Accessibility links

"Жағдайы орташа". Тұтқын ауруханаға түскен соң көз жұмды


Қарауылдар науқас тұтқын Гаухар Құдабаеваны ауруханаға апаруға көлікке салып жатыр. Өтеген батыр ауылы, Алматы облысы, 20 маусым 2019 жыл.

Алматы облысындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан Гаухар Құдабаева жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілгеннен кейін екі күннен соң дүние салды. Обырға шалдыққан әйелдің денсаулығын содан бір жыл бұрын билік өкілі "қанағаттанарлық" деп сипаттаған еді.

"АУРУХАНАҒА ЖЕТКІЗІЛГЕН СОҢ ҚАЙТЫС БОЛДЫ"

Алматы облысының Жауғашты кентіндегі ЛА-155/4 әйелдер түрмесінде жазасын өтеп жатқан, қатерлі ісікке шалдыққан Гаухар Құдабаева наурыздың 5-і күні Алматы облысы Іле ауданының орталық ауруханасында дүниеден өтті. Құдабаева бұдан екі күні бұрын денсаулығына байланысты осы ауруханаға жатқызылған еді.

Марқұмның ұлы Нұрбек Тубабаргенов Азаттыққа наурыздың 5-і түс кезінде анасының сүйегінің қайда екенін білу үшін Іле аудандық ауруханасына барғанын хабарлады.

ЛА-155/4 мекемесінің өкілдері Азаттыққа Гаухар Құдабаеваның наурыздың 5-і күні жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 10-да қайтыс болғанын, денесі ауруханада екенін айтты.

Алматы облысы Іле аудандық ауруханасының директоры Майра Егембердиева.
Алматы облысы Іле аудандық ауруханасының директоры Майра Егембердиева.

Алматы облысы Ілеу аудандық ауруханасының басшысы Майра Егембердиева Гаухар Құдабаеваның қайтыс болғанын растап, мәйітке сот-медициналық сараптама жасалатынын айтты.

Азаттық тілшісі Қазақстан ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің медициналық бөліміне (ҚАЖК) хабарласа алмады.

ТҰТҚЫННЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ

Биыл ақпан айында Гаухар Құдабаева жетінші рет химиотерапия емін қабылдаған. Анасымен ауруханада бірге жатқан құрбысының сөзіне сүйенген Тубабергенов анасының жағдайы қатты нашарлап кетсе де, түрменің қажетті дәрежеде реакция танытпағанын айтты. Анасының құрбысы "дау шығарған соң" ғана наурыздың 3-і күні оны ауруханаға жатқызған.

Алайда наурыздың 4-і күні Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің медицина бөлімінің жетекшісі Нұргүл Дайырбекова науқас Құдабаеваның денсаулығының нашарлағаны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді. Оның айтуынша, Құдабаеваның жағдайы орташа болған, бірақ қандағы тромбоциттер азайып кеткен. Оның анализ көрсеткіштерін жақсарту үшін ауруханаға жеткізген деп түсіндірді дәрігер.

Былтыр маусымның 11-і күні Азаттықта екі айдан астам уақыт төсек тартып жатқан тұтқын Гаухар Құдабаеваның денсаулығы туралы мақала жарияланғаннан кейін сотталған әйелге қатерлі ісік диагнозы қойылған еді. Түзеу мекемесінің басшылығы есірткі қылмысын жасады деген айыппен 2016 жылы 15 жылға сотталған Құдабаеваның "түрмеге түскенде сырқаты болғанын" айтады.

Былтыр жазда түрме әкімшілігі денсаулық сақтау саласы мамандарынан медициналық құжат алғаннан кейін оның денсаулығына байланысты сотқа мерзімінен бұрын қамаудан босатуды сұрап өтініш түсіре алатынын айтқан. Алайда оны түрмеден босатпады.

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мамандарының айтуынша, Гаухар Құдабаева қатерлі ісіктің бастапқы кезеңімен ауырған. Ал ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес, жаза өтеу мекемесінен тек үшінші кезеңдегі науқастарды ғана босатуға болады.

Қазақстан мен шетел құқық қорғаушылары Қазақстан түрмелеріндегі сотталушылар ахуалын бірнеше рет сынаған. АҚШ үкіметі әлемдегі адам құқықтары туралы былтыр наурызда жариялаған есебінің 44 бетін Қазақстанға арнаған. Құжатта Қазақстан түрмелеріндегі адам төзгісіз ахуал сипатталып, қамау орындарындағы денсаулық сақтау жүйесінің халықаралық стандартқа сай еместігі көрсетілген. Есепте Қазақстандағы түрмелерде жазасын өтеушілердің денсаулық жайына жеткілікті назар аударылмайтыны, мамандар мен дәрі-дәрмек жетіспейтіні айтылған еді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG