Accessibility links

Азаттықтың Қазақстандағы алғашқы тілшісі


Азаттықтың Алматыдағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин. (Әлеуметтік желіде жарияланған сурет.)
Азаттықтың Алматыдағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин. (Әлеуметтік желіде жарияланған сурет.)

Желтоқсанның 2-і күні Алматыда қарт журналист Қиял Сабдалин ұзаққа созылған ауыр дерттен кейін 70 жасында өмірден озды. Азаттық радиосының Қазақстандағы алғашқы тілшісі болып істеген оны достары мен әріптестері қоғамдағы өзекті тақырыптарды батыл қозғайтын тапқыр журналист болды деп еске алады.

Қиял Сабдалин 1948 жылы наурыздың 10-ы күні Талдықорған облысы Алакөл ауданының Жайпақ ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыдағы Қазақ педагогика институтының филология факультетіне оқуға түскен. Осы оқу орнында білім алып жүріп ол журналистік қызметін бастаған.

Қиял Сабдалин әр жылдары Алакөл аудандық "Жаңа өңір" газетінде, Алматы облыстық "Октябрь туы" басылымында еңбек етті, кейін республикалық "Ара" сатиралық журналында фельетон бөлімін басқарды.

Қиял Сабдалин қиратылған "Берлин дуалының" орнында тұр. Германия, 1989 жыл.
Қиял Сабдалин қиратылған "Берлин дуалының" орнында тұр. Германия, 1989 жыл.

1990 жылдардың қарсаңында, Совет одағы мен Батыс арасында ұзаққа созылған "қырғи-қабақ соғыс" кезеңі аяқталып, "Берлин дуалы" құлап, "темір шымылдық" жойылған тұста Қиял Сабдалин Азат Еуропа - Азаттық радиосының Қазақстандағы алғашқы тілшісі болып жұмысқа кіріседі.

Онымен бірге Азаттықтың Қазақстандағы алғашқы тілшілерінің бірі болып істеген журналист Саясат Бейісбайдың айтуынша, Қиял Сабдалин Азаттықтың Мәскеудегі бюросына өзі хабарласып, сол арқылы Мюнхендегі Қазақ қызметінің сол кездегі директоры Хасен Оралтаймен байланысқа шыққан.

- Артынан оған Батыс Германияға шақырту келеді. Мюнхендегі радио кеңсесінде бір ай тәжірибеден өткен соң Қиял Сабдалин Азаттықтың Алматыдағы тілшісі болып жұмысын бастаған. Қиял сол жолы Мюнхендегі радио қорынан Мұстафа Шоқайдың дауысы жазылған таспаны әкелді. Осы күні Қазақ радиосынан беріліп жүрген Мұстафа Шоқайдың дауысы - сол, - дейді Саясат Бейісбай.

Қиял Сабдалин (оң жақтан екінші) Мұстафа Шоқайдың зираты басында. Берлин, 1989 жыл.
Қиял Сабдалин (оң жақтан екінші) Мұстафа Шоқайдың зираты басында. Берлин, 1989 жыл.

АЗАТТЫҚТЫҢ АЛМАТЫ БЮРОСЫНЫҢ АШЫЛУЫ

Қиял Сабдалин сол кезде Совет одағы құрамында болған Қазақ ССР-індегі әлеуметтік, саяси және экономикалық жағдай туралы, Михаил Горбачев басқарған СССР-дегі қайта құру саясатының әсерімен қазақ қоғамында болып жатқан түбегейлі өзгерістер, Қазақстанның азаттық жолындағы күресі және тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі кезеңдегі маңызды оқиғалар туралы хабарларды Азаттық аудиториясына жеткізіп отырды.

- Қиял Сабдалин тапқыр журналист болды. Дауысы зор еді, Қазақстанның əр қиырынан Азаттық радиосына жедел түрде небір өткір хабарлар дайындап жіберетін. Алғаш Германияға барған сапарында Бонн қаласындағы түрік диаспорасының жиынына қатысып, мінбеден сөз сөйлеп болған соң түріктің байрағын сүйіп, әлі тəуелсіздігін жарияламай тұрған қазақты танытып, туыстас елдің алдында қазақ халқының мәртебесін көтеріп тастағаны бар, - деп еске алады марқұмның әріптесі Саясат Бейісбай.

Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтай (сол жақта) және Азаттықтың Алматыдағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин.
Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтай (сол жақта) және Азаттықтың Алматыдағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин.

1993 жылы шілдеде Азат Еуропа - Азаттық радиокорпорациясының постсоветтік елдердегі үшінші бюросы Алматы қаласында ашылды. Жаңа бюроның ашылуына Азаттықтың Қазақ қызметінің сол кездегі директоры Хасен Оралтай, АҚШ экс-президенті Джимми Картер, АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшісі Уильям Кортни, тағы бірнеше шетелдік мейман және қазақстандық танымал ақын-жазушылар, журналистер қатысқан. Қиял Сабдалин осы бюроның алғашқы жетекшісі болды.

- Қиял сол жолы қаладағы жер үйінде далаға дастархан жайғызып, Америкадан, Германиядан келген меймандарды қазақы дәстүрмен күткен. Сонда үстел үстінде түсі қызыл жайманы алдырып, "оның көзін құртыңдар қызыл нəрсе тұрмасын" деп, жасыл жайма төсеткені бар, - деп еске алады Саясат Бейісбай.

Азаттықтың Алматыдағы бюросының алғашқы жетекшісі болған Қиял Сабдалин радиода 1994 жылға дейін жұмыс істеді.


"ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ХАБАРДЫ БІРІНШІ БОП ЖЕТКІЗДІ"

Журналист, ақын Жұмаш Кенебай Қиял Сабдалинмен бастауыш мектеп қабырғасынан таныс, дос болғанын айтады. Оның сөзінше, Азаттықтың әуе толқынынан берілген хабарларында Қиял Сабдалин үнемі қоғамдағы ең өзекті тақырыптарды қозғаған.

- Тоталитаризм қамыты енді сыпырылып түскелі жатқан сол кезде жұртшылық тарапынан тәуелсіз, шынайы ақпаратқа деген сұраныс өте жоғары еді. Қиял өз хабарларында Семей ядролық сынақ полигонын жабу, қазақ тілінің мәртебесі, Оралда казактардың шеру өткізуіне қарсы қазақтардың қозғалысы тәрізді өте маңызды тақырыптарды батыл қозғап, оқиғаларды жан-жақты баяндайтын. Ол сол кезде "бейресми" деп аталатын түрлі қозғалыс, ұйымдардың өкілдерімен коммунистік идеологиядан ада тәуелсіз ой-пікірге құрылған сұхбат өткізетін. Советтік Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Дінмұхамед Қонаев, елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан да сұхбаттар алған, - дейді ол.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер (ортада) Қазақстанға сапармен келгенде түсірілген суретте оң жақ шетте тұрған – Азаттық тілшісі Қиял Сабдалин. Алматы, 1991 жыл
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер (ортада) Қазақстанға сапармен келгенде түсірілген суретте оң жақ шетте тұрған – Азаттық тілшісі Қиял Сабдалин. Алматы, 1991 жыл

Жұмаш Кенебай 1991 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағаны туралы хабарды әлемдегі қазақтілді аудиторияға Алматыдан Азаттық арқылы Қиял Сабдалиннің жеткізгеніне ерекше назар аударады.

- Қазақстан өзгелерден кештеу болса да тәуелсіздігін жариялағаны ол кезде біз үшін көптен аңсап күткен қуанышты хабар еді. Сол күні парламентке Қиялмен бірге мен де барған едім, тәуелсіздік туралы декларация қабылданысымен Қиял Сабдалин бірден тікелей хабар беруге кетті. Ол хабарды Азаттық сол күні берді де. Міне, осындай тарихи жаңалықты күллі әлемдегі қазаққа алғаш болып жеткізген журналист – Қиял Сабдалин болатын. Ертесінде Алматы көшесінде әлі ілулі тұрған ескі коммунистік ұран-плакаттарды көріп, Азаттықтан күллі әлем естіп жатқан бұл сүйінші хабарды Алматыдағы кей жұрт байқамай да қалды-ау деген ой келген еді, - дейді Кенебай.

Ол Қиял Сабдалиннің ұзаққа созылған ауыр дерттен кейін желтоқсанның 2-і күні таңертең Алматыда қайтыс болғанын айтты.

Туыстарының хабарлауынша, Қиял Сабдалинді жерлеу рәсімі желтоқсанның 3-і күні Алматы қаласында өтеді.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG