Accessibility links

Нұр-Сұлтан Мәскеуден алшақтады ма? "Назарбаев-Тоқаев дуэтінің" беталысы


Мұрағаттан алынған сурет: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп тұр. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 7 маусым 2012 жыл.

Батыс баспасөзі осы аптада Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдықтардың өзгергенін, оның Орталық Азиядағы көршілеріне жақындап, Ташкентпен бәсекеге түсе бастағанын жазады. Халықаралық басылымдар латын қарпіне көшудің астарына үңіліп, Қазақстан астанасын Солтүстік Кореядағы «утопия-қаламен» салыстырады.

КӨРШІЛЕРГЕ ЖАҚЫНДАУДЫҢ АРТЫНДА НЕ ТҰР?

Вашингтонда шығатын Diplomat газетінің сайтында жарық көрген «Қазақстан: Орталық Азиядағы көршілермен байланысты жақсарту» атты мақалада автор Нұр-Сұлтанның біртіндеп Мәскеуден алыстап, төрт «станға» қарай жақындап бара жатқанын жазады. Британиядағы Chatham House зерттеу орталығының сарапшысы, қарашаның соңында Лондонда жарық көрген «Қазақстан: транзит сынағы» баяндамасы авторларының бірі Аннет Бор жазған мақалада аймақтағы көршілерімен ынтымақтастықты нығайта түскенімен, Ресей, Қытай және Еуропа Қазақстанның негізгі басымдықтары болып қала береді деген ой айтылады.

Табиғи ресурстарға бай Орталық Азияда мемлекет басшылары әдетте өмірінің соңына дейін билікте қалады, бірақ сексеннің сеңгіріне шыққан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (2020 жылы шілде айында 80-ге келеді) ешқандай бағдар бермей, аяқ астынан кетіп қалуын қалағандар болмаған шығар деп жазады сарапшы. Сабақтастық жоспарынсыз сценарийдің соңы инвестициялық хаосқа, элита ішіндегі кикілжіңге және ондаған жылдар бойы құрылған саяси жүйенің ыдырауына алып келуі мүмкін еді. Жағдай бұлайша өрбімеуі үшін Назарбаев 2019 жылдың наурыз айында президент қызметінен кетіп, орнына өз адамы Қасым-Жомарт Тоқаевты отырғызды, «бірақ күш позициясын өз қолында сақтап қалды» деп жазады автор.

«Тоқаевтың президент қызметіне келуі көшедегі наразылық, байлық бойынша теңсіздіктің ұлғаюы, қарапайым қазақстандықтар арасында синофобияның өршуі, мұнайдан түсетін табысқа тәуелділік, бұрынғы әлде қазіргі президенттің қайсысы ел басқаратыны бойынша түсініксіз жағдай сияқты жайттармен қатар жүрді. Бірақ осы көп үрейдің арасында жарық сәуле болып тұрған бір нәрсе – Орталық Азияның ішіндегі ынтымақтастықтың артуы, яғни «Назарбаев-Тоқаев дуэті» аймақтағы диалогты күшейтуге басымдық беріп жатқан сыңайлы деп жазылған Chatham House-тың жақында жарық көрген баяндамасында».

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесін тойлау шарасында. 21 наурыз 2019 жыл.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесін тойлау шарасында. 21 наурыз 2019 жыл.

Мақалада, сондай-ақ, «Қазақстан Ресейдің сыртқы саясатын неоколониалдық бағытқа ойысып барады деп санағандықтан, Кремль мен Нұр-Сұлтанның саяси көзқарастары алшақтап барады» деп жазады автор. Ресей үстемдік ететін Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) шабыттандырмайды, керісінше үркітеді, сондықтан Нұр-Сұлтан одақтың экономикалық орбитасымен тым жақын болғысы келмейді деп жазады сарапшы. Ресейдің өз ісіне ықпалын азайтып, Мәскеуден іргесін сәл аулақ салу арқылы Нұр-Сұлтан Орталық Азиядағы аймақтық бастамаларға көп мойын бұра бастады дейді автор.

2016 жылы билікке Шавкат Мирзияев келгелі Ташкент жүргізіп жатқан оқшауланудан бас тарту саясаты Орталық Азияда «жақсы бәсеке» тудырып отыр. Дегенмен бейресми деңгейде Қазақстандағы кейбір сарапшылар инвестицияның Қазақстаннан Өзбекстанға ауып кетуі мүмкін екенін ескере отырып, бұл жағдайды тиімсіз деп санайды. Ташкенттің бір артықшылығы бар, себебі олар «нағыз билік ауысуын» бастан өткерді, ал бірінші президент Назарбаев саяси сахнадан біржола кеткен соң Қазақстанда жағдайдың қалай болары әлі де түсініксіз деп жазады автор.

Ұзақ мерзім тұрғысынан Орталық Азияның экономикалық кіндігі ретінде нығайған Өзбекстан Қазақстанға қауіп төндіреді, себебі оның ЖІӨ-сі үш есе аз болғанымен, халық саны Қазақстандағыдан бір жарым есе көп. Өзбекстанның нарығы анағұрлым үлкен әрі оның өнеркәсіп секторы жақсы дамыған және ол қауіпсіздік деңгейі бойынша аймақтағы көшбасшы саналады. Жаһанның назары Қазақстаннан Өзбекстанға ауып кетеді деп ойлау да дұрыс емес, оның орнына Өзбекстан осыған дейін жіберіп алған мүмкіндіктерінің орнын толтыруға тырысады деген жөн болар.

Оның үстіне, Орталық Азия елдерінде, соның ішінде оқшауланған Түрікменстанда «әсіресе Ресейдегі экономикалық мәселелерде ескерсек, аймақтағы сауданы күшейтудің барлық тарапқа тиімді екендігі туралы түсінік артып келеді» делінген мақалада.

Қазақстан мен Өзбекстан арасында байланыстың нығаюы жалпы аймақтағы әріптестікті жандандырды: алдыңғы жылмен салыстырғанда 2018 жылы Орталық Азия елдерінің арасындағы тауар айналымы 35 пайызға өсті. Осындай оптимистік көрініске қарамастан, Қазақстанның Орталық Азияның басқа елдерімен арадағы сауда көлемі ондағы жалпы тауар айналымының бес пайызына да жетпей тұрғанын ескерген жөн. Бұл сандар Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен және Еуропамен арадағы сауда көлемімен салыстыруға келмейді. Сондықтан, Қазақстан өзін аймақтық көшбасшы емес, жаһандық ойыншы етіп таныстыруды жалғастыра бермек деп қорытады Diplomat.

ЛАТЫН ҚАРПІ: СЕПАРАТИСТІК ПРИДНЕСТРОВЬЕДЕГІ СЦЕНАРИЙ ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКІН БЕ?

Польшада шығатын New Eastern Europe журналында жарық көрген «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру» деп аталған мақалада Қазақстанның латын қарпіне көшу жоспары талданған. Мақала авторы, Амстердам университетінің зерттеушісі Окан Бахтиярдың айтуынша, Қазақстан бұл шешімді экономикалық себеппен түсіндіреді, яғни «әліпбиді ауыстыру шетел инвестициясына оң әсер етеді деп санайды».

Автордың айтуынша, халыққа ұсынылған диграфтармен және апострофтармен жазылған әліпби нұсқалары сынға ұшырады, билік бұл сынға құлақ асты, қазір әліпби жөнделіп жатыр.

Латын тілінде диктант жазу шарасы. Алматы, 14 қараша 2018 жыл.
Латын тілінде диктант жазу шарасы. Алматы, 14 қараша 2018 жыл.

Сарапшының айтуынша, қазақстандықтардың көбі латынға көшуді мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудағы маңызды қадам деп санайды: «Бұл десоветизация болып санала ма, жоқ па, қазақ тілінің жаңа мәртебесі ұлттық бірегейлікті нығайтады». Қазақстан Қытай, Моңғолия, Түркия және басқа да елдерде тұратындар үшін түсінікті болатын бірыңғай графика жасағысы келеді.

Сонымен бірге мақалада әліпбидің өзгеруі Қазақстандағы орыс ұлтына қалай әсер етуі мүмкін деген мәселе көтеріледі. Автор Молдованың жағдайын еске түсіреді. 1989 жылы бұл ел кириллицадан латын қарпіне көшкенде Приднестровьедегі орыстармен арадағы жағдай нашарлап кеткен еді. Ақыр аяғында бұл шешілмеген күйі қалған. Қазіргі жағдай 1992 жылы Молдова мен Ресей қол қойған қарарға барып тіреледі. Приднестровье 1990 жылы Молдова ССР-інің құрамынан шыққанда Кишинев сепаратистік аймаққа бақылау орнатуға тырысқан, алайда бұған Ресей кедергі жасаған. Сөйтіп, 1992 жылы қарарға қол қойылды, ол бойынша Приднестровьедегі Ресей қарулы күштері «бітімгерлерге» айналды.

«Алайда Қазақстандағы жағдай бөлек. Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери-экономикалық қарым-қатынас әлдеқайда берік негізде құрылған. Қос мемлекет те Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы мен Еуразия экономикалық одағы сияқты аймақтағы екі бірдей маңызды халықаралық ұйымның құрамдас бөлігі саналады. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілінің латынға көшуі вестернизацияға емес, ашықтыққа жасалған қадам деуге болады. Оның үстіне, қазақтар мен орыстар арасындағы мәдени-тілдік байланыстардың тамыры тереңде жатыр, сондықтан молдавандардікіндей сценарийдің қайталануы мүмкін емес сияқты көрінеді» деп жазады мақала авторы.

Қазақ әліпбиін ауыстыру – «саяси шешім», бірақ ол Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстан сияқты СССР-дың басқа елдеріндегіден басқаша жағдайда жүзеге асып жатыр.

«Әлем өзгерді, ол әлдеқайда жаһанданған және цифрланған. Осы тұрғыда цифрлық медиа маңызды факторға айналды әрі олар транслитерация мен халықтың әліпбиді қабылдауы жайлы пікірталасқа ықпал ете бермек. Бұл өзгерістен соң Ресейдің тарихи және мәдени ықпалы жойылып кетпесе де, бұл – Батысқа бет түзеу емес. Иә, экономикалық себептің бар екені рас, дегенмен Қазақстан өзін «мәдени көпір» ретінде көрсеткісі келетін сияқты. Бұл қадам бүкіл әлемге елдің цифрлық қақпасын ашып береді. Қазақ тілінде онлайн оқу және жазу оңайлай түседі» деп жазады New Eastern Europe.

КИМ ЧЕН ЫННЫҢ «УТОПИЯ» ҚАЛАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН АСТАНАСЫМЕН САЛЫСТЫРУ

Америкада шығатын Washington Post басылымында жарық көрген «Солтүстік Корея социалистік «утопия» қаласын ашты» деп аталған мақалада желтоқсанның басында Ким Чен Ын ресми түрде ашқан Самчжиен қаласы туралы жазылған.

«Мемлекеттік үгіт-насихатқа сенсек, шаңғы тебетін таулары, коммерциялық нысандары және мыңдаған отбасыға арналған тұрғын үйлері бар қала Солтүстік Кореяның зорлық-зомбылықтан соң елден қашып шыққандар суреттеп жүрген қатаң режимнен мүлде өзге келбетін дәріптеу үшін салынған сияқты» деп жазылған мақалада.

Автор курортты қаланы бұрын басқа елдерде пайда болған осы тақылеттес елдімекендермен салыстырады. Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат құралдары үлгі боларлық қала деп сипаттағанымен, бұл қаланың мақсаты Еуропадағы аналогтары – Шығыс Германиядағы Айзенхю́ттенштадт пен Польшадағы Нова Хуттікінен өзгеше болуы мүмкін дейді сарапшылар.

Бұрынғы социалистік утопиялар қаланың өзегі саналатын өнеркәсіп нысандарымен бірге құрылып, ол салалар құрдымға кеткен соң жоғалып кеткенін ескерсек, «Самчжиённың саяси басшыларды мадақтау үшін салынған утопиялық қалалармен ұқсастығы бар». Мысал ретінде «Кремль мен Венециядағы Сан-Марко алаңынан шабыт алған» аймақтың бұрынғы губернаторы Леонид Маркелов қирап жатқан тұрғын үйлердің қасында жарқыраған ғимараттар салғызған Ресейдегі Йошкар-Ола қаласы мен Қазақстанның астанасы аталады.

«Қазақстанды ұзақ уақыт басқарып, жыл басында биліктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев биыл көктемде Астана қаласын өз атына өзгерткізген. Футуристік қала қазір Нұр-Сұлтан деп аталады» деп жазады америкалық басылым.

Нұр-Сұлтан қаласындағы "Бәйтерек" монументі.
Нұр-Сұлтан қаласындағы "Бәйтерек" монументі.

Газет сәулетші Филипп Мейзердің «Көп басшылардың мұрасы архитектура мен қаладан көрініс табады. Жаңа қала арқылы олар өз даңқын асқақтатуға тырысады» деген пікірін келтірген.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Балаларыммен қауышамын". Жүкті әйел коронавирусты жеңді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:06 0:00
XS
SM
MD
LG