Accessibility links

Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерді әкімшілік жауапқа тартуға сын көбейді


Қарағанды облысы Сарань қаласында тұратын жеке кәсіпкер Ирина Торская. Сурет оның Facebook әлеуметтік желісіндегі парағынан алынды.

Қарағанды облысында дүкеніне санитарлық төсеніш жаймағаны үшін бір тәулікке қамалған кәсіпкер апелляция сотында жеңді. Құқық қорғаушылар билікті "ескерту не айыппұлмен шектелуге болатын іс үшін қамауға бейім" деп сынайды. Сот тәртіп бұзғандар "лайықты жазасын алды" деп санайды. ІІМ елде бес мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылғанын хабарлады. Олардың арасында жүздеген кәсіпкер бар.

АПЕЛЛЯЦИЯ СОТЫ КӘСІПКЕРДІҢ ЖАЗАСЫН ӨЗГЕРТТІ

Сәуірдің 16-сына Қарағанды облыстық соты Сарань қаласында тұратын Ирина Торскаяның апелляциялық шағымын қарап, оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы ("Төтенше жағдай режимін бұзу") бойынша бұған дейін жергілікті сот кескен әкімшілік қамау жазасын ескертуге алмастыруға қаулы етті. Иелігіндегі дүкеннің кіреберісінде дезинфекциялық төсеніш болмағаны үшін жауапқа тартылған 55 жастағы кәсіпкер сот шешімімен бір тәулік қамауда отырып шыққан.

Апелляция сотында Торскаяның құқығын қорғаған Жохар Өтебеков соттан кәсіпкерді ақтауды сұрағанын, дегенмен шешімге көңілі толатынын айтады.

"Біз бұдан артық ештеңе күткен жоқпыз. Ештеңе өзгермейтіндігіне 90 пайыз сенімді болды" деп жазды адвокат Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына.

Ирина Торскаяны қамау туралы сот шешімін "әділетсіз" деп санайтын Жохар Өтебеков судьяға шара қолдануды сұрап, ары қарай ізденетінін айтады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабында айыпкерге ескерту жасау, немесе 10 айлық есептiк көрсеткiш көлемінде айыппұл салу, болмаса 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

"САНИТАРЛЫҚ ТӨСЕНІШ ҮШІН ҚАМАУ ЛАЙЫҚТЫ ЖАЗА МА?"

Сарань қаласының тұрғыны 55 жастағы Ирина (құжат бойынша Ильхамье) Торская көп жыл терапевт-дәрігер болып еңбек еткен. 17 жыл бұрын шағын дүкен ашқан. Қазір азық-түлік пен киім-кешек сататын екі бөлімінде бірнеше сатушы жұмыс істейді. Коронавирус пандемиясына байланысты Сарань қаласында карантин енгізілерден бір күн бұрын, наурыздың 29-ына кәсіпкердің дүкенін тексеруге жергілікті әкімдік, прокуратура, полиция және санитарлық қызметтің өкілдерінен құрылған комиссия келген. Олар дүкеннің кіреберісінде дезинфекциялық (санитарлық) төсеніш болмағаны үшін Торскаяның үстінен әкімшілік құқық бұзу фактісі туралы хаттама толтырған.

Дүкен сыртындағы жазу. Мырзатай ауылы, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Дүкен сыртындағы жазу. Мырзатай ауылы, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.

- Дезинфекциялық төсеніш – хлор қосылған суға салып, сығып, кіре беріске төселетін қарапайым шүберек. Ондай төсеніш болуын міндеттейтін қаулы наурыздың 28-іне шықты. Ал келесі күні дүкеніме тексеріс келді. Күн сайын қаулы өзгеріп жатқан уақыт еді, тиісті хабарламаны көргеніммен, дүкеннің жұмыс режиміне байланысты мәселелермен жүргенде есімізден шығып кетіпті, - дейді Ирина Торская.

Ол дүкен сатушыларын антисептик және маскамен қамтамасыз еткенін айтады.

Ирина Торскаяның ісін қараған Сарань соты сәуірдің 2-і күні кәсіпкерді "Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін айыпты" деп танып, бір тәулікке әкімшілік қамауға алуға шешім шығарды. Судья Гүлім Омарованың қаулысында кәсіпкердің "Қарағанды облысы бас санитарлық дәрігердің жарлығында атап көрсетілген "нысанға кіреберіске дезинфекциялық төсеніш жаюды" қадағаламағаны жазылған.

- Қаламыз шағын, бәрі бір-бірін біледі. Мені әкетіп бара жатқанда кездескеннің бәрі "Не болды?" деп сұрап жатты. Ұялғаннан жауап бере алмай, қатты қорландым. Сотта көз жасымды тыя алмадым. Ал изоляторда "шешініңіз", одан кейін "матрац пен көрпеңізді алыңыз" дегені қорқынышты түс тәрізді болды, - дейді кәсіпкер.

Мырзатай ауылындағы азық-түлік дүкені сатушысы, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Мырзатай ауылындағы азық-түлік дүкені сатушысы, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Ирина Торская жергілікті полиция мекемесінің уақытша ұстау изоляторында бір тәулік қамауда отырып, сәуірдің 3-і күні бостандыққа шықты.

- Камерада өзім ғана болдым. Қатты уайымдағаннан түнде қан қысымым көтерілді. Бірақ жедел жәрдем шақыртпадым, онда істейтін бұрынғы әріптес, таныстарымнан ұялдым. Тіпті үйдегі 78 жасқа келген анам мен 83 жастағы енеме де қайда екенімді айта алмадым, - дейді Ирина Торская.

Адвокат Жохар Өтебеков Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабын кәсіпкерлерге қолдану – заңсыз дейді.

Адвокат Жохар Өтебеков.
Адвокат Жохар Өтебеков.

- 476-бап тек жеке тұлғаларға арналған. Сондықтан ол баппен жеке кәсіпкерлік субъектісі басшылығын жауапқа тартуға болмайды. Ол бапта лауазымды тұлғаны жауапқа тарту қарастырылмаған. Одан бөлек, судья егер бапта ескерту жасау қарастырылған болса және жазаны ауырлататын жайттар болмаса, айыпкерге ескерту жасаумен шектелуге міндетті. Қазір кей судьялар төтенше жағдай режимін "жазаны ауырлататын жайт" деп атайды. Бірақ бұл баптың өзі тек төтенше жағдай режимі кезінде ғана қолданылатынын ескерсек, ондай іс-әрекет жазаны ауырлататын фактор болып есептелмейді, - дейді адвокат Жохар Өтебеков.

Ирина Торскаяның ісін әлеуметтік желі қолданушылар қызу талқылады. Олар Сарань сотының шығарған шешімін сынға алып, кәсіпкерге ескерту жасаумен шектелуге болар еді деген пікір білдірді.

"ТЕГІН МАСКА ҮЛЕСТІРМЕДІ"

Сәуірдің 16-сына Қазақстан ішкі істер министрлігі ел аумағында төтенше жағдай мен карантин кезінде 5130 адам әкімшілік жауапқа тартылғанын (2479 адамға айыппұл салынып, 1626 азамат қамалған) хабарлады. Олардың арасында Ирина Торская тәрізді жеке кәсіпкерлер де бар. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Шыңғыс Темірдің айтуынша, 500-ден аса кәсіпкер сот шешімімен әкімшілік қамауға алынған.

Жабық тұрған сауда дүкенінің маңынан өтіп бар жатқан адамдар. Орал, 21 наурыз 2020 жыл.
Жабық тұрған сауда дүкенінің маңынан өтіп бар жатқан адамдар. Орал, 21 наурыз 2020 жыл.

Мысалы, Петропавл қаласының тұрғыны 59 жастағы Николай Бимберин дүкеніне келген адамдарды санитарлық маскамен қамтамасыз етпегені үшін бес тәулікке қамалған. Кәсіпкер "сот мәселенің байыбына бармай бірден қамау туралы шешім шығарды" дейді.

- Облыста санитарлық нормаларды күшейту туралы қаулы шыққан наурыздың 27-і түстен кейін екі учаскілік полицей дүкеніме келді. Дүкенде бір әжей маскасыз болған. "Неге маскаңыз жоқ? Қазір хаттама толтырамыз" деген полицейлерге ол кісі "Маскам жоқ" деп жауап берген. "Ал сатушылар маска бермеді ме?" деген сұраққа "Жоқ, бермеді" деген. Бар болған әңгіме осы, - дейді Николай Бимберин.

Петропавл әкімшілік сотының қаулысында Бимбериннің "карантиндегі уақытша шектеу мен өзге де міндетті санитарлық-эпидемиологиялық шараны бұзғаны, оның ішінде тұтынушыға тегін маска мен коронавирустың алдын алу туралы парақшалар таратпады" деп жазылған. Сотта айыбын мойындаған кәсіпкер "бірден қамап тастайды деп ойламадым" дейді. Қалалық ішкі істер бөлімінде онлай өткен соттан кейін уақытша қамау изоляторына жеткізіліп, бір камерада он адаммен бірге жазасын өтеген. Оның сөзінше, тағы екі камерада өзі секілді 476-баппен әкімшілік жауапқа тартылған кәсіпкерлер болған.

Шымкенттегі сауда орталықтарының бірінің алдында тұрған адамдар. 4 сәуір 2020 жыл.
Шымкенттегі сауда орталықтарының бірінің алдында тұрған адамдар. 4 сәуір 2020 жыл.

Николай Бимберин қалада масканың тапшылығына қарамастан сатушыларын маска мен қолғаппен қамтамасыз еткенін, тұтынушыларға үлестіретін маска таппаған соң, бір рет қолдануға жарайтын маска тігіп, дайындап қойғанын, бірақ оның барлығын прокурор да, сот та ескермегеніне налиды.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ АБАҚТЫҒА ЖЕТКІЗДІ

Маңғыстау облысы Ақтау қаласында тұратын 31 жастағы Салим Магомедхабибов тұрғындарға тегін азық-түлік таратудың соңы бес тәулік әкімшілік қамаумен аяқталғанын айтады.

- Халыққа қайырымдылық көмек жасамақ болып әкімдікке бірнеше күн телефон шалдық. Жауап болмағасын, сәуірдің 2-іне азық-түлікті дүкен ішінде-ақ таратуды жөн көрдік. Себебі, 3 сәуірден карантин басталады деп жарияланды. Түскі сағат екіден алтыға дейін 50 шақты азық-түлік салынған пакет таратамыз деп жоспарлағанбыз. Бірақ кейін анықталғандай, "пакет барлығына жетпейді" деген сыбыс шығып, көп адам таңертеңнен жинала бастады. Түске қарай 250-дей адам жиналып, айқай-шу шықты, аяғы төбелеске дейін барды. Сосын алдымен әкімдік өкілдері, кейін полиция да жетті. Жиналғандар сабырға келмеген соң, полиция дүкенді жапқызып, мені бөлімшеге алып кетті, - дейді Салим Магомедхабибов.

Теміртауда карантин кезінде ашық тұрған кафенің сыртындағы жазу. Бірнеше күннен кейін бұл кафе жабылды. Қарағанды облысы, 31 наурыз 2020 жыл.
Теміртауда карантин кезінде ашық тұрған кафенің сыртындағы жазу. Бірнеше күннен кейін бұл кафе жабылды. Қарағанды облысы, 31 наурыз 2020 жыл.

Оның ісі бойынша алғашқы сот онлайн өткен. Салимді бес тәулікке қамау жазасын сұраған прокурордың өтінішін судья қанағаттандырған. Сот қаулысында Салим Магомедхабибовтың "төтенше жағдай режиміне байланысты көпшілік қатысатын шараларға тыйым салу талабын орындамағаны" жазылған. Сотта кәсіпкер мұндай талап барын білмегенін, ниеті тек мұқтаж жандарға көмектесу болғанын айтқан.

- Изоляторда сабын болған жоқ, лас. Қызметкерлер маска тағып, қолғап киіп жүрді. Ал бізде оның бірі де болған жоқ. Мен отырған бес күнде біз шағымданғаннан кейін бір рет қана дезинфекция жасап, камераны кварцтеді. Ол жерді ауру ошағы деуге болады. Ал онда үнемі қазынаны толтырып, өзгелерге жұмыс беріп отырған салық төлеушілер отырдық, - дейді ол.

Салим Магомедхабибов әкімшілік қамауда отырған кезде отбасы азық-түлік салынған 250 пакетті мұқтаж жандарға тегін таратқанын айтады.

Кезінде Қазақстан қарулы күштерінде жоғары лауазымды қызмет атқарған генерал Әмірбек Тоғысов төтенше жағдай режимі кезінде тәртіп бұзғандарды жауапқа тарту орынды деп санайды.

- Заң тұрғысынан алғанда, төтенше жағдайда заң бұзғандарды жазаға тартқан дұрыс. Әр адамның жауапкершілігі болуы міндетті. Ұжымдық қауіпсіздік маңызды. Оның үстіне қазір жағдайдың ушығып бара жатқанын көріп отырмыз, - дейді Әмірбек Тоғысов.

Отставкадағы генерал Әмірбек Тоғысов.
Отставкадағы генерал Әмірбек Тоғысов.

Бірақ ол өткен бір ай мемлекеттік органдардың көп нәрсеге дайын болмай шыққанын көрсетті деп санайды. Тоғысовтың пікірінше, сот азаматтарды әкімшілік жазаға тартпас бұрын, себебіне тереңірек үңіліп, байыбына барғаны абзал.

- Біздің билік пандемияға, төтенше жағдай режиміне мүлдем дайын емесін көрсетті. Ал кейбір шешімі тіпті арандату сияқты көрінеді. Мәселен, 42500 теңге төленетіні туралы айтып алып, халықты сандалтып қойғаны сияқты жайттар аз емес. Сондықтан егер төтенше режимді қасақана, саналы түрде бұзса – қатаң жаза орынды болмақ. Ал егер адам ондағы амалсыздан барса, онда судья өз міндетін дұрыс орындамай отырған жергілікті билікті жауапқа тартуы тиіс, - дейді генерал Тоғысов.

ЖОҒАРЫ СОТ ӨКІЛІНІҢ ПІКІРІ

Қазақстан Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай мен карантин кезінде әкімшілік жауапқа тартылғандарға сот шешімдері елде қалыптасып отырған ерекше жағдайды ескеріліп шығарылған деп түсіндіреді.

Судья кәсіпкердің жасаған іс-әрекетіне қарай сондай жаза лайықты деп тапқан болуы керек.

- Елімізде төтенше жағдай жарияланғанына бір айдан асты. Қандай шектеу болатыны жайлы барлық БАҚ арқылы хабарланған. Кәсіпкерлерге де ескертілді. Ал төсеніш пен маска үшін қамауға алуға келсек, бұл – сол қаулыны шығарған соттың позициясы. Судья кәсіпкердің жасаған іс-әрекетіне қарай сондай жаза лайықты деп тапқан болуы керек. Егер кәсіпкер келіспесе, шағым түсіруге құқылы. Бізде соттар тәуелсіз, сондықтан алғашқы инстанцияның қаулысы жойылуы да мүмкін. Егер іс бізге, яғни Жоғарғы сотқа жетіп жатса, қаулының құқықтық бағасын сол кезде бере аламыз, - деді Айдос Сәдуақасов.

Карантин тәртібін бұзғандарды қай ел қалай жазалайды?

Карантин тәртібін бұзғандарды қай ел қалай жазалайды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:22 0:00


Жоғарғы сот өкілі "карантин талаптарына мойынсұнбай көшеге шығып, өзгелерді де соған үгіттеп, жалған ақпарат таратып, қоғамға қауіп төндіретіндерге қатаң шара қолдану – артық емес, дұрыс шешім" деп санайды. "Әйтпесе карантиннен жақын арада шықпауымыз мүмкін" дейді Айдос Сәдуақасов.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты наурыздың 16-сынан бастап енгізілген төтенше жағдай режимі өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен сәуірдің 30-ына дейін ұзартылған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және өзге де бірқатар облыстар мен қалаларда карантин жарияланып, шектеу шаралары күшейтілген.

Осы сәтке белгілі мәлімет бойынша, Қазақстанда 1498 адамға коронавирус жұққаны анықталды. 306 науқас дерттен айыққан. 17 адам қайтыс болды.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG