Accessibility links

Шығыны көп "ҚазАгро" зейнетақы миллиардтарын қайтара ала ма?


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 450 миллиард теңгесі (1,2 миллиард доллардан астам) "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингіне инвестиция ретінде салынды. Азаттық сөйлескен сарапшылардың кейбірі шығынға батқан компанияға қарызға берілген қаржы қайтпай қала ма деп қауіптенеді. Ал Ұлттық банк холдингтің кредит төлеу рейтингіне сенеді.

"НЕСИЕ ТӨЛЕУ ҚАБІЛЕТІ ЖОҒАРЫ"

"ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингінің ресми сайтында "компания облигациялары қарашаның 29-ында биржаға шығарылғаны, сауда-саттықта жалғыз сатып алушы - "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" (БЖЗҚ) болғаны жазылған. Бірақ бұл туралы ақпарат шамамен бір айдан кейін ғана - желтоқсанның 20-сында белгілі болды.

Зейнетақы қорының қаржысы 10 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға қарызға берілген. Мұндай шешімді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған.

Алматыдағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кеңсесі
Алматыдағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кеңсесі

Ұлттық банк пен "ҚазАгроның" бұл келісім туралы ресми мәлімдемелеріне қарағанда, алаңдауға еш негіз жоқ. Мәселен, Ұлттық банк хабарламасында "Бұл зейнетақы салымшыларына жыл сайын инвестициялық табыс әкеліп, агроөнеркәсіп секторын одан әрі дамытуға және модернизациялауға, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қарызын азайтуға септеседі" деп жазылған.

Ал "ҚазАгро" холдингінің сайтында жарияланған хабарламада "компанияның кредит төлеу қабілеті мен сенімділіктің жоғары екенін Fitch Ratings және Moody's Investors Service халықаралық агенттіктері жыл сайын растап келеді" деп жазылған. Холдинг ақпаратынша, "ҚазАгроның" ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі Fitch Ratings шкаласы бойынша "позитивті" болжамымен "BBB–" және Moody's Investors Service шкаласы бойынша "тұрақты" болжамымен "Ba1" бағасы берілген.

Қарай отырыңыз: Зейнетақы қорындағы ақшаны ұлттық компанияға берген дұрыс па? (22 желтоқсан 2018 жыл)

КІРІСІНЕН ШЫҒЫНЫ КӨП КОМПАНИЯ

2006 жылы құрылған "ҚазАгро" - Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік пен жекешелендіру комитетіне қарайтын, толықтай мемлекетке тиесілі компания. 12 жылдың ішінде холдингке қатысты ондаған дау туды. Әр жылдары ұлттық компанияның жоғары лауазымды қызметкерлері жемқорлық, ақша жымқыру бабымен сотталды. "Бюджеттің қомақты қаржысы бөлінген кейбір жобалары мүлдем іске аспады" деп депутаттар да, 2017 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де сынаған.

"ҚазАгроның" шығыны мен залалы табысынан әлдеқайда көп екенін ашық дереккөзден көруге болады. Мәселен, "ҚазАгроның" 2017 жылғы қаржылық есебінде "ұлттық компанияның шығыны 126 миллиард теңге" деп жазылған. Бұл залал көлемі 18,3 миллиард теңге болған 2016 жылғы көрсеткіштен 7 есе көп. Әрбір акциясы бойынша келген шығын 2016 жылмен салыстырғанда 5 есе артып, 60 теңгеден 320 теңгеге өскен. Акциялары құнсызданып, бір жылда 400 теңгеге арзандаған.

Холдинг есебінде "ҚазАгроның" шығынымен қоса кенелген табысы туралы да жазылған. 2017 жылы ұлттық компанияның кейбір бағыттар бойынша шығындары бірнеше есе өскен, түсім азайған. Мәселен, компания "негізгі құралдарды сатып алуға" 2016 жылы 298 миллиард теңге жұмсаса, 2017 жылы 586 миллиард теңге жаратқан. "Материалды емес активтерді алуға" 2016 жылы 172 миллиард теңге жұмсаған. 2017 жыл бұл шығын 4 есе көбейіп, 690,7 миллиард теңге болған.

Соңғы жылдары компания табысы күрт азайған. Мәселен, "ҚазАгроға" "өзі көрсеткен қаржылық қызметтерден" 2016 жылы 172 миллиард теңге түссе, 2017 жылы бұл 38,6 миллиард теңге болып, түсім 4,4 есе азайған. Компания акцияларынан келетін табыс та, кредиттік мекемелерден келетін түсім де бір жыл ішінде 3 есе азайған.

"ПРЕЗИДЕНТ, ҮКІМЕТ СЕНІП ЖАТЫР ДЕГЕН СӨЗ"

Парламент мәжілісінің депутаттары, аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері - Жексенбай Дүйсебаев мен Сәкен Қаныбеков "зейнетақы қорынан "ҚазАгроға" 450 миллиард теңге бөлгенінен хабардар екенін, бірақ комитетте бұл туралы талқы әлі болмағанын" айтты. Қаныбековтің сөзінше, холдинг бұл ақшаны қалай, қайда жұмсайтыны туралы қаңтардың 8-інде аграрлық мәселелер комитетінің алдында есеп береді.

"ҚазАгроға" берілген 450 млрд теңге

  • 2018-2020 жылдарға бекітілген бюджет бойынша, Солтүстік Қазақстан облысының – 9 жылдық, Жамбыл облысының 6 жылдық табысы;
  • Мемлекеттік тіл мен Қазақстандағы өзге диаспоралардың тілін дамытуға, қолданбалы ғылыми зерттеулерге бөлінген қаржыдан мың есе көп;
  • 2017 көлік жолдарын жөндеумен айналысқан "Нұрлы жол" бағдарламасына бөлінген сомамен шамалас;
  • Бұл ақшаға Қазақстан бойынша 70-тен аса мектеп салуға болар еді;
  • Назарбаевтың тапсырмасы бойынша "мұғалімдер жалақысын өсіру" үшін бөлінетін сомадан шамамен 7 есе көп;
  • Өңірлерді дамытуға бөлінген қаржыдан 2 есе көп;

- Мемлекет басшысы, үкімет ["ҚазАгроға" 450 миллиард теңге бөлу туралы] шешім қабылдаса, сеніп жатыр деген сөз ғой. Комитетте осы мәселені қарадық. Бізде мұндай сома алғаш рет беріліп жатыр. "ҚазАгро" өкілдері "жаңа ережелері болады. Енді тиімді пайдаланамыз" деп шет-жағасын айтып қалды, - дейді Сәкен Қаныбеков.

Депутат "ҚазАгроға" қаржы бөлу туралы шешім ұлттық басқарушы xолдингінің қаржылық жағдайын жақсартуға көмектеседі" деп санайды.

- "ҚазАгроның" бұрыннан келе жатқан қарыздары бар. Біраз банктің де қарызы болды. Кезінде субсидиялады, реанимациялады. Мынадай ақша бөлініп жатқан соң қайтадан қалпына келтіреді деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығына назар аудармаса болмайды ғой. Оны көтеру үшін ақша керек, - дейді Сәкен Қаныбеков.

Депутаттар арасында бұл шешімді қолдамағандар да бар. Азаттық желтоқсанның 22-сінде БЖЗҚ мен "ҚазАгро" арасынадағы келісім туралы сенат депутаттары арасында сауалнама жүргізген.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің мүшесі, сенат депутаты Еділ Мамытбеков "Біраз қайшылық бар. Маған [зейнетақы қорының 450 миллиард теңгесін беру] дұрыс емес сияқты. Бірақ үкіметтің шешімі бар ғой. Не істейсің енді?" деп жауап берген.

"САЯСИ ШЕШІМ ЖӘНЕ ЦЕСНАБАНКТІ ҚҰТҚАРУ"

Азаттық сөйлескен экономистер мен қаржыгерлер "ҚазАгроға" берілген зейнетақы қорына тиесілі 450 миллиард теңгенің қайтуы неғайбыл" дейді.

"ҚазАгроның" 260 миллиард шығыны - холдингте құрылымдық кемшіліктер бары мен оның өз бетінше жұмыс істей алмайтынының көрінісі
экономист Тимур Әбілқасымов

Бірі бұған "компанияның қаржылық көрсеткіштері әсер етеді" десе, кейбірі "ҚазАгро" құрылымының өзінен қауіп бар" деп санайды.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов холдинг пен Ұлттық банктің "ҚазАгро" - сенімді компания, кредит төлеу рейтингі жоғары" деген мәлімдемесімен келіспейді.

- Холдинг рейтингі оның қарыздарына мемлекет кепіл бергендіктен жоғары. "ҚазАгро" мемлекетке пайда әкелмейді деуге болады. "ҚазАгроның" шығыны 2018 жылдың үш тоқсанында 23 миллиард теңгеден асқан. 2017 жылы тап осы уақыт аралығында шығыны 63 миллиард теңге еді. "ҚазАгродан" субсидия алған компаниялар арасында табысқа кенеліп отырғандар аз емес, олардың басшылығындағы адамдар біраз уақыт Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде болды, - дейді ол.

"ҚазАгроның" шығыны туралы экономист Тимур Әбілқасымов "2017 жылғы шығындарынан бөлек, талай жылдан бері жиналып қалған шығын көлемі 260 миллиард теңге (782,7 миллион доллар) болған. Бұл – холдингте құрылымдық кемшіліктер бары мен оның өз бетінше жұмыс істей алмайтынының көрінісі" дейді.

"ҚазАгроның" өзі шығын көп екенін мойындайды. Бұл холдингке ақша бөлуге қатысты қызу талқы бұған дейін де болған.

2018 жылы қаңтардың 10-ында Қазақстан вице-премьері, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорында жиналған қаржының 10 пайызы "ҚазАгро" ұлттық компаниясының облигациясын сатып алуға бөлінетінін хабарлаған. Сол кезде Шөкеев компаниядағы шығынның екі себебін атаған.

"Біріншісі, кезінде компания шетелден валютамен несие алып, оны басқа екінші деңгейлі банктерге теңгемен салған. Кейін девальвация болған кезде бағам айырмашылығы шықты. Сосын, кейбір екінші деңгейлі тұрақсыз банктерге ақша салынып, салдарынан 58 миллиард теңге жоғалды. "ҚазАгро" үкіметтің ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі операторы болғандықтан, оның банкрот болуына жол бермейміз, жағдайын жақсартамыз" деген еді Шөкеев.

Өмірзақ Шөкеев
Өмірзақ Шөкеев

Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің сөзінше, зейнетақы қорының 450 миллиард теңгесін ұлттық холдингке беру - тәуекел, бірақ мәжбүрлі әрі саяси шешім. Ол "билік алдымен "ҚазАгроға" инвестиция құйып, осыдан соң "Цеснабанкті" құтқармақ" деп санайды.

- Мұндағы мақсат – Ауыл шаруашылығына белсенді түрде кредит берген "Цеснабанкке" қолдау көрсету. Қазақстанда мұндай жиі болады. Үкімет "соңғы рет бір қолдайын, келесі жолы инвестицияны дұрыс құямын" деп жиі айтады. Алайда құлдырауы аса қауіпті ірі банктер мен компаниялар бірінен соң бірі шығады. Біз шығынға батқан банктер мен ұлттық компанияларды осылайша қолдан жасап алдық, - дейді ол.

Рысмамбетовтің сөзімен экономист Айман Тұрсынхан да келіседі. Оның айтуынша, "ҚазАгроның" еншілес "ҚазАгроҚаржы" және "Аграрлы кредиттік корпорация" деп аталатын компаниялары қарыздарды үлкен жобаларға берген. Ал жобалар ол қарыздарды қайтара алмай жатыр.

- Әлгі ірі жобалар қарызды әрқашан жан-жақтан біріктіріп алады. Яғни, қарыздың бір бөлігін - "ҚазАгро", екінші бөлігін банктер береді. Қарызды ең көп берген - "Халық банк" пен "Цеснабанк". "Цеснабанк" шаруаларға астық қолхатын (астықтың белгілі бір мөлшеріне меншік құқығын растайтын, бағалы қағаз түріндегі қоймалық куәлік – ред.) беру бойынша нарықта көшбасшы еді, - дейді ол.

Сарапшының сөзінше, "ҚазАгро" Цеснабанктің қарыздарын сатып алмақ.

- Осылайша, зейнетақы қорынан алынған қаржы жаңа жобаларды қолдауға емес, бұрын әбден қаржыландырылған берешектерді төлеуге, ескі қарыздарды сатып алуға жұмсалады. Сондықтан 450 миллиард теңге мүлде пайда әкелмейді. Қайтпай қалуы да мүмкін, - дейді Айман Тұрсынхан.

Азаттық "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингіне "зейнетақы қорынан бөлінген 450 миллиард теңге "Цеснабанкті" қаржыландыруға жұмсала ма?" деп сауал жолдаған.

Холдингтің ресми жауабында "зейнетақы қорынан алынатын қаржы "Цеснабанкке" беріледі я берілмейді" деп нақты жазылмаған. Ал Азаттық тілшісі сөйлескен "ҚазАгро" баспасөз қызметінің өкілі "Цеснабанкті" құтқаруға жұмсалады" деген сарапшылар болжамын жоққа шығарды.

"ҚазАгроның" жазуынша, Ұлттық банк пен холдинг арасындағы келісім қарыздарды ұзақ мерзімде басқару стратегиясы шеңберінде жасалған және холдинг былтыр қаржылық көрсеткіштерін "жақсартқан".

"2018 жыл ішінде холдинг 420 миллион еуро (480 миллион доллар) сомасында сыртқы берешекті қысқартты. Бұл оның шетел валюталары курстарының өзгерісіне тәуелділігін азайтуға мүмкіндік берді" деп жазады холдинг ресми жауабында.

Ұлттық банк пен "Цеснабанк" Азаттық сауалына әзірге жауап берген жоқ.

"ЕШКІМДІ ТАБАЛДЫРЫҒЫНАН АТТАТПАЙДЫ"

Экономист Айман Тұрсынхан жеті еншілес компаниясы бар "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі құрылымының өзі – үлкен мәселе екенін" айтады. Олардың түгелге жуығы, сарапшы сөзінше, шығынға батып жатыр.

Eximar форсайтинг агенттігінің директоры Айман Тұрсынхан
Eximar форсайтинг агенттігінің директоры Айман Тұрсынхан

- Еншілестердің бірі "ҚазАгроҚаржы" компаниясының басшылары түрмеге жабылып қана қоймай, ендігі босап шыққан. Оның мерзімі өтіп кеткен кредиттерінің үлесі – 25 пайыз. "Аграрлық кредиттік корпорацияның" проблемалық кредиттері – 16 пайыз. Жергілікті стратегиямен айналысуы тиіс болған "ҚазАгроӨнім" үш жыл бұрын жекешелендіруге шығарылды. Бірақ ешкім алған жоқ, - дейді маман.

Есеп комитетін табалдырығынан да аттатпайды. Ұлттық компанияларға осындай жағдай жасалған
экономист Айман Тұрсынхан

Сарапшының сөзінше, зейнетақы қорынан берілетін 450 миллиард теңгенің қалай жұмсалып жатқанын тексеру мүмкін болмай қалады.

- Ұлттық компаниялар акционерлік қоғамы туралы заңға сәйкес, "ҚазАгро", "Самұрық-Қазына" сияқты компаниялар мемлекеттік сатып алулар мен бюджет қаншалықты дұрыс жаратылып жатқанын тексеретін органдарға бағынбайды. Яғни, Есеп комитетін табалдырығынан да аттатпайды. Ұлттық компанияларға осындай жағдай жасалған, - дейді ол.

Келісімнің сенімділігіне күмән келтірген тағы бір экономист Тимур Әбілқасымов Ұлттық банктің инвестициялық саясатын сынайды.

- Ұлттық банк зейнетақы қорының қаржысын (2014 жылы – ред.) Әзербайжан банкіне салды. Ал бұл банк 2017 жылы дефолт болды. Осыдан-ақ [Ұлттық банк] менеджменті қауіптерді бағалай алмайды деуге болады. Жиналған 780 миллион доллар, яғни 260 миллиард теңге шығыны бар "ҚазАгроға" зейнетақы қорының қаржысын салу да – осыған дәлел, - дейді сарапшы.

Зейнетақы қорындағы қаржының банктер мен түрлі жобаларға инвестиция ретінде берілетіні жайлы бұған дейін бірнеше рет айтылған.

Қазақстанның қаржы министрі Әлихан Смайылов "қорда жиналған қаржы инвестициялық табыс түсіру үшін беріледі" деген. Бұдан бұрын министр "қазақстандық банктерге маңызды жобаларға несие беру үшін зейнетақы қорынан 300 миллиард теңге алынады" деп хабарлаған.

2018 жылы мамырда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев банктер мен корпоративтік эмитенттерге зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеге дейін инвестиция салынатынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG