Accessibility links

Сайрагүл мен прокурор келісімге келе алмады


Полиция Сайрагүл Сауытбайдың қолына кісен салып жатыр. 9 шілде 2018 жыл.
Полиция Сайрагүл Сауытбайдың қолына кісен салып жатыр. 9 шілде 2018 жыл.

Шілденің 23-і күні Алматы облысының Панфилов аудандық сотында Қытай азаматы, "шекарадан заңсыз өтті" деп айыпталған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару мәселесі бойынша сот отырысы жалғасты.

Сайрагүл Сауытбай ісі бойынша сот отырысы таңғы 10.00-ге жоспарланғанымен бір сағат кешігіп басталды. "Сайрагүлге қолдау білдіруге келгенін" айтқан қатарында оралман мен азаматтық белсенділер, шетелдік және қазақстандық журналистер мен эстрада әншісі бар отыз шақты адам сот залына түгел сыймай, кейбірі сыртта қалды. Айыпталушыны залға алып келгенде отырғандар шулап, Сайрагүлге қолдау білдірді.

Судья Динара Құйқабаева прокурор Арзыгүл Имярова мен адвокат Абзал Құспанның шілденің 13-інде өздері тапсырған процессуалдық келісім жасау туралы өтініштің қорытындысын сұрады. Прокурор "келісім әлі дайын емесін, өзіне уақыт жетпегенін" айтып, отырысты түстен кейін жалғастыруды сұрады.

"ПРОКУРОР ЕШ ҰСЫНЫС АЙТПАДЫ"

Үзілістен кейін жалғасқан сот отырысында прокурор мен адвокат келісімге келе алмағандарын айтты.

Келіссөз кезінде адвокат Абзал Құспан Сайрагүл Сауытбай жазаны мойындайтынын, оны Қазақстанда қалдырса, кез келген жазаға дайын екенін айтып ұсыныс жасаған. Қорғаушының сөзінше, прокурор Арзыгүл Имярова тарапынан ешбір ұсыныс айтылмағандықтан, келісім туралы құжатқа қол қойылмаған.

Видео: Сайрагүл "заң бұзуға мәжбүр болғанын" айтады. 13.07.2018

Сайрагүл Сауытбай "шекара заңын бұзғанын мойындады"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:25 0:00

Абзал Құспан Азаттық тілшісінің "прокурордың айыпталушы тараппен келіссөз кезінде еш ұсыныс айтпағанын "келісімге келуден бас тарту" деп санауға бола ма?" деген сұрағына: "Иә, прокурор келісімнен бас тартты" деп жауап берді.

Келісім жасалмағанын естіген судья Динара Құйқабаева жарты сағаттай іс қағаздарын, қандай өтініштер айтылып, қайсысы қанағаттандырылғанын оқыды. Ол тергеу амалдары аяқталғанын, Сайрагүл Сауытбайға 392-баптың 1-бөлігі ("шекараны заңсыз бұзып өту") бойынша айып тағылғанын мәлімдеп, жарыссөздің басталатынын хабарлады.

Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбай сотта отыр. Жаркент, Алматы облысы, 9 шілде 2018 жыл
Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбай сотта отыр. Жаркент, Алматы облысы, 9 шілде 2018 жыл

Бірақ прокурор Арзыгүл Имярова жарыссөзге дайын емесін, оны келесі отырысқа – шілденің 25-іне тағайындауды сұрап, судьяға және бір өтініш айтты. Адвокат бұған қарсы шықпады, тек "ол уақытта іссапарым бар" деп, отырысты тамыздың 1-іне белгілеуді ұсынды. Судья өтінішті қанағаттандырды.

Бұл отырысқа Алматыдағы Қытай консулдығының өкілдері де қатысты. Бірақ олар сот отырысы кезінде қандай да бір комментарий айтқан жоқ.

Отырыстан кейін адвокат Абзал Құспан сот отырысының заңға сай өтіп жатқанын айтты.

- Қатысып отырғандар да көріп отыр. Ешбір кедергі болып жатқан жоқ. Судья мен берген өтініштің бәрін қанағаттандырып отыр, мен берген құжаттардың бәрін [іске] тіркеп отыр. Пікірімізді ескеріп жатыр. Процессуалдық жағынан барлық заң талаптары сақталып келеді, - деді ол.

"МАҚСАТЫ - БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН АЛУ"

Адвокат Абзал Құспан Сайрагүлдің өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын, "бар мақсаты - босқын мәртебесін алу" екенін айтады.

Сот залында болған Азаттық тілшісінің айтуынша, Сайрагүл Сауытбай қолдап келгендерге алғыс айтқан. Адвокаты оның "іс басталғанда қатты уайымдағанын" айтады.

Ол алда не болатынын қатты уайымдады. Тамақ іше алмай қалған кездері болған.
Адвокат Абзал Құспан

- Бүгін көңіліне демеу болатындай әңгіме айттым. Бұған дейін ол алда не болатынын ойлап, қатты уайымдады. Тамақ іше алмай қалған кездері болған. Бүгін біраз нәрсені түсіндірген соң, көңілі көтеріліп қалды. "Шыққан жағдайда балаларыңа денің сау күйіңде керексің, өзіңді қолыңа ал" дедім. Түскен кейін тамақтанғанын айтты, - дейді ол.

Сайрагүл Сауытбай алдыңғы сот отырысында Қытайда "саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын" мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін айтып, Қазақстанда кез келген жазаға келісетінін мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Қытайдан Қазақстанға "заңсыз өткен" этникалық қазақтың соты

Мамырдың ортасында Алматы облысының тұрғыны Уәли Сіләм әйелі Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті деген айыппен ұстап әкеткенін хабарлаған. ​

​Қазақстан Қылмыстық кодексінде "шекараны заңсыз бұзып өту"​ бабы бойынша мың айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салу не бір жылға дейін бас бостандығынан айыру не елден шығару жазасы қарастырылған.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG