Accessibility links

Мұнай компаниясындағы "жалақы дауы" және тәуелсіз бақылаушылар шағымы


"Емир-ойл" компаниясы жұмысшыларының видеомәлімдемесінен алынған скриншот.

Аймақ басылымы осы аптада Қазақстанның батыс өңірінде мұнайшылардың жалақы өсіруді талап етіп, президентке видеомәлімдеме арнап жазғанын, Оралда тәуелсіз бақылаушылар ұйымының тіркеуден өте алмай отырғанын жазды. Жергілікті баспасөз сонымен бірге Қазақстан тұрғындарының ағылшын тілін меңгеру деңгейі барған сайын нашарлап бара жатқанын жазды.

"ТІРКЕУГЕ ТӨРТ РЕТ ӨТІНІШ БЕРДІК, ТІРКЕЛЕ АЛМАДЫҚ"

Осы аптада "Уральская неделя" басылымы кезектен тыс президент сайлауы кезінде саяси науқанды бақылап, сайлау қорытындысының неғұрлым әділ болуына күш салған тәуелсіз бақылаушылар ұйымының тіркеуден өте алмай отырғанын жазды.

Тәуелсіз бақылаушы Бекнұр Сыражановтың Facebook парақшасындағы жазбаға сүйенген басылым бақылаушылардың қыркүйек айынан бері тіркеуге төрт рет өтініш беріп, өтініші қабылданбағанын хабарлады. Сыражанов жергілікті билік ұйымды саяси себеппен тіркемей отыр деп топшылайды.

"Бізді бірінші рет тіркемей қойған кезде құжаттарымызда көрсетілген кемшіліктермен келіскен едік" деген Бекнұр Сыражанов "құжаттарды толықтырып, қайта апарсақ та тіркеуден өте алмай отырмыз" дейді.

Президент сайлауын бақылап отырған азаматтар. Алматы облысы, 9 маусым 2019 жыл.
Президент сайлауын бақылап отырған азаматтар. Алматы облысы, 9 маусым 2019 жыл.

"Бірлестікті тіркеуден қайта-қайта бас тартуы мәселе құжатта емес - бірлестіктің көрсеткен мақсаты мен міндеттерінде екенін дәлелдей түседі. Билік сайлауды бақылау үшін азаматтық қоғамның біріккенін қаламайды" деді Бекнұр Сыражанов. Олар бірлестіктің мақсаты - сайлауды әділ өткізу деп көрсеткен.

Басылымның жазуынша, сайлау кезінде тұрғындардың белсенділігінің арқасында Орал қаласындағы сайлау учаскелерінің 85 пайызын тәуелсіз бақылаушылар бақылап, қолына сайлау хаттамасын ала алған. "Олар мұнда Қасым-Жомарт Тоқаевтың шамамен 49 пайыз дауыс алғанын анықтады" деп жазды басылым.

Бұған дейін Нұр-Сұлтанда да кезектен тыс президент сайлауын бақылаған белсенділер бірлестік құрып, тіркеуге бірнеше рет өтініш бергенмен тіркете алмағанын Азаттық жазды.

МҰНАЙШЫЛАР ТАЛАБЫ

Lada.kz басылымы Ақтауда бұрғылау және мұнай-газ барлаумен айналысатын "Емир-Ойл" компаниясы жұмысшыларының жалақыны өсіруді талап етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеомәлімдеме жазғанын хабарлады. Жұмысшылардың айтуынша, олар жалақыны 50 пайызға көбейтуді талап етіп, бұған дейін бірнеше рет компания басшылығы, әкім мен президентке шағым жазған. Бірақ мәселе әлі күнге дейін шешілмей отыр.

"Орташа жалақымыз 150 мың теңгені құрайды. Біз жалақыны елу пайызға өсіруді сұраймыз" дейді жұмысшылар атынан жазылған шағымды оқып берген жұмысшылардың бірі.

Бұл компания жұмысшылары қыркүйек айында да жалақыны өсіруді талап еткен.

9 қарашада оқиғаға байланысты түсініктеме берген "Емир-Ойл" компаниясының баспасөз қызметі қазан айында компания басшылығы мен "Жұмысшылар кәсіподағы" арасында кездесу болғанын, сол кезде кейбір жұмысшылардың жалақыны он пайызға арттыруға келіскенін хабарлады.

"Алдыңғы бұйрыққа сәйкес, өндіріс көрсеткіші белгіленген межеге жеткен кезде жалақы тағы 20 пайызға өседі" делінген компания хабарламасында.

Компания басшылығы сонымен бірге жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға да күш салып отырғанын да айтқан.

АҒЫЛШЫН ТІЛІН МЕҢГЕРУ ДЕҢГЕЙІ НАШАРЛАП БАРАДЫ

EADaily сайтына сілтеме жасаған "Диапазон" басылымы Қазақстан тұрғындарының ағылшын тілін меңгеру деңгейі барған сайын нашарлап бара жатқанын жазды. Қазақстан 2019 жылы EF English Proficiency Index бойынша әлемдегі 100 елдің арасында 93-орын алған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда нашар көрсеткіш. 2016 жылы - 54 орын алса, 2017 жылы - 68, 2018 жылы — 80 орын алған.

Зерттеу авторларының айтуынша, бұл Орталық Азия елдеріне тән ортақ құбылыс. Олар бұл аймақта ағылшын тілін меңгеру деңгейінің төмендігін орта мектептерде екінші тіл ретінде орыс тілін оқыту себебімен байланыстырады. Жалпы постсоветтік кеңістікте Еуропа аумағына кіретін Балтық елдерін айтпағанда оннан астам елдің барлығында ағылшын тілінің деңгейі "төмен" және "өте төмен". Рейтингіге сәйкес, Өзбекстан - 95 орында, Қырғызстан - 99 орында. Ресей - 47 орын алған.

Зерттеушілердің тұжырымдауынша, бірақ соған қарамастан ағылшын әлемде жиі таралған ең көп меңгерілетін екінші тіл ретінде қалып отыр. Еуропада орта мектептердің 97 пайызында ағылшын тілін оқытады. Азия мен Латын Америкасының басым бөлігінде ол міндетті пән ретінде оқытылады. Африка елдерінің көбі ағылшын тілінде білім алады.

EF EPI ағылшын тілін білу жаһандық экономика артықшылықтарын пайдалануға, табысы жоғары жұмыс табуға, кәсіби біліктілікті көтеруге, кәсіпкерлерге нарықты кеңейтуге мүмкіндік беретінін ескертеді.

EF EPI индексі жүз мыңдаған адамның ағылшын тілінде тапсырған тестілеу қорытындысына сүйеніп жасалған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Әкімдік солтүстіктен оңтүстікке көшкен бес балалы шаңырақты сотқа бермек
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:49 0:00
XS
SM
MD
LG