Accessibility links

Сириядан келген соң сотталған адамның туыстары оның емге мұқтаж екенін айтады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Сирияда бір аяғынан айырылып, Қазақстанға жеткізілген соң "террор тобында болды" деген айыппен сегіз жылға сотталған Асқар Тілеубаевқа түрмеде 2-топ мүгедектігі берілген. Туыстары түрмеде бір жарым жылдан бері ота жасатуды күтіп жатқан науқастың дерті асқынып, екінші аяғы семіп барады дейді. Билік орындары Азаттық сауалына жауап бермеді.

37 жастағы Асқар Тілеубаев қазір Орал қаласындағы РУ170/2 мекесінде жазасын өтеп жатыр. Қазақстан билігі оны әйелі және кәмелетке толмаған бес баласымен бірге 2019 жылғы 31 мамырда "Жусан" операциясымен Сириядан елге жеткізген. Сол жылы 28 тамызда Ақтау қалалық соты Асқар Тілеубаевты "террор тобының іс-әрекетіне қатысқаны" үшін айыпты (Қылмыстық кодекстің 257-бабы 2-бөлімі) деп танып, сегіз жылға бостандығынан айырған.

"АШТЫҚТАН АҒАШТЫҢ ЖАПЫРАҒЫН ЖЕГЕН"

Асқар Тілеубаев 1985 жылы Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиялы республикасы Нөкіс ауданында дүниеге келген. 2010 жылы Ақтауға қоныс аударып, үйлі-баранды болған.

Әкесі Алпамыс Тілеубаев Өзбекстанда тұрады. Оның айтуынша, Асқар Ақтау қаласында базарда сауда істеген, телефон жөндеумен айналысқан. Басында үйі, бауырында қазаны, астында көлігі бар, ел қатарлы өмір сүріп жүрген.

– 2015 жылы жазда Ақтауға, балама барып қайттым. Біз кеткеннен кейін қызым хабарласып, "Асқар Алматыға көшкелі жатыр" деді. 17 қарашада Маңғыстау-Алматы пойызына отырған. Бірақ Бейнеуден (Маңғыстау облысындағы станция – ред.) түсіп қалып, таксимен Ресейдің Астрахань қаласына барған. Сол жерден Түркияға ұшып кеткен, – дейді Алпамыс Тілеубаев.

Әкесінің сөзінше, Асқар 2015 жылдың күзінен 2017 жылдың қаңтарына дейін Түркияда болған. 2016 жылы мамыр айында Өзбекстандағы әкесіне хабарласып, базарда сауда жасап жүргенін айтқан.

– "Не себепті кеттің? Неге өтірік айтып бізді алдадың?" деген сұрағыма Асқар "жергілікті полицейлер күн бермеді, жөнсіз тергей бергенінен шаршадым" деп жауап берді, – дейді әкесі. Ол ұлының Сирияға кетуіне кім, не себеп болғанын білмейтінін айтады.

Әкесінің айтуынша, Асқар Сирияға барғаннан кейін, 2018 жылғы қазанда аяғынан айырылған.

– [Сириядан] Қазақстанға келген соң баламмен сөйлестім. Ол маған "бір үйге үш жігіт тамақ іздеп кірген едік, мина көміп қойған екен, жанымдағы жігіт байқамай басып кетті. Жарылыс болып, бір аяғымды жұлып алды. Далада әскери дәрігерлер ота жасады" деді. Келіннің айтуынша, олар жат жерде қатты қиындық көрген, аштықтан ағаштың жапырағына дейін жеген, – деді Алпамыс Тілеубаев.

Асқардың бес баласының екеуі Қазақстанда, екеуі Түркияда, ең кенжесі Сирияда дүниеге келген. Әйелі бес баласымен бірге Ақтауда тұрып жатыр.

"БІР ЖЫЛҒА ТИЕСІЛІ ЖӘРДЕМАҚЫНЫ ТӨЛЕМЕДІ"

2019 жылғы 29 тамызда медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы бойынша Асқар Тілеубаевқа 2-топ мүгедектігі берілген. Бірақ мемлекеттен тиесілі жәрдемақы бір жылдан артық уақыт төленбеді дейді әйелі Әсем Тәжікеева.

Сот үкімі шыққан соң Асқар Тілеубаевты Шымкент қаласындағы ИЧ 167/3 мекемесіне жіберген. Ал 2020 жылғы қазан айында Оралдағы РУ 170/2 мекемесіне ауыстырған. Ол 2-топ мүгедегіне тиесілі жәрдемақы төлеу туралы өтініш айтқанымен, мемлекеттен көк тиын берілмеген.

Орал қаласындағы РУ 170/2 мекемесі. 15 наурыз 2017 жыл.
Орал қаласындағы РУ 170/2 мекемесі. 15 наурыз 2017 жыл.

Тілеубаевтың әйелі Әсем Тәжікееваның жазған арызына Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінен мынадай жауап келген:

"ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ГМ-172/10 мекемесінің жауабына сәйкес, Маңғыстау облысының прокуратурасының 2021 жылғы 18 наурыздағы №2-11-21-02125 санды хатының негізінде жүргізілген қызметтік тексеріс нәтижесінде Асқар Тілеубаевқа жәрдемақы алу құқығын жүзеге асыруға қатысты жұмыстардың уақытылы жүргізілмеуіне байланысты жұмысына салғырт қарағаны үшін жауапты қызметкерлер (мекеме басшысы, бас есепші және материалдық есепші) тәртіптік жазаға тартылған".

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ИЧ-167/3 мекемесі Асқар Тілеубаевтың жәрдемақысын алмай жатқаны туралы жазбаша мәлімет кеш берілгенін, сондай-ақ, мекеме тарапынан жәрдемақыны тағайындау үшін құжаттарды рәсімдеу барысында шектеу шаралары, оның ішінде карантин кезінде төлемдерді тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету электрондық өтініш негізінде жүзеге асырылғанын, сондай-ақ, сотталған азаматтың атына тіркелген жеке байланыс телефоны болмауына байланысты E-gov порталында электронды цифрлық кілт ашып, өтінішін Халыққа қызмет көрсету орталығына жолдауға мүмкіндік болмағанын алға тартқан.

Заңның 6-бабының 3-тармағына сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органның (халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі) кінәсінен уақтылы алынбаған жәрдемақылар сомасы мерзімдері шектелмей, өткен уақыт үшін біржолғы төленеді делінген.

"Өткен уақыт үшін жәрдемақы төлеу жоғарыда көрсетілген негізден басқа жағдайларда қарастырылмаған, сондықтан, бүгінгі таңда жолдасыңызға 2019 жылғы 29 тамыздан 2020 жылғы 7 қыркүйекке дейінгі аралықтағы төленбеген жәрдемақысын қалпына келтіруге құқықтық негіз жоқ" деп жазған ресми орган.

Бұл жауапқа қанағаттанбаған Әсем Тәжікеева мемлекет 2-топ мүгедегі деп танылған күйеуіне тиесілі ақшаны еш негізсіз бермей, құқығын бұзып отыр деп санайды.

"АЯҒЫ СЕМІП БАРАДЫ"

Алпамыс Тілеубаев ұлының түрмеде бір жарым жылдан бері ота күтіп жатқанын, енді оң аяғы да қимылдауға келмей қалғанын айтады.

– Ақтау қалалық емханасына, травматологқа көрсеткенімізде оң жақ аяғына шұғыл түрде ем қажет, ал санынан кесілген сол аяғына протез кигізу керек деген. Дәрігердің жазып берген қағазы да бар. Сол қағазды тергеу кезінде тергеушіге көрсеткенімде "тергеу біткесін жасайды" деді. Кейін тергеу біткен кезде "сот біткесін жасатамыз" деп сөз берді. Бірақ соттан кейін бірден Шымкенттегі ИЧ 167/3 мекемесіне жіберді. Ол жақта да ота жасалмады. "Бостандыққа шыққаннан кейін жасатасың" депті оған. Қазір баламның жағдайы нашар. Арбаға таңылып қалды. Сау аяғы тартылып, күннен күнге семіп барады, – деді Азаттыққа Өзбекстаннан хабарласқан Алпамыс Тілеубаев.

Мүгедек арбасында отырған адам. Көрнекі сурет.
Мүгедек арбасында отырған адам. Көрнекі сурет.

Асқар Тілеубаевқа 2021 жылғы 11 наурызда Орал қалалық №6 емханасында жасалған рентген қорытындысында "Оң тізесі буынының жарақаттан кейінгі артрозы. Оң тізесінің созылмалы остеомелиті, үшінші дәрежедегі гонартроз. Денеде металл сынықтары қалған" деген диагноз қойылған.

Туыстары Асқар Тілеубаевты бірінші топ мүгедегі деп тануды сұраған. Батыс Қазақстан облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне қарасты медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі Тілеубаевқа 2-топ мүгедектігі берілгені туралы анықтаманың 2022 жылғы 22 желтоқсанға дейін жарамды екенін айтып, арызын қанағаттандырудан бас тартқан.

БЕРІЛГЕН УӘДЕ, ЖАСАЛМАҒАН ОТА

Асқар Тілеубаевтың Алматы қаласында тұратын қарындасы Альбина ағасының денсаулығына байланысты құзыретті мекемелердің барлығына шағымданғанымен еш нәтиже болмағанын айтады.

– Қамауда жатқанына 2 жыл 10 ай болды. Қазір медицина бөлімінде босқа жатыр. Ешқандай массаж, физиотерапия, миотерапия алмаған. Мүлдем ем-дом жасалмаған. Осы уақытқа дейін ота жасамаудың себебін түсіндіріп беретін де адам жоқ, – деп шағынады ол.

Альбина бауырын "тым болмағанда Алматы қаласындағы абақтылардың біріне ауыстырып берсе" деп армандайды. Бұл жөнінде тиісті мекемелерге арыз-шағым түсірген. Әзірге жауап келмепті.

Азаттық Асқар Тілеубаевтың денсаулығына байланысты сауалдарды 26 сәуірде Қазақстан ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне хатпен жолдаған. Бірақ әлі күнге дейін жауап келмеді.

Қазақстан ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитеті ғимаратының алдында тұрған қызметкерлер. Көрнекі сурет.
Қазақстан ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитеті ғимаратының алдында тұрған қызметкерлер. Көрнекі сурет.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы өкілі Салтанат Нұрымбетова Асқар Тілеубаевтың қарындасы Альбинаның бауырына жәрдем сұрап, орталыққа шағымданғанын айтты.

– Орталықта төрт адам ғана жұмыс істейміз. Сондықтан әрбір шағымның артынан іздеп баруға мүмкіндігіміз жоқ. Мысалы, биылғы төрт айда мың жарымнан астам шағым түскен. Солардың бәрін тексеріп, жек-жеке жауап беру оңай емес, – деді Салтанат Нұрымбетова Азаттыққа.

Тілеубаевтар шағымына байланысты ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімоваға жіберген жауабында, "сотталушының жыл сайын профилактикалық медициналық тексеруден өтіп тұратыны" жазылған.

"Биыл 18 наурызда Орал қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың штаттан тыс травматолог-дәрігерінің қарауында болды. Қарау нәтижесі бойынша, оң аяғының тізе буынына эндопротезді жасауға көрсеткіш жоқ. Сол аяғының төменгі жағын протездеу және сол жақ жамбасындағы невриноманы алып тастауға ұсыным берілді" делінген комитет жауабында.

Альбина Тілеубаева бұл жауап қолына тигеніне бір ай болғанын, бірақ түрмедегі бауырына ешқандай ем де, ота да жасалмағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG