Accessibility links

"Далаға лақтырғандай қылды". Басшылыққа "ыңғайсыз сұрақ" қойған жүргізуші жұмысынан айырылды


Қарағандыдағы жедел жәрдем станциясы көлігінің жүргізушісі Жомарт Сыздықбаев.
Қарағандыдағы жедел жәрдем станциясы көлігінің жүргізушісі Жомарт Сыздықбаев.

Қарағандыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Жомарт Сыздықбаев жұмыстан заңсыз шығарылғанын дәлелдеуге тырысып жүр. Ол еңбек шартын бұзуға жедел жәрдем жүргізушілерінің мәселелері туралы берген сұхбаты себеп болуы мүмкін деп топшылайды. Мұны жоққа шығарған билік өкілдері "жағдайды реттеуге" уәде беріп, жұмыстан шығару туралы шешім уақытша күшіне енбейтінін айтады.

- 10 жыл ішінде бірде-бір рет ескерту алған емеспін, адал жұмыс істедім. Ал енді олар мені мысық сияқты көшеге лақтырып тастады, - дейді Қарағандыдағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Жомарт Сыздықбаев. Ақпанның 25-і күні оның қолына "жұмыс берушінің бастамасы" бойынша еңбек шартын бұзу туралы бұйрық тиген.

Сыздықбаев ай сайын қолға алатын 85 мың жалақыға жедел шақыртуға асығатын жұмысын фельдшерлер және дәрігерлермен бірге адамдардың өмірін құтқарып жүргені үшін жақсы көргенін айтады.

Қаңтардың 23-і күні Сыздықбаев жедел шақыртудан қайтып келе жатып, жол көлік апатына түскен. Жүргізушінің айтуынша, сол түні жол көрінбей, жер тайғақ болған. Жедел жәрдем көлігінде қосылған дабыл жарығына қарамастан, жүргізушінің алдынан күтпеген жерден жеңіл автокөлік бұрылып шыға келген.

- Боран, көктайғақ болды. Жолдың бір жақ бөлігін қар басып қалған. Көлікпен соқтығысып қалмайын деп, басқа көлікті барып соқтым, - дейді ол.

Сот жол-көлік оқиғасына Сыздықбаевты кінәлі деп тапқан. Көлігінде видео жазатын құрылғы (жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері оны бұрыннан сұрап жүр) болмағандықтан, Жомарт өзінің кінәсіз екенін дәлелдей алмаған. Сөз таластырмай несие алып, достарынан қарызға ақша сұрап, "жедел жәрдем көлігін өз есебінен қалпына келтірген". Жөндеу жұмыстары тезірек аяқталса, жұмысқа да оралуға мүмкіндік болады деп сенген.

Бірақ арада біраз уақыт өтсе де, Сыздықбаевты қызметіне қайта шақырмаған, ол жалақысыз қалған. Жүргізушінің жұмыс берушілерге өкпе-назы арта түскен. Ақпанның 7-сі күні жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жедел жәрдем жүргізушілерімен кездесуде Сыздықбаев та өз мәселесі туралы айтып, журналистерге сұхбат берген.

Сол жиында жедел жәрдем көлігі жүргізушілерінің тарапынан көп шағым айтылған. Олар жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізушіні жұмыстан шеттету тәжірибесін тоқтатуды, оларды бүлінген көлікті өз есебінен жөндету міндеттемесінен босатуды, жедел жәрдем көлігіне видео жазатын құрылғы орнатуды, екіжақты сақтандыру жасауды сұраған. Ол кезде басшылық ұсыныстарды қарап, мүмкіндік болса, мәселені шешуге тырысатынын айтқан.

"ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫ ҮШІН" ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРУ

Ақпанның 24-і күні жедел жәрдем станциясында тәртіптік комиссияның отырысы өтіп, онда жүргізуші Жомарт Сыздықбаевты жұмыстан босату мәселесі қаралған. Ақпанның 25-і күні оған еңбек шартын бұзу туралы бұйрық көшірмесін тапсырған. Бұйрықта жұмыстан шығарудың ресми себебі – жол-көлік апаты деп көрсетілген. Жүргізушінің пікірінше, ол басшының қырына басқа себеппен ілінген.

- Сол жиналыста (ақпанның 7-сі күні өткен жедел жәрдем жүргізушілерінің жиыны – ред.) станция басшылығынан неге мені жұмыстан шеттетіп, жалақысыз қалдырғанын сұрадым. Көлікті жөндеттім, аты-жөнім ақпан айының графигінде тұрды. Ал енді мені мүлде жұмыстан босатты. Жұмыстан шығаруға жиналыстағы сөзім мен журналистерге берген сұхбатым себеп болды деп ойлаймын, - дейді ол.

Жедел жәрдем көлік жүргізушілері мекеме басшылығы және шенеуніктермен кездесуде еңбекақыны көбейту мен еңбек жағдайын жақсарту туралы талаптарын айтып тұр. Қарағанды, 7 ақпан 2020 жыл.
Жедел жәрдем көлік жүргізушілері мекеме басшылығы және шенеуніктермен кездесуде еңбекақыны көбейту мен еңбек жағдайын жақсарту туралы талаптарын айтып тұр. Қарағанды, 7 ақпан 2020 жыл.

Қазір Жомарт Сыздықбаев әйелі мен екі баласын асырау үшін такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүр.

- Маған осылай жасағандарына ренжідім. Шығынды өтедім ғой. Не үшін жұмыстан шығарды? Енді не істеймін? Отбасымды бірдеңе ғып, асырауым керек қой. Бірден басқа жұмыс табу оңай емес, сондықтан такси жүргізуге көштім, - дейді ол.

БИЛІК РЕАКЦИЯСЫ

Азаттықта жүргізушінің жұмыстан шығарылғаны туралы ақпарат жарияланғаннан кейін осыған дейін байланысқа шықпаған әртүрлі ұйым өкілдері жағдайға қатысты пікір білдіруге тырысты.

Жұмыс беруші ретінде пікір білдірген облыстық жедел медициналық көмек станциясының басшылығы жұмыстан шығаруды жол-көлік оқиғасымен байланыстырып, жүргізушінің күдігін теріске шығарды.

"Қызметтік міндетін бұзу, яғни қауіпсіздік техникасын сақтамаудың салдарынан болған жол-көлік оқиғасы мен мекемеге материалдық шығын келтіру фактісі тәртіптік комиссияның отырысында қаралып, еңбек заңнамасы нормаларын сақтай отырып, жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу туралы ортақ шешім қабылданды. Мекеме әкімшілігі тарапынан қызметкерлерге әділетсіз шаралар қолдану немесе қысым көрсету фактілері тіркелмеген. Жүргізушілердің жалақыны көтеру туралы негізгі талабын заңды және әділ деп танимыз. Қазір жүргізушілер көтерген мәселелердің бір бөлігін қарап үлгердік" деді облыстық жедел медициналық көмек станциясының өкілі.

Сыздықбаев ақпанның 25-і күні жұмыстан заңсыз шығару фактісі бойынша тексеру жүргізуді сұрап, шағым жазған еңбек инспекциясы өздеріне осындай өтініш келіп түскенін растады.

"Тексеріс бастап жатырмыз. Нәтижесіне қарап, жұмыстан шығару заңды болды ма, жоқ па, анықтаймыз" деді Қарағанды облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері мүше SENIM кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалы да мәселеге қатысты пікір білдірді.

"Кәсіподақ мүшесін жұмыстан шығарудың заңдылығын тексеріп жатырмыз. Кейінірек нәтижесін жариялаймыз" деді кәсіподақ өкілі.

Сыздықбаевты ақпанның 26-сы күні Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен кездесуге шақырған. Ол кездесуге өзін жұмыстан шығару туралы шешімге келіспейтінін айтып, жедел жәрдем көлігі жүргізушілерінің мәселесін жеткізу үшін барған.

Осы кездесуден кейін басқарма басшысы Ержан Нұрлыбаев еңбек инспекциясының комиссиялық зерттеу нәтижелері дайын болғанша жұмыстан шығару туралы бұйрықты күшіне енгізбеу туралы тапсырма бергенін айтты. Оның пікірінше, Сыздықбаев апаттан кейін онсыз да көп жаза алған.

- Жағдайды құқықтық алаңда шешу керек. Заңсыз шешім қабылданса, оның күші жойылады. Ал жүргізушіге заң бойынша тиесілі дүниелер қайтарылады. Дұрыс шешім қабылданған болса, демек, бәрі дұрыс. Менің ойымша, Сыздықбаев осы апаттан кейін онсыз да көп жаза алған: айыппұл төлеген, жұмысқа ертерек шығу үшін сот шешімін күтпей-ақ көлікті жөндеткен. Ары қарай Сыздықбаев өтініш берген еңбек инспекциясының не дейтінін көреміз, - деді Нұрлыбаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен кездесуден шыққан Жомарт Сыздықбаев Азаттық тілшісіне "бұл жағдай қоғам назарына іліккеннен кейін ғана" билік "өзінің әңгімесіне құлақ асқанын" айтты. Жүргізуші өзіне берілген уәделер "бос сөз" күйінде қалмайды деп үміттенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG