Accessibility links

Қажыгелдин ұсынысы және "шейх инвестициясынан" туындаған дау


Мұнай өңдеу зауыты. Көрнекі сурет.
Мұнай өңдеу зауыты. Көрнекі сурет.

Осы аптада аймақ басылымдары жаңа саяси партия ретінде тіркелуді көздеп отырған "Республика" жастар қозғалысының аймаққа сапары туралы жазды. Аймақтық БАҚ бұған қоса, Батыс Қазақстан облысында "араб шейхының инвестициясына" салынуы тиіс болған мұнай өңдеу зауыты құрылысы төңірегіндегі жалақы дауына мақала арнады. Атырауда "құжатты өзгертпеу мақсатында нәрестені тоңазытқышта қалдырған" перзентхана қызметкерлері ісі бойынша дәрігерлер президентке хат жазды.

ЖАҢА ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ ҚАЖЫГЕЛДИН ҰСЫНЫСЫ

"Ақжайық" басылымы осы аптада жаңа партия ретінде тіркелуді көздеп отырған "Республика" жастар қозғалысының өкілдерімен сұхбат жариялады. Маусым айындағы кезектен тыс президент сайлауынан кейін құрылған қозғалыс жақтастарын жинау үшін жақында аймаққа сапарын бастаған. Қозғалыс жетекшілерінің бірі Бэлла Орынбетова жастардың бірігуіне "Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуі түрткі болды" дейді.

"Қазіргі таңда қанша қолдаушыларымыз бар екенін нақты айта алмаймын, сайтымызға адамдар тіркеліп жатыр. Сайттан тыс офлайн қолдау білдіретін, телеграмм каналына жазылып, жеке қарым-қатынас ұстанатын да қолдаушыларымыз бар" деді ол.

Белсенді Бэлла Орынбетова. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.
Белсенді Бэлла Орынбетова. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

"Республика" өкілдері биыл мамыр айында Парижде болған оппозиция белсенділерінің жиынына қатысқанмен оларға еш қатысы жоқ екенін айтады.

"Әкежан Қажыгелдин бізге ЖСДП (Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы) партиясына кіруді ұсынған болатын. Ол туралы ойландық, ақылдастық, бірақ қосылмаймыз деген шешімге келдік. Себебі, осы уақытқа дейін ЖСДП партиясы нақты шешімдерін, тәуелсіз қадамдарын көрсете алмады. Құрамы да өзгермеді, құрамындағы орта жастан асқан адамдар елде өзгеріс жасай алмайды деп ойлаймыз. Сондықтан қандай қиын жол болса да, біз өз партиямызды құруды жөн көрдік. Әрине, оңай емес. Қайталап айтамын, Қажыгелдиннің, Рысқалиевтің немесе белгілі бір топтардың жобасы емеспіз" деді Орынбетова.

Қозғалыстың белсенді мүшесі Ғалымжан Оразымбеттің айтуынша, президент сайлауынан кейін азаматтар жаңа саяси өзгеріс болатын шығар деп үміттенді, бірақ ештеңе өзгермеді. "Ескі жүйеде өсіп шыққан адамдар ештеңе өзгертуге құлықты емес, бәрі баяғыша қалғанын қалайды. Сондықтан бір нәрсе істеуіміз керек деген оймен он шақты адам біріктік" дейді ол.

"Сайлау туралы заңды өзгертуге ықпал ету керек - сайлау мажоритар жүйемен болу керек, қазіргі партиялық жүйемен сайлау өткізуге болмайды. Жеке тұлға кандидат ретінде сайлауға қатыса алатындай мүмкіндік болу керек. Өткен сайлауда тәуелсіз бақылаушылар осынша белсенді болады, осынша сайлаудың былығы қатты ашылып қалады деп ешкім ойлаған жоқ. Келесі сайлауда тәуелсіз бақылаушыларды қатты қыса ма деген қорқынышым да бар. Бақылауды күшейту керек, тәуелсіз бақылаушылардың құқығын кеңейту қажет" деді ол.

ЖАЛАҚЫ ДАУЫ

"Уральская неделя" басылымы осы аптада Батыс Қазақстан облысында "араб шейхының инвестициясына" салынуы тиіс болған мұнай өңдеу зауыты құрылысының тоқтап қалғанын, соның салдарынан жұмысшылар жалақысыз қалғанын жазды.

Құны 420 миллион доллар болады деп бағаланған аймақтағы ірі жобалардың бірінің тұралап қалуына тапсырыс беруші мен мердігер компания арасындағы дау түрткі болған.

"Тапсырыс беруші компания ("ABS Мұнай" ЖШС) және басты мердігер компания ("Еуростандарт ЛТД") арасындағы дау ушығып, тек кеше (10.10) ғана көпке айтылды. Зауыт құрылысы тоқтап, ондағы 132 жұмысшының жалақысыз қалатыны туралы ресми түрде жарияланды. Бұл екі ұйым мұнай өңдеу зауытының құрылысын бірінші кезең бойынша жүзеге асыру жөнінде 30 миллион долларлық келісім-шартқа қол қойған. Тапсырыс беруші бас мердігер компанияға 3,8 миллион доллар қаражатты алдын ала төлеп қойған" деп жазды басылым.

Осы апта соңында құрылыс орнына жиналып, жалақыларын талап еткен жұмысшылар алдында тапсырыс беруші компания мен мердігер компания бір-бірін кінәлап, айыптаған. Мердігер компания маусым айынан бері тапсырыс беруші компанияның қаражат жіберуді тоқтатқанын, сол себепті жеке қаржысын жұмсауға мәжбүр болғанын айтқан. Ал тапсырыс беруші компания бұған дейін оларға 8 миллион доллар қаржы бөлгенін айтып "осы ақшаның бәрі қайда кетті?" деп даулаған. Ақырында тапсырыс беруші компания бір апта ішінде жұмысшыларға жалақыларын төлеуге келіскен.

Басылымның жазуынша, Теректі ауданы Алғабас ауылы маңында салынып жатқан мұнай өңдеу зауытының құрылысы биыл сәуір айында басталған. Тапсырыс беруші "ABS Мұнай" компаниясы арабтың West Carbon Investment инвестициялық қорынан зауыт құрылысының бастапқы кезеңін жүзеге асыру үшін 30 миллион доллар қаражат алған.

СӘБИЛЕР ӨЛІМІ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ

Осы аптада көптеген аймақ басылымдары Атырау облыстық перзентханасы төңірегіндегі дау туралы жазды.

Бұған дейін Атырау облыстық перзентханасының директоры мен акушер-гинекологы "жаңа туған нәрестені қасақана өлтірді" деген күдікке ілініп, үстерінен "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Тергеу мәліметтеріне қарағанда "дәрігерлер өмірге келген нәрестені өлдіге санап, құжат толтырып жіберген. Бірақ кейін нәрестенің тірі екені анықталған. Ал дәрігерлер базаға енген құжатты өзгертпеу үшін нәрестені тоңазытқышқа салған".

"Ақжайықтың" жазуынша, 10 қазанда перзентхананың 31 қызметкері өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазып, президентке хат жазған. Дәрігерлер қысымға шағымданып, президенттен мәселеге араласуын сұраған.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іс сотқа жетпей жатып, БАҚ-на ақпарат таратып үлгерді. Бұл перинаталды орталық дәрігерлерін қылмыскерлермен қатар қойғанмен бірдей деген сөз. Дәрігерлерге деген халық наразылығы одан сайын күшейді. Біз өз әріптестерімізді ақтап отырғанымыз жоқ, олардың кінәсін тиісті органдар дәлелдейтін болады. Істің ақ-қарасы шешілмей жатып, біздің бәрімізді қылмыскер деп танытқандары қынжылтып отыр. Мұндай жағдайда өз міндеттерімізді толыққанды атқару мүмкін емес, сондықтан да біз жұмыстан кетуге мәжбүр болып отырмыз" делінген хатта.

11 қазанда перзентханада болған вице-премьер Бердібек Сапарбаев оларға "ештеңеге қарамастан емдеуді жалғастыруларыңыз керек, сіздер Гиппократ антын бердіңіздер ғой" деп кәсіби міндеттерін атқаруға кеңес берген. Ол "жыл басында сәбилер өлімін азайту жоспары жасалғанына қарамастан жағдай одан бетер нашарлағанын" айтқан.

"Неліктен 9 айда 99 бала қайтыс болды? Бұл - дүниеге келген жалпы сәбилер санының 14%-ы. Ана мен бала өлімі мәселесі облыстағы күн тәртібінен түспей тұр" деді Сапарбаев.

Басылымның жазуынша, бас прокуратура тамыз айында жыл басынан бері орталықта 133 сәбидің (жалпы дүниеге келген нәрестелер саны - 5046) көз жұмғанын хабарлап, ондағы адам өліміне байланысты қылмыстық іс қозғаған.

Перзентханада 400-ден астам адам жұмыс істейді, 62 дәрігер бар.

Перзентхана қызметкерлерінің шағымы. Atpress.kz сайтының видеосы (Қазан айы, 2019 жыл).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG