Accessibility links

Әйнек қабырға әкімдікке кіруді оңайлата ма?


Шымкент қаласы әкімдігіне келіп, әкіммен кездесуді талап етіп тұрған аналар. 25 ақпан 2019 жыл.
Шымкент қаласы әкімдігіне келіп, әкіммен кездесуді талап етіп тұрған аналар. 25 ақпан 2019 жыл.

"Әкіммен тікелей сөйлесу мүмкін емес" деп шағынады тұрғындар. Ал билік "Ашық әкімдік", "Сервистік әкімдік" жобалары арқылы әкімдерді "халыққа жақындатқанын" айтады. Саясаткер "жергілікті өзін-өзі басқару іске қосылса, тұрғындарды қабылдауға әкімнің өзі мүдделі болады" деп санайды.

Алматы қаласы әкімдігінің кіре берісіндегі кабинеттің жартылай ашық тұрған есігінен қатты шығып жатқан дауысты естімеу мүмкін емес еді. Қабылдау бөлмесіндегі қызметкермен сөйлескен әйел бір кезде смартфонын алып, даулы әңгімені видеоға жазып алуға тырысқаны байқалды. Біршама уақыттан соң кабинеттен ашулы шыққан әйелмен тіл қатысып қалдық.

"АЛМАТЫ ӘКІМІ ҚАБЫЛДАМАЙ МА?"

- "Кәусарбұлақ" әлеуметтік көмек көрсету қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлданай Қамбаровамын. Алматы әкімінің орынбасары Марат Сембековке кіріп, мәселемді айтайын деп едім. Бірақ кірмек түгілі алдын ала қабылдауына жазбай отыр. Ал, мында Марат Сембековтің тұрғындарды қабылдайтын күндері көрсетіліп тұр, - деп қынжылды ол.

Қала әкімі орынбасарының қабылдауына жазыла алмай тұрған Ұлданай Қамбарова. Алматы, 8 ақпан 2019 жыл.
Қала әкімі орынбасарының қабылдауына жазыла алмай тұрған Ұлданай Қамбарова. Алматы, 8 ақпан 2019 жыл.

Ұлданай көрсеткен тақтайшада Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектен бастап, оның бес орынбасарының тұрғындарды қай күні қабылдайтыны жазылған. Оның сөзінше, әкімдік қызметкері Ұлданай Қамбароваға таяуда қызметке тағайындалған Марат Сембеков әзірге тұрғындарды қабылдай алмайтынын айтқан.

Белсенді "Кәусарбұлақ" қоғамдық ұйымы арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың мүшелеріне жұмыс орындарын ұйымдастырып жүр. Оның айтуынша, әкім орынбасарынан кейбір бюрократиялық кедергілерден өту үшін көмек сұрағысы келген. Осыған ұқсас мәселемен әкімнің бұрынғы орынбасарына кіруге де бірнеше рет талпынғанымен, нәтиже шықпаған.

"Өзіңіз тұратын аудан әкіміне немесе қала әкімі Бауыржан Байбекке неге жазылмайсыз?" деген сауалымыз Ұлданай Қамбарованы одан әрі қынжылтқандай болды.

- Аудан әкімдіктеріне барудың пайдасы жоқ. Олар ештеңе шешпейді. Ал Бауыржан Байбектің тұрғындарды қабылдамайтынын жұрттың бәрі біледі, - деп қолын бір сілтеді.

Алматы қаласы әкімінің есеп беру жиынына кіре алмай тұрған азаматтар. 20 ақпан 2019 жыл.
Алматы қаласы әкімінің есеп беру жиынына кіре алмай тұрған азаматтар. 20 ақпан 2019 жыл.

Кабинетте әкім мен оның бес орынбасарының қабылдауларына тұрғындарды жазып отыратын жалғыз қызметкермен Азаттық тілшісі де сөйлесіп көрді.

Аты-жөнін айтудан бас тартқан қызметкердің сөзінше, қала әкімі Бауыржан Байбек айына бір рет, бес орынбасары аптасына бір рет тұрғындарды қабылдайды.

- Қабылдауға жазылу үшін не мәселе бойынша келгеніңізді жазбаша түрде бересіз. Мәселені әкімдік қызметкерлері шеше алмаса, әкімнің орынбасары қабылдайды. Шағымданушы оған да қанағаттанбаса, әкімнің қабылдауына жазамыз. Ұлданай Қамбарованы ақпанның 20-сына жазып қойдым, - деді ол.

"АШЫҚ ӘКІМДІК"

Алматы қаласының әкімі мен орынбасарларының қабылдауына жазылатын кабинетке кез келген қала тұрғыны кіре алады, бірақ олар рұқсат қағаз алғаннан кейін бірнеше полиция тексерісінен өтеді.

Журналистер Алматы қаласы әкімдігіне кіре алмай тұр. 6 ақпан 2019 жыл.
Журналистер Алматы қаласы әкімдігіне кіре алмай тұр. 6 ақпан 2019 жыл.

Әкімнің қабылдауына кіру қиын деп санайтындардың бірі Ерқанат Сәрсенбайұлы Қызылорда облысында тұрады. Оның айтуынша, үлкен қалаларды айтпағанда шағын аудан әкімдерінің қабылдауында болу да оңай емес.

- Әр әкімнің қабылдайтын уақыты бар. Бірақ ол дәл сол уақытта қабылдайды дегенді білдірмейді. Өйткені "әкім аяқ астынан жиналысқа кетіп қалады". Өзім, мәселен, Шиелі ауданы әкімінің қабылдауына барып көрдім. Ондағылар не мәселемен келгенімді сұрады да, соған жауап беретін бөлімдерге жібере салды. Әкіммен тікелей сөйлесу мүмкін емес. Халық өз проблемасын тек әкім ғана шеше алады деп ойлайды. Басқалар шешсе, әкімде несі бар, - дейді ол.

Ерқанат Сәрсенбайұлы өзге өңірлерде әкімдердің халықпен қалай сөйлесетінін бақылап отыратынын айтады. Биыл ақпан айының басында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің бір күн халықтың ортасына шығып, тұрғындарды тікелей қабылдағаны жақсы тәжірибе деп санайды.

- Әкім кабинетінде келушілерді жеке-жеке қабылдап үлгермейміз деп уәж айтуы мүмкін. Бұл тұрғыда Алтай Көлгіновтің тәжірибесі көңілге қонымды. Әкімдердің халыққа беретін есебін де "халықпен кездесу" деп атап жүр, бірақ бұл формат ескірді. Қазір әкімнің есебіне ешкім қызықпайды да. Барғысы келетін тұрғындар бәрібір кіргізбейтінін біледі. Кірсе де, сол жерде сұрақты жазып алып, қарамағындағыларға бергендей болады. Одан нәтиже шамалы, - дейді ол.

Ерқанат Сәрсенбайұлы айтқан Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің аймақ тұрғындарын қабылдауы биыл қаңтардың соңына қарай өткен.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов (оң жақта) "Ашық әкімдік" күні тұрғындарды қабылдап отыр. Орал, 26 қаңтар 2019 жыл. (БҚО әкімдігі сайтындағы сурет.)
Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов (оң жақта) "Ашық әкімдік" күні тұрғындарды қабылдап отыр. Орал, 26 қаңтар 2019 жыл. (БҚО әкімдігі сайтындағы сурет.)

Әлеуметтік желілерде жарияланған фотосуреттерден облыс әкімі Алтай Көлгіновтің көпшілік ортасында тұрғындармен жеке-жеке сөйлесіп отырғаны көрінеді. Әлеуметтік желілерде әкімнің бұл әрекетін "жақсы бастама" деушілер де табылған.

Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жарқын Түсіпбекұлының Азаттыққа айтуынша, "Ашық әкімдік" форматымен өткен кездесу "облыс әкімінің қабылдауына кіріп үлгермеген азаматтарға жақсы мүмкіндік".

- "Ашық әкімдік" таңғы тоғыз жарымда басталып, кешкі бес жарымда аяқталды. Бұл қабылдауға облыстың жауапты қызметкерлері қатысты. Барлығы 525 адам қабылданды, соның ішінде 150 адамды облыс әкімінің өзі қабылдады. Батыс Қазақстан облысы "Ашық әкімдік" форматында халықпен кездесуді 2017 жылы бастады, жылына 3-4 рет өткізеді. Халықпен кездесудің мұндай форматы жоғарыдан түскен тапсырма емес, Батыс Қазақстан облысы әкімінің өз бастамасы, - дейді ол.

Жарқын Түсіпбекұлы "Ашық әкімдік" форматын ұйымдастыру жұмыстарына тікелей араласатындықтан облыс әкімімен кездескісі келетіндерге шектеу қойылмағанын айтты. Оның сөзінше, мұндай түрдегі халықпен кездесу облыстағы барлық қалалар мен аудандарда тұрақты өткізіледі.

Алайда "Ашық әкімдік" өткеннен кейін, ақпанның басында Алтай Көлгіновтің халық алдындағы есебіне оралдық белсенді Айболат Бөкеновті кіргізбей, полицияға алып кеткені туралы ақпарат тарады. Айболат Бөкеновтің өзі Facebook парақшасында "есеп беру – әкім қалаған сценарий бойынша өтті" деп баға берген.

Жарқын Түсіпбекұлы да Facebook парақшасында "кейінгі кезде әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін саясиландыру белең алып барады... Ашықтық пен айқайшылдықты шатастырмасақ екен. Транспаренттік бойынша дәл Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұялатын дәнеңе жоқ" деп жазды.

"СЕРВИСТІК ӘКІМДІК"

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі өткізетін "Ашық әкімдік" жобасы басқа облыстарда да түрліше пайдаланылады. Алматы қаласында да бұл жоба бар. Бірақ Алматының тұрақты жұмыс істейтін "ашық әкімдігі" қаланың басқа жерінде өз алдына бөлек орналасқан. Ол жерде тұрғындар әкіммен немесе оның орынбасарларымен кездесе алмайды, қандай да бір проблемалары бойынша кеңес ала алады.

Әкімдік қызметін халыққа жақындату мақсатында биліктің басқа да түрлі тәсіл ойлап табуға тырысатыны байқалады. Соның бірі "Сервистік әкімдік" әзірге Алматы облысының Үштөбе қаласында ғана бар.

Үштөбе қаласындағы "Сервистік әкімдік" қызметкерлері тұрғындарды қабылдап отыр. Алматы облысы, 27 желтоқсан 2018 жыл. (Ресми сайттағы сурет.)
Үштөбе қаласындағы "Сервистік әкімдік" қызметкерлері тұрғындарды қабылдап отыр. Алматы облысы, 27 желтоқсан 2018 жыл. (Ресми сайттағы сурет.)

2018 жылдың соңында Үштөбе әкімдігіне барған мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың жаңа форматты өзге әкімдіктерге үлгі ретінде ұсынғаны хабарланды. Бұл хабарға қарағанда Алик Шпекбаев "аудан әкімінің қабырғалары терезеден тұратын, сырттан қарағанда әкімнің өзі көрінетін" кабинетіне қарап, әкімді "нағыз халықшыл әкім" деп бағалаған.

Азаттық тілшісі "сервистік әкімдік" жайлы осы әкімдіктің мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Меруерт Бодаубековамен сөйлескен еді. Оның айтуынша, жоғарыдан Open Space технологиясын енгізу туралы тапсырма келуіне байланысты аудан әкімдігінің қызметкерлері отыратын кабинеттердің бір қабырғасы әйнектен жасалған.

- Әкім халыққа жақын болу үшін 39 шаршы метр кабинетінен бас тартып, 11,5 шаршы метрлік кабинетке ауысты. Кабинетінің бір қабырғасы әйнек болған соң әкімнің не істеп отырғанын қарапайым адамдар көре алады. Бұрын әкімге кірерде алдын ала жазылатын, қазір есік қағып кіре береді. Әкімнің өзі де сыртқа шығып, келгендермен еркін сөйлесе береді, - дейді ол.

Фотогалерея. Алматы мен Астана әкімдерінің халықпен кездесуі

ӘКІМДІ КЕЗДЕСУГЕ МҮДДЕЛІ ЕТУ

Әкімдердің тұрғындарды аптасына немесе айына бір рет қабылдауы, "Ашық әкімдік" және "Сервистік әкімдік" секілді түрлі жобалардың нәтижесіне сеніммен қарайтындар да, күмәнданатындар да бар. "Әкімдерді сайлау керек, сонда халыққа жақын болады" деген қоғамдық пікірден кейін осыдан бірнеше жыл бұрын кей аудандар мен қала әкімдерін сайлап та көрген.

Қазақстандағы сайлаудың әр түрін ұзақ жылдардан бері бақылап, билікке түрлі ұсыныстар айтып жүрген саясаткер, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың ассоциациясы – "Азаматтық альянстың" вице-президенті Дос Көшім "әкім сайлау да, ашық әкімдік те, сервистік әкімдік те" көздеген мақсатына жете алмайды деп санайды.

- Қазір әкімдікке кіру мүмкін емес. Керісінше, халыққа есігі қашан да ашық мекеме – атқарушы билік болуы керек. Біздің атқарушы билігіміз құпия қызмет орны сияқты. Ал әйнек қабырға қойып, "біз ашықпыз" деу күлкілі. Тіпті, совет өкіметінің кезінде де аудандық партия комитетінің есігі ашық болатын. Мәселен, Германияда атқарушы биліктің ашық, аудандық әкімшілігінде бір полиция жоқ екенін көріп қатты таңырқадым, - дейді ол.

Дос Көшімнің сөзінше, "Ашық әкімдік" жобасы біршама дұрыс шешім. Бұл мәселені "Азаматтық альянс" бастапқыда "Ашық үкімет" деген идеямен көтерген. Бұл идея бойынша кез келген әкімдік алдында тиісті мамандар келген тұрғындармен сөйлесе беретіндей жағдай туғызу қажет.

- Бірақ ол әкімдік алдындағы әкімдік сияқты болмауы керек. Шын мәнінде бұл да мәселені толық шешпейді. Қазіргі әкім сайлау деп жүргеніміз де көз алдаудың бір түрі екеніне көзім жеткен. Оны шешудің жолы жергілікті өзін өзі басқару, яғни муниципалитет жүйесін енгізу. Жергілікті өзін өзі басқару туралы заңды бес рет ұсынсақ та, өткізе алмадық. Ол іске қосылса, әкімдерді сайлау немесе сайламау мәселесі күн тәртібінен түсіп қалады. Жергілікті өзін өзі басқару іске асса, әкімдерге кіре алмай жүрген Ұлданай Қамбарова секілді адамдармен кездесуге әкімнің өзі мүдделі болады, - дейді ол.

Азаттық тілшісі арада бірнеше күн өткенде Ұлданай Қамбаровамен тағы хабарласқанда ол әкім орынбасары сол күйі қабылдамағанын айтты.

- Әкімшілік халықпен тығыз жұмыс істеу керек. Халықты көшеге шығуға итермелемеу керек, - деді белсенді.

Соңғы бірнеше аптада түрлі талаппен Алматы әкімдігіне келе бастаған көп балалы аналар да осыған ұқсас пікір айтқан. Ақпанның басында Астана қаласында өртенген үйде қалған бес бала қаза болғаннан кейін Қазақстанның бірнеше өңірінде әкімдікке әлеуметтік жағдайларын айтып жаппай келе бастаған көп балалы тұрғындар өздерін әкімдермен кездестіруді талап еткен.

Ақпанның 25-і күні Шымкентте қала әкімдігіне келген ондаған көп балалы ана сұрақтарына әкім Ғабидолла Әбдіраxымовтың жауап беруін талап етті. Қала әкімі тұрғындармен кездесуге шықпады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG