Accessibility links

Снайпер Тамара Гайдук: "Мен қаһарман емеспін, тек отанымды қорғадым"


Соғыс ардагері Тамара Гайдук өзінің және күйеуінің фотосын ұстап отыр. 7 мамыр 2018 жыл.
Соғыс ардагері Тамара Гайдук өзінің және күйеуінің фотосын ұстап отыр. 7 мамыр 2018 жыл.

94 жастағы ардагер Тамара Гайдук Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанбас бұрын Совет одағының батыры Әлия Молдағұлова барған снайперлер мектебінде оқыған. Ардагер Азаттыққа соғыста көргендерін айтып берді.

Тамара Артёмовна Гайдук Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінде екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Ардагер балдаққа сүйеніп жүреді. Шағын ғана қонақ бөлмеге жайғасқан соң Тамара Гайдук өзінің Украинада дүниеге келгенін, кейін Сібірге көшіп барғанын айтады. Соғыстан аман оралған соң тұрмысқа шығып, күйеуімен Алматыға келген.

- Жалғыз тұрамын, екі ұлым бар. Үлкені - 72 жаста, кішісі - 69 жаста. Үш немерем бар. Үлкен немерем - 46 жаста, кішісі - 39 жаста. Кенже ұлдың балалары Мәскеуге оқуға кетіп, сол жақта үйленіп, қалып қойды. Қазір сонда қызмет етеді. Екі шөбере қызым бар. Олар осында тұрады. Маған келіп, кездесіп тұрады, - деді ардагер.

"ЖАС СОЛДАТТАРҒА МЫЛТЫҚ АТУДЫ ҮЙРЕТТІК"

Тамара Гайдуктың отбасы 1939 жылы Украинадан Сібірге көшіп барған. Жеті ағайынды көпбалалы отбасы әке-шешесімен бірге колхозда жұмыс істеген.

- Соғыс басталған 1941 жылы мен 17 жаста едім. Комсомолмын. Ер адамдардың барлығын соғысқа алып кетті, ал мен секілді бойжеткен қыздарды ФЗО-ға (фабрично-заводское обучение-ред.) оқуға жіберді. Жарты жыл Омбыда оқып, кейін сондағы Ертіс өзенінің бойындағы элеваторда жұмыс істедім. Арада бірнеше ай өткен соң әскери дайындық курсына шақырту келді. Кейін білгеніміздей сол курста мергендігімен көзге түскендерді арнайы снайперлер мектебіне іріктеген екен. Сөйтіп Омбыдан 40 қызды іріктеп алып, Мәскеуге әскерге алып кетті. Мен ол кезде 19 жаста едім, - дейді Тамара Артёмовна.

Ардагердің сөзінше, 1943 жылы ашылған снайперлер дайындайтын алғашқы әйелдер мектебіне Совет одағына кіретін барлық елден 900-ге жуық қыз-келіншек жиналған.

- Екі батальон болды, әр батальонда төрт рота бар. Жарты жыл оқыдық. Таңғы төрттен полигонға барамыз, қару-жарақпен жұмыс істеу, нысананы дәлдеп ату, жүгіру, қарсыласпен күрес сияқты дайындықтан өттік. Кей күндері 14 сағаттап полигоннан шығармайтын. Кейін сол 887 қыздан екі жүзімізді іріктеп алып, инструкторлық рота құрды. Бізге бұрынғыдан да күрделі тапсырмалар беріліп, дайындығымыз екі есе күшейтілді. Кейін бізді шағын топпен майданға жіберді. Біз жаңадан келген жас солдаттарға қару ұстап, атуды үйретуіміз керек еді. Инструкторлық ротадан 40 адамды Ленинградқа жіберіп, кейін бес жұпты, яғни он снайпер қызды Финляндиядағы дивизияға қосты, - дейді Тамара Артёмовна

"СОҒЫС ӘЙЕЛДЕРГЕ АУЫР ТИДІ"

Соғыс туралы сөз бастаған Тамара Артёмовна біраз үнсіз отырды да, «сол кездегі қатыгездік пен айуандықтың шегі болмаған екен» деп күрсінді.

- Финляндияның Пори деген үлкен станциясында болдық, Перкъярви Териоки деген жерлерінде соғыстық. Сенесіз бе, су ішетін бірде-бір құдық таппадық. Құдықтар адамның мәйітіне толған. Ауада күйік пен өлексенің иісі тұрады. Тамағың да, суың да, қаруың да - иығыңдағы рюкзакта. Су құйылған ыдысқа оқ тисе, сусыз қаласың, тамағың салынғанға тисе дереу етегіңді түре салып, қалған асты жинап алып жеп қоюға тырысасың. Жарты жылдан кейін бізді бірінші украиналық фронтқа жіберді. Ол жақтың қысын айтсаңызшы, қары бір метрге дейін жетеді. Кейде жауды аңдып сағаттап жерде жатасың, денеңнен өткен суық басыңа бір-ақ шығады, - деп еске алды ардагер.

Соғыс ардагері Тамара Гайдук. 7 мамыр 2018 жыл.
Соғыс ардагері Тамара Гайдук. 7 мамыр 2018 жыл.

Оның сөзінше, сол уақытта әскерге негізінен ер азаматтар барған. Сондықтан болар соғыс басталғанда ерлердің қысқы-жазғы киімдері мен аяқ киімдері толық болған. Ал әйелдерде ондай жағдай болмаған.

- Әдетте өзіңнен үлкен шинель киесің. Қалың колготки деген жоқ, қыста жылы іш киім береді, аяғыңа шұлық киесің. Ол бірнеше күннен кейін салбырап түсіп қалады. Соғыста әйелдер ерлер секілді астына ағаш тақтай я шөп төсеп, үстіне шинель жауып жатуды, суық суға жуынып, су болған киімді үстіңде кептіруді үйренуге мәжбүр болды. Командирлер "егер жүкті болып қалсаңдар майданның алдыңғы шебіне жіберемін" деп қорқытатын, - деп еске алады Тамара Артёмовна

Ардагер 1943-1945 жылдар аралығында Батыс Украина, Польша, Беларусь Германиядағы шайқастарға қатысып, жеңіс күнін Чехословакияда қарсы алған.

"АЖАЛЫМ ҚАЙДА АДАСЫП ЖҮР ЕКЕН..."

Соғыс аяқталғаннан кейін Тамара Артёмовна Украинада Алматының жігіті ұлты казак Георгий Гайдукке тұрмысқа шығады. 1946 жылы Алматыға көшіп келген. Содан бері осы қалада тұрады.

Соғыс мені көп нәрсеге үйретті. Мен өз ісіме жауап беруді, ешкімнің қолына қарамауды, тек өз күшің мен еңбегіңе ғана сенуді үйрендім.

- Соғыс мені көп нәрсеге үйретті. Мен өз ісіме жауап беруді, ешкімнің қолына қарамауды, тек өз күшің мен еңбегіңе ғана сенуді үйрендім. Біздің отбасымызда тәртіп мен жауапкершілік - бірінші орында. Мен балаларыма да соны үйреттім, қолдан келсе көмектес, ешкімнен сұрама деймін. Алматыға көшіп келген соң 30 жыл "Қазақфильм" кинонстудиясында қызмет еттім, жолдасым ерте қайтты, - дейді зейнеткер.

Алматыға келген соң әке-шешесі мен бауырларын да жанына көшіріп алған. Ардагер оларды қамқорына алып, жеткізгенін айтады.

- Мен баланың үшіншісімін. Кенже сіңілім биыл 92 жасқа келеді. Қалған бауырларым Райымбек көшесінің бойындағы зиратта жатыр. Жақындарыңды өз қолыңмен жерлеуден асқан қасірет бар ма? Кейде менің ажалым қайда адасып жүр екен деп те ойлаймын,- деп күрсінді Тамара Гайдук.

Тамара Артёмовнадан "соғыста қанша фашистің көзін жойдыңыз?" деп жиі сұрайтындар бар. Бірақ ол бұл сұраққа еш уақытта жауап бермегенін айтады.

Әкімдік сыйлық алып келсе де ыңғайсызданамын, тіпті намыстанамын. Мен ешқандай қаһарман емеспін, мен тек отанды қорғадым. Менің тіпті "Совет одағының батыры" деген атағым да жоқ. Мен жай ғана аға сержантпын.

- Өте ауыр сұрақ. Мен оларды "жау" деп аттым. Ал олар біреудің туғаны, туысы еді, сондықтан мен үшін бұл өте ауыр әрі қиын сұрақ. Мен әкімдік сыйлық алып келсе де ыңғайсызданамын, тіпті намыстанамын. Мен ешқандай қаһарман емеспін, мен тек отанды қорғадым. Менің тіпті "Совет одағының батыры" деген атағым да жоқ. Мен жай ғана аға сержантпын. Зейнетақымда да жетеді, жетпесе балаларым бар. Жасым болса келді, өміріме өкінбеймін, тек мен көрген соғыс енді әлемде қайталанбаса деймін, - деп аяқтады әңгімесін ардагер.

Қоштасар алдында Тамара Артёмовна Азаттық тілшісінің өзінен сұқбат алған алғашқы журналист екенін айтты. Сондықтан өзіне қатысты мақаланы мейлінше қарапайым етіп жазуды өтінді.

Ресми ақпарат бойынша, бүгінде Қазақстанда екі мыңнан аса соғыс ардагері бар. Оның төрт жүзге жуығы Алматыда тұрады. Биыл оларға қалалық маслихат шешімімен 250 мың теңге сыйлық табыс етілмек. Бұдан бөлек ардагерлер ай сайын 18 мың теңгеден әлеуметтік көмек алады. Санаторийде тегін демалып, қоғамдық көлікте тегін жүре алады.

XS
SM
MD
LG