Accessibility links

Жаңа премьерге ескі проблемаларды шешу міндетін артты


Қазақстанның жаңа премьер-министрі Олжас Бектенов
Қазақстанның жаңа премьер-министрі Олжас Бектенов

Үкімет отставкаға кеткен соң екі күннен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі басты проблемаларды тізіп сөйледі. Оларды шешу міндеті жаңадан тағайындалған премьер-министр Олжас Бектенов пен оның командасына жүктеледі.

"Формализмге, бюрократияға және басы артық жиынға салынбай, белсенді жұмыс істеуге бағыттағым келеді. Аз сөйлеп, көп іс тындыру", – Бектенов жаңадан тағайындалған ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа осыны айтты.

6 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілігінің жетекшісі қызметінен елдің жаңа премьер-министрі болып лауазымы өскен Олжас Бектенов сол күні өз басқару философиясын осылай сипаттады.

Әсіресе оның "Аз сөйлеп, көп іс тындыру" деген сөзі естіген құлаққа тосын естілді. Өйткені Қазақстанда ондаған жылдан бері қалыптасқан әдет бойынша, көбіне премьер-министр емес, президент сөйлейді, қоластындағы шенеуніктер оның айтқанын бас шұлғып тыңдайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Келесі күні 70 жастағы президент Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында бір сағаттан артық көсіліп сөйледі.

Ол сөйлеп жатқан кезде Қазақстан БАҚ-тары тақырыбын: "Тоқаев үкіметке құрылыс саласындағы проблемаларды шешуге бір жыл уақыт берді", "Тоқаев Қазақстандағы жолдардың жағдайын сынады", "Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын қаржыландыруды екі есе арттыруды тапсырды", "Тоқаев: су ресурстары министрлігі біз күткен нәтижеге қол жеткізе алмады", "Тоқаев коммуналдық қызметтер тарифі бойынша тапсырма берді", "Тоқаев: әр жылыту маусымында баяғы сол проблемалар шығады" деп айқайлатып қойып, хабарлар жариялады.

Бұл проблемалардың көбі бұрыннан келе жатыр. Енді оларды шешуге жауапты тұлға – 43 жастағы премьер Олжас Бектенов болмақ.

Президенттің айтқанынан шықпайтын парламенттің депутаттарынан қолдау сұрап сөйлеген кезде (69 депутат оның кандидатурасын қолдап дауыс берді, жетеуі қалыс қалды) Бектенов өз бетінше саясат жүргізуге тырыспайтынын аңғартты.

"Мемлекет басшысы елдің экономикалық дамуына қатысты нақты тапсырмалар берді, олар орындалатын болады", – деп мәлімдеді ол.

Алайда күштік құрылымда жұмыс істеген тәжірибесі бар Қазақстанның алғашқы премьер-министрі бұл міндеттерді өзіне дейінгі үкімет жетекшісінен артық "атқара" ала ма? Міне, гәп осында.

ЖАҢА ҚҰРАМДАҒЫ ЕСКІ КАДРЛАР

Әлихан Смайлов 2022 жылы қаңтарда тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қантөгіс – 238 адамның (көбі – қарапайым қала тұрғындары) өмірін жалмаған Қаңтар оқиғасынан кейін іле-шала премьер-министр болып тағайындалған еді.

Оған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған ол Асқар Мамин қызметтен алынған соң соның орнына келген. Маминді үкімет жетекшілігіне 2019 жылғы наурызда президент қызметінен кеткенге дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тағайындаған. Назарбаев ел президенті етіп өз орнына сол кезде сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қойып кеткені мәлім.

Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайлов Мәжілісте. Астана, 19 қазан, 2022 жыл
Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайлов Мәжілісте. Астана, 19 қазан, 2022 жыл

Екі жыл, бір айға жуық уақыт үкімет басқарған Әлихан Смайлов Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі 32 жылда премьер-министр қызметін атқарған 11 адамның ішінде қызметте отырған мерзімінің қысқалығы жағынан үшінші орында.

Әйткенмен ол уақыт Қазақстан тарихында үкімет жетекшісіне берілетін орташа мерзім – екі жыл бес айға жетеғабыл болып қалады. Тіпті осыдан жиырма жылға жуық уақыт бұрын екі жыл төрт ай премьер-министр қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерзіміне сәл жетпейді.

Президенттер (көбіне қоғам наразылығын алға тартып) үкіметтің жұмысына көңілі толмай күңкілдей бастаса, әдетте бұл қазақстандық премьерлердің қолынан билік кете бастағанынан белгі береді.

Бұл жағынан Смайловтың жағдайы шатқаяқтап тұрғанына біраз уақыт болған.

Соған қарамастан ол былтыр көктемде парламент сайлауынан кейін және күздегі жаңа ротация кезінде үкіметтің ауыс-түйісінен амал қалған еді. Бірақ премьер-министр ауысатыны туралы әңгіме ол осы қызметке келген күннен айтыла бастаған.

6 ақпанда Смайыловтың үкіметіне баға берген кезде Тоқаев былтыр ел экономикасы 5,1 пайыз өскенін, "оңды даму динамикасы" болғанын айтып, оны "айтарлықтай жетістік" деп атаған. Осылайша президент үкіметтің жұмысына қанағаттанғандай көрінген.

Бірақ 7 ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлегенде Тоқаев бұдан былай экономика дамуын жыл сайын тұрақты түрде 6 пайыз өсіруді міндет етіп қойды және экономикада либерализация мен модернизацияға басымдық берілетінін, шетелден инвестиция тартудың маңызын қадап айтты.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов
Саясаттанушы Димаш Әлжанов

Саясаттанушы Димаш Әлжанов негізгі проблема министрлер мен үкімет жетекшісінің дербес іс-қимылына мүмкіндік бермейтін Қазақстандағы қазіргі саяси жүйеге тірелетінін айтады.

– Мәселе сол, біздің саяси жүйеде премьер-министр дербес саяси тұлға бола алмайды. Премьер де, министрлер кабинеті де толықтай президентке бағынады. Мұндай жағдайда президенттік абсолютизм үкіметтің қызметіне зор кедергі болады, – деді Әлжанов Азаттыққа.

Смайловты осы жағдайлардың "құрбаны және салдары" деп санауға болады дейді ол.

Үкіметті жедел ауыстырғаннан кейін бұрынғы кабинет құрамында болған шенеуніктердің басым көпшілігі өз лауазымын сақтап қалды, ал экономика, қаржы, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлар министрліктеріне жаңа басшы тағайындау Тоқаевтың қала салада жағдайды тезірек жақсартуды қалайтындығынан хабар бергендей болды.

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ЖАҢА БУЫНЫ

Смайловтың қызметтен кететіні алдын ала шешіліп қойғандай көрінгенімен, оның орнына Бектеновтің тағайындалуы бақылаушылардың көбіне тосын жайт болды.

Әрине, президент әкімшілігін басқарғандар премьер-министр болып немесе керісінше қызмет ауыстырған тағайындаулар бұрын да болған. Алайда Бектенов осы кезге дейін көпшіліктің назарына ерекше ілікпеген адам.

Осы қызметке тағайындалғанға дейін оның (министрлер кабинетіндегі кейбір әріптестеріндей емес) ағылшын тіліндегі Википедияда парақшасы да болмаған.

Парламентте Бектеновтің мақтауын асыра сөйлеген Тоқаев оған "тәртіпті, адал, еңбекқор" деп баға беріп, "шебер ұйымдастырушылық қабілеті" мен "экономика және басқа салалар туралы терең білімі барын" атап айтты.

Тоқаев әкімшілігінің жетекшісі қызметін 10 ай атқарған Бектенов оның алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған. Оны бұл қызметке 2022 жылы, жүздеген адам қаза тауып, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаттан біржола кетуіне ықпал еткен Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев тағайындаған. Оған дейін ол осы агенттік басшысының орынбасары болып істеген.

Қазақстан президенті міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономика форумында. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 16 мамыр, 2019 жыл
Қазақстан президенті міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономика форумында. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 16 мамыр, 2019 жыл

Қазақстан қалаларындағы қантөгіске әкелген қақтығыстар Тоқаев пен Назарбаевтың саяси лагерьлері арасындағы билікке таластың салдары екенін дәлелдейтін айғақтар пайда болғанда Бектенов пен ол басқарған агенттік Назарбаевтың одақтастары мен туыстарына қарсы жүргізілген тергеулердің бел ортасында болды.

Сонымен қатар Бектенов заңгер ретінде биліктегі бұрынғы басқарушы кланның мүшелері мен Назарбаевтың басқа да үзеңгілестеріне тиесілі, миллиардтаған доллардың активтерін елге қайтарумен де айналысты.

Премьер-министр қызметіне генерал-лейтенант атағы бар адамның тағайындалуы Қазақстан министрлер кабинетін тез арада тәртіпке келтіруге септесуі мүмкін. Бірақ Тоқаевты толғандыратыны үкіметтің экономикалық көрсеткіштері ғана емес.

Мансап қуған дипломат президент билігін кейінгі екі жылда ғана толық қолына алды. Оның ендігі көздегені – саяси элитаны өзі қалағандай қайта жасақтау.

Бұл процесс Тоқаев үшін өте маңызды, өйткені ол 2029 жылы аяқталатын президенттік мерзімін ары қарай созбауға уәде берген.

Бектенов қызмет мансабын 80 жастағы Назарбаевтың билігі тұсында бастаған шенеуніктердің жаңа буынына жатады. Бірақ олар басшылық қызметке қазіргі президенттің тұсында келгендіктен, соған қарыздар болып көрінеді.

Оның орнына президент әкімшілігі басшылығына келген Айбек Дәдебаев – Бектеновтың құрдасы және бұған дейін Тоқаев әкімшілігінде лауазымы төмендеу қызмет атқарған.

Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев
Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев

Көп уақыттан бері Тоқаевтың қамқорлығында жүрген, Бектеновке дейін президент әкімшілігін басқарған 47 жастағы Мұрат Нұртілеу қазір Қазақстан сыртқы істер министрі – премьер-министрдің орынбасары қызметінде отыр.

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу

Жаңа төтенше жағдайлар министрі, 40 жастағы Шыңғыс Әрінов аптаның басында президенттік күзет қызметінің басшысы еді.

Ал 49 жастағы ұлттық экономика министрі (лауазымы премьер-министрдің орынбасары дәрежесіне теңестірілген) Нұрлан Байбазаров – үкіметтегі дебютант, оны "Бәйтерек" мемлекеттік қаржы холдингінен алып келді. Ол жерде бірнеше ай ғана басқарма төрағасы болып істеген.

43 жастан енді асқан Олжас Бектенов – тәуелсіз Қазақстанның және советтік Қазақстанның тарихындағы ең жас премьер-министрлердің бірі.

Бұл жағынан оны кімдермен салыстыруға болады? 1984 жылы Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалған кезде Нұрсұлтан Назарбаев жас жағынан қазіргі Бектеновтен жарты жылға ғана үлкен еді. Ал тәуелсіз Қазақстанның бірінші премьер-министрі Сергей Терещенко – 40 жасында, екінші премьер Әкежан Қажыгелдин 42 жасында үкімет басшысы болып тағайындалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG