Accessibility links

Шах билігі кезінде Иран сырты істер министрі қызметін атқарған, қазір Швейцарияда тұрып жатқан Ардешир Захеди АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Тегеранға қойған талабына жауап қатты. Ол Фарда радиосына берген сұхбатында өз отанының Ирактың кебін киюін қаламайтынын айтты.

АҚШ-тың Иранға қатысты қатаң саясаты, және “Вашингтон Тегеранда режимді ауыстырады екен” деген әңгімелер шах заманында (Ирандағы 1979 жылғы монархия биліктен тайғанға дейінгі кезең - Азаттық) министр болған, қазір Швейцарияда қуғында жүрген Ардешир Захеридің ашуын келтірді. Көрші Иракты мысалға келтірген ол “[Иран] хаосқа айналуы мүмкін” деп ескертті.

"ИРАН ШЕТЕЛДІКТЕР АЛДЫНДА БАС ИМЕГЕН"

Иранның АҚШ-тағы елшісі қызметін де атқарған, қазір 89 жастағы Ардешир Захеди өткен аптада New York Times газетіне пікір білдіріп, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Иран режиміне қойған он “қарапайым талабын” “жаңылдыратын әрі қапаландыратын” әрекет деп сынады.

Ардешир Захеди (сол жақта) және Иран шахы Мұхаммед Риза Пехлеви
Ардешир Захеди (сол жақта) және Иран шахы Мұхаммед Риза Пехлеви

АҚШ Иранға қатысты ядролық келісімнен бас тартқан соң Помпео Тегеранға бірнеше талап қойды, соның ішінде жасырын ядролық зерттеулері мен зымыран жасау әрекеттерін тоқтату, Сириядағы әскерін шығару және “Хезболла”, “Хамас”, Ауғанстандағы “Талибан” және Йемендегі хуситтер тобы сияқты “террорлық” ұйымдарды қолдауды доғару талаптары бар.

Оқи отырыңыз: "Мәселенің Иран режимін ауыстыруға қатысы жоқ"

“Тағы бір Ирактың туындағанын қаламаймын”, - деді Захеди Азаттық радиосының парсы қызметі - Фарда радиосына берген сұхбатында. Оның айтуынша, халықаралық күштерді бастап барған АҚШ әскері Саддам Хусейнді құлатқан соң Ирак “хаосқа айналған”.

Сөйлеген сөзінде Помпео Иранның экономикасын талқандап, оның бүкіл әлемдегі жақтастары мен сенімді адамдарының “көзін құртуға” уәде берді. Кейбіреулер мұны “АҚШ Иранда режимді ауыстыруға ниеттеніп отыр” деп түсіндірді, ал Помпео мен АҚШ-тың басқа да ресми адамдары “Тегеранды жөнге салуды ғана көздеп отырмыз” деп ақталды.

New York Times-қа жазған хатында Захеди: “Ірі державаның сыртқы саясат мекемесінің басшысы ретінде әрі Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры ретінде ол Иран туралы, оның халқы мен тарихы туралы көбірек білетін шығар”, - деп жазды.

Ардешир Захедидің мақаласы жарияланған газет
Ардешир Захедидің мақаласы жарияланған газет

АҚШ президенті Дональд Трамп атом зерттеулерін тоқтатқан жағдайда халықаралық санкциялар қысымын босаңсытамыз деген мақсатпен Иран мен алты ірі держава қол қойған 2015 жылғы келісімнен бас тартамын деп уәде беріп, билікке келген. Ол мұны нашар келісім деп атап, Тегеранды террорлық топтарды қолдап, аймақтағы конфликтілерге килігіп отыр, баллистикалық және басқа да зымырын түрлерін жасап жатыр әрі адам құқықтарын жиі бұзады деп айыптаған.

Оқи отырыңыз: АҚШ Иран ядролық келісімінен шықты

“Қорқытудан нәтиже шықпайды, әсіресе Иран ұлтын ешқашан қорқыта алмайды”, - деп жазды Захеди. Оның айтуынша, Иран “шетелдіктердің алдында ешқашан басын имеген, кішіреймеген, қиындыққа әрдайым ұйымшылдықпен қарсы тұрған”.

Иран мен АҚШ, Қытай, Франция, Германия, Еуропа одағы және Ресей қол қойған “Б

Ирандағы дауыс беру нәтижелеріне онша сенім жоқ, дегенмен ел басшылығы қалың бұқараның бейбіт ядролық бағдарламаны қолдайтынын, бұл идеяның түрлі саяси көзқарастағы ирандықтарды біріктіретінін айтып келеді.

Ал Халықаралық атом энергетикасы агенттігі (IAEA) мен Батыс мемлекеттері Иран басшылығының бұрынырақта атомды дамытуға қатысты жалған мәлімет бергенін, кезінде жасырын әскери ядролық бағдарламасын жүзеге асыруға тырысқанын айтты.

Қазір Еуропа елдерін аралап жүрген Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Германия, Франция және Ұлыбританияны Трамптың ізімен жүріп, ядролық келісімнен бас тартуға үгіттеп көрмек.

ҚОЛДАУШЫЛАР МЕН СЫНАУШЫЛАР

Өткен айда сөйлеген сөзінде Помпео: “Иран басшылығына президент Трамптың айтқанын жеткізсем: егер олар ядролық бағдарламасын қайта қолға алса, өздері ойлағаннан да үлкен проблемаға тап болады”, - деп мәлімдеген.

Помпеоның немесе Америка Құрама Штаттарының “менің елімді талқандаймын деп қорқытуға қақысы жоқ”, “егер сырттағы біреу қайтып келгісі келсе әрі [режимді өзгерткісі келсе], және араб елдерінен, Израильден немесе Орталық барлау басқармасынан ақша келмесе, әлгі адамның жоспары болса, онысын халыққа жарияласын,”- деді Захеди.

Майк Помпео
Майк Помпео

Захедидің хатын қолдағандар да, сынағандар да болды.

Кейбіреулер бұрынғы дипломатты Иранның ұлттық мүддесін қорғаған “патриот” деп мақтаса, басқа біреулер оны қартайып, алжи бастаған “сатқын” деп атады.

1979 жылғы діншілдердің революциясында АҚШ-тың қолдауына сүйенген шах режимі құлап, діни үкімет билікке келгені белгілі. Енді сол үкіметті қолдаған Захеди “[Иран] басшылығымен ешқандай байланысым жоқ” деп отыр.

“Қаным да, ғұмырым да, бүкіл жан-тәнім де Иранға тиесілі”, – деген ол Иранның 82 миллион халқын “бауырлары мен қарындасы” санайтынын, “оларға қиянат жасалып жатқанда қол қусырып отыра алмайтынын” айтты.

1981 жылы орнынан түскен соң Ираннан қашып кеткен бұл елдің бұрынғы президенті Абулхасан Бәни Садр Washington Post басылымына берген сұхбатында “жаңа санкция және соғыспен қорқыту Иран режимінің одан сайын күшейе түсуіне жәрдемдеседі” деді.

Иран ислам ресупбликасының тұңғыш президенті Абулхасан Бәни Садр
Иран ислам ресупбликасының тұңғыш президенті Абулхасан Бәни Садр

Помпео АҚШ-тың әрекеттері “Иран халқын тынбай қолдауға бағытталады” деп уәде берді. “Режим өз халқына дұрыс қарауы керек. Ол әр ирандықтың құқығын қорғауы тиіс. Режим Иран байлығын шетелге шашуды доғаруы қажет”, - деген Помпео.

Мұның алдында АҚШ-тың Орталық барлау басқармасын басқарған Помпео жақында Иранда болған наразылық шаралары “Иран халқының үкіметтің дәрменсіздігінен қатты мезі болғанын дәлелдейді” деді.

15 жыл бұрын АҚШ бастаған коалиция Саддам Хусейнді тақтан тайдырғалы бері Ирак саяси бөлшектену мен қантөгістен көз ашпай қалды Соңғы үш жыл бойында бұл ел “Ислам мемлекеті” (ИМ) террорлық тобын да ауыздықтай алмай келеді.

(Материалға Фарда радиосының тілшісі Бакташ Хамсепурдың Ардешир Захедиден алған сұхбаты пайдаланылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG