Accessibility links

Шыңжаңнан қашқан екі қазақты Қытайға беруді депутаттар құптап, белсенділер қарсылық білдірді


"Қытайдан қашып келген" қазақтар Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.
"Қытайдан қашып келген" қазақтар Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.

ҰҚК "қазақ-қытай шекарасынан заңсыз өтті" деген айып тағылған Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы Қытайға берілуі тиіс деген ақпарат таратты. Осы хабардан кейін қоғам белсенділері оларды Қытайға бермей, қорғау керек десе, парламент мәжілісінің кейбір депутаттары "Қытайға беру керек", кейбірі "шекара бұзу – заңды бұзу, заңға сай жауапқа тартылуы тиіс" деп біледі.

Желтоқсанның 6-ы күні ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының Қытайға берілетінін хабарлаған еді. Ол "сот және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары аяқталғаннан кейін бұл азаматтарды келген еліне қайтарамыз. Оларды Қытайдың шекара өкілдігіне тапсырамыз. Әрі қарай көрші мемлекет өзі айналысады" деген болатын.

14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Олар "Қытайдағы қысымнан қашып, шекараны бұзып өтуге мәжбүр болғандарын" жеткізшен. Қазан айының ортасында ҰҚК оларды "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына қамаған.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазанның соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берген еді.

"ҚЫТАЙҒА БЕРМЕУ КЕРЕК"

9 желтоқсанда Аматыдағы халықаралық адам құқықтары бюросында қоғам белсенділері Жанболат Мамай, Ырысбек Тоқтасын және Төлеген Жүкеев баспасөз жиынын өткізіп, Қытайдан қашып келген екі этникалық қазақ - Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеуді талап етті.

Олар өткен аптаның соңында ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановтың аталған екі қазақ Қытайға қайтарылатыны жайлы сөзіне наразылық білдірді.

Өздерін "Қазақстанның демократиялық партиясын құрушы бастамашыл топ" ретінде таныстырған қоғам белсенділері "Қастер мен Мұрагерді Қытайға қайтаруға болмайды, олар Қытайда өлім жазасына кесілуі мүмкін" деп санайды.

Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеу жөніндегі баспасөз жиыны. Оңнан солға қарай: Жанболат Мамай, Төлеген Жүкеев және Ырысбек Тоқтасын. Алматы, 9 желтоқсан 2019 жыл.
Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеу жөніндегі баспасөз жиыны. Оңнан солға қарай: Жанболат Мамай, Төлеген Жүкеев және Ырысбек Тоқтасын. Алматы, 9 желтоқсан 2019 жыл.

Жанболат Мамай 2009 жылы Шыңжаңдағы этникалық ұйғырлар қарсылығы күшпен басылғаннан кейін Қазақстаннан пана сұрап келген ұйғыр азаматы Аршидин Исраилдың хабарсыз кеткенін еске салды.

- Аршидин Исраил телефон, интернет арқылы Шыңжандағы бассыздықтар туралы әлемге ақпарат таратты. 2010 жылы басына қатер төнгеннен кейін Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті. Қазақстан оны дереу түрмеге қамап, 2011 жылы Қытайға қайтарып берді. Ол азаматтың содан кейінгі тағдыры белгісіз, - деді Мамай.

Саясаткер Төлеген Жүкеев "екі этникалық қазақты қорғау – қазақ қоғамының борышы" деп санайды.

- Егер қазір оларға қорған бола алмасақ, кейін өзімізді де қорғай алмаймыз. Біз Сайрагүл Сауытбайды қорғай алмадық. Олар шекараны еріккеннен кесіп өтпейді, амалсыздан заңсыздыққа барады, - дейді ол.

Баспасөз жиынын өткізгендердің айтуынша, этникалық екі қазақтың ісі сотқа жетпей тұрып ҰҚК-нің мәлімдеме жасауын құптауға болмайды.

Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының адвокаты Ләззат Ахатова да "іс сотқа түспей жатып ҰҚК өкілінің мұндай мәлімдеме жасауын түсіне алмадым" дейді.

- Шекара қызметінің басшысы Ділманов мырза сот функциясын өзіне алып, өкілетін асыра пайдаланып, сот тәуелсіздігіне күмән туғызып отыр. Бұл істе сот қана шешім айта алады. Басқа орган өкілдері олардың тағдырына үкім айта алмайды. Іс әлі сотқа кеткен жоқ. Бірақ ашық позиция көрсетіп отыр. Демек, бұл - Қазақстан билігінен үміт аз деген сөз. Енді тек БҰҰ мен халықаралық соттарға үміт артамыз. Сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз, - деді адвокат Азаттыққа.

"ҚЫТАЙҒА БЕРУ КЕРЕК"

Азаттық тілшісі 9 желтоқсанда парламент депутаттарынан Қазақстаннан пана сұрап келген этникалық қазақтар - Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтарған дұрыс па деген сауал қойған еді. Азаттық тілшісі сөйлескен депуттардың кейбірі оларды "келген жағына қайтару керек" десе, кейбірі "заң бойынша жауапқа тартылуы тиіс" деп жауап берді.

Депутат Гүлмира Исимбаева "Біздің заңнамаға сәйкес, заңсыз кесіп өткендерді қайтаруға тиіспіз. Заңымызда және халықаралық келісім-шарттарда солай жазылған" десе, депутат Қанат Мусин "заң бойынша, шекараны заңсыз өткендер қайтарылуы керек" деп санайды.

Депутат Мейрам Пішембаев"Қазақстан халықаралық келісімдерге қол қойған мемлекет. Сондықтан келісімді орындауы керек. Өйткені, ертең бізден де (Қазақстаннан – ред.) қашып кетіп жатса не болады?" деді.

"Қытайдан қашқан" қос қазақты кері қайтару керек пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың пікірінше, "Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлына "шекара бұзды деп емес, заңды бұзды деп қарау қажет".

- Олар Қытай азаматтары. Сондықтан әр елдің заңына бағынған дұрыс деп ойлаймын,- дейді ол.

Депутат Дархан Мыңбай "заңды бұзған адамға шара қолданған жөн" деп ойлайтынын, депутат Сауытбек Әбдірахманов "шекара бұзу қылмыс екенін" айтты.

ҚЫТАЙДАН ҚАШҚАНДАР

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдырына алаңдаған бір топ белсенділер бұған дейін де баспасөз жиынын өткізіп, Қазақстан билігінен оларды қорғауды сұраған.

Қытайдан қысым көрдік деп Қазақстан шекарасынан заңсыз өткендер қатарына таяуда тағы бір Қытай этникалық қазағы қосылған. Биыл 12 қарашада Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық сотында "қазақ-қытай шекарасынан заңсыз өтті" деп айыпталған Шыңжаң қазағы Қайша Ақанның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталған.

43 жастағы Қайша Ақан сотта "шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындап, бұл қадамға Қытайдағы қысымнан қауіптеніп барғанын" айтқан.

2018 жылы тамызда "Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті" деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрді. Қоғам назарын аударған сотта Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен еді.

Шыңжаңдағы ұйғырларға, қазақтарға және басқа да ислам дінін ұстанатын аз ұлттарға қысым жасалып жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап белгілі болған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаң лагерьлерінде миллионға жуық адам қамауда отыр" деп мәлімдеген. Пекин бастапқыдан лагерьлер жайлы хабарды жоққа шығарған. Кейін лагерьлерді экстремизм және терроризммен күресу үшін ашылған "тәрбиелеу орталығы" деп атаған.

Бүгін, 9 желтоқсанда Пекинде Шыңжаң өлкесінің басшысы Шохрат Закир жиын өткізіп, аймақтағы "қайта тәрбиелеу орталығындағы" кейбір адамдар "оқуын аяқтағанын" айтып, халықаралық ұйымдардың "лагерьлерде 1-2 миллион ұйғыр, қазақ және мұсылмандар отыр" деген мәлімдемесін жоққа шығарды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 4 желтоқсанда Германияның Deutsche Welle басылымына сұқбат беріп, "Шыңжаңдағы лагерьде бірен-саран қазақ отырған болған" деген. Тоқаевтың бұл сөзі белсенділер мен "туыстарымыз Қытайда қамауда отыр" деген қазақтардың тарабынан сынға ұшыраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG