Accessibility links

“Әдемі бастама көп, бірақ жүзеге асыру механизмі жоқ”. Тоқаевтың жолдауы туралы сарапшымен сұхбат


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Ақорда мен үкіметке қайта құру не үшін керек? Тоқаевтың кезекті халыққа жолдауында көтерілген бастамалар жүзеге аса ма? Азаттық бұл туралы қазақстандық саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевпен сөйлесті.

"БҰЛЫҢҒЫР ТҰСТАРЫ КӨП, НАҚТЫЛЫҚ ЖОҚ"

— Тоқаевтың жолдауында бірінші кезекте не нәрсеге мән бердіңіз?

Алдыңғы жолдаулармен салыстырғанда бұл жолы экономикамен байланыстыра отырып, ұлттық қауіпсіздікке ерекше мән берілді. Айтылған тұжырымдамалардың көбі әскери өнеркәсіп, сумен қамту немесе электр энергиясын өндіру сияқты көп бағыт бойынша елдің қауіпсіздігін күшейту керек деген идеяға саяды. Қазақстан тәуелсіз әрі аяғынан нық тұрған мемлекет болуы үшін ресурс, кадр, шикізат — бәрі өзімізден болуы керек деген сөзге назар аудардым.

Бірақ бағдарламаның басты бағыттары былтыр қыркүйекте жарияланған жолдауға ұқсайды. Детальдері әртүрлі болғанымен, негізгі ойлары ұқсас. Биылғы жолдаудың идеясы қазір ішкі және сыртқы сынақтарға қарсы тұру үшін күш біріктіріп, мобилизациялық экономика құруымыз керек дегенге келеді.

Жолдаудың қалай жүзеге асатынына, яғни, мемлекеттік басқару және менеджмент жүйесіне тоқталайық. Тоқаев мемлекеттік аппаратты дебюрократияландырып, үкіметті президент әкімшілігінен бөліп, жеке ойыншыға айналдыру жайын сөз қылды.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев
Саясаттанушы Досым Сәтпаев

Дегенмен министрлер мен әкімдердің жеке жауапкершілігі туралы тезистер былтыр да айтылып еді. Дебюрократизация мәселесі де өткен жолдауда қамтылған. Шынымды айтсам, “Қазіргі кадрлық құраммен осының бәрін жүзеге асыру мүмкін бе?” деген ең маңызды сұрағыма жауап ала алмадым. Тоқаев президент әкімшілігі қызметкерлерінің санын қысқартып, кей адамдардың қызметін ауыстырды.

Президент әкімшілігі негізгі ойыншы екені рас. Бірақ ол жалғыз ойыншы емес. Өйткені президенттің бастамаларын жүзеге асыру барлық деңгейдегі бюрократиялық аппаратқа, әсіресе, орта және төменгі деңгейдегі атқарушы органдарға жүктеледі. Жолдау табысты жүзеге асады дегенге күмәнім бар. Назарбаев не Тоқаев болсын, екеуінің де жолдауларындағы басты мәселе — мынада: президент жақсы бастамалар көтереді, бірақ оны жүзеге асыру бойынша нақты механизмдер ұсынбайды. Айтылған тапсырмаларды орындауға қандай құрылым не тұлға жауапты екені белгісіз. Нақтылық жоқ.

— Былтыр Тоқаев әкімдер мен министрлерді жеке жауапқа тарту туралы айтып еді. Бір жылда не өзгерді?

Төтенше жағдайлар кезінде бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Министрлерді жай ғана орындарынан алып тастады, өйткені олар төтенше жағдай кезінде кәсібилігін көрсетіп, тиімді шешімдер ұсына алмады. Бұл қоғам наразылығын туғызды.

Бұл жердегі маңызды тұлға — премьер-министр Әлихан Смайылов. Жолдаудан кейін ол отставкаға кетуі мүмкін деген сыбыс бар. Былтыр Смайыловты президент те сынаған. Бірақ премьер отставкаға кеткен жоқ. Мүмкін бұл Тоқаевтың Смайыловтың орнын басатын басқа адам таба алмауымен байланысты шығар. Премьер-министр былтырдан бері үнемі дағдарысқа қарсы басқару жағдайында келе жатыр. Ол көп қателік жасаса да, былтырғы бастамалар тиімді жүзеге асырылмаса да, қазір Смайыловты ауыстыру — ұтымды шешім емес.

Қазақстандағы номенклатуралық ойын ережелерін ескерсек, жауапкершілік деген — түсініксіз әрі мағынасы кең ұғым. Кадрлық құрам патрон-клиент жүйесі бойынша құрылады. Мұнда адамдарды қателігі үшін жүйеден шығарып тастамайды. Олардың қателігі Тоқаевтың беделіне нұқсан келтіретін төтенше жағдайға алып келсе ғана алып тастауы мүмкін. Министрлер, әкімдер мен басқа да жоғары шенді шенеуніктерді қателік жасаса, жауапқа тартылады деп емес, керісінше, өз орнында ұзақ отырады деп тағайындайды. Өйткені олар осы жүйенің бір бөлігі және элита ішіндегі тепе-теңдікке жауап береді. Министрлер мен әкімдер жіберген олқылықтары үшін жауапқа тартылмайды, бұл номенклатураның жазылмаған ережелеріне қайшы.

ЖАҢА МИНИСТРЛІКТЕР МЕН АЭС ИДЕЯСЫ

— Қазақстанда бес жаңа министрлік құрылды. Олардың арасында көлік министрлігі, су ресурстары және ирригация министрлігі бар. Бұл билік маңызды мәселелерге назар аударып, оларды шешуді қолға ала бастады дегенді білдіре ме?

Су мәселесін көптен бері көтеріп келеміз. Қазақстанның оңтүстігі мен батысында болған су мәселесін талдап көрдік. Осы тақырыпта кітаптар да басып шығардық, 2020 жылғы соңғы еңбегіміз «Ертең кеш болатын» деп аталады. Осы талқылаулар кезінде Қазақстандағы су стратегиясына ешкім жауап бермейді, талап қоятын бірыңғай орган жоқ деген ойлар айтылып жүрді. Су ресурстары мәселесімен әртүрлі министрліктер айналысты, кей сарапшылар осы мәселенің бәрін қолға алатын бір орган керек деді. Енді сондай министрлік құрылды.

Бұл бір жағынан жақсы, өйткені жауап талап ететін орган бар. Екінші жағынан, жаңа министрлік азаматтық қоғаммен және сарапшылармен белсенді жұмыс істемесе, уақыт өте келе тұйық жүйеге, кезекті бюрократиялық бірлікке айналады деген қауіп бар. Штатқа адам жинап алып, жабық есік артында шешімдер қабылдауы мүмкін. Басқаша айтқанда, дәстүрлі есеп жазумен шектеледі, бірақ мәселе шешілмейді. Бұл салада тәртіп орнатуды сұраған азаматтық қоғам өкілдері енді нақты су ресурстары министрлігіне жүгіне алады.

Көлік министрлігінде де осыған ұқсас жағдай. Былтыр наурызда Украинада соғыс басталғаннан кейін көлік және инфрақұрылым мәселесі өзекті бола бастады. Көлік саласы ұлттық қауіпсіздікке кіреді. Бұл салаға біреу жауап беруі керек, өйткені барлық жерде бейберекет пен хаос. Енді нақты бір министрлікке талап қою мүмкіндігі пайда болды. Жаңа министрліктерді босаңсытпай, штаттық бюрократиялық бірліктерге айналып кетуіне жол бермей, белсенді болуымыз керек.

— Тоқаевтың жолдауында бір қызық тұсы бар. Ол басында жаңғыртылатын энергия көздеріне көшу керегін айтып, кейін әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет ретінде Қазақстанға өз атом электр станциясын салу керек деген ойға тоқтады. Президент АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды.

Биліктің АЭС салу керек деген мазмұндағы ақпаратқа басымдық беріп отырғанына қарағанда, президент бұл жобаны мақұлдаған сияқты. Ол жолдауда Қазақстан басқа елдің энергиясына тәуелді, бұл ұлттық қауіпсіздікке сын деді. Бұл бізге энергия өндіретін ішкі ресурстар керек деген месседж.

Референдум былтырғы конституциялық түзетулер сияқты болады. 2022 жылы Тоқаев суперпрезиденттік жүйені сақтап қалғысы келді. Бірақ бұл шешімді халықтың қалауы етіп көрсету үшін референдум өткізу қажет болды. Конституцияға енгізілген өзгертулердің бәрі негізгі құзыреттерді президенттің қолына шоғырландырумен байланысты. Тек халыққа басқаша жеткізілді. Бұл жолы да солай. Тоқаевқа АЭС құрылысының легитимдігін қамтамасыз ету керек. Бізде референдумдар сайлау сияқты өтетінін ескерсек, кім қалай дауыс бергені маңызды емес, соңында бәрібір оң нәтиже болады.

Қазақстандықтардың көбі АЭС салатын ықтимал компаниялар тізіміне «Росатомның» қосылғанына наразы. Тоқаев АЭС идеясын бұрыннан жоспарлап жүрген сияқты. Жобаға қатысушылар өзгеруі мүмкін, бәлкім, қытайлық немесе оңтүстіккореялық компания таңдалар. Бұл жерде президент біраз өзгеріс енгізе алады. Бірақ жобаның өзіне келсек, билік АЭС-тен бас тартып отырған жоқ.

Қазақстандағы ірі уран кен орнының «Росатомға» сатылуы бұл мәселеде Тоқаевтың Ресейден алшақтығысы келмейтінін көрсетеді. Ол кен орнын көрші мемлекетке беріп, мәселе туғызды, өйткені Ресей Қазақстанды өз атом стратегиясының бір бөлігі, шикізат көзі ретінде қарастырады. Осылай атом саласында Ресейге өзіміз барып байланып отырмыз.

«ТАЗАРТУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР»

— Президент әкімшілігінде кадрлық өзгерістер болды, бірқатар адам қызметінен айырылды. Бұл нені білдіреді?

Тоқаев орнынан алып тастаған адамдардың бір бөлігі бұрынғы Назарбаев командасының мүшелері еді. Жүйедегі тазарту жалғасып жатыр. Тоқаев президент әкімшілігін реформалаймыз деп ноу-хау ойлап тапқан жоқ. Тамызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев осыған ұқсас өзгеріс енгізіп, президент әкімшілігінің басшысы деген қызметті алып тастады. Қазір оның екі көмекшісі бар, біреуі — өз қызы Саида Мирзияева. Тоқаев президент әкімшілігінің басшысын қалдырды, бірақ орынбасарларын алып тастады. Президент әкімшілігі номенклатуралық жүйеде бұрынғыша маңызды ойыншы болып қалды. Ең ықпалды тетік — кадрлық мәселелерді шешу құзыреті әлі де осы органның қолында. Бұл маңызды құрал, өйткені кадр мәселесін шешетіндер мемлекеттік биліктің басқа құрылымдарын оңай басқара алады.

Мұнда басқа нәрсе маңызды: президентке бағынатын әкімдер. Әкімдер — ойыншылардың жеке санаты, олардың саясаты үкімет жұмысына сай келе бермейді. Сондықтан Тоқаев «саботаж» сөзін көп қолданады. Алматыда су тапшылығы болғанда, Тоқаев бұл мәселе шешілмесе, саботаж деп қабылдайтынын айтты. Саботаж деген не? Бұл президенттік билік вертикалі не президент әкімшілігі, не бүкіл бюрократиялық аппарат деңгейінде жұмыс істемейтінін көрсетеді. Сондықтан президент әкімшілігіндегі өзгерістер бүкіл мемлекеттік аппараттың белсенділігін арттыратын құрал бола алмайды. Осы жерде маңызды сұрақ туады: мемлекеттік аппараттың жұмыс идеологиясы өзгере ме? Президент әкімшілігі халықтың сенімін күшейту үшін жаңа саяси әрі экономикалық идеология дайындаумен айналыса ма? Өйткені экономикалық бағдарламалар қоғамның, шағын және орта бизнестің белсенді қатысуымен ғана жүзеге асады. Бірақ шенеуніктер бұл бағдарламаны өздеріне арнап жазып, өздері жүзеге асырайын деп жатқан сияқты. Өткен қателіктерден сабақ алмаған.

— Әңгімемізді қорытындыласақ, Тоқаев жолдауында жаңа ешнәрсе айтпаған сияқты.

Ол жаңалық қылып айтқан дүниелерді сарапшылар бұрыннан айтып келеді. Тоқаев жай соны жолдауға қоса салды. Жолдаудағы су мен көлік мәселесі — жаңа бағыттар. Тоқаев бұл туралы өткен жылы да айтқан. Бағыттар да, әдістер де жаңа емес, мұның бәрін былтыр қыркүйекте естігенмін.

Тек ең төменгі жалақыны көтеру, жаңа әлеуметтік төлемдер тағайындау, балаларға арналған бағдарламалар сияқты кей жаңа детальдер қосылды. Бірақ мұның бәрін инфляция жеп қояды. Қымбатшылық туралы президент те айтты, бұл мәселе тиімді шешілмей келеді. Бизнестің белсенділігі, халықтың төлем қабілеті деген нәрселерді инфляция өлтіреді. Үкімет бұл мәселенің ұтымды шешімін таппаса, жолдауда айтылған бастамалар әдемі сөздер ғана болып қалады.

—Сұқбатыңызға рахмет!

XS
SM
MD
LG