыстары немесе сенімді өкілдері басқару кеңесіне, басқа да маңызды тетіктерге ие. Сондықтан Қазақстандағы биліктің ауысуы бір саяси элитаның орнына екіншісінің келуімен аяқталады.

Саяси институттардың түбегейлі өзгерісіне үміт артудың қажеті жоқ. Яғни Қазақстан да басқа авторитарлық елдер тәрізді биліктің ауысуын тып-тыныш бастан өткізеді. Мәселен, Иран билігі ауысты, бірақ ол демократиялық елге айналды ма?

Азаттық: - Қазақстан билігіндегі "экономикалық ресурстарға ие шенеуніктер" деп кімдерді айтып отырсыз, нақтылай аласыз ба? Мәселен, соңғы кезде билікке жас кадрлар көптеп тағайындалып жатыр.

Әркімнің өз меншіктеген сферасы бар, бірі әскери, екіншісі білім сияқты. Бұл – "клиент-патрон" қатынасы қалыптасқан жүйе

Анар Ахмадов: - Кез-келген мемлекеттік жобада немесе компанияда мүддесі жоқ жоғары лауазымды шенеунік табу қиын. Сондықтан атын атасақ, олардың бәрін жаппай тізіп шығуға болады. Әрине, соңғы кезде Қазақстанда көп министрліктерге жас кадрлар тағайындалып жатыр. Олардың перспективті кадр екендігіне шүбә келтірмеймін, бірақ оларға жас реформаторлар ретінде аса көп үміт артудың қажеті шамалы. Оларды былай айтқанда "той генералдары" десек те болады.

Билікті бөлудің артында ресурстарды бөлу тұр. Егер зерделеп қарасақ, нақты бір топтарды көруге болады. Әркімнің өз меншіктеген сферасы бар, бірі әскери, екіншісі білім сияқты. Бұл – "клиент-патрон" қатынасы қалыптасқан жүйе. Олар бір-бірімен "тіл табыса" алуы тиіс. Ең бастысы олар Нұрсұлтан Назарбаевтың және онымен ортадағы делдалдың тілін таба алуы керек.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және қазақстандық үкімет шенеуніктері. Прага, 23 қазан 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және қазақстандық үкімет шенеуніктері. Прага, 23 қазан 2012 жыл.

Азаттық: - Қазақстанда соңғы кездегі ірі шенеуніктердің, бұрынғы премьер-министрдің түрмеге жабылуын "делдалмен тіл табыса алмады" деп түсінуге болады ма? Іс жүзінде олар айтқанды орындады, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шыққан жоқ, оппозициялық көзқарасы туралы әңгіме де жоқ.

Анар Ахмадов: - Бұл – тек билік пен ресурсты бөліп отырған топтардың арасындағы маневр. Әрине, әдетте "құрбандық" бұл туралы біледі. Бірақ сөз бостандығы мен тәуелсіз баспасөз болмағандықтан оның себебін халық анық біле алмайды.

Азаттық: - Қазақстандағы азаматтық қоғамның бір бөлігінде ел билігі "экстремистік ұйым" деп тыйым салған оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бастаған ҚДТ қозғалысына үміт арту бар. Ал Қазақстан билігі оны қолдайтындарды соттап, жауаптау арқылы барынша шектеу қоюға тырысып жатыр. Бұл саясаттың соңы не болуы мүмкін?

Саяси ойыншылардың көпшілігі – өз жағдайының тұтқыны

Анар Ахмадов: - Бұл жылдарға созылуы мүмкін. Саяси ойыншылардың көпшілігі – өз жағдайының тұтқыны. Әрине, билік басына президент Назарбаевтан соң басқа ойыншы келгенде "саяси жылымық" орнауы мүмкін. Басқа ойыншы ел алдындағы беделі үшін Әблязовқа белгілі бір алаңда ғана саяси ойындарын жүргізу үшін мүмкіндік беруі ықтимал.

Азаттық: - Әңгімеңіз үшін рақмет.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNEWS 24.02.2020
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:15 0:00
XS
SM
MD
LG