Accessibility links

"Анамды сағынбауға тырысатынмын". Ата-әже қолында өскендер


Бесік тойында немересінің жанында отырған әже. Рахат ауылы, Науаи облысы, Өзбекстан, 6 маусым 2015 жыл. Көрнекі сурет.
Бесік тойында немересінің жанында отырған әже. Рахат ауылы, Науаи облысы, Өзбекстан, 6 маусым 2015 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақта жас отбасының тұңғышын не кенжесін ата-әжесі "бауырына басатын" дәстүр бар. Мұндайды жақтайтындар "қариялар қолында өскен бала өзгеше қалыптасады" дейді. Ал психологтардың сөзінше, ата-анасынан ажыраған бала психологиялық жапа шегеді. Азаттық сөйлескен кейіпкерлер әке-шешеден жырақ өсудің қиындығы мен ерекшелігі туралы баяндайды.

26 жастағы Айман (аты-жөні өзгертілді – ред.) Шымкентте туып, Таразда өсіп, Алматыда университет бітірген соң мемлекеттік бағдарламамен АҚШ-та білім алып жатқан студент. Осыдан екі жылдай бұрын тұрмысқа шыққан. Айман нәресте сүйе алмай жүргенін "бала кезден санасына сіңген қорқынышымен" байланыстырады.

"ЕШКІМДІ САҒЫНБАЙМЫН"

Жалғыз ұлдан туған тұңғыш немересі Айманды алты айлық кезінде ата-әжесі ауылға әкеткен. Айманның айтуынша, анасы қарсылық білдіргенімен, ерте үйленіп, қалада оқуда жүрген әкесі "ұзақ уақыттан бері немерелі болуды армандаған ата-анасына қарсы шыға алмаған соң" көндіккен.

Тұсаукесер рәсімі. Шымкент, 25 наурыз 2015 жыл. Көрнекі сурет.
Тұсаукесер рәсімі. Шымкент, 25 наурыз 2015 жыл. Көрнекі сурет.

- Ата-әжем бар махаббатын берді. Бүгінге қандай жетістікке жетсем де, сол кісілердің арқасы. Қолымнан ұстап, жарыстың бәріне ертіп жүретін. Бірақ олар – ауылда, әке-шешем қалада тұрды ғой. Бауырларымда спортқа, басқа да үйірмелерге баруға көбірек мүмкіндік болды. Кішкентай кезімде "неге мені ата-әжеме берді, демек менде бір нәрсе дұрыс емес-ау. Әке-шешеме олардың баласы болуға лайық екенімді дәлелдеуім керек" деген ой болды. Қазір шетелде оқып жатқаным да сол ойдан туған сияқты. Жиырмадан асқан қыздың әлі күнге дейін солай ойлап жүргені дұрыс емес қой. Мен диплом алғанда "міне, қызыл диплом алдым" деп мамам мен папама мақтанғам, – дейді ол.

Айман өз үйінен жырақта өскені үшін әке-шешесіне көп уақыт ренжулі болғанын айтады. Шетелде жүргеніне бір жылдан асқан ол "қазір ешкімді сағынбаймын" дейді.

- Кішкентайымнан "үйді сағыну - дұрыс емес" деген ой санама сіңіп қалған. Бірде дауысы папама қатты ұқсайтын бір кісі келді. Мен ол кезде бесте едім. Папам келді деп ойлап қалғам ғой. Далаға жүгіріп шығып, ана кісінің түрін де көрмей жатып "Папа!" деп құшақтай алып, жылағам. Сол кезде әжем "Ой, иттің қызы, біз бұған бәрін беріп отырсақ, бұл әке-шешесін сағынады" деп жылаған. Маған әжемнің жылағанын көру өте қиын болатын. Одан кейін "мама-папамды сағынсам әжем ренжиді" деп ойлайтын болдым. "Оларға махаббатымды көрсетуге, барам деп айтуға болмайды" дейтінмін.

"АНАМА ҰҚСАМАУҒА ТЫРЫСАТЫНМЫН"

Айман жүрісі шешесіне тартқанын, кішкентайында сонысынан ұялып, аяғын өзгеше басуға тырысқанын айтады.

- Анам бойын тік ұстап, ерекше жүретін. Ауылда жүргенімде "Ой, мына қыз шешесіне ұқсап кетіпті ғой, қайқаңдап жүр" дейтін әңгімелер болатын. Сондайда "мамаға ұқсаған дұрыс емес" деп ойлайтынмын. Ұқсамауға, еңкіш тартып жүруге тырысатынмын. "Өйтпесем мамаға ұқсап кетемін. Ал мамаға ұқсау – дұрыс емес". Өйткені әжем ренжиді, – дейді Айман.

Наурыз тойына немересімен бірге келген әже. Шымкент, 27 наурыз 2016 жыл. Көрнекі сурет.
Наурыз тойына немересімен бірге келген әже. Шымкент, 27 наурыз 2016 жыл. Көрнекі сурет.

Ұзақ уақыт Алматыда оқуда болып, екі шаңырақтан да жырақта жүрген Айман әлі күнге дейін сол күндерді ойлап, іштей қорытып жүр.

- Мамам мен папам кішкентайымда келіп кеткен сайын жатып қалатынмын. Сол кезде білмейтінмін. Қазір ойласам ішқұса боп ауырған екенмін. Әр келіп кеткен сайын ауыратынмын, жылайтынмын. Кеткім келетін. Бірақ айта алмайтынмын. Менің жылағанымды байқаса, әжем қосылып жылайтын. Ауырып қалмасын деп, жылағанымды оған көрсетпеуге тырысатынмын. Мектеп бітірген соң Алматыға оқуға кеттім. Бала күнгі армандарым ішімде тұншығып қалып қойды.

Ата-анам әр келіп кеткен сайын ауыратынмын, жылайтынмын. Кеткім келетін. Бірақ айта алмайтынмын. Менің жылағанымды байқаса, әжем қосылып жылайтын.

Айман өзінен кейінгі бауырлары сияқты әке-шешесінің мойнына асылып, еркелеуге батпайды. "Қазір анаммен сырласуға тырысам, соңына дейін ашыла алмаймын" деп қапаланады. Ол АҚШ-та психологтарға барып, өзінің "бала кезде алған жан жарасын" емдей бастаған.

Айманның тұрмысқа шыққанына екі жылға жуық уақыт өткен. Денсаулықтарында еш кінәрат болмаса да күйеуі екеуінің нәресте сүйе алмай жүргенін "санасында қалып қойған қорқынышпен" байланыстырады.

- Күйеуім де әкем сияқты үйдің үлкені. Одан кейінгі бала әлі кішкентай. Менде "бала тусам, оны да алып қояды" деген қорқыныш бар. Өзім жеңе алмай келе жатқан сол ішкі ойдан арылуға жұбайым көмектесіп жүр. Енем де "Бізге балаларың керек емес, сұрамаймыз, өздерің бағасыңдар" дейді. Өз анам да "Перзентсіз жүре беруге болмайды" деді. Сол кезде мамама "Онда неге мені бердің? Мен баламды біреуге беріп, кейін оның жанына жара түскенін қаламаймын" дедім. Анам "Ол кезде жас болдық, бізден біреу сұрады дейсің бе?" деді. Менің не кінәм бар сонда?

"ЕКІ ЖАҚТЫҢ ҚАС-ҚАБАҒЫНА ҚАРАЙСЫҢ"

Азаттық сөйлескен басқа кейіпкерлер де көзі тірі ата-әжесін ренжітіп алам ба деп қорқатындарын айтып, аттарын құпия қалдыруды сұрады. Олардың түгелге жуығы өз шаңырағына оралғанымен, ешбірі әке-шешесімен жақын сөйлесуге бейімделіп кете алмағанын мойындайды.

22 жастағы алматылық Мөлдір "әжемнің қолында өскеннің арқасында еш қиындық көрмедім" деп балалық шағын ризашылықпен еске алады. Анасымен аралары әлі күнге суық екені туралы көңілсіз баяндайды.

- Анаммен ашық сөйлесе алмаймын. Бөлек өскен соң мені түсіңкіремейтін. Екі әпкеммен келгенде мені бөлектеп отырғандай болатын. Оларға басқаша, маған басқаша қарайтын сияқты, – дейді ол.

Ана мен бала. Ақсу, 21 ақпан 2018 жыл. Көрнекі сурет.
Ана мен бала. Ақсу, 21 ақпан 2018 жыл. Көрнекі сурет.

Мөлдір "кішкентайынан үлкендердің қас-қабағына қарап өскенін" айтады.

- Анама жақындайын десем, әжем ренжіп қала ма деп ойлайсың. "Кет бар, кім бақты сені" дегендей болады. Екі жақтың көңіліне қарап отырасың. Мен ауылда өстім. Жазғы демалыста мамам келгенде қасына жатып алсам, апам ренжіп қалатын.

Қазақстанның оңтүстік өңірінің тумасы 23 жастағы Айнамкөз қазір Шымкенттегі медицина институтында оқиды. Әке-шешесі қалаға көшкенде алты айлық Айнамкөзді әжесі "құшақтап жатам" деп ауылда алып қалған. Атасы қайтыс болған соң үш жасында қалаға көшкен ол өз ата-анасымен тұруға "әлі күнге дейін толық үйреніп кете алмаған".

Басқа бауырларыңнан қызғаныш сезімі болады. "Әлі-ақ көрсетем, дәлелдеймін" деп ойлап тұрасың.

- Өзіме ұнаған затты алып бер деп айта алмайтын едім. Сұрасам өзімді біреуге жалынғандай сезінетінмін. Басқа бауырларыңнан қызғаныш сезімі болады. "Әлі-ақ көрсетем, дәлелдеймін" деп ойлап тұрасың. Сол үшін кішкентайыңнан еңбекқор боласың. Жұмысқа ерте кірісіп кетесің, – дейді ол.

Айнамкөз өзінің жалтақтап өскенін айтады.

- Мені жақсы көруі үшін не істей аламын дейсің. Айтпаса да үйді жинап қоясың. Адамдардың көңілін табу үшін өзіңді қиып бересің. Көнбістеу болдым. Қазір түсінгенім – әжем өз ішіндегі кеңістікті менімен толтырғысы келген екен. Екі ортада құрбандыққа шалынғандай күй кештім. "Олар өмірден өткен соң маған кім қорған бола алады?" деп ойлайсың, – дейді бойжеткен.

Тұрмыс құру туралы ойланып жүргенін айтқан Айнамкөз шаңырақ көтермес бұрын "өзімен жұмыс істеп жүр".

- Қазір түрлі психологиялық курстарға барып жүрмін. Өзім медицинаны оқыған соң да осы тақырыпқа қызығам. Ана мен бала арасында ерекше байланыс болады. Сол байланыс үзіліп қалса, қайта орны толмайды. Он үш жасқа дейін ауылда болдым ғой. Қыздың анасынан алмаған махаббаттың орны өмір бойы ойсырап тұрады. Қазір мамама "мені сүйіңізші, еркелетіңізші" деп айта алмаймын, – дейді Айнамкөз.

"ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАНДАЙ СЕЗІНЕДІ"

Этнограф, жазушы Зейнеп Ахметова "Күретамыр" кітабында бұл дәстүрді "бауырына салу" деп атайды.

"Балам – балым, баламның баласы – жаным" деп алғашқы немересін ата-әже өзіне меншіктеп, жанына балап бағып-қағып тәрбиелейді. Бұл дәстүрдің ең басты маңызы – өздері әлі жас ұл мен келіннің бала тәрбиесінде білгені аз, тәжірибесі мардымсыз болғандық, өмірден көргені мен түйгені мол, талай баланы қанаттандырған үлкен кісілер міндетті өз мойнына алған. Сондықтан ата-әже бауырына салған немесінің тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, баланың ұлағатты, өнегелі болып өсуіне, адамгершілік ардақ қасиеттерді бойынша сіңіруіне күш-жігерін аямаған екен" деп жазады автор.

Қыстыгүні көшеде кетіп бара жатқан ересек адам мен бала. Көрнекі сурет.
Қыстыгүні көшеде кетіп бара жатқан ересек адам мен бала. Көрнекі сурет.

Ахметованың жазуынша, ата-әжесі тәрбиелеген балалардың тілі ерте шығады, ой-жүйесі орнықты жетіледі.

"Қариялар өсіріп баулыған немерелер әдет-ғұрып, салт-дәстүрге жетік, халықтық жақсы қасиетке бай, үлкенді құрметтеп, алдынан қия өтпейтін мейірімді, тұрмыста байыпты да байсалды болып қалыптасады. Бұрын-соңғы тарихымызда ұлы тұлғалар, парасат иелері ата-әжелердің тәрбиесін көргендерден шыққан" деп жазады этнограф.

Алайда Зейнеп Ахметова бұл дәстүрдің "ата-әже болмысына қарай түрлі салдары болуы мүмкін екенін" айтады.

"Қайсыбір әжелер өзімсініп немересіне "Сені өзім тудым, менің ғана баламсың" деп құлағына құйып, онымен қоймай әке-шешесін боқтатып, аттарын ататқызып үйретеді. Осының бәрі баланың болашағына үлкен кедергі келтіретінін өзімшіл ата-әже ескермейді. "Бұрын туған бұрын өлсе" ата-әже өмірден өткенде бала өз ата-анасына, өз бауырларына жұғыса алмай жетімсірейді. Өзін жапанда жалғыз қалғандай сезінеді. Іші біліп тұрса да өз ата-анасына жуықтай алмай қиналады" деп жазады автор.

Оның сөзінше, саналы ата-әже сәбиді анасының ақ сүтінен ажыратпайды, баланы біржола бөлек әкетіп өгейсітпейді, ата-анасын білгізіп өсіреді. "Тек тәрбие тізгінін қолдарына алады" дейді жазушы.

"АРЫЛАТЫН КЕЗ КЕЛДІ"

Азаттық сөйлескен психологтар өзіне мұндай дәстүрдің "зияны тиген" азаматтардың көп келетінін айтады. Психолог Сәлима Сатылғанқызы "жас ата-анаға қарағанда үлкен ата-әже өмірлік тәжірибесін бөлісіп, балаға көрген-білгенін үйретеді. Бірақ ондай балалардың кейбірі ғана қалыпты болып өседі" дейді.

- Анасының құшағын көрмей, сүйіспеншілігіне бөленбей өскен баланың ішінде бәріне бір реніш болады. Олардың ең үлкен проблемасы – көбіне өз ортасында тіл таба алмайды. Өзін бағалауы, өз болмысын қадірлеуі төмен, ішінде көп шектеу болады. "Мен оған лайық емеспін" деп тұрады. Сенімсіздіктен керекті бір тәттісін, қажет затын ала алмай қалады. "Мені қоғам, орта қабылдамайды" деген түсінік пайда болады. Кейбірінің мінезі шатақ, агрессивті, төбелеске жақын болып өседі, – дейді ол.

Далада ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет.
Далада ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет.

71 жастағы психолог Владимир Стеблянко өз әке-шешесінен ажыратып, ата-әжесінің қолында өсу - балаға кері әсер етеді дейді.

- Баланы әке-шешесі өсіруі керек. Олар балаға ата-ана махаббатын береді. Ал үлкендер кішкентайға тек ата-әже махаббатын береді. Мұндай балалар ересек өмірде өздеріне тірек болатын, күш-жігер беретін махаббаттан кенде қалады. Баланың құндылықтары деформацияланады. Кейін де отбасының құндылығын түсінбейді. Үй болуы қиын болып келеді. Мәселенің түбі не екенін ұғып, жұмыс істегенде проблемасы шешіледі. Бірақ оны бәрі бірдей түсініп, шешуге тырыса бермейді, – дейді психолог.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG