Accessibility links

"Босқын мәртебесін сұраймыз". ҰҚК Қытайдан қашқан екі қазақты әкетті


"Баламды тастап келдім". ҰҚК Қытайдан қашқан екі қазақты ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

"Қазақ-қытай шекарасын кесіп, бергі бетке өткен" Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын 14 қазанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі әкетті.

ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ ҚАСТЕР МЕН МҰРАГЕРДІ ҚАЛАЙ ҰСТАДЫ?

14 қазанда Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Алматыдағы адам құқығы бюросында баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрайтындарын айтты. Осы жиыннан шығып, олар Алматы қалалық көші-қон полициясына бет алды. Қытай қазақтары арыз жазбас бұрын түскі ас ішпек болып сол маңдағы асхананың біріне кірген. Сол жерде отырғанда Шекара қызметінің өкілдері келіп, оларды алып кеткен. Ұстағанға дейін Қастер мен Мұрагердің қасында болған "Атажұрт еріктілері" ұйымының өкілі Гүлжан Тоқтасынқызы "арнайы қызмет өкілдерін бір минутқа да тоқтата алмадық" дейді.

- Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын өздерін "шекара қызметінің қызметкеріміз" деп таныстырған үш адам келіп, құжатқа қол қоясыздар деп мәжбүрлеп әкетті. Адвокаты келсін десек те көнбеді. Жарайды, кішкене күтіңдер дегенге қаратпай оларды көлікке басып алып кетті. Олармен бірге "Атажұрт еріктілерінің" басшысы Бекзат (Мақсұтханұлы) да кетті, - дейді ол

Ал Бекзат Мақсұтханұлының айтуынша, Шекара қызметкерлері "екеуіне неге бірінші бізге келмедің" деп ескерту жасаған. Мұсаханұлы мен Әлімұлының адвокаты Бауыржан Азанов біраз уақыт Шекара қызметінің ғимаратына кіре алмай тұрды. Кейін қорғаушыны ішке кіргізді.

Журналистер мен "Атажұрт еріктілері" ұйымының өкілдері Шекара қызметінің ғимаратының жанында Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын күтіп тұр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.
Журналистер мен "Атажұрт еріктілері" ұйымының өкілдері Шекара қызметінің ғимаратының жанында Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын күтіп тұр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.

Шекара қызметі журналистерге екі азаматтың ұсталуы жайлы ақпарат берген жоқ.

"БІР ШӘУГІМ ШАЙДЫ ҮНДЕМЕЙ ОТЫРЫП ІШЕДІ"

30 жастағы Қастер Мұсаханұлы мен 25 жастағы Мұрагер Әлімұлы Дүрбілжің аймағынан жолға шығып, қазанның 1-і күні Қытай шекарасынан өткендерін айтады. Сөздерінше, Қазақстанның мемлекеттік шекарасы аралығындағы бейтарап аумақта бес күндей жүріп, қазанның 6-сы күні Шығыс Қазақсан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға өткен. Кейін жолай такси жалдап, қазанның 10-ы күні Алматыға "келген".

Қазанның 14-і күні Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында )астер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы лагерьде қамауда отырып шыққанын, ал Мұрагер Әлімұлы сол жақта қысым көргенін айтты.

- Жазықсыз сол жерде төрт жыл сегіз ай отырдым. Шыққан соң бір жыл төрт ай үйқамақта отырдым. Лагерьге апарғанда бір апта күн көрінбейтін, жер асты үйі деп қояды, сол жерде кісендеулі отырдым. Ұрып айыптарды мойындатпақ болды. Ананы-мынаны мойында деп соқты. Таяққа шыдамадым. Тамақ, су бермеді. Көндім, - деді Қастер Мұсаханұлы.

Ал Мұрагер Әлімұлы бес жастағы ұлын, отбасын және әке-шешесін тастап, амалсыздан шекара бұзып қашқанын айтады.

- Сол жақта не болып жатқанын айтайық деп басымызды қауіпке тігіп келдік. Лагерьде 20 жастағы қыз бен жігіт, 80 жастағы қариялар да бар. Шыңжаңда жұрт сыртта әңгіме айта алмайды. Бір шәугім шайды үндемей отырып ішеді. Жаназа шығармайды. Құран оқымайды. Аймақтағы зираттардағы ай белгілерді бәрін алып тастаған. Себебі қорқады, - дейді ол.

Қастер Мұсаханұлы (сол жақтан санағанда үшінші) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақтан санағанда екінші) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.
Қастер Мұсаханұлы (сол жақтан санағанда үшінші) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақтан санағанда екінші) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.

Қазанның 4-і күні Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Шыңжаңдағы лагерьлерде қазір қазақтар жоқ" деп мәлімдеген. Бірақ Қастер Мұсаханұлының сөзінше, "лагерьде қазақтар әлі бар".

- "Лагерьде қазақ жоқ" деген өтірік. Бесеуі шықса, оны кіреді. Қытай тілін үйретуге жаппай кіргізіп жатыр. Сұрақ жоқ. Кіргізеді, неше жылға кіргізгенін білмейді. Інім Қасиет 2016 жылы кірген. Қазір хабар жоқ. Қайда екенін білмейміз. Барып білейік десек, өзімізді қамай ма деп қорқамыз, - дейді ол.

Мұрагер мен Қастер Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрайды. Олар Қытайда қалған әке-шешесін, отбасының жағдайына да алаңдайды.

- Қазақстан билігі ар жақта қалған ата-анамызға, отбасымызға араша болса дейміз. Ата-анамызға қысым бола ма деп қорқамыз, - дейді Қастер.

Шыңжаң қазақтары "амалдары қалмаған соң заңды бұзып, шекара кескендерін" айтады.

- Егер ол жақта (Шыңжаңда – ред.) жағдай жақсы болып жатса, әке-шешемді, бес жасар баламды тастап қашпас едім ғой. Заңды біліп тұра [шекара] бұздық. Соттасын, айыптасын, бірақ Қытайға бармасақ болды, - дейді Мұрагер.

Қазақстан Мұсаханұлы мен Әлімұлының үстінен "Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту" бабы бойынша іс қозғауы мүмкін. Қылмыстық кодекстің бұл бабында мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе бір жылға бас бостандығынан айырып, кейін елден шығару жазасы қарастылған.

Бұған дейін де "Қытайдағы саяси жағдайдан қауіптеніп, Қазақстан шекарасынан заңсыз өтуге мәжбүр болдым" деген тағы бір Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай ісі 2018 жылы Қазақстан қоғамын елеңдеткен.

2018 жылы мамыр айында "Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті" деген айыппен қамауға алынған Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы ("Шекараны заңсыз бұзып өту") бойынша айып тағылған. Ол сот процесі басталар қарсаңда және одан кейін Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған. Оған Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасы оған "пана іздеуші тұлға" куәлігін берген еді.

Сот Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны "жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен. Осылайша сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған. Бұдан кейін Сайрагүл Сауытбайды Швеция қабылдаған болатын.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙ ЖАЙЛЫ НЕГІЗГІ ДЕРЕКТЕР

2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылықтарға, соның ішінде қазақтарды "саяси лагерь" аталған қамау орындары пайда болғаны туралы хабар тарай бастаған. Қытайдан оралған этникалық қазақтар Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барғанда қайта алмай, кейбірі саяси лагерьге алып кеткені жайлы шағымданған.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Кейін Қытай постсоветтік елдерден, Араб елдерінен және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен өкілдер шақырып, Шыңжаңды аралатқан. Олардың арасында Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің өкілі де бар. Шыңжаңға барған дипломаттардың көбі "тәрбиелеу орталықтарын" мақтап, "алаңдауға негіз жоқ" деген. Бірақ Пекин Шыңжаңға АҚШ-тың, Батыс елдерінің және БҰҰ өкілдерін кіргізбей отыр.

АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады. Қыркүйек айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Пекиннің этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару туралы талабын орындамауға шақырды.

6 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Ал Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан АҚШ санкциясын "басқа елдің ішкі ісіне араласу" деп айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG