Accessibility links

Теміртауда кеншілердің "Жақтау" кәсіподағының шағымы бойынша сот жалғасып жатыр. "Жақтау" қазақстандық Yvision блог-платфонмасында шыққан мақала "ар-намысқа тиеді" санап, авторларды сотқа берген.

ШАҒЫМ ТҮСІРУГЕ СЕБЕП

"Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау" бабы бойынша жүріп жатқан азаматтық іс аяқталып келеді. Сот интернетте 2017 жылы жарияланған "ЛжеРобингуд, или как заработать на дом в Сочи председателю взносами профсоюзу "Жактау" және "Виктор Парамжитович: разделяй и властвуй" мақалаларына қатысты өтіп жатыр. "Жақтау" кәсіподағы бұл мақалаға полиция мен ірі компанияның коммуникация бөлімі қызметкерінің қатысы бар деп санайды. Шағымданушы тарап мақаланы терістеуді және моральдық шығын өтеп беруді талап етеді. Олардың ойынша, мақалалардағы ақпарат "жалған". Жауап беріп жатқан тарап айыптарды жоққа шығарады. Жауапкерлер сот отырысына келген жоқ, олардың орнына адвокат жауап берді. Екі тарап іске қатысты қандай да бір пікір айтудан бас тартты. Жауапкердің бірі Азаттық тілшісінен аты-жөнін жазбауды сұрады.

Сотта шағымданушы тарап "Қазақтелекомнан" мақала қай интернет серверден жарияланғаны туралы ресми жауап алған. Бұл абонентте үш адам тіркелген. Оның екеуі сотта – жауапкер. Ал үшінші адам - марқұм болған зейнеткер. "Қазақтелекоммен" абоненттік келісім-шартты соттағы жауапкер полиция жасасқан.


- Жауапкерлер интернетті "бұзып" кірген деп санайды. Бірақ біз [мақаланы] дәл осы жауапкерлер жазған деп ойлаймыз. Олар "бұзғанын" дәлелдесін. Біздің қолымызда ресми жауап бар. "Қазақтелеком" IP-дің мекенжайы туралы бүкіл ақпаратты берді. Жауапкерлер мұны жоққа шығармайды, - дейді кеншілер кәсіподағының соттағы өкілі, заңгер Марина Гавриченкова.

Гавриченкова жауапкерлердің адвокатына "интернетке "бұзып" кірген болса неге "Қазақтелекомға" шағымданбадыңыздар?" деген сауал қойды.

- Бұл - қағазбастылық. Пайда қандай? Арыз жазып, уақыт жоғалтып жүреміз. Ол арыз құпия іс деп ашылмайды. Жауапкер – полиция қызметкері. Ондай арыздан көп түседі, - деді екінші тараптың адвокаты Ольга Клейман.

Осыған дейінгі отырыстарда "Қазақтелеком" өкілі абонент өз интернетін басқа бір адам қолданып жүргеніне күдіктенсе операторға хабарлауына болатынын, бірақ ондай шағым түспегенін айтқан.

МОДЕМДІ ТЕКСЕРУ

Сотта шағымданушы тараптың арызымен мақала жарияланған интернет модемді тексерді. Сотқа қатысқан арнайы мамандар модемнің жады тазартылып, онда ешқандай ақпарат жоқ екенін анықтады.

- Модемнің "журналы" өшірілген. Қашан және кім өшіргенін айта алмаймын. Модемде "өшіру" деген тетік тұр. Пароль көріп тұрған жоқпын. Пароль орнату және оны алып тастау - бір минуттық жұмыс. Модемді "бұзу" әрекеті болған, я болмағанын білмейміз, - деді сотқа шағымданушы тарап жақтан келген IT-маман.

Ал жауапкер тараптан келген техник "модем зауыттан "таза болып келуі" мүмкін" екенін айтты.

Судья Лаура Тоқшылықова шағымданушы тараптан келген IT-маманнан "өткен сот отырысынан кейін модемді тазартып тастау мүмкін бе?" деген сұрағына ол "мүмкін" деп жауап берді.

Оқи отырыңыз: АМТ кенші ереуілін "заңсыз" деп тануды сұрады

Сот жауапкер тараптан келесі отырысқа абоненттік келісім-шарттың көшірмесін әкелуді сұрады. Шағымданушы тарап "Қазақтелекомнан" мақала жарияланған модемнің mac-мекенжайын сұрап, арыз түсірді. Судья олардың арызын мақұлдады. Бұл мәселе де алдағы сот отырысында талқыланады.

Yvision блог-платформасына екі мақала былтыр желтоқсанда кеншілер ереуілі кезінде жарияланған. Кейін мақалалар бірнеше күннен кейін жойылған.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG