Accessibility links

"Арты өлімге әкелуі мүмкін". "Пневмонияға" шалдығып, дұрыс медкөмекті ала алмаған тұтқынның хикаясы


Алматы обысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Әзиз Юсупов. 2019 жыл. Отбасы архивіндегі фотоны қарындасы Индира Юсупова берді.

Әзиз Юсупов – Алматы облысы Заречный ауылындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 37 жастағы тұтқын. Ол топтасып қарақшылық жасағаны үшін алты жылға сотталған. Жақында Юсупов арнайы прокурорға денсаулық жағдайын айтып, қажет медициналық көмекке қол жеткізе алмай отырғаны жайлы шағым жазған.

"ТӨРТ АЙДАН БЕРІ ҚЫЗУЫ КӨТЕРІЛІП ЖҮР, ДЕМІКПЕСІ БАР"

"Мен – 14.03.1983 жылы туған тұтқын Ә.Н.Юсупов, денсаулығым мен жағдайыма байланысты іске назарыңызды аударсам деймін". Әзиз Юсуповтың Алматы облысы бойынша қылмыстық жазаны атқару заңдылығын бақылаумен айналысатын арнайы прокурорға шағымы осылай басталады. Бұл шағымды Азаттыққа тұтқынның әпкесі Индира Юсупова көрсетті. Ол Әзизге коронавирус жұққан болуы мүмкін деп санайды, бірақ түрме әкімшілігі оны жоққа шығарады.

Әзиз Юсупов түрменің санитарлық бөлімінде өзін емдеуге қажет дәрі-дәрмек жоғын, дәрігер дұрыс жазбағандықтан үйінен беріп жіберген препараттар да ішуге жарамсыз болып шыққанын жазған.

Индира Юсупова.
Индира Юсупова.

Индира Юсупова редакцияға інісінің төрт айдан бері қызуы көтеріліп жүргенін, демікпесі мен асқазанында жарасы барын, 17 келіге арықтап кеткенін, жақында санитарлық бөлімнен "қуылып", "мектепке жіберілгенін" хабарлады. Оның айтуынша, інісі "бірнеше рет ес-түссіз қалған", оның диагнозын дәл қоймай, тұтқынның ауруын "бронхит" деп сипаттаған. Юсупованың дерегінше, інісінің бірнеше дүркін наразылығынан кейін ғана оны тексеруден өткізіп, өкпесінің 25 пайызы зақымдалғанын анықтап, пневмония деген диагноз қойған.

Юсупов арнайы прокурорға 18 тамыз күні жазған шағымын: "Прокурор мырза, ісімді жеке бақылауыңызға алып, сырқатыма байланысты істің анық-қанығына жетуді сұраймын. Әйтпесе төтенше амалға барамын" деп аяқтап, қолын қойған.

Индира Юсупова інісінің шағымына арнайы прокурордан ешқандай реакция болмағанын айтады. Юсуповтың арызының көшірмесінде арнаулы мекеме кеңсесінің құжатты қабылдап алғанын білдіретін кіріс нөмірі жазылған мөр жоқ. Соған қарап, тұтқын Юсуповтың арызы тіркелмеген деп топшылауға болады.

КОЛОНИЯ БАСШЫСЫ: БІР ДЕ БІР КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРУ ФАКТІСІ ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ

Әзиз Юсупов ЛА-155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Мекеме басшысы Руслан Ғабибов Азаттық тілшісімен әңгімеде тұтқындардың әр арызы міндетті түрде тіркелетінін айтты. Ол тұтқындардың туыстары арыздың көшірмесін көрсетіп, түпнұсқасы тіркелмеген деп айтуы мүмкін деп есептейді.

– Кей тұтқын әдейі осындай әрекетке барады: екі көшірме жасап, арызын өткізбейді. Бұл түрме әкімшілігіне жала жауып, тоқтату, мені мекеме басшысы ретінде тұтқынның алдына жүгіртіп, "Әпкеңе айтшы, еш жерге жазбасын" деп жалындыру үшін әдейі жасалады. Олар осылай ойнайды, – дейді тұтқын Әзиз Юсуповтың арызының түпнұсқасына қатысты пікір білдірген полковник Ғабибов.

Полковник Ғабибов тұтқын Юсуповтың 8 қыркүйектен бастап мекемедегі провизорлық бөлімде стационарлық ем қабылдап жатқанын, үнемі медициналық қызметкерлердің бақылауында екенін айтты.

Әзиз Юсупов жазасын өтеп жатқан Алматы облысы Заречный кентіндегі түзеу мекемесі. 5 желтоқсан 2014 жыл.
Әзиз Юсупов жазасын өтеп жатқан Алматы облысы Заречный кентіндегі түзеу мекемесі. 5 желтоқсан 2014 жыл.

– 9 қыркүйек күні тұтқынды Қапшағай қалалық ауруханасына тексеруге апардық. Оған "сол жақ өкпенің астыңғы бөлігінің пневмониясы" деген диагноз қойылған. Қазір тұтқын Юсупов антибиотиктермен және вирусқа қарсы препараттармен консервативті емдеу курсынан өтіп жатыр. Науқастың жағдайы тұрақты. Бірақ қызуы әлі түскен жоқ, – деді Руслан Ғабибов.

Колония басшысының сөзінше, тұтқындарға санитарлық бөлімде екі аптадан артық уақытқа қалуға болмайды.

– Бізде ресми нұсқау бар: науқас тұтқын санитарлық бөлімде екі аптаға дейін ғана бола алады. Содан кейін оны ауруханадан шығарамыз. Бірақ науқастан пневмония немесе басқа ауру табылған жағдайда, бізде провизорлық ғимарат бар. Науқас тұтқынды осы ғимаратқа жатқызып, сонда емдеп жазамыз, – дейді мекеме басшысы. Ол "тұтқынның сырқаты ауыр болса, жедел-жәрдем шақырамыз, олар науқасты не ауруханаға алып кетеді, не оны түрмеде емдеу бойынша нұсқаулық береді" деп түсіндірді.

Руслан Ғабибов өзі ЛА-155/14 мекемесінде істеген уақыт ішінде (үш ай. – Ред. ) коронавирус жұққан бір де бір тұтқын тіркелмегенін, "Covid тектес пневмониямен" ауырған науқастардың жоғын хабарлады.

Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің медициналық бөлімі де өңірдегі қылмыстық-атқару мекемелерінде 1 наурыздан бері Covid диагнозы қойылған науқас тіркелмегенін мәлімдеді.

"АРЫ ҚАРАЙ ДА ОСЫЛАЙ ЖАЛҒАСА БЕРСЕ, МҰНЫҢ СОҢЫ ӨЛІМГЕ ӘКЕЛІП СОҒУЫ МҮМКІН"

Алматы тұрғыны Марина Кузьмина ЛА-155/14 мекемесі басшылығының науқас тұтқындарға қалай қарайтынын өз тәжірибесінен біледі: ол 2019 жылды 58 жастағы ағасы Василий Кузьминнің денсаулығы үшін күреске арнаған. 2019 жылдың соңында сот оны денсаулығына байланысты түрмеден босату туралы қаулы шығарған, ал 2020 жылы қаңтарда (қаулы күшіне енгеннен кейін) Василий Кузьмин бостандыққа шыққан.

– Тұтқын Юсуповтың ағзасында вирустан кейінгі асқыну байқалған шығар, бірақ бұл өкпенің басқа аурулары болуы да мүмкін. Дұрыс диагноз қойылмағанға ұқсайды. Мұндайда дұрыс ем жүргізу мүмкін емес. Ары қарай да осылай жалғаса берсе, мұның соңы өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Өйткені түрме жағдайында мұндай ауыр формадағы аурулар өздігінен жазылып кетпейді, одан сайын асқынады. Ағама келсек, ол уақтылы қабылдаған дәрілік препараттардың арқасында ғана өмір сүре алады. Түрме жағдайында мұны қамтамасыз ету өте қиын болды, — дейді Марина Кузьмина. Ол ағасы түрмеде көз жұмған онкологиялық сырқаты бар 29 жастағы тұтқын Руслан Шахгиреевтің тағдырын қайталауы мүмкін деп қатты қорыққанын айтады.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов бостандыққа шыққан соң алғашқы баспасөз конференциясында отыр. Алматы, 22 тамыз 2016 жыл.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов бостандыққа шыққан соң алғашқы баспасөз конференциясында отыр. Алматы, 22 тамыз 2016 жыл.

"Kuresker" оппозициялық жобасының басшысы Владимир Козлов бір кездері Әзиз Юсупов отырған колонияда жазасын өтеген. Ол биыл осы түрмеде тұтқын Әсет Әбішевтің карцерге қамалғанын еске алды. Әбішевтың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева өз қорғауындағы азамат бар болғаны коронавирус пандемиясына байланысты санитарлық талаптардың сақталуын талап еткенін айтады. Прокуратураның нұсқасы бойынша, Әбішевтен тыйым салынған құрал – ұялы телефон табылған.

Козловтың айтуынша, түрме әкімшілігі бұрын да "саяси тұтқын" Әсет Әбішевтың рухын сындыруға тырысқан, енді коронавирус пандемиясына байланысты бұл қысым күшейе түскен.

Құқық қорғаушы Елена Семенова.
Құқық қорғаушы Елена Семенова.

Құқық қорғаушы Елена Семенованың пікірінше, қазақстандық түрмелер советтік ГУЛАГ жүйесінен қалғандай әсер береді.

– Мұндай колонияларда тар жерде өте көп адам отырады. Ауа айналымы нашар, сыз, қараңғы камераларға күн сәулесі мүлде түспейді. Ондай жерлерде коронавирус пандемиясы кезінде талап етілетін санитарлық нормаларды сақтау мүмкін емес, – дейді Елена Семенова.

ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 30 МЫҢ ТҰТҚЫННЫҢ ЖЕТЕУІНЕ ҒАНА COVID-19 ВИРУСЫ ЖҰҚҚАН

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылығы тұтқындар арасында жаппай COVID-19 вирусының таралуына жол берілмегенін айтады. "Бұған қалай қол жеткіздіңіздер?" және "Түзету мекемелерінде науқастарды қалай емдейді?" деген сұрақтарға қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов 4 қыркүйек күні "Казахстанская правда" газетінде жарияланған сұхбатында жауап берген.

Ешмағамбетовтың айтуынша, түзету мекемелерінде ерекше талаптар режимін енгізудің арқасында тұтқындар жаппай коронавирус жұқтырудан аман қалған. Ол эпидемия басталғалы тұтқындар шамамен екі миллионға жуық маска, 18,5 мыңнан астам комбинезон тігіп, 70 "дезинфекциялық тоннель" жасағанын да атап өткен.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының сөзінше, 30 мың тұтқынның ішінде небәрі жеті адам коронавирустық инфекцияға, 14 адам пневмонияға шалдыққан. Жалпы пандемия кезінде 125 адамға COVID-19 вирусы жұққан, бір науқас ауруынан айықпай көз жұмған. 210 адам пневмониямен ауырып, төрт адам қайтыс болған.

"ТҮРМЕ ӘКІМШІЛІГІ КАРАНТИНДІ ТҰТҚЫНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗУ ҮШІН ПАЙДАЛАНАДЫ"

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис бас бостандығынан айыру орындарындағы ғана емес, бүкіл ел аумағындағы ресми дерекке күдікпен қарайтынын айтады.

Жовтис коронавирус пандемиясы кезінде талап етілетін санитарлық нормаларды әр камерада бір тұтқыннан отыратын уақытша тергеу изоляторларында сақтау жеңілірек деп есептейді. Ол бұған мысал ретінде ұзақ уақыттан бері Павлодардағы уақытша тергеу изоляторында отырған 67 жастағы диссидент әрі ақын Арон Атабектің жасына, 14 жылын түрмеде өткізгеніне, індет жұқтыру қаупі жоғары ортада жүргеніне қарамастан, әлі күнге коронавируспен ауырмағанын айтты.

Жовтистың айтуынша, көп колония барак типтес болғандықтан және онда тұтқындар топтасып тұратындықтан, мұндай мекемелерде қатаң карантин талаптарын сақтау қиынға соғады.

Ол сондай-ақ түрме әкімшілігінің карантин шараларын пайдаланып, тұтқындардың өмір сүру және медициналық көмекке қол жеткізу құқығын бұзатынын атап өтті.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

– Прокуратураға арналған шағымдар мен арыздар қорабы әдетте бос тұрады. Өйткені тұтқындар прокурорларға сенбейді. Олардың пікірінше, прокурорлар бұл ақпаратты бірден түрме әкімшілігіне жеткізеді. Тұтқындар түрме әкімшілігіне болса да сенбейді. Олар түрме әкімшілігі прокурор келгенге дейін қорапты ашып, ішіндегі арыз-шағымдарды қарап шығады деп ойлайды (бұлай ойлауға негіз бар деп есептеймін). Ал түрмелер толықтай жабық болғандықтан, мекеме әкімшілігі тұтқындардың, оның ішінде коронавирусқа шалдыққан науқастардың арыз-шағымдарын тіркеуден мүлде бас тартуға да бара алады. Екінші жағынан, тұтқындар да қазіргідей сыртқы әлемнен толықтай оқшауланған жағдайда шағым жазғаны үшін тым үлкен құн төлеуі мүмкін екенін жақсы біледі, – дейді Жовтис.

Индира Юсупованың айтуынша, бірнеше ай бұрын інісіне ықтимал ковидтектес пневмония жұққан кезде тұтқынның алдында "шағым жазу керек пе, жоқ па?" деген сұрақ туған.

– Оның шағымын жариялаймыз ба, жоқ па деп ұзақ ойландық. Жарияласақ, жағдайы қиындап кетер деп қорықтық. Бірақ енді бәрін ашық айтуға бел будық, өйткені інімнің жағдайы бұдан жаман болуы мүмкін емес, – дейді Индира Юсупова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG