Accessibility links

"Арандатушы, азғындық". Полиция жаңаөзендіктерді қолдаған депутатты "жөнге салуды" сұрайды


Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, "Нұр Отан" партиясының мүшесі Аида Әбибуллаева.
Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, "Нұр Отан" партиясының мүшесі Аида Әбибуллаева.

Қызылорда полициясы облыс әкімінен жергілікті мәслихат депутаты, "Нұр Отан" партиясының мүшесі Аида Әбибуллаеваға "шара қолдануды" сұраған. Полиция депутаттың жыл басында Жаңаөзенде наразылық білдірген халықтың талабын қолдап жазған пікірін "арандату", "азғындық" деп бағалаған. Мұны "пікір білдіру хақыма қол сұғу" деп қабылдаған депутат сотқа жүгінетінін айтады.

ЖАҢАӨЗЕНДІКТЕР ТАЛАБЫН ҚОЛДАҒАН ДЕПУТАТ

Қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған халық наразылығы өзге өңірлерге тез тарады. Әлеуметтік желіде елде кедейлік, жұмыссыздық пен қымбатшылық қысқан халықтың күнкөрісі қиындап кеткенін айтып, жаңаөзендіктер талабын қолдаған азаматтардың пікірі көп жарияланды.

Қызылорда қаласында тұратын Аида Әбибуллаева 4 қаңтарда Facebook парақшасына "Барлық талап өте орынды! Газ, мұнай өндіріп отырып, бағасының аса қымбат болуы – нонсенс! Жанармай қымбаттаса басқа өнімнің де, азық-түліктің де қымбаттайтыны айдан анық! "Халық үніне құлақ асатын үкімет" қайда? Жағдай күрделі. Халықтың барлық ұсынысы естіліп, дұрыс шешім қабылдауын талап етеміз! Біздің өңірдегі бағалар да төмендетілсін!" деп пост жазды.

"Қазпошта" акционерлік қоғамы Қызылорда облыстық филиалын басқаратын Аида Әбибуллаева былтыр 10 қаңтарда облыстық мәслихатқа биліктегі "Нұр Отан" партиясынан депутат болып сайланған. Оның алдында халыққа қызмет көрсету орталығында директор болып істеген, облыс прокуратурасы жанындағы құқықтық статистика және ақпарат орталығында жауапты қызмет атқарған.

4 қаңтардағы жазбасы жарияланған соң бірнеше сағаттан кейін Аида Әбибуллаева әлеуметтік желіге тағы бір пост жазды. Онда Ақтауда митингіде тұрған халықпен кездескен үкімет комиссиясының газды арзандатуға, ешкімді жауапқа тартпауға уәде бергені және тараптар барлық мәселені диалог аясында заңға сай шешуге келіскені жайлы ресми ақпаратты бөлісті. Депутат Қызылорда өңірінде де қымбатшылық болып жатқанын айтып, үкіметтен мәселені шешуді талап еткен.

"Бағалар республика бойынша қайта қаралу керек. Біздің Қызылорда облысында да өте жоғары. Халықтың жағдайына қарау керек қой. Табиғи газдың бағасы 6 теңге болып еді баста, қазір 21 теңгеге көтерілді. Кімге өкпелейміз? Осыдан кейін, әрине, бәрі қымбаттап жатыр. Халықтың шыдамының жеткен жері осы шығар. Төмендетіңіздер бағаларды, құрметті үкімет мүшелері!" деп жазды Әбибуллаева.

Қаңтардың үші мен бесі аралығында жаңаөзендіктердің талабына үн қосып, көкейдегіні билікке жеткізуге талпынған азаматтардың бейбіт акциялары Қазақстанның түгелге дерлік өңірінде байқалды. Митингіде жылдар бойы қордаланған әлеуметтік проблемалармен бірге саяси талаптар да көтерілді.

Қазақстанда отыз жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылы президенттіктен кетсе де, өкіметке әлі ықпалын жүргізіп отырғанын, ол құрған авторитар билік жүйесі халықты өз басшысын өзі таңдау құқығынан айырғанын, бүкіл ұлтқа тиесілі байлықты ат төбеліндей топ иеленіп алғанын, әділетсіздіктен көз ашпаған мемлекетте барлық саланы жемқорлық жайлағанын айтқан азаматтар Конституцияда кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын еркін пайдаланғысы келетінін мәлімдеді.

Алайда 5 қаңтарда бірнеше қалада дүрбелең басталып, оның соңы билік нысандарына шабуылға, сауда нысандарын тонау мен бөтеннің дүние-мүлігін жоюға ұласты. Қызылордада облыс әкімдігі, сот пен билік партиясы ғимараттары өртеніп, полиция кеңсесіне шабуыл жасалды.

"АРАНДАТУШЫЛЫҚ, АЗҒЫНДЫҚ ПІКІР" ЖАЙЛЫ ХАТ

Аида Әбибуллаева 4 қаңтарда жазған екі постын Қызылорда облыстық полиция департаменті басшылығы "арандату" деп бағалап, депутатқа "шара қолдануын" сұрап облыс әкіміне хат жазғанын 1 ақпанда Facebook-тегі жазбадан білгенін айтады.

Хаттың көшірмесін әлеуметтік желіге қызылордалық белсенді, медиатор Ләззат Бақтыбаева жариялаған. Ол хатқа арасында Ақорда баспасөз қызметі, бас прокуратура, ішкі істер министрі, Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығы және басқалар бар – жиыны 70 шақты қолданушыны тіркеген.

​Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтанның атынан облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықоваға жазылған хатта құқық қорғау органдары "құқық бұзғандарды анықтау" мақсатында мониторинг жүргізіп, "халықты шеруге белсене шақырған лауазымды тұлғаларды" анықтағанын хабарлаған.

"Олардың бірі Әбибуллаева Аида, облысымыздағы "Қазпошта" акционерлік қоғамының директоры әрі облыс мәслихатының депутаты бола тұра өзінің "Facebooke" әлеуметтік желісінде "Aida Abibullayeva" атты парақшасында 5 мыңға жуық оқырманына халықты үкіметке қарсы қою жөнінде арандатушылық (пост) жариялаған. Елімізде ерекше рөлі бар тұлғалардың әлеуметтік желіде азғындық пікір жариялағандары қызметтік теріс қылық әрекетіне жататыны анық. Осыған байланысты, өзіңіздің тарапыңыздан жоғарыда аталған тұлғаларды заң шеңберінде қатаң жазаға тартуыңызды сұраймын" деп жазған полиция департаменті басшысы.

Азаттық тілшісі осы хатқа байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті басшылығынан пікір сұрағанымен ешқандай жауап ала алмады.

Облыстық жергілікті полиция қызметі ғимараты алдындағы өткізу пункті (КПП) наразылық кезінде қиратылып, өртелген. Қызылорда, 7 қаңтар 2022 ж.
Облыстық жергілікті полиция қызметі ғимараты алдындағы өткізу пункті (КПП) наразылық кезінде қиратылып, өртелген. Қызылорда, 7 қаңтар 2022 ж.

Ал Қызылорда қалалық полиция басқармасы облыстық полиция департаментінің облыс әкіміне әлгіндей хат жолдағанын растады.

"Президент жарлығымен жарияланған төтенше жағдай кезінде, яғни 17 қаңтарда Қызылорда облысы әкіміне полиция департаменті облыс мәслихат депутаты А.Әбибуллаева мен халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары А.Қайруллаевтың әлеуметтік желіге жариялаған жазбаларына (пост) қатысты ұсыныс хат жолдаған" делінген хатта.

Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Айдын Қайруллаев Азаттыққа пікір білдіруге ықылас танытпады.

"ТӘТТІ ӨТІРІКТЕН АЩЫ ШЫНДЫҚ АРТЫҚ"

Аида Әбибуллаева жайлы полиция басшылығының хатын әлеуметтік желі қолданушылар сынға алды. Олар өз ойын айту қылмысқа жатпайтынын, Қазақстан Конституциясы әр азаматқа пікір білдіру хақын пайдалануына кепілдік беретінін еске салады.

"Жазаға тартатындай Аида Әбибуллаева Маңғыстаудан сайланған мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннан артық не айтты? Халықтың жанайқайын мәслихат депутаты көтермегенде кім көтереді? Аида Әбибуллаева осы мәселені Мәжілістің мінберінен көтергенде мұндай қайғылы оқиға орын алмас па еді?" деп жазады Мұрат Балабай.​

"Сынды терic бағалап, сын айтқанды жау санап, елдiң аузын жапқаннан көпшілік кедей болды. Кедейлік көтеріліске, қантөгіске әкеп соқты. Сонда шырылдаған депутат қауiптi ме, әлде сыншының аузын жабам деген шендi қауiптi ме?" деген сауал қояды Серік Алпысов есімді қолданушы.

"Тәтті өтіріктен ащы шындық анағұрлым жақсы. Қоғамдағы өзгерістерді түсінгісі келмейтін шенеуніктер жұмыстан кеткені дұрыс" деп жазады Мұрат Бақтиярұлы.

Болат Нұрқожаев: "Бізде не, пікірге [бола] жазаға тартатын 37-жыл келді ме? Онда департамент басшысы Конституцияға өзгеріс енгізсін, бізде демократиялық мемлекет емес, пікірге де жазаға тартатын репрессиялық мемлекет орнады деп" деген пікір айтқан.

"Ішкі істер департаментіне қоғамдық қауіпсіздік емес, әлеуметтік желіні мониторингілейтін ішкі саясат функциясы жүктелген болып тұр. Ал облыс әкімдігіне сот жүйесі функциясы алынғандығы көрініп тұр. Жалпы соңғы бейбіт ереуілдер оқиғаларынан кейін біз тәуелсіз елде тұратынымызға қатты күмән болып жатыр ғой" деп қорытады Индира Ақжігітова.

МӘСЛИХАТ ПЕН "НҰР ОТАН" ПАРТИЯСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Облыс әкімдігінің аппараты полиция департаменті басшылығынан келген хатты облыстық сайлау комиссиясына, облыстық мәслихатқа және биліктегі "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалына жолдаған.

Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов облыс әкіміне полиция басшысы жолдаған хатты оқып, мазмұнымен танысқанын айтады. Ол хат жайлы Азаттыққа пікір білдірген Байқадамов егер депутат мәслихат регламентін бұзбаса, өкілді орган оның ісіне құқықтық баға бере алмайтынын айтты.

Қызылорда облыстық мәслихаты хатшысы Наурызбай Байқадамов. 3 ақпан 2022 жыл.
Қызылорда облыстық мәслихаты хатшысы Наурызбай Байқадамов. 3 ақпан 2022 жыл.

– Әріптесіміз мәслихат регламентінде бекітілген талаптар мен ережелерді бұзып жатса, заң бойынша, шараның екі түрі ғана көрсетілген. Оның біріншісі "мінеу", яғни, оның жіберген кемшіліктерін ескерту, есіне салу, назарға алу. Ал, екіншісі артық кеткен әрекеті үшін "кешірім сұрату". Қазіргі жағдайда депутаттың жеке тұлға ретінде құзырлы органдарға шағымданып, ар-намысын қорғауға құқығы бар. Біз қазір әріптесіміздің депутаттық өкілеттігінен тыс іс-әрекетіне араласа алмаймыз, – деді облыстық мәслихат хатшысы.

Ал "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалы Азаттық сұрағына ресми жауап бермегенімен, Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына Аида Әбибуллаеваның жазбаларында "арандатушылық", "азғындық" әрекеттердің жоқтығы анықталғанын хабарлаған.

"АБЫРОЙЫМДЫ ҚОРҒАЙМЫН"

Мәслихат депутаты Аида Әбибуллаева өз ой-пікірін білдірген жазбаларды полиция департаменті басшысының "арандатушылық" және "азғындық" деп бағалауымен келіспейтінін айтады. Сондықтан осы хатқа байланысты полиция департаменті бастығының үстінен сотқа талап арыз түсірмек.

– Хатта әлеуметтік желіде жазған жазбаларыма полиция департаменті "арандатушылық орын алып тұр, азғындық пікір бар, халықты митингіге шақырды" деп баға беріп тұр. Алайда менің қай жазбамда, қай сөйлемінде ондай әрекет барын нақтыламайды, – дейді ол.

Ол дауға себеп болған әлеуметтік желіге жазған жазбаларын лингвистикалық сараптамаға жібергенін, алдағы уақытта сотқа жүгінуге дайындалып жатқанын айтты.

– Жазбаларымда расымен "азғындық", "арандатушылық" және "митингіге шақыру" ниетіндегі сөйлемдер бар ма, жоқ па, соны нақтылағым келеді. Бұған қоса полиция департаменті жазған ресми хаттың ішіндегі айыптаулар менің ар-намысыма нұқсан келтіре ме, жоқ па, соны да анықтау мақсатында ол хатты лингвистер сараптамасына жөнелттім. Сараптама менің жазбаларымда заңбұзушылық жоқ, полиция департаментінің хатындағы айыптаулар менің абыройыма нұқсан келтіреді деген қорытынды шығарса, мен сотқа жүгінемін, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Аида Әбибуллаева.

Ресми дерек бойынша, Қызылорда облысында қаңтардағы дүрбелеңге байланысты 952 адам полицияға жеткізілген. 138 адамға әкімшілік шара қолданылып, 59 қылмыстық іс бойынша 99 адам күдікті ретінде қамалған. Дүрбелең кезінде Қызылорда қаласында 25 адам қаза тапқан. Оның біреуі – әскери қызметкер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG