Accessibility links

Алматы әкімдігі фотографқа өтемақы төлейді


Алматының Бостандық аудандық сотының судьясы Әбілмәжінова "Рухани жаңғыру" бағдарламасын насихаттауда дау тудырған суретті көрсетіп тұр. Алматы. 19 ақпан 2018 жыл.
Алматының Бостандық аудандық сотының судьясы Әбілмәжінова "Рухани жаңғыру" бағдарламасын насихаттауда дау тудырған суретті көрсетіп тұр. Алматы. 19 ақпан 2018 жыл.

Алматының Бостандық аудандық соты "министрлік "Рухани жаңғыру" бағдарламасын насихаттау үшін суретімді рұқсатсыз пайдаланды" деген фотографтың арызын жартылай қанағаттандырды. Бірақ фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлы министрліктің жазаланбай қалғанына наразы. Ол басқа облыс әкімдіктерін де сотқа беруге ниетті.

Наурыздың 19-ында Бостандық ауданы сотының судьясы Аида Әбілмәжінова Алматы қалалық ішкі саясат басқармасын Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңның 15 және 16-баптарын бұзды деп танып, шағымданушы фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлына 300 айлық (680 мың теңге, шамамен 2100 доллар) есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы төлеп беруге міндеттеді.

"МИНИСТРЛІК ТЕ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ КЕРЕК"

Фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлының сотынан шыққан сәті. Алматы. 19 наурыз 2018 жыл.
Фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлының сотынан шыққан сәті. Алматы. 19 наурыз 2018 жыл.

Жетінші сот отырысында оқылған үкімді тыңдауға арызданушы жауапқа тартуды сұраған негізгі мекеме - Спорт және мәдениет министрлігінен ешкім келген жоқ. Сот залынан шыққан соң Азаттыққа пікір берген фотографтың адвокаты Бауыржан Айдарбеков "шешімді заң тұрғысынан дұрыс деп санайтынын, бірақ министрлік өкілдерінің жауапқа тартылмағанына разы емесін" жеткізді.

- Біз мұнымен келіспейміз. Бұл істе авторлық құқықты бұзуға әкімдіктегі ішкі саясат бөлімі ғана емес, Мәдениет және спорт миинстрлігінің де қатысы бар. Бірақ сот шешімінде жауапкер тарап ретінде министрлік аты аталмады және авторлық құқықты бұзғаны үшін 300 айлық есептік көрсеткішке тең өтемақы – аз сома. Сондықтан біз шешімге шағымданамыз, - деді Айдарбеков.

МИНИСТРЛІК УӘЖІ

Азаттық тілшілері қатысқан барлық сот отырыстарында министрлік пен әкімдік өкілдері өздерін видео мен фотоға түсіруге қарсы болды. Ақпанның 19-ында өткен сот отырысында жауапкерлердің бірі "Мәдениет және спорт министрлігі мұны (Сәрсенбек Қызайбекұлы түсірген фотоны - ред.) "Рухани жаңғыру" бағдарламасын үгіттеу үшін ғана қолданды. Біз одан ешқандай табыс тапқанымыз жоқ" деген.

Министрлік өкілі "өздерінің жас бала мен қаршыға бейнеленген суретті "ашық дереккөздерінен үлгі ретінде ғана алып, жергілікті атқарушы орган – Алматы әкімдігіне жібергенін" айтқан. Олардың сөзінше, министрлік жолданған хатта әкімдікке сурет авторларын анықтап, олардың рұқсатын алу тапсырылған әрі министрлік өкілі суретті өздері өңдеп жібергенімен, атқарушы органның нақты сол суретті алу-алмауға еркі болған.

Сәрсенбек Қызайбекұлы түсірген суреті қалада жаппай ілінбей жатып өзін "әкімдіктенмін" деп таныстырған азаматтың хабарласып, әлгі суретті басып шығарып, баннерге пайдалануға рұқсат сұрағанын айтады.

- Мен "жарайды, бірақ гонорарын төлеңдер" деп, 50 мың теңге сұраған соң, "бізде [сурет авторларына беретін – ред.] ақша қарастырылмаған, бірақ мен сұрап көрейін. Хабар болса өзіңізге қайта соғамын" деді. Бірақ хабарласқан жоқ. Екі аптадан аса уақыттан соң достарым «мынау сенің суретің емес пе?" деп жекеме жібере бастады, - дейді ол.

Фотографтың айтуынша, суреттер Қазақстанның бірнеше облысындағы баннерлерге де ілінген. Ол басқа облыстың әкімдіктерін де сотқа бермек.

- Кейін сотқа арызданатынымды жазып едім, Алматы қаласы әкімдігінен "сұраған 50 мың теңгеңізді берейік" деп хабарласты. Бірақ мен "басында айтқан соманың берсеңіздер, мұндай әңгіме шықпас еді, енді бір миллион төлесеңіздер, соттаспаймын" дедім. Бірақ келісе алмадық, - дейді фотограф.

Сот отырыстарында Алматы әкімдігі де, министрлік өкілі де фотографпен "алдын ала келісім болмағанын, оған ешқандай гонорар төленбегенін" мойындаған.

Видео: Фотограф министрліктен авторлық қақысын талап етеді

Фотограф министрліктен авторлық қақысын талап етіп жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Қызайбекұлының сөзінше, фотографпен ымараға келуге министрлік пен әкімдік өкілдері сот басталып кеткеннен кейін де бірнеше мәрте тырысқан. Бесінші сот отырысында судья министрлік пен әкімдік және фотограф арасындағы дауды шешу үшін бітім қылуға уақыт берді. Бірақ сурет авторы "министрлікке сенбейтінін" айтып, мәміле жасамаған.

- Мәдениет және спорт министрлігінен хабарласып, "арызыңды қайтарып алсаң, көрмеңді өткізіп, адвокатыңның шығынын жауып береміз" деген ұсыныс айтты. Бірақ мен "1,5 млн теңге төлесеңіздер алайын" дедім. Олар менің ұсынысымды қарастырмады, - дейді фотограф.

"ЗАҢ БҰЗУШЫНЫ АНЫҚТАУ ҚИЫН"

Сәрсенбек Қызайбекұлының адвокаты Бауыржан Айдарбеков пен заңгер, авторлық құқық жөніндегі маман Джохар Өтебековтің "Қазақстанның авторлық құқық туралы заңы" қатаң екенін, бірақ фотографтар сотқа көп шағымдана бермейтінін айтады.

- Қазақстанда авторлық құқық туралы заң жақсы, тек жиі пайдалану керек. Кезінде 1996 жылы қабылданған кезде Қазақстанның заңы ТМД бойынша үлгілі деп айтылған. Авторлық құқыққа қатысты халықаралық талаптар бойынша өзгерістер де енгізілді, - дейді адвокат Бауыржан Айдарбеков.

Сәрсенбек Қызайбекұлының адвокаты Бауыржан Айдарбеков.
Сәрсенбек Қызайбекұлының адвокаты Бауыржан Айдарбеков.

Ал Азаттық тілшісінің "фотографтар суретінің жиі ұрланатынын айтқанымен, авторлық құқық бұзылу шағымы бойынша іс неге сирек?" деген сұрағына мамандар әртүрлі жауап берді.

- Фотографтың суреттерін нақты бір тұлға емес, халық жаппай сұраусыз пайдаланып кетеді. Осындай жағдайда, нақты кімнің заңсыз таратып жатқанын анықтау қиынға соғады, - дейді Айдарбеков.

Джохар Өтебеков мұның себебін өтемақының аздығынан көреді.

- Мұндай істерде адвокаттың көмегінсіз жеңіп шығу қиын. Ал жақсы адвокат өз қызметіне сізге төленуі мүмкін өтемақының басым бөлігін алып кетеді. Сондықтан көбі соттасуға құлықсыз, - дейді ол.

Қазақстанда "сурет иесінен сұрамай, авторлық құқығымды бұзып пайдаланды" деген фотограф пен мемлекеттік орган дауы бұған дейін де болған. Шетелдік фотографтар "Ұлттық банк шығарған банкнотта түсірген суреттерінің қолданылғанын" айтып, банк тарапынан сертификат талап еткен еді. Бірақ ұлттық банк құстардың қимыл қозғалыстары бір-біріне ұқсас бола беретінін, дизайнерлер суреттерді графикалық программаларды қолданбай қолмен салатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG