Accessibility links

"Сенуден қалдық". Су басқан Құлсары халқы жергілікті билікке неге наразы?


Атырау облысы Құлсары қаласындағы суда қалған тұрғын үй. 5 сәуір, 2024 жыл. Жергілікті тұрғын түсірген фото.
Атырау облысы Құлсары қаласындағы суда қалған тұрғын үй. 5 сәуір, 2024 жыл. Жергілікті тұрғын түсірген фото.

Ресми дерек бойынша, Атырау облысы Жылыой ауданында тасқын қаупіне байланысты 31 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Аудан орталығы Құлсары қаласынан кейінгі үш күнде 18 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қалада 2600 жеке үй мен әкімшілік ғимарат суда қалған.

Атырау облысы Жылыой ауданында жергілікті халықтың тасқынмен арпалысып жатқанына бүгін, 8 сәуірде бесінші күн болды.

Жексенбі күні Құлсары қаласында содан бір күн бұрын су басқан үйін тексеруге кеткен екі адам өлі табылды. Ресми ақпаратта екеуі мінген трактор жолдан шығып кетіп аударылғаны айтылған. Сенбі күні Құлсарыда суда қалған үйін қарауға кеткен тағы екі тұрғын – әкелі-балалы адамдар әлі табылмай жатыр.

Тасқын суда қалған үйін тексеруге аттанып, хабарсыз кеткен екі адам өлі табылған. Атырау облысы Құлсары қаласы. 6 сәуір, 2024 жыл. Төтенше жағдай қызметі таратқан фото
Тасқын суда қалған үйін тексеруге аттанып, хабарсыз кеткен екі адам өлі табылған. Атырау облысы Құлсары қаласы. 6 сәуір, 2024 жыл. Төтенше жағдай қызметі таратқан фото

7 сәуірде Атырау облысында тасқынға байланысты төтенше жағдай жарияланды. Бұған дейін жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай Қызылқоға ауданында 31 наурызда, 4 сәуірде – Жылыой ауданында жарияланған еді.

Ресми ақпарат бойынша, қазір Қызылқоға ауданындағы Миялы, Аққора, Жангелдин, Жасқайрат және Көздіқара ауылдарында қауіп-қатер сейілген.

Кейінгі ресми дерекке сәйкес, Жылыой ауданында өзен маңындағы жерлерден 31 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Өткен жұмадан бері Құлсары қаласынан 18 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. 66 мың адам тұратын қалада 2600 жеке үй мен әкімшілік ғимаратты су басқан.

Көрші Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауынан бастау алатын Жем өзені еріген қар суынан тасып, алдымен 4 сәуірде Жылыой ауданы Қосшағыл ауылдық округіндегі 40-қа жуық үйі бар Қарағай елді мекенін су алып, 156 тұрғын Құлсарыға көшірілген еді.

Ал келесі күні, 5 сәуірде Жем өзенінің бір тармағы Құрсай арнасынан асып, бірнеше сағаттың ішінде Құлсары қаласының бірнеше ықшам ауданын су басып алды. Азаттық сөйлескен Құлсары тұрғындары "жергілікті билік тасқынның алдын алудың орнына, қауіпті жасырып келді" деп наразы. Олар ең ақырғы сәтке дейін "жағдайды бақылауда ұстап отырмыз" деп сендіріп келген аудан басшыларына енді мүлде сенуден қалдық дейді.

"СӨЗІМЕ ҚҰЛАҚ АСҚАН ЕШКІМ БОЛМАДЫ"

Құлсары тұрғыны Маран Шығыр мен екі ұлының үйлері қатар орналасқан. Үш үйге де су кірген. 1-топ мүгедектігі бар Маран Шығыр "Құлсарыны 70 пайыз су басты, үйлер түкке жарамай қалатын сияқты ғой" дейді уайымдап.

Екі бүйрегі жұмыс істемейтін, денсаулығы диализге тәуелді зейнеткер бұрын Құлсарыдағы диалез орталығына күнара барып, ем алып тұрған екен. Ол орталықты да су алғанын, қазір Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы балдызының үйін уақытша паналап, сол ауылдағы диализ орталығының көмегіне жүгінуге мәжбүр екенін айтты. Бейнеуде ашылған эвакуациялық орынға баруға денсаулық жағдайы жарамаған.

Маран Шығыр 2 сәуірден бастап аудан әкімдігіне, аудандық штабқа су қарқыны қатты күш алып бара жатқанын ескертіп, осы бастан дереу қимылдап, Құлсарыны судан аман алып қалу амалдарын ұсынғанын айтады. Ол суды Құлсарыға жеткізбей, Жем өзені арнасын бұрып, сай-салаға ағызу үшін бірнеше бөгетті жаруға кеңес беріпті. "Бірақ дер кезінде құлақ асқан ешкім болмады" деп налиды.

Ресми дерек бойынша, Құлсары қаласында 2600 жеке үй мен әкімшілік ғимарат суда қалған. Атырау облаысы, 5 сәуір, 2024 жыл. Жергілікті тұрғын түсірген фото.
Ресми дерек бойынша, Құлсары қаласында 2600 жеке үй мен әкімшілік ғимарат суда қалған. Атырау облаысы, 5 сәуір, 2024 жыл. Жергілікті тұрғын түсірген фото.

Су Құлсарының басым бөлігіне жайылып, үйлерді басқаннан кейін ғана билік бөгендерді жару туралы шешім қабылдаған. 7 сәуірде Жемнен өңірге келетін су көлемін азайту үшін өзеннің сағасы үш жағынан қазылып, Жем бойында орналасқан жасанды бөгендер бұзылды деген ресми ақпарат тарады. Онда бұл шара өзен арнасының бағытын өзгертіп, Каспий теңізі жаққа бұруға мүмкіндік беретіні айтылған. Ол бөгендерді бұрын шаруа қожалықтары су жинау үшін салған.

Маран Шығыр жергілікті билік өкілдеріне сеніп, Құлсарыны тасқыннан аман алып қалайық деген сөзі босқа шығын болғанына қатты күйінеді. Осы жағдайдан кейін шенеуніктерден біржола көңілі қалғанын жасырмайды.

– Алдын алайық деп бірінші болып қозғадым. Тікұшақ сұраттық, оны бермеді. Енді міне, "зиянкестердің" (шенеуніктерді айтады – ред.) кесірінен зардап шегіп отырмыз. Каналдарды ашып, бөгендерді жару керек дегенімде, үкіметтен көк түйір көмек болмады. Енді топан су әбден Құлсарыға кіріп, үйлерді басып қалған соң, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін техника да, күш те барып жатыр сол жаққа. Қанша адам көмек жасап жатыр. [Тасыған суды] өмірі тоқтата алмайсың. Ол шашып жіберген сынап іспетті. Ал сынапты қалай ұстайсың?! – дейді Маран Шығыр жанайқайын қаз-қалпында жеткізуді өтініп.

Ол Құлсарыны айналдырған бірнеше сағаттың ішінде су алғанын айтып берді.

– Жұрт жан-жаққа босып кетті: еңіреген ана, жылаған бала. Олардың мұңын тыңдайтын адам бар ма? Бала-шағам әр жаққа кетті: бір балам Атырауға, бір балам Құлсары шетіндегі үйге барам деді, балалары басқа жақта жүр. Су да кетер, бұл да артта қалар, жамандықтың артында бір жақсылық болар, түбі қайырлы болсын деп өзімізді сабырға шақырып жатырмыз, – дейді ол.

7 сәуірде Құлсары қаласындағы су деңгейі бірнеше сантиметр түскені жөнінде ақпарат тарады.

Құлсарыдан ешқайда кетпеген тағы бір тұрғын қалаға әлі су келіп жатқанын, жағдай қиын екенін, телефон байланысы нашар, жиі үзіліп қалатынын айтты. "Халыққа обал, үйлері құлап жатыр" деді ол Азаттыққа.

Аты-жөнін атамауды жөн көрген тағы бір келіншек Құлсарыдағы үйін су басу қаупі төнген соң басқа орынға көшу үшін Құлсары қаласы әкімдігі алдына барғанын хабарлады.

– Бір айлық баламды, құжаттарымды алып осында келіп тұрмын. Бұл жерде шамамен 50 адам Теңіз кен орнына эвакуациялауды сұрап тұрмыз. Бірақ аудан әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова бізге "Теңізде тамақ жағы қарастырылмаған, сол үшін ол жаққа жібере алмаймыз" деді. Ақтауға барыңдар, сол жаққа тегін пойыз бар дейді. Бірақ мен айлық баламен бара алмаймын, – дейді жас баласы бар ана.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақовамен телефонмен сөйлесу мүмкін болмады. Азаттық 5 сәуірден бері онымен байланысуға талпынып ұялы телефонына қоңырау шалып, мессенджерін хат та жазған. Бірақ бұрын тез жауап беретін шенеунік бұл жолы жылдам хабар алудың сәті түспеді.

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласы маңындағы тасжолға жайылған су. Видеодан скриншот.
Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласы маңындағы тасжолға жайылған су. Видеодан скриншот.

ТҰРҒЫН ХАЛЫҚТЫҢ ТАСҚЫНМЕН КҮРЕСІ

Қосшағыл ауылында тұратын Нұрболат есімді адам Құлсарыда су деңгейі төмендей бастағанын, қазір тасқын Тұрғызба ауылы (Ембі елді мекені) арқылы Жаңа Қаратон ауылы жанымен ағып жатқанын хабарлады. Нұрболат жергілікті тұрғындар сол жерде күндіз-түні бөгет салумен жүргенін, өзі де көрші ауылға барып келіп, көмектесіп жүргенін айтты. Ол Жаңа Қаратоннан өткен су Қосшағылға жетуі мүмкін деп қауіптенеді.

Асхат Нұрсұлтанов Құлсарыдағы үйін су басқан күні – 5 сәуірде вахталық жұмысынан келіпті. Содан бері қаладағы жағдайды бақылап отыр. Ол тұратын ықшамаудан биіктеу орналасқандықтан су жетпеген. Асхат та аудан әкімдігі кеш әрекет еткенін айтады.

– Су қалаға кірмей тұрған кезде халық алаңдап, Жем өзені тасып жатыр, Құлсарыны су баспай ма деп сұраған кезде әкімдік "жағдайды бақылап отырмыз, әзірге тыныш" деп ақпарат таратты. Енді міне, "бақылауда" дегені осылай болып, халық тентіреп кетті. 4 сәуірден бастап жағдай қиындап кетті, – деді Асхат Нұрсұлтанов.

Ол жағдайдың қалай өрбіп жатқанын түсіндірді.

– Жылыой ауданында Жем өзені тасып, Құлсарының ішімен өтетін Құрсай өзегі арнасынан тасыған су Бақашы шлюзының бүйірін жарып шыққан. Сосын Қарағай елді мекенін су алған. Келесі күні Құлсарының шетіндегі Болашақ ықшам ауданы, сосын қала ішіндегі Жадырасын, Достық, 2-ауыл, 4-ауыл, Атырау ықшам аудандарына өтіп, орталық стадионға келіп, 6-ауыл ықшамауданына жетті. Осы ықшамауданның жартысын басып, "Шанхай" қонақ үйінің жанынан шығып, айналма жолды кесіп, Мұрагер ықшам ауданы шетімен Құлсарыдан оңтүстік бетке қарай сыртқа шығып жатыр. Су Майкөмген ауылына қарай ағып барады. Бірақ айдалада сор бар, сайлы жерлер бар. Ол жақта жақын маңда ауыл жоқ. Ал Жем өзені Шоқпартоғай ауылы жанымен өту керек. Тұрғындар өздері бөгет салып, суды ауылға кіргізбей ұстап қалды. Енді су Тұрғызба ауылына қарасты Ембі елді мекеніне қарай жетіп, Құлсары ортасындағы тас жолдан өтіп, халық "Төрт тұрба" деп атап кеткен төрт құбыр жатқан жерден Айранкөл кен орнына бара жатыр. Су қазір сол жақтағы жолға жайылып, Жаңа Қаратон ауылының жанымен өтіп жатыр. Мен 3 сәуірде Айранкөлден келе жатқанда жергілікті жұрт сол жерде бөгет салып жатты. Суды сол бөгеттің арқасында ауылға кіргізбей ұстап қалды, – деді Асхат Нұрсұлтанов.

Оның сөзінше, аудан әкімдігі 5 сәуір кешке "тұрғындар толық эвакуацияланады" деп таратқан ақпараты дұрыс болмай шығып, жұртты әбігерге салып қойған. "Үйіне тасқын қаупі төнбеген ықшамаудандардың халқы да үрейге бой алдырып, жүгін асығыс-үсігіс жинап, біраз әлекке түсті" дейді.

Асхат эвакуация кезінде мемлекеттік нөмірсіз жүрген көліктерді байқағанын айтты.

Құлсарыда судың беті ақырындап қайта бастады дегенді естіген кей тұрғындар үйіне оралған. "Үйін тастап, асығыс бассауғалап кеткендіктен қараусыз қалған дүние-мүлкі тонауға түспеді ме екен деп уайымдайды. "Тонаушылар пайда болған" деген сыбыс естіген әркімнің көңілі алаң болады" дейді Асхат.

Бұдан бөлек ол қазір Құлсарыдағы бірнеше дүкенде азық-түлік таусыла бастағанын байқапты. Бұған дейін Ақтау-Доссор-Құлсары бағытындағы республикалық маңызы бар тас жолдың Доссор-Құлсары бөлігі тасқын салдарынан жабылған. Атырау мен Құлсары арасында екі бағытқа да тегін пойыз қатынап жатыр.

Тасқын салдарынан үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған Құлсары халқын Атырауға, Маңғыстау облысы Бейнеу ауылына және Теңіз вахталық жұмысшылар кентіне эвакуациялау жалғасып жатыр. Теңіздегі вахташылар кентіне 7 мыңға жуық адам орналастырылған. Тұрғындар арасында Атыраудан Ақтауға, Алматыға және су тасқыны болмаған оңтүстік өңірлерге кетуге сұраныс артты. Әлеуметтік желілерде жұрт 7 сәуір күні Ақтауға және басқа да қалаларға ұшақ билеті әдеттегі құнынан бірнеше есе өсіп кеткенін хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG