Accessibility links

"Орамал оқуына кедергі келтірмейді ғой". Хиджапқа бола бір ай сабаққа кіре алмаған Кәусардың хикаясы


Алматы тұрғыны Жанар Дамирбек (оң жақта) басына орамал тартқан қызымен бірге мектеп ауласында отыр. Алматы, 3 қазан 2022 жыл.
Алматы тұрғыны Жанар Дамирбек (оң жақта) басына орамал тартқан қызымен бірге мектеп ауласында отыр. Алматы, 3 қазан 2022 жыл.

Алматы қаласында тұратын Кәусар Болат 7-сыныпқа бір ай кешігіп барды. Алатау ауданындағы №152 мектеп әкімшілігі оқу-ағарту министрлігінің хиджабпен мектепке кіруге тыйым салған №26 бұйрығына сүйеніп, басына орамал тартқан оқушыны бір ай сабаққа кіргізбеген. 3 қазан, Азаттық тілшісі мектепке барған күні, мектеп басшылығы Кәусардың сабаққа қатысуына рұқсат етті.

3 қазан. Алматы қаласы Алатау ауданындағы №152 мектептің алдында Кәусар әкесі Қуат Дүйсенбаев және анасы Жанар Дамирбекпен үнсіз отыр. Басына хиджаб тағып, үстіне етегі ұзын көйлек киген Кәусар тым бұйығы. Ашылып сөйлегісі келмейді. Сабаққа керек құрал-жабдығын көтеріп, мектепке кіріп жатқан өзі құралыптас оқушыларға анда-санда бір қарап қояды. Басында мүлде сөйлегісі келмеген оқушы қыз кейін әкесінің қолқалауымен аздап тілге келді.

– Сабаққа барғым келеді. Бір ай болды оқу бағдарламасынан қалып жатырмын. Егер маған оқулықтар берсе, онлайн болса да оқи беретін едім, – деді Кәусар.

Біздің енді басталған әңгімемізді мектепте соғылған қоңырау бұзды. Түстен кейінгі сабақтың басталатын уақыты болған екен. Анасы Кәусарды жетектеп мектепке кіріп кетті. Әкесі Қуат Дүйсенбаевты әңгімеге тарттым.

Алматы қаласының тұрғыны Қуат Дүйсенбаев. 3 қазан 2022 жыл.
Алматы қаласының тұрғыны Қуат Дүйсенбаев. 3 қазан 2022 жыл.

– Орамал оқушының білім алуына ешқандай кедергі келтірмейді. Мектеп басшылығы [министрліктің] №26 бұйрығын көлденең тартып отыр. Бірақ Кәусар қызым бұрынғы оқыған мектебінде бірінші сыныптан бастап бүгінге дейін орамал киіп келді ғой, – дейді Қуат Дүйсенбаев.

26 бұйрық не туралы?

"Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды".
Білім және ғылым министрлігінің (қазір – оқу-ағарту министрлігі) 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы

Кәусар 1-6 сыныпты Алматы облысы Қарасай ауданы Жамбыл ауылында оқып келген. Әкесінің сөзінше, Жамбыл ауылындағы мектепте хиджаб оқуға кедергі болмаған.

Қуат Дүйсенбаев пен әйелі Жанар Дамирбек 1 қыркүйектен бері қыздары Кәусарды мектепке ертіп күнде келіп жүрді. Мектеп ауласында бір-екі сағат отырып, сабаққа кіргізбеген соң үйіне қайтатын. Ата-анасының сөзінше, қыркүйекте мектеп директоры Кәусардың құжаттарын қабылдап, 7 "Ж" сыныбына бөлген, бірақ қыздың хиджабын көргеннен кейін оның мектепке кіруіне үзілді-кесілді қарсы болған. Кітап беруден де бас тартқан.

"КӘУСАРДЫ ПАРТАҒА ОТЫРҒЫЗСЫН ДЕП ЖАТЫР"

Кәусар мен анасы Жанар Дамирбектің артынан мектепке кіргенімде өзін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарымын деп таныстырған әйел "Кәусар хиджабты шешпесе сабаққа кірмейтінін" шегелеп айтып жатты. Кейін директордың орынбасарынан мән-жайды білмек болып, әңгімеге тарттым:

– Бастық әкесіне түсіндіріп айтыпты. №26 бұйрық бойынша мектепке діни атрибутты киіммен келуге болмайды.

– Бастығыңыз орнында ма?

– Иә, бірақ ол кісі қазір онлайн жиналыста отыр. Ешкімді қабылдай алмайды.

– Оқушы бір ай бойы сабаққа кіре алмай жүр ғой...

– Мен есеппен отыр едім, – деп директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары қалған сұрақтарымызға жауап бермеді.

Ал қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз "директор бухгалтерияның есебін жасап отыр, күте тұрыңыз" деді. Екі жарым сағаттан кейін хатшы "сізге директор да, оның орынбасары да жауап бере алмайды. Білім басқармасына хабарласыңыз" деп шығарып салды.

Алматы қаласындағы №152 мектеп-гимназия. 3 қазан, 2022 жыл.
Алматы қаласындағы №152 мектеп-гимназия. 3 қазан, 2022 жыл.

Мектептен кетіп бара жатқанымда хатшы қыз "Кәусар Болаттың сынып жетекшісі қайда? Апай қызды шақырып әкеліп, партаға отырғызсын деп жатыр" деді есік алдында тұрған кезекші мұғалімге.

17 қазанда Кәусардың анасы Жанар Дамирбек Азаттық тілшісіне "қазір қызым [сабаққа] ешқандай қиындықсыз кіріп жүр, хиджабты шеш деген әңгіме болған жоқ" деді.

МИНИСТРЛІК ПЕН БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Алматы қаласы Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Ақмырзаева мектеп әкімшілігінің әрекеті заңсыз дейді. Оның сөзінше, оқушы мектепке қабылданып, құжаты тіркелген соң, қандай жағдайда болса да, партаға отыруы тиіс.

– Бірақ мектеп әкімшілігі ата-анамен жұмыс істеу арқылы оқушының діни атрибутты мектеп формасымен ауыстыруына көмектесуі керек, – дейді ол.

Қазақстан мектептерінің біріндегі сабақ. Көрнекі сурет.
Қазақстан мектептерінің біріндегі сабақ. Көрнекі сурет.

Азаттық Кәусар Болаттың жағдайына байланысты Оқу-ағарту министрлігіне арнайы хат жолдаған. Министрлік Азаттыққа берген жауабында "Бала құқын қорғау комитеті Алматы қаласы білім басқармасына хат жолдағанын", "білім басқармасының жауабына сай" Кәусар Болат "сабаққа қатысатынын, шектеу қойылмайтынын" хабарлады.

Бірақ министрлік ресми жауабында №26 бұйрық талабы сақталып, "оқушының сыртқы келбеті қоғамда қабылданған іскерлік стиль нормаларына сәйкес келуі керек" дейді.

"Мектеп формасының түсін, стилін таңдауды мектеп пен қоғамдық кеңес айқындайды және ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Осыған байланысты мектеп басшылығы не білім беру ұйымдарының қоғамдық кеңесі діни атрибуттарды не мектеп формасына сәйкес келмейтін киімдерді киюге рұқсат бере алмайды. Білім беру саласындағы уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатыр" деп мәлімдеді министрлік Азаттыққа жауабында.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХИДЖАБ ДАУЫ

Қазақстан Конституциясында ел "демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет" деп сипатталған. Басты заңда елдегі ең жоғарғы құндылық адам мен оның өмірі, құқығы және еркіндігі екені жазылған. Конституция азаматтардың діни наным-сенім бостандығына да кепіл береді. Бірақ сарапшылар мен қызы хиджаб киетін ата-аналар министрліктің №26 бұйрығын Конституцияға қайшы деп санайды.

Ал елдегі хиджаб дауы министрліктің 2016 жылғы №26 бұйрығынан басталған. Ақтөбе, Түркістан, Атырау мен Батыс Қазақстан облысы және Жаңаөзен қаласында ондаған оқушы мектепке кіре алмай қалған еді.

Ата-анасы оқушы қыздарын сабаққа апара жатыр. Көрнекі сурет.
Ата-анасы оқушы қыздарын сабаққа апара жатыр. Көрнекі сурет.

2018 жылы Ақтөбеде ата-аналар хиджаб тартқан қыздарын мектепке кіргізбеген директорлардың ісін заңсыз деп тануды сұрап, сотқа арыз берген, бірақ Ақтөбе қаласының соты шағымды қанағаттандырмады. Ал 2018 жылы Атырау облыстық соты баласына хиджаб кигізгені үшін он бес ата-анаға 12 мың теңгеден айыппұл салған.

Балаларының хиджабын шешкісі келмеген ата-аналар үкіметтен "қыздарына онлайн оқуына мүмкіндік беруді" сұрады. Бірақ олардың талабы орындалмады.

Психологтар мен сарапшылар хиджаб таққанына бола мектепке кіре алмаған қыздар қоғамнан шеттетіліп қалады деп дабыл қаққан.

Қазақстанда мектеп пен басқа да оқу орындарында хиджаб пен өзге де діни киім түрлерін киюге байланысты түпкілікті шешім билік діни экстремизм проблемасына алаңдай бастаған кезде қабылданған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) исламда шариғат талабы бойынша ата-анасы кәмелетке толмаған қызына хиджаб кигізу арқылы жалпыға ортақ білім алуына тыйым салмауы керек деген еді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2013 жылы хиджаб дауы басталғанда арнайы пәтуа шығарып, ата-аналарды қыз баланың міндетті зайырлы білім алуына көбірек көңіл бөлуге үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG