Accessibility links

Соңғы он жылда ажырасу көрсеткіші өсе түскен Ақтөбе облысында ажырасқан адамдар жақындарының ғана қолдауына жүгініп, психологиялық көмек сұрауды әдетке айналдырмаған.

Мамандар Қазақстанда отбасы институты дағдарысқа ұшырап, қоғамдағы жаңалықтарға ілесе алмай отыр деп есептейді.

БАЛ АШЫП БАЛАСЫН АЖЫРАСТЫРҒАН БАР

19 жасында тұрмыс құрған Гүлжамал Талғатқызы былтырдан бері жалғызбасты ана. Жүкті кезінде төркініне келген Гүлжамалдың сәбиі жақында ғана жасқа толады. Жалғызбасты ананың сөзіне қарағанда, кішкентай Асылайымды өз әкесі туғалы көрмеген. Бірақ ай сайынғы табысының 50 пайызын алимент ретінде төлеп тұрады. Нағашыларының қолында өсіп жатқан сәбидің анасы бала күтіміне орай үйде отыр. Яғни, тұрақты табысы да, өз баспанасы да жоқ.

Гүлжамал Талғатқызы
Гүлжамал Талғатқызы

- Ажырасқалы әке-шешеммен бірге тұрып жатырмын. Олар болмаса, қалай күн көретінімді білмеймін. Ең өкініштісі, бұрынғы жолдасым екеуміздің арамызда ұрыс-керіс болған жоқ. Аяғым ауырлаған кезде енем құмалақшыға барды да «немерем мүгедек болып туады екен» деп мені үйден қуып жіберді. Күйеуім «кетсең кете бер, мамам ажырас деп жатыр» деді. Қазір құдайға шүкір, қызым сап-сау болып туды, - дейді Гүлжамал Талғатқызы.

Тағы бір жалғызбасты ана Амангүл Кеңесбай бұрынғы жолдасымен төрт жылдай бірге тұрып, түсінісе алмағанын айтады.

- Ақыр соңында күйеуім көзіме шөп сала бастады. Басында елемеуге тырысқанмын. Артынан бұлай өмір сүруге болмайтынын түсіндім. Мен кетіп қалғаннан кейін төрт-бес күннен соң күйеуім көңілдесін үйіне кіргізіп алды. Қазір төрт айлық қызым бар. Қазір баламмен бірге ата-анамның қолында тұрып жатырмын, - дейді Амангүл Кеңесбай.

Амангүл Кеңесбай.
Амангүл Кеңесбай.

22 жастағы Амангүл - бастауыш сынып мұғалімі. Бірақ қазір бала күтіміне орай үйде отыр. Амангүл де, Гүлжамал да жалғыз қалып, қиналған кездерінде ата-аналарының ғана сүйеу болғанын айтады. Екеуі де өзге ешкімге ақыл-кеңес сұрап бармаған.

Некесін бұзушылардың дені - жиырмадан енді асқан жастар. Ақтөбедегі азаматтық хал актілерін тіркеу орталығының қызметкері Кристина Барбарисованың сөзіне қарағанда, ажырасушылардың 19 пайызы орталарына туыстары түсіп, өзара келісімге келе алмағандар.

«ШАҢЫРАҚТЫҢ ШАЙҚАЛУЫ ЕКІ ЖАҚҚА ДА АУЫР ТИЕДІ»

Ақтөбелік психолог Диляра Темірбаева ажыраспақ ниеті бар жастардың ақыл-кеңесті ата-анасы мен құрбыларынан емес, психологтардан алғаны жөн деп санайды.

- Егер адам отбасын сақтап қалғысы келсе, ата-анасы мен жақын құрбыларынан, достарынан кеңес сұрамағаны жөн. Өйткені, олар қандай жағдайда да жақынын жақтайды. Яғни, болып жатқан жайттарға обьективті түрде баға бере алмайды. Отбасын екі адам құрады. Сондықтан шаңырақтың шайқалуына олардың біреуі ғана кінәлі болуы мүмкін емес. Екеуі де кінәлі, -дейді Диляра Темірбаева.

Ирина Украинцева, психолог.
Ирина Украинцева, психолог.

Психолог Ирина Украинцеваның пікірінше, ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде ең көп жапа шегетін әйелдер жағы. Әсіресе, алғашқы жарты жыл бауырында баласы бар жалғызбасты әйелге материалдық, психологиялық тұрғыдан қиынға соғады.

- Әйелдердің әсіресе, жас әйелдердің басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған. Көпшілігінің мамандығы жоқ. Мамандығы болған күннің өзінде тұрмыс құрып, сәби сүюіне байланысты карьерамен айналысып үлгермеген. Шаңырақтың шайқалуы ер адамға да оңай тимейді. Олар да қиналады. Сондықтан ажырасар алдында әбден ойлану керек. Бұл әрине, қорлыққа үн-түнсіз төзе бер деген сөз емес. Бірге тұра алмайтындай жағдай болған күннің өзінде ортақ балалары бар бұрынғы жұбайлардың дос болып қалуға тырысқаны жөн, -дейді Ирина Украинцева Азаттыққа.

«ЕКІ ОРТАДА БАЛА ЗАРДАП ШЕГЕДІ»

Ирина Украинцеваның айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасуынан ең алдымен бала зардап шегеді. Баланың жанында өмір бойы жазылмайтын жара қалады

Аты-жөнін атамауды өтінген тағы бір келіншек бұрынғы күйеуін әкелік құқынан айырып, баланы өз атына жазып алғысы келетінін айтады.

- Қызым әкесінің үйінен келген соң маған, нағашы апасы мен атасына агрессия көрсетеді. Әкесімен кездескен сайын психологиялық тұрғыдан өзгеріп келетінін байқаймын. Сондықтан оны әкелік құқынан айырғым келеді. Оның үстіне біз одан алимент те алып отырғанымыз жоқ, - дейді ол.

Ал психолог Ирина Украинцева «бұл баланың ата-ана қарым-қатынасына көрсеткен қарсылығы» деп санайды. Психологтың пікірінше, әйел бұрынғы күйеуін әкелік құқынан айыру арқылы өз өмірінен мүлдем өшіріп тастағысы келеді. Бәлкім жеңілдермін деген де үміті жоқ емес.

- Бірақ бұл әйелдің психологиялық қорғанысы әрі күйеуімнен кейін баламды да жоғалтып алармын деген ішкі үрейі ғана. Әрине, оны өзі де аңғармауы мүмкін. Бірақ шындығында солай, - дейді ол.

Нұржәмила Төлеуова, жеке сот орындаушы
Нұржәмила Төлеуова, жеке сот орындаушы

​Жеке сот орындаушысы Нұржәмила Төлеуованың айтуынша, қазір ақтөбелік жеке сот орындаушыларының қолында алимент өндіруге қатысты 8 мыңнан астам құжат бар. Олардың 30 пайызы балаларына алимент төлегісі келмейді.

- Ақтөбеде әрбір үшінші азамат баласына алимент төлегісі келмейді. Біздер жеке сот орындаушылары борышкерлердің мүліктеріне, банктегі есеп-шоттарына тыйым салуға мәжбүрміз. Жуырда балаларына 5-6 жылдан бері алимент төлемей жүрген ақтөбелік адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот үкіміне сай ол мәжбүрлі түрде жұмысқа жегіледі. Оның балалары алдындағы қарызын осылайша өндіруге мәжбүрміз. Ересектердің арасында текетірестен үнемі бала зардап шегеді, - дейді ол.

«ӨМІР ТОҚТАП ҚАЛМАЙДЫ»

Психолог Диляра Темірбаеваның пікірінше, отбасы бұзылған әйелге қол қусырып, өмірге, өткеніне өкпелеп отыра беруге болмайды. Жан жарасын жұмыспен емдеу керек. Мемлекет пен қоғамның қолдауына жүгіну маңызды. «Ажырасқаннан кейін өмір тоқтап қалмайды»,-дейді психолог.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту бөлімінің сектор меңгерушісі Асыл Жұбаназарованың айтуынша, бұрынғы күйеуінен алимент алып отырған әйелдерге басқа табыс көзі жоқ болса, мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ол үшін отбасының өткен тоқсандағы табысы алдымен үш айға бөлінеді. Сосын ол соманы мамандар жан басына шағып есептейді. Сол кезде отбасының жан басына шаққандағы табысы 11219 теңгеден төмен болса, ол отбасы кедейшілік шегінен төмен тұратындар санатына енеді. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Мамандардың айтуынша, Ақтөбе облысындағы табысы кедейшілік шегінен төмен азаматтардың 80 пайызы - жалғызбасты аналар.

- Мамандық алғысы келетін әйелдерге қысқаша курстарға жолдама бере аламыз. Тігіншілік, аспаздық, мейрамхана ісі, шаштараз секілді мамандықтарды үш айда меңгеріп кетуге болады. Әрі оларға ай сайын 16 мың теңге шәкіртақы беріледі, - дейді Асыл Жұбаназарова.

Ақтөбе облысында соңғы 10 жылдың ішінде ажырасушылар саны 32 пайызға өскен. 839 мың тұрғыны бар облыста былтыр екі мыңға жуық отбасы заңды түрде ажырасқан.

XS
SM
MD
LG