Accessibility links

"Иранның сәтсіздігі". Экс-депутат биліктің Шыңжаңдағы қуғын-сүргінге қатысты үнсіздігін сынады


Иран парламентінің бұрынғы депутаты Әли Мотахари.
Иран парламентінің бұрынғы депутаты Әли Мотахари.

Иран парламентінің бұрынғы депутаты Қытайды Шыңжаң мұсылмандарына қарсы саясаты үшін сынап, қоғамда ауқымды пікірталас туғызды. Әли Мотахаридің айтуынша, Иран сыртқы істер министрлігінің қызметкері ел билігі экономикалық мүддені көздеп, қуғын-сүргінге көз жұмып отырғанын мойындаған.

"ЕКІЖҮЗДІ СТАНДАРТ"

Иранның рухани билігі өзін бүкіл әлем мұсылмандарының қорғаушысы ретінде көрсетеді: палестиналықтардың құқығын қорғап, Сауд Арабиясы әскері мен Иран қолдайтын хусит басқыншыларының арасындағы қақтығыстан гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған Йемендегі бейбіт халықтың жағдайы туралы ашық мәлімдеме жасайды. Бірақ Тегеран Қытайдағы мұсылмандарға қарсы қуғын-cүргін туралы көбіне үнсіз қалады.

Бұрынғы депутат Әли Мотахари Twitter-де жариялаған соңғы бірнеше жазбасында және танымал баспасөз құралдарына берген сұхбатында Тегеранның Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысты үнсіздігін Иран рухани көсемдерінің "сәтсіздігі" деп атап, оларды "екіжүзді стандарттарға" жол беріп отырғаны үшін айыптады.

Мотахари Тегеран Пекинмен текетірестен қашып отырғанда, Вашингтон қуғын-сүргін туралы ашық айтып отырғанына назар аударды.

Мотахари 1 тамызда Twitter парақшасында "АҚШ ислам мәдениетін жою мақсатында Шыңжаң мұсылмандарын азаптау мен өзге де шаралар қолдануға қарсылық білдіріп отырғанда, Иранның экономикалық қажеттіліктерін ойлап, үнсіз қалуы Ислам Республикасы үшін үлкен сәтсіздік" деп жазды.

Ақпанда Ирандағы парламент сайлауына қатысудан шеттетілген бұрынғы депутат "Қытай мұсылмандарының Йемен немесе Палестина мұсылмандарынан еш айырмашылығы жоқ" деді.

Пекинге негізінен мұсылман диаспораларының өкілдерін, оның ішінде ұйғырлар, қазақтар мен қырғыздарды, лагерьлер мен түрмелерге күштеп жапты деген айып тағылып отыр. Түрлі дерекке сәйкес, мұндай лагерьлер мен түрмелерде тұтқындарға физикалық зорлық көрсетіп, діні мен тілінен бас тартуға мәжбүрлейді. Кей тұтқынды күштеп жұмысқа жегеді деген ақпарат та бар.

Қытай лагерьлерді сепаратистік терроризм мен экстремизмге қарсы күрес және азаматтарды жаңа дағдыларға үйрету мақсатында ашылған "кәсіби оқыту орталықтары" деп атайды.

Тұрсынай Зияудун: Қытай лагерінде қорлық көрдім.

Тұрсынай Зияудун: Қытай лагерінде қорлық көрдім
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:53 0:00

"ҚЫТАЙДЫҢ ҚОЛЫНДА"

Мотахари 5 тамызда Asriran.com сайтына берген сұхбатында жақында осы сұрақты сыртқы істер министрлігінің шенеунігіне қойғанын айтты, бірақ шенеуніктің атын атаған жоқ. Бұрынғы депутаттың айтуынша, шенеунік "Біз экономикалық мүддені ойлап, үндемеуіміз керек" деп жауап берген.

Мотахаридің айтуынша, ол Иран сыртқы істер министрлігінің өкіліне "“Неге сендер әлемнің басқа бөлігімен қарым-қатынастарыңды Қытайдың қолына қарап қалатындай жағдайға жеткізесіңдер?” деп жауап берген.

Қытай – Тегеранның негізгі сауда серіктесі. Ал Пекин АҚШ-тың санкцияларына қарамастан, Иран мұнайын сатып алып отыр. АҚШ санкциялары Иран экономикасына едәуір зиян келтіріп, елді негізгі табыс көзінен айырды.

Қытай 2018 жылы Вашингтонның үш жыл бұрын жасалған Тегеранның ядролық бағдарламасы туралы келісімнен шығу және Иранға қарсы қатаң экономикалық санкцияларды қайта енгізу туралы шешіміне қарсы болды.

Пекин сондай-ақ АҚШ-тың “БҰҰ-ның Иранға қару жеткізуге қатысты тыйымын ұзарту” жөніндегі резолюциясын қолдамайтынын білдірді. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео АҚШ келесі аптада Қауіпсіздік кеңесінде қазан айында мерзімі аяқталатын эмбаргоны ұзарту туралы өзі дайындаған резолюция бойынша дауыс беруді талап ететінін" айтқан.

"ШЫҒЫСҚА ТӘУЕЛДІ БОЛМАУ"

Иран мен Қытай соңғы апталарда қос ел арасындағы сауда қатынасы мен әріптестікті арттыратын 25 жылдық келісімге қол қою мәселесін талқылап жатыр.

Шілдеде Мотахари Twitter парақшасында Тегеранға Қытаймен келісімге отырмас бұрын, Пекинмен қытай мұсылмандарының тағдыры туралы сөйлесуді ұсынған.

Экс-депутат Қытайға қарсы мәлімдемелері үшін сынға қалды, ал парламенттің қазіргі мүшесі Махмуд Ахмади Бигхаш сот жүйесін Мотахариге қарсы шара қолдануға шақырды. Парламентарийдің пікірінше, экс-депутаттың мәлімдемесі Иранның ұлттық қауіпсіздігіне қайшы келеді.

Бигхаш осы аптаның басында парламентте сөйлеген сөзінде Мотахариді "түкке пайдасы жоқ саясаткер" деп атап, Қытай мұсылман азшылықтарын қудалап жатыр деген хабардың негізсіз екенін айтты.

"Ондаған миллион қытай мұсылманының үкіметпен, үкіметтің мұсылмандармен ешқандай мәселесі жоқ. Оларды Палестина мұсылмандарымен салыстыру – батысты жақтаушылардың бүлігі", – деді Бигхаш.

Мотахари бұған жауап ретінде Бигхаш сияқты адамдар "Америка Иранның жауы болғандықтан, "жауымның жауы – менің досым" деген сөзге сәйкес, Қытай – Иранның досы, оны сынауға болмайды" деп ойлайтынын айтты.

Мотахари Asriran.com сайтына берген сұхбатында "Батыспен жауластық бізді Шығысқа тәуелді қылмауы керек" деді.

Биыл Иран денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Киануш Джаханпур Қытайдағы коронавирус жұққан науқастар саны туралы ресми статистикаға күмәнмен қарап, оны "ащы әзіл" деп атағаны үшін сынға ұшыраған. Кейінірек ол қызметінен айырылды. Бұған шенеуніктің Қытайды сынағаны себеп болды деген болжамдар айтылды.

Иран мен Қытайдың байланысы нығайып келе жатқанына қарамастан, ирандықтардың көбі Қытайға әлі де сенімсіздікпен қарайды. Қытайға қарсы көңіл-күй мен Иранға деген сенімсіздік өткен жылдың соңында Қытайда пайда болған коронавирус пандемиясының себебінен күшейе түскенге ұқсайды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы: Сайрагүлдің батылдығына бас иеміз.

Помпео: Сайрагүлдің батылдығына бас иеміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:19 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG