Accessibility links

Жаңа оқу жылы алдындағы жанталас


Шымкент қаласындағы мектептердің бірі. Көрнекі сурет

20 жылдан астам сабақ беріп келе жатқан түркістандық мұғалім Азаттыққа аз уақытта ағылшынға көшу, интернет пен жарық жоқ жағдайда электронды күнделік толтыру мен шаруашылық жұмыстарға жегілу туралы мұңын шақты. Түркістан облыстық білім басқармасы бұл туралы қандай да бір ақпарат бермейді.

Түркістан қаласындағы № 9 мектеп-гимназиясының 41 жастағы орыс тілі пәнінің мұғалімі Баян Сәбден 21 жылдан бері педагогика саласында жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қалалық білім бөлімінің әдіскері болып жұмыс істеген.

«ШӨП ЖҰЛЫП, ШАҢ СҮРТУ»

Баян Сәбденнің пікірінше, мұғалімнің жалақысы оның еңбегін ақтамайды. 129 мың теңге жалақысы, «Күміс алқа» үшін мемлекеттен 14 мың 500 теңге жәрдемақы және репетитор ретінде алатын қосымша ақша отбасының бір айлық күнкөрісіне жетпейді.

Мысалы, тамыз айында жалақы алғанымен шығынын жаппаған. Сабаққа дайындалу үшін несиеге сатып алған ноутбугі мен проекторы үшін 35 мың теңге банкке төлеген. Мектеп кітапханасында кітап жетіспегендіктен өзіне және оқушыларына 10 мың теңгеге 10 кітап сатып алған. Қағаз-қаламы мен, жолақысы, түскі тамағы үшін жұмсалғаннан қалған қаражаты мектепке баратын үш баласының киім-кешегіне жетпей қалған.

Орыс тілі пәнінің мұғалімі Баян Сәбден
Орыс тілі пәнінің мұғалімі Баян Сәбден

- Сабақ өтуге әлі де болса толық дайын емеспін. Тамыз айынан бастап жұмысқа шықтым. Жаңа оқу жылына дайындықты мектеп ауласында өскен шөпті жұлып, тазалаудан бастадық. Кабинеттің шаңын сүртіп, еденін жудым. Бұл уақытта мұғалім сабақты қалай өтудің қамына кірісу керек. Сағаты бөлініп, оқу жылына дайындалуы қажет. Тамыз айы бітіп жатыр. Әлі күнге қай сыныпқа сабақ беретінімізді білмейміз. Мектепте бала саны бекітілмей пән мұғалімдеріне сағат жүктемесі бөлінбейді. Талап бойынша жаңа оқу жылына дейін мұғалім бір жылдық сабақ жоспарын дайындап қоюы керек. Сағат бөлінбесе, дайындық қайдан болсын? - дейді Баян Сәбден.

ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚ ПЕН АҒЫЛШЫН ТІЛІ

Баян Сәбден Білім және ғылым министрлігі мектептегі қағазбастылықты жою үшін түрлі жаңалық енгізгенімен, мәселе шешілмегенін айтып қынжылады. Министрліктің мектепке енгізген, енгізіп жатқан өзгерістеріне мектеп пен мұғалім де, ата-ана мен оқушы да материалдық тұрғыдан дайын емес деп санайды.

- Бір сабақтың уақыты 45 минуттан 40 минутқа қысқарды. Тәжірибе ретінде кейбір сыныптарға электронды күнделік енгізілді. Бір сыныпта 25 оқушы бар. 40 минут ішінде мұғалім ноутбук арқылы оқушының бар-жоғын белгілеп, үлгерімін электронды күнделікке енгізе ме, әлде оқушыға сабақ өте ме? Меніңше, бұл мұғалімге артық жұмыс. Сабақта әр баланың сөзін, ойын тыңдау, жаңа сабақты түсіндіру маңызды. Тәжірибе ретінде кейбір сыныптарға электронды күнделік енгізілгенімен қағазбастылық тоқтаған жоқ. Жиналған қағазды үйге сыйдыра алмай отырамыз, - дейді ол.

Мұғалімнің ойынша, Білім және ғылым министрлігі мектеп жұмысына өзгеріс енгізер алдында реформаның орындалу мүмкіндігін саралап алғаны жөн. Электронды күнделікті пайдалану үшін мектепте және әр мұғалім мен оқушының үйінде интернет пен компьютер болуы керек.

- Ондай мүмкіндік қайда бар? Электронды күнделікке көшуге қарсымын. Мысалы, жарық сөніп қалса сабақ та тоқтайды. Мұғалім үйіне барғанда сол сабақты күнделікке енгізу керек. Оған кім қосымша ақы төлейді? Мұғалімнің жеке өмірі, отбасы, тіршілігі бар. Электронды күнделікпен жұмыс істей алмаса, мұғалім сауатсыз екен деген сөз шығады. Тәжірибелі мұғалім неге электронды күнделікпен жұмыс істей алмағаны үшін жұмыстан шығып кетуі керек? Мұның бәрі адамды қынжылтады. Мектеп мұндай өзгерістерге материалдық, психологиялық тұрғыдан дайын емес, - дейді ол.

Сыныптағы оқушылар. Көрнекі сурет
Сыныптағы оқушылар. Көрнекі сурет

​Баян Сәбденнің айтуынша, балаға бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін үйрету және пән мұғалімдерін ағылшын тілінде сабақ өтуге міндеттеу ұтымсыз. Ол төрт ай ағылшын курсын оқып келген мұғалімнің балаға ағылшын тілінде сабақ бере алатынына, оқушы да ағылшын тілінде білім алуға дайын болатынына сенбейді.

- Қазір бір тілде таза сөйлей алмайтын, қазақ, орыс, ағылшын тілін араластырып сөйлейтін дүбәра оқушылар пайда болды. Бұған бала емес, біз кінәліміз, - дейді Баян Сәбден.

АРТЫҚ МІНДЕТ АТҚАРУ

Түркістан қаласындағы № 9 мектеп-гимназиясының директоры Жаңыл Орынбаева мұғалімдер мектеп ауласындағы шөпті жұлғанын жоққа шығарғанымен, кабинеттің шаңын сүрткенін растады. Оның айтуынша, мектеп-гимназияда 242 мұғалім бар. 97 сыныпта 2500-ге жуық оқушы оқиды. Мектепте педагогикалық кеңесте электронды күнделікке өту-өтпеу жайы белгілі болады және мұғалімдер де қанша сағат алатынын жобалап біледі. Соның бәрі анықталған соң, тамыздың 31 күні толық бекітіледі.

- Мұғалім жобалап жаңа оқу жылына дайындала береді. Жасыратын ештеңе жоқ, мектептегі материалдық жағдайдың қандай екенін бәрі біледі. 10 оқушыға бір компьютер керек болса, бізде 14 оқушыға - бір компьютер. Оның ішінде ескі болғанымен, тізімнен шықпағандары бар. Мұғалімдердің өз ноутбугі болуы керек. Мектеп оларға ноутбук бөлмейді, - дейді мектеп директоры.

Жаңыл Орынбаеваның Азаттыққа айтуынша, бұл мектепте әзірге, ағылшын тілінде сабақ беру үшін арнайы оқып келген бір мұғалім бар. Төрт мұғалім әлі оқып жатыр. Оның пікірінше, пән мұғалімдерінің ағылшын тілінде сабақ беру мен оқушыларды бірінші сыныптан ағылшын тілін үйрету дұрыс.

- Жаңартылған білім жүйесіне қарсы болып жүрген ата-аналарды көрмедім. Кез-келген экспериментке дайын отыруымыз керек, - дейді директор.

Мұғалімдер құқығын қорғаумен айналысатын «Зияткер-Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы Шымкент сияқты ірі қаланың шетінде баяулап қалатын интернет көптеген ауыл мұғалімі мен оқушысы үшін қол жетпес арман екенін айтады. Ол жылдам интернет тартылып, электронды күнделік жүзеге асқанның өзінде мұғалімдер үшін және бір қиын мәселе барын ескертеді.

- Әрбір өтілген сабақ тиімді болуы үшін сыныпта 18-20 оқушыдан артық бала отырмауы тиіс. Кейбір сыныбында 45 оқушы отыратын мектептер бар дегенді естиміз. Ондай сыныптардағы сабақтың қаншалықты тиімді екенін айту қиын, - дейді ол.​

Қоғамдық бірлестік төрағасы ағылшын тілінде сабақ беру курстарынан өткен мұғалімдердің бәрі бірдей ағылшынша сабақ өте алмайтынын ескеру қажет дейді.

- Реформа қайта қаралып, Қазақстан жағдайында іске асырылуы мүмкін емес тұстарынан бас тартқан абзал. Білім және ғылым министрі, парламент депутаттары, облыс әкімдері де мұғалімді міндетіне жатпайтын жұмыстардан босату мен мерзімді баспасөзге жазылуға мәжбүрлемеу туралы айта бастады. Құрғақ сөзбен ештеңе шешілмейді. Арнайы заң қабылдап, мұғалімді мұғалімнің функциясына жатпайтын міндеттерді атқаруға мәжбүрлеуді тоқтату керек. Облыстық білім басқармаларын жергілікті әкімдіктердің дәргейінен шығарып, тікелей министрлікке бағынатын етпесе, мұғалімдердің көше сыпырғаны сыпырған, - дейді Өмір Шыныбекұлы.

Азаттық тілшісі мұғалімдердің саны, әр мұғалімнің орташа есеппен қанша оқушыға сабақ беретіні, жүйе бойынша мұғалім жалақысы қалай есептелетіні, мұғалімнің орташа айлық жалақысы қанша екені, электронды күнделікті игеру және дайындық жұмыстары қай деңгейде екенін, аймақтағы мұғалімдердің қанша пайызы ағылшын тілін меңгергенін сұрап, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовқа тамыздың 17 күні арнайы хат жолдағанымен тамыздың 29-ына дейін жауап берілмеді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG