Accessibility links

Сандуғаш Тұрлыбекова айыппұлын белсенділігімен байланыстырады. Әкімдік мұны жоққа шығарады


Белсенді Сандуғаш Тұрлыбекова (Сурет Facebook парақшасынан алынды).
Белсенді Сандуғаш Тұрлыбекова (Сурет Facebook парақшасынан алынды).

Биыл 16 шілдеде Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықоваға "Ханның қызысыз ба?" деп төтесінен сауал қойып, жұртқа танылған жаңақорғандық белсенді Сандуғаш Тұрлыбекова көршілерімен арадағы тұрмыстық даудан соң тағы да әкімшілік жазаға тартылды. Мұны "белсендіге жасалған қысым" деп бағалайтындар бар. Ал жергілікті әкімдік "тұрмыстық жанжалды саясиландырмау керек" дейді. Белсендімен соттасқан көршілері Тұрлыбекованың "ар-намысқа тиетін сөздермен" балағаттағанын айтады.

"ҰСАҚ БҰЗАҚЫЛЫҚ" БАБЫМЕН ЕКІ РЕТ ЖАЗАЛАУ

Белсендінің айтуынша, 2020 жылғы 20 маусымда (Гүлшара Әбдіхалықовамен атышулы видео түсірілерден бұрын) Жаңақорған аудандық соты "қоғамдық тәртіпті және жеке адамның тыныштығын бұзды, жеке тұлғаны қорлады" деген айыппен Әкімшілік кодекстің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша, Сандуғаш Тұрлыбековаға шамамен 35 мың теңге айыппұл салған.

"Әбдіхалықова, ханның қызысыз ба?!" Жаңақорғанда полиция әкім келеді деп жолды жапқан
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

10 тамызда сот оны тағы осы айыппен әкімшілік жазаға тартқан. Кәмелетке толмаған баласы барын ескере отырып сот Тұрлыбековаға 38 892 теңге айыппұл салған және оның мінез-құлқына ерекше талап қойып, алты ай көршісіне дауыс көтермеуге, айына екі рет құзырлы органдарға барып, әңгімеселуден өтуге міндеттеген.

Сандуғаш Тұрлыбекованың сөзінше, алғашында бір подъезде тұратын көршісімен соттасқан, екіншісінде тағы бір көршісі арыз жазған.

– "Подъездегі жарықты өшірмедің, ақшасын мен төлеп отырмын" деп көршім дау шығарды. Ақшасын сол төлейтіні, электр желісі соның пәтеріне жалғанғаны рас, бірақ жарықты жаққан мен емес едім. "Есігімді тепті" деп мен арыз жаздым Ол "балағаттады" деп полицияға арызданды. Сөйтіп сот екеумізге де айыппұл салды, – дейді ол.

Сандуғаш Тұрлыбекова Жаңақорғандағы санаулы қос қабатты үйлердің бірінде тұрады. Оған су да, кәріз де тартылмаған. "Әкімдікке бірнеше рет барып жүріп, үй маңына су құбырын тартқыздық" деген ол құбырды екінші қабаттағы пәтеріне кіргізбек болған. Бұған тағы бір көршісі қарсы шыққан. Ізінше ол да полиция шақырып, "ар-намысыма тиді" деп Тұрлыбекованы сотқа берген.

Екі сот отырысы да онлайн режимде өткен, Тұрлыбекованың адвокаты болмаған. Өзі адвокат сұрамаған. Ол сотқа тартылуын белсенділігімен байланыстырады.

- Қоғам мәселесіне араласа бастағаныма екі жылдай болды. Осы уақыт ішінде бірнеше рет сотқа шақырды. Еліміздің қалаларында митингі өтеді деген хабар тараған кезде мен секілді белсенді әйелдерді шақырып, әңгімелеседі, - дейді ол.

БЕЛСЕНДІНІҢ КӨРШІЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық Сандуғаш Тұрлыбековамен соттасқан екі көршісімен сөйлесті. Екеуі де "көшіп келгеніне алты ай ғана болған" Сандуғаштың өзін айыптайды. 35 жастағы Әсел Қаппарова "көршіммен соттасамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті" дейді.

Сандуғаштың маған айтпаған сөзі қалмады, сосын мен де арыздандым, екеумізге де айыппұл салынды.


– Сандуғаш Тұрлыбекованың үстімнен арыз түсіргенін үйге полиция келгенде бір-ақ білдім. Балағат сөз қоспайтынымды көршілерімнің бәрі біледі. [Тұрлыбекова] ылғи [подъездегі] жарықты жағып кететін болды, төлейтін ақшасы да көбейді. Бірақ сол үшін көршімнің есігін тебетіндей жынды емеспін ғой, есігін қағып ескерткенім рас. Ал Сандуғаштың маған айтпаған сөзі қалмады, сосын мен де арыздандым, екеумізге де айыппұл салынды, – дейді ол.

Сандуғашты сотқа берген тағы бір көршісі Ғалия Бекмұхамедованың айтуынша, ескі үйдің ішіне су тартып, кәріз кіргізу қауіпті. Апат жағдайындағы ғимарат деп саналған, тозған үйлерге ешқашан су кіргізілмеген. Далада әркімнің дәретханасы бар.

- Пәтеріне су құбырын тартар алдында көршілердің де келісімін алмай ма? Құбыр жарылса немесе суы ағып кетсе онсыз да құлағалы тұрған үйіміз опырылып түспей ме? Осыны айтқанымда ар-намысыма тиетін сөздермен балағаттады, – дейді ол.

"ТҰРМЫСТЫҚ ЖАНЖАЛДЫ БЕЛСЕНДІЛІКПЕН БАЙЛАНЫСТЫРУ ҚИСЫНСЫЗ"

Азаттық Жаңақорған ауданының әкімдігі мен прокуратурасынан мән-жайды сұрады. Жаңақорған ауданының прокуроры Әбіш Дарын мен аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бәкіров "Сандуғаш Тұрлыбековаға ешқандай қысым жасалған жоқ" дейді.

Сандуғаш Тұрлыбековаға ешқандай қысым жасалған жоқ.


Прокурор Әбіш Дарынның айтуынша, "Сандуғаш Тұрлыбекованың үстінен шағымданушылар бұған дейін де болған. Бірақ ол істер бітіммен жабылған".

Жаңақорған аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Бибайым Нәлібаева да бұған дейін Тұрлыбекованың үстінен 3-4 рет әкімшілік іс қозғалып, олар медиация тәртібімен қысқартылғанын айтады.

Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бәкіровтің сөзінше, көршілердің арасындағы тұрмыстық жанжалды Сандуғаштың белсенділігімен байланыстырудың қисыны жоқ.

- Мән-жайды білмейтіндер облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықоваға сұрақ қойған соң Сандуғашқа қысым жасалды деп ойлайды. Олай емес. Облыс әкімі кеткеннен кейін Сандуғашты шақырған жоқпыз. Өзі әкімдікке күнара келеді, – дейді ол.

"САНДУҒАШ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ ҚОРҒАУДЫ ҮЙРЕТТІ"

Тамыздың басында бір топ әйел Сандуғаш Тұрлыбековаға салынған айыппұлмен келіспейтіндерін айтып, Жаңақорған ауданының әкімдігіне барып наразылық білдірген. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы әйелдер алдына келіп, сот шешіміне ықпал ете алмайтынын айтқан.

Өздерін WhatsApp-тағы "Ақжүніс – ерікті аналар тобы" чатының мүшелеріміз деп атайтын әйелдер "көршілер дауының саяси астары бар" деп санайды және Сандуғаш Тұрлыбекованы ақтауды сұрайды.

Мұның бәрі Сандуғаштың аяғынан шалу үшін жасалып отырған сияқты.


– Мұның бәрі Сандуғаштың аяғынан шалу үшін жасалып отырған сияқты. Ауданның мұқтаж отбасылары Сандуғаштың көп пайдасын көрді. Сандуғаштың арқасында әлеуметтік атаулы көмек пен жәрдемақы алдық, балаларымыға мектепке деп құрал-жабдығын тегін берді. Президент [Қасым-Жомарт] Тоқаев "кешірген" несиеміздің де құжаттарын Сандуғаш реттеп берді, – дейді "Ақжүніс" чатының мүшесі Гүлманат Ақбалаева.

"Ақжүніс" чатының тағы бір мүшесі Жадыра Жайдарханова "Сандуғаш бізге өз құқығымызды талап етуді үйретті" дейді. Алайда олар көршілер арасындағы даудың жай-жапсарын нақты білмейтінін, ол жайлы тек сырттан естігенін айтады.

WhatsApp-тағы "Ақжүніс" чатын 2019 жылдың ақпанында Астанадағы (қазіргі Нұр-Сұлтан) бір үйдің бес қызы өртенген қайғылы оқиғадан соң желі қолданушысы Сәуле Әбілдаханқызы құрған. Ол құқығын қорғай алмай жүрген тұрмысы ауыр әйелдерді осы чат арқылы біріктірмекке талпынған. Бес қыздың қазасынан кейін көп балалы әйелдер бірнеше ай бойы Қазақстанның түрлі қалаларында наразылық білдіріп, биліктен жоғары жәрдемақы, баспана талап еткен.

Сандуғаш Тұрлыбекова биыл 16 шілдеде Жаңақорған кентінің ауруханаларын аралап жүрген Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың алдынан шығып, жол жабылудың себебін сұрап, түсірген видеосын әлеуметтік желіде жариялаған еді.

Видеода Сандуғаш Тұрлыбекова мініп келе жатқан микроавтобусты жол полициясы "әкім жүреді" деп жібермей тұрғаны көрінеді. "Әрі қарай жаяу кетуге мәжбүр болдым" деген Тұрлыбекова аурухана алдынан облыс әкімін көріп, "жолды жапқызатындай ханның қызы ма едіңіз?" деп сауал қояды. Белсендіге жүре жауап берген Әбдіхалықова кейіннен арнайы видео таратып, өзінің де, аудан әкімінің де, аудандық ішкі істер бөлімінің де жолды жапқызбағанын айтып, учаскелік полицияға кінә артқан.

Облыс әкімі мен белсендінің диалогы әлеуметтік желіде кең тарап, түрлі пікір туғызды. Сандуғаш Тұрлыбекова осыдан кейін аудан әкімдігі мен аудан прокуратурасы шақырып, қысым жасауға тырысып жатқанын әлеуметтік желіде хабарлап жүрді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG