Accessibility links

Алимент төлеуден қашатындар азаймай отыр


Көрнекі сурет.

Қазақстанда алимент төлеуден жалтарғандардың қарызы 5,7 млрд теңгеден асқан. Алиментке берешек екі мыңға жуық адам қашып жүр. Билік ақшаны борышкердің ата-анасынан өндіріп алуды ұсынады. Жаңадан құрылған әлеуметтік қор алимент төлеуге несие бермек.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әлия күйеуімен ажырасқаннан кейін кәмелет жасына толмаған үш баласын бір өзі бағып отыр. Сот Әлияның бұрынғы күйеуін балаларына алимент төлеуге міндеттеген.

- 2017 жылдан бері ол балалардың алиментіне тұрақты түрде 13-14 мың теңге төлеп келді. Бұрынғы күйеуімнің жағдайы жаман емес – қымбат көлік мініп жүреді, жыл сайын шетелге демалуға барады. Бірақ құжат бойынша оның айлығы ең төменгі еңбекақы мөлшерінен асқан емес. Заң бойынша ол ресми табысының жартысын балаларға алиментке төлейді, - дейді әйел.

Далада ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет.
Далада ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет.

Бұрынғы күйеуі төлейтін алимент үш баланы асырауға жетпейтіндіктен негізгі салмақ Әлияға түседі. Ол өзі тәрізді жағдайда қалған аналардың басындағы мәселені шешудің екі жолын ұсынады.

- Біріншісі – алименттің ең төменгі мөлшерін белгілеу. Қазір елде ең төменгі күнкөріс деңгейі 30 мың теңгеден асады, әр балаға неге сол соманы белгілемеске? Екіншісі – борышкердің табысын толық бақылау және шынайы көлемін жасырғаны үшін жауапкершілікті қатайту. Алимент төлеушінің табысын анықтап, өндірумен айналысу сот орындаушысына жүктелген. Бірақ олар бұл іске келгенде көбіне қол қусырып отырады, - дейді Әлия.

АЛИМЕНТКЕ 5,7 МЛРД ТЕҢГЕ БЕРЕШЕК

Бұған дейін Қазақстанда жыл сайын борышкерден алимент өндіріп алу жөніндегі 200 мыңға жуық іс сот орындаушыларының өндірісіне берілетіні хабарланған.

Қазақстан парламенті мәжілісінің отырысы. Көрнекі сурет.
Қазақстан парламенті мәжілісінің отырысы. Көрнекі сурет.

- Қазіргі кезде проблемалық болып саналатын 13 мыңға жуық іс бойынша алиментке берешек қаржы 5,7 миллиард теңгеден асып кеткен. Алиментті қасақана төлемейтіндерге ықпал ету тетіктерінің тиімділігі жеткілікті деңгейде емес екенін мойындау керек, - деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова желтоқсанның 23-і күні парламенттегі үкімет сағатында.

Депутат Гүлнәр Бижанова өткен жылы елде алимент төлеуден жалтарғаны үшін ресми іздеу салынған 1864 азаматтың тек 9 пайызы ғана анықталғанын мысалға келтіріп, "борышкерді іздестіру тетігі неге өзгертілмейтінін" сұрады.

Бұл сұраққа жауабында Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев полицияның борышкерді тек сот орындаушысына келуге міндеттей алатынын, бірақ ұстап, қамауға құқығы жоғын айтты. ІІМ өкілі алимент төлеуден жалтарған азаматтардың жауапкершілігін күшейту мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңға тиісті өзгеріс енгізуді ұсынды.

СОТ ОРЫНДАУШЫСЫНЫҢ ҚҰЗЫРЫ

Алматыдағы жеке сот орындаушыларының өңірлік департаменті төрағасының орынбасары Айбын Өтегенов борышкерден алимент өндіріп алудағы қиындықтың өзіндік себептері бар деп түсіндіреді.

Жеке сот орындаушыларының Алматы өңірлік департаменті төрағасының орынбасары Айбын Өтегенов. Алматы, 19 желтоқсан 2019 жыл.
Жеке сот орындаушыларының Алматы өңірлік департаменті төрағасының орынбасары Айбын Өтегенов. Алматы, 19 желтоқсан 2019 жыл.

- Алимент өндіру туралы соттың бұйрығы келген соң сот орындаушысы үш күннің ішінде борышкерді оған қатысты өндіріс ашылғаны туралы хабардар етеді. Борышкер өзі жайлы барлық ақпаратты ұсынуға міндетті. Бірақ әдетте ол міндетін орындамайды, себебі ол үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған, - дейді Өтегенов.

Оның сөзінше, сот орындаушысы борышкердің мүлкі туралы мәліметті тек ашық ақпарат көзінен ғана алады. Ал оның жасырын табысы бар-жоғын анықтау сот орындаушысының құзырына жатпайды.

- Борышкердің қайда жұмыс істейтіні, айлық табысының көлемі мен зейнетақы қорына қанша ақша аударатыны, өз атында қандай мүлік тіркелгені тәрізді деректерді анықтайды. Егер мысалы, борышкердің ресми табысы 30 мың теңге деп көрсетілсе, одан артық ақшадан алимент өндіре алмаймыз. "Қымбат көлігің бар екен, оны қайдан алдың, шетелге қандай ақшаға шығып жүрсің?" деп талап ету сот орындаушысының қызмет өкілетін асыра пайдалану болады, - дейді Айбын Өтегенов.

ҚАРЫЗДЫ БОРЫШКЕРДІҢ АТА-АНАСЫНАН ӨНДІРУ

Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, министрлікке азаматтардан түскен шағымдардың жартысы, ал министрдің жеке қабылдауында болған азаматтардың жартысынан көбінің мәселесі – алиментке байланысты. Бұл туралы ол желтоқсанның 23-і күні парламенттегі үкімет сағатында мәлімдеді. Министр алимент төлеуден жалтарған борышкер үшін жауапкершілікті оның ата-анасының мойнына жүктейтін Италия тәжірибесін негізге алуды ұсынды.

Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев.
Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев.

- Италия заңы бойынша, алимент үшін жауапкершілікті борышкердің ата-анасына жүктеуге болады. Оның үстіне олар бөтен емес, өз немерелерін қамтамасыз етуі тиіс. Қазір осы тәжірибені қоғам талқысына салуды ұсынып отырмыз. Борышкердің ата-анасы зейнеткер болса, олардың үйі, көлігі дегендей әйтеуір бір мүлкі бар ғой. Егер немерелері мектепке баратын киімге жарымай отырса, бұл мүлік сол қарызды өтеуге жарайды, - деді Бекетаев дүйсенбіде парламентте журналистерге.

Кей заңгерлер әділет министрі мысалға келтірген шетелдік тәжірибеге ұқсас ереже Қазақстан заңында да барын еске салады. "Неке және отбасы туралы" заңның "Атасы мен әжесінің немерелерін күтіп-бағу жөніндегі міндеттері" деп аталатын 152-бабында "еңбекке жарамды ата-анасынан, бірге туған кәмелетке толған еңбекке жарамды ағалары мен әпкелерінен күтіп-бағу қаражатын алуға мүмкіндік болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған көмекке мұқтаж немерелердің алимент төлеуге қажетті қаражаты бар әжесі мен атасынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар" деп жазылған.

АЛИМЕНТ ТӨЛЕУГЕ НЕСИЕ БЕРЕТІН ҚОР

Өткен айда жеке сот орындаушыларының съезінде әлеуметтік қор құру туралы шешім қабылданған болатын. Әлеуметтік және қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға жәрдем көрсету мақсатын көздейтін қордың қаржысы сот орындаушыларының республикалық палатасы мүшелерінің жарнасы мен ерікті салымдардан құралады деп белгіленген.

- Уақытша жұмыссыз қалып, табыссыз отырған борышкерге алиментін төлеуге қордан несие беріледі, кейін жағдайы түзелгенде алған ақшасын қайтарады, - деп мәлімдеді желтоқсанның 23-і күні парламенттегі үкімет сағатында Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев. Оның сөзінше, жұмыс істеуге құлықсыз, есірткі мен ішімдікке әуес адамдарға қордан несие берілмейді.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қордың қаражаты шектеулі болатынын және жұмысын сот орындаушылары палатасының қамқоршылар кеңесі қадағалайтынын хабарлаған Бекетаев қордың қызметі алиментпен ғана шектелмейтінін, алайда алиментке маңыз берілетінін айтты.

Сонымен бірге министр "борышкерлердің алиментін мемлекет төлеп береді деген масылдық түсінік болмауы тиіс" деп ескертті. Оның сөзінше, қор алдағы жылдың бірінші тоқсанында жұмысқа кіріседі.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін алимент төлеу жайлы келісімге келе алмаған жағдайда немесе тараптардың бірі алимент төлеуден бас тартса, онда сот арқылы алиментті мәжбүрлі түрде төлеткізу заңда қарастырылған. Заңға сәйкес, алимент бала санына қарай төленеді. Бір балаға әкесі не анасының айлық табысының төрттен бірі, екі бала болса - үштен бірі, ал үш және одан көп балаға – айлық табысының жартысы төленеді. Кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент ресми табыстың барлық түрінен (еңбекақы, сыйақы, үстеме ақша, қосымша кірістер, т.б.) ұсталады. Жұмыссыз азамат алиментті күнкөріс деңгейінің мөлшерімен төлейді.

Қылмыстық кодекстің 139-бабында алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"42 мың теңге жәрдемақы алуға "көмектесетін" алаяқтар пайда болды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:02 0:00
XS
SM
MD
LG