Accessibility links

"Нұр Отан" съезі күнгі ұстаулар, девальвация және журналиске шабуыл


Полиция қызметкерлері "Нұр Отан" кеңсесі алдына келген азаматтарды бөлімшеге апара жатыр. Алматы, 27 ақпан 2019 жыл.
Полиция қызметкерлері "Нұр Отан" кеңсесі алдына келген азаматтарды бөлімшеге апара жатыр. Алматы, 27 ақпан 2019 жыл.

Осы аптада аймақ басылымдары “Нұр Отан” съезі болған күні тек Алматы, Астана ғана емес, басқа қалаларда да бірқатар белсенділер мен азаматтардың ұсталғанын жазды. Олардың арасында 80 жастағы зейнеткер де болған. Ақтөбеде белгісіз біреулер мұнай компаниясындағы тендер туралы жазған журналиске шабуыл жасаған.

80 ЖАСТАҒЫ ЗЕЙНЕТКЕРДІҢ ҰСТАЛУЫ

Оралда шығатын “Уральская неделя” басылымы “Нұр Отан” съезі болған күні яғни, ақпанның 27-інде қалада бірнеше белсендінің ұсталғанын, кейбір азаматтардың үйін полиция күзеткенін жазды.

Дәл осы күні жарияланған тағы бір мақалада полицияның 80 жастағы зейнеткер Майя Лукьянованы себебін түсіндірместен көшеде ұстап, бес сағаттан соң босатқаны баяндалған.

“Ресейдегі немереме ақша аудару керек болды да, таңертең банкке бардым. Бір бөлімшесіне барсам, жабылып қалған екен, басқасына бардым. Абай алаңына жақын көшені кесіп өттім, сол жерде маған төрт адам келіп, өздерімен бірге полиция бөлімшесіне бару керектігін айтты” деп оқиғаны зейнеткер басылымға түсіндірген.

"Уральская неделя" жазуынша, полиция оған ешқандай шақырту қағазын бермеген, не үшін ұстағанын да түсіндірмеген. Тіпті қай бөлімшеге апаратынын да айтпаған. Бөлімшеде сұрақ-жауап алған соң бес сағаттан кейін босатып жіберген.

Арнайы жасақ сарбаздары "Нұр Отан" кеңсесі алдына келген азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 27 ақпан 2019 жыл.
Арнайы жасақ сарбаздары "Нұр Отан" кеңсесі алдына келген азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 27 ақпан 2019 жыл.

"Нұр Отан" съезі болған күні Ақтауда да полицияның бір азаматты ұстағанын ақтаулық Lada.kz сайты жазды. Оқиғаға байланысты сайт полицияға ресми сауал жолдағанмен жауап ала алмаған.

Астанадағы "Нұр Отан" съезі қарсаңында Алматы мен Астана, Шымкент қалаларында бірқатар белсенділер мен азаматтардың полицияға шақырту қағазын алып, ескерту жасалғаны туралы Азаттық жазған. Съез өтіп жатқан кезде Алматыда "Нұр Отан" кеңсесі алдына келгендерді полиция ұстады.

Съезге орай "Уральская неделя" басылымы "Сіздіңше 20 жыл ішінде "Нұр Отан" партиясы не істеді?" деген сұраққа байланысты Орал қаласы тұрғындарының пікірін біліп көрген.

ДЕВАЛЬВАЦИЯ ТУРАЛЫ БОЛЖАМ

Атыраулық "Ақжайық" басылымының сайты ақпанның 28-і күні биліктің әлеуметтік салаға Ұлттық қордан 1,2 трлн теңге бөлінетіні туралы мәлімдемесінен кейін қоғамда девальвация туралы болжамдар көбейгенін жазды. Сайт бұл болжаммен келісетін және келіспейтін қаржы мамандарының пікірін келтірген.

"Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға" Ұлттық қордан 1,23 триллион теңге бөлінеді. Ұлттық қордың ақшасы теңгемен емес, доллармен, алтынмен инвестициялануы тиіс. Енді осы әлеуметтік төлемдер жасау үшін оларды теңгеге қайта айналдыру керек. Қазіргі уақытта теңгенің ақшалай массасы шамамен 6,4 триллион теңге болады. Жаңа әлеуметтік бастамалар – бұлар ақшалай массаның 20%-ын құрайды. Нарықта мемлекет долларды сатып алмайды, Ұлттық банк бұл сомаға үкіметке "сататын" "жаңа" теңге басып шығарады. Валюта бағамы да құбылады. Инфляция да едәуір өседі" деген қаржыгер Айдан Кәрібжанов.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ал қаржы сарапшысы Олжас Құдайбергенов бұл жөнінде төмендегідей пікір айтқан.

"Жалпы, техникалық тұрғыда Ұлттық банктен Ұлттық банкке валютаны сату – мемлекеттің Қазақстан қор биржасының қатысуынсыз валютаны жай ғана өзінің бір шотынан екінші шотына аудару. Сондықтан бағамға тікелей әсері жоқ. Оның үстіне, егер әсері бар болса, биржа арқылы сату кезінде валютаны сату нығаю жағына қарай бағамға әсер етер еді. Екіншіден, бағамға әсер ету тұрғысынан, Ұлттық банктен бөлінетін сома ай сайынғы бөліністе өте кішкентай, бұл шамамен 35 млрд теңге. Импортқа, тиісінше сатып алуға 10 млрд-тай ғана қаржы кетеді. Бұл ай сайынғы көлем ең тұрақты жағдайдағы күндізгі сауда көлемінен 3 есе аз және орташа көлемнен 10 есе аз" деп айтқан.

"ЕГЕР КӨРШІЛЕР БОЛМАҒАНДА МЕНІ ӨЛТІРУІ ДЕ МҮМКІН ЕДІ"

Ақтөбелік "Диапазон" басылымының жазуынша, ақпанның 27-сі күні күндізгі сағат 16:30 шамасында Алға ауданында таралатын "Жұлдыз-Звезда" басылымының бас редакторы Шара Тұрмағанбетоваға белгісіз біреулер шабуыл жасаған. Журналист подъезге кірген сәтте "иә, сол, тура сол" деген сөзді естіген. Бастан алған соққыдан журналист құлап түскен. Қайта тұрмақшы болғанда шабуылдаушылар беттен ұрған.

Шара Тұрмағанбетова. Сурет журналистің Facebook-тегі парақшасынан алынған.
Шара Тұрмағанбетова. Сурет журналистің Facebook-тегі парақшасынан алынған.

"Егер көршілер болмағанда, мені өлтіруі де мүмкін еді" деген Шара Тұрмағанбетова.

"Әділ сөз" баспасөз қорғау қорының ақпаратына сүйенген басылымның жазуынша, "Жұлдыз-Звезда" газетінің бас редакторы шабуылды кәсіби қызметі және азаматтық белсенділігімен байланыстырған.

"Ол мұнай компаниясындағы тендер туралы мақала әзірлеп, Facebook-та аудандық газеттің жекешелендіруі туралы пікірін айтқан, жергілікті биліктің жұмысын жиі сынаған" деп жазды "Диапазон". Бірақ журналист полицияға арыз түсірмеген. "Әділ сөз" қоры оның "полицияға сенбегендіктен" арыз түсіргісі келмегенін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG